Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 2552 18 пікір 27 Наурыз, 2023 сағат 11:44

Үмітсіз үкімет – шайтан?

Оппозициялық партиялар қатыспай, сайлау комиссияларының құрамында тек қана билік партиясы мен оның қоғамдық құйыршықтары мен қуыршақтары ролін атқаратын партиялардың өкілдері болғандықтан, биылғы парламент сайлауында аса көп интрига бола қойған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бұл сайлау баяғы сценарий бойынша өтті. Ол туралы өткенде жаздық та.

Бірақ мемлекетті басқарудың византиялық нұсқасын басшылыққа алған біздің жүйеде әрбір сайлау сайын болып тұратын бір интрига бар. Ол – Конституция бойынша отставкаға кететін үкіметтің тағдыры, «келесі премьер кім болады және үкімет құрамына кім енеді?» деген дәстүрлі сұрақ. Осы күндері сұрақы сайлаудан соң сәл саябырсай бастаған көпшілік осы тылсым, соған қарамастан танымал тақырыпты талқылауда.

Мен де осы қызу гөй-гөйге өз үлесімді қосып көрейін.

Ең алдымен айтарым, үкімет басшысы нақты кім болатынын бізде бір ғана адам шешеді. Ол - президент. Сондықтан да өтірік білгішініп, «пәленше адам мықты, түгенше одан да өткен, соны қояды» сәуегейсімей-ақ қояйын.

Кімдер министр болатынын да сол адам шешеді.

Сондықтан барша мазаландырған сауалды «келесі премьер мен үкімет қандай болуы тиіс?» деп, басқа арнаға бұрған дұрыс болар.

Біріншіден, келесі үкімет, шын мәнінде... жаңа болуы шарт! Өкінішке орай, Жаңа Қазақстанның негізін демей-ақ қояйын, ең болмағанда нобайын халық кеше ғана «сайланған» (шынтуайтында, жоғарыдан тағайындалған) парламенттің пошымынан көре алмай тұр: баяғы жартас – сол жартас (тек сценарийден шыға алмайтын кейбір партиялар мен кейіпкерлермен толыққаны болмаса). Енді сол жаңашылдықты жұрт үкімет құрамынан көргісі келеді. Әйтпесе, Жаңа Қазақстан идеясынан мүлдем түңіліп кетуі ғажап емес.

Екіншіден, билік партиясы 30 жыл бойына экономиканы тығырыққа тіреп тастағаннан кейін ендігі жерде үкіметті монополиялық түрде жасақтай алмайды. Сол себепті, бір-бірінен мүлдем алыстап кеткен халық пен билік арасын жақындастыру үшін үкімет құрамына азаматтық қоғам өкілдерін енгізген жөн болар еді. Ол болса, құлдырап бара жатқан экономикамызды құтқару сияқты аса маңызды іске жалпыұлттық сипат берер еді.

Үшіншіден, бұл жолғы үкімет біз, демократтар, баяғыдан айтып келе жатқан бір талап негізінде жасақталып, бекітілгені құба-құп болар еді. Яғни, парламент сайлауынан кейін тағайындалған үкімет бұл жолы келесі парламент сайлауына дейінгі тиісті бағдарламасын ұсынып, соны парламентте бекітіп, іске кіріссе. Жыл сайын сол бағдарламаның орындалуы туралы есеп беріп отырсын. Уәделерін орындаса, жұмысын жалғастыра берсін. Ал белгілі бір параметрлер нәтижесіз боп шықса, толық құрамы орнын босатсын. Сонда ғана ұжымдық жауапкершілік пайда болады!

Төртіншіден, саяси карьера тұрғысынан алғанда бұл жолғы үкімет... камикадзе болуы тиіс. Өйткені, біздің экономика бүгінде әл үстінде, оның диагнозы және сол дертке шалдыртқан себептер де белгілі: олар – жемқорлық, білімсізік пен біліксіздік, кландық және топшылдық, жауапсыздық. Мұндай сырқатты емдеу үшін терапиялық емес, хирургиялық әдіс-тәсілдер керек. Пышақ астына түсу оңай ма: ондай амалдар кез келген сырқатқа жаға бермейді. Сол себептен ендігі үкіметтің электоралдық тағдыры оңай болмайды. Қиын-қиын қадамдарын қолдамаған қоғам ертеңгі күні-ақ оның отставкасын талап етуі әбден ықтимал.

Әйтпесе, экономикаға тікелей жауап беретін үкімет көп жағдайда президенттің артына тығылып, қиын кездерде жауапкершіліктен жалтарып, кезекті отставкалардан кейін тағы да төрге озудан үмітті шайтанды еске түсірмей ме?

Бесінші себеп төртінші себепке тікелей қатысты. Қазір қоғамды аса қауіпті бір дерт жайлап барады, оның аты – популизм! Билік те, билікке ұмтылғандар да азаматтардың көңілін аулау үшін уәдені оңды-солды үйіп тастауды әдетке айналдырып алаған! Мемлекеттік патернализм шарықтау шегіне жетті! Ол уәделерді орындау үшін мемлекеттің әлеуеті жеткіліксіз! Ал: «Жағдай шынымен де қиындап барады. Көрпеге қарай көсілмесек, тіпті жаман болады. Сондықтан да мынадай қиын шараларды дереу қолға алуға тиістіміз», - деп бір реалист шыға келсе, көпшілік оны түтіп жеп қоюға әзір! Содан барып, өз саяси болашағын ойлаған әрбір үкімет не министр қоғамдағы көңіл-күйге қарсы шыға алмай, сол баяғы популизмге салынуын тоқтатпайды! Ал ауруын жасарған қалай өлетіні бесенеден белгілі.

Алтыншыдан, үкімет, әрине, команда, бірақ көп нәрсе премьердің жеке басына, оның көшбасшылық қасиеттеріне байланысты екені түсінікті. Бұл жолы бізге мынадай екі қабілетке ие үкімет басшысы керек.

Алдымен, ол прагматик-технократ болуы шарт («pragma» - «іс-әрекет»), өйткені сан-салалы экономиканы аяққа тұрғызу қажет, ол үшін тиісті экономикалық мүдделер түрғысынан қатаң да қажет, уақыт күттірмейтін шаралар қолға ала алатын басшы қажет. Сонымен бірге, қоғаммен тиісті әрі тиімді коммуникация жасай алатын, өз мақсат-мүдделері мен қажеттеліктерін қоғамға қарапайым тілмен түсіндіре алатын идеолог болуы тиіс. Ондай әңгімесіз кез келген реформа – тұл!

Жетіншіден, бізде кез келген премьер не министр – белгілі бір кланның өкілі екені жасырын емес: саяси карьераның бір шарты сол! Сондықтан да маңызды экономикалық шешімдер мемлекеттік емес, топтық мүддеге сай қабылданып жатады. Бұндай бассыздықты да тоқтату қажет!

Осы мақаланы жазып болып, бір ойға келдім: сен де армандай береді екенсің, Әміржан! Егер де бізде сен айтқандай үкімет, сен айтқандай премьер болса, баяғыда-ақ қой үстіне бозторға жұмыртқалаған заманда өмір сұріп жүрмес пе едік?!

Әміржан Қосан

Abai.kz

18 пікір