Сенбі, 20 Сәуір 2024
Міне, көрдің бе? 2374 1 пікір 23 Наурыз, 2023 сағат 14:52

Америка Саддам билігін неге құлатты?!

Бұдан тура 20 жыл бұрын, 2003 жылы 20 наурызда Америка мен одақтастары Ираққа басып кіріп, Саддам Құсайын билігін қарумен аударды. Ақ үйдің аталмыш «Ирақ еркіндігі» әскери операциясын орындау үшін Америкамен одақтастарының 295 мың сарбазы Кувейт арқылы Ирақ жеріне кірсе, 70 мың күрд жасақтары іштен селбесті. Мамыр айында Ирақтың үкімет армиясы қарсылық көрсетуден қалды. Саддам Құсайын тығылған үңгірінен табылып, сатқындықтың құрбаны болды. Соғыс салдарынан Америка жағынан 4600 адам, Ирақ азаматтарынан 300 мыңнан аса адам ажал құшты. Бұл соғыстың шығыны АҚШ экономикасы үшін 815 миллиард долларды құрады.

Оның алдында 1990 жылмен 1991 жыл аралығында болған «Шығанақ соғысында» Америка мен одақтастары Ирақ әскерін Кувейттен қуып шықты. Артынан Біріккен Ұлттар Ұйымы №687 қаулыны қабылдап, Ирақ билігін қырып-жойғыш қаруларды жоюға міндеттеді. 1998 жылы Саддам БҰҰ-ның қару тексерушілерін кері қайтарды. Оған жауап ретінде Америка мен Англия Ирақты әуеден соққылады. 2001 жылы «11 қыркүйек» оқиғасы болды. Буш билігі «Әл-Қайданың артында Саддам Құсайын тұр» деп мәлімдеді. 2003 жылы ақпанда Американың сол кездегі мемлекет істер хатшысы Colin Powell Саддам Құсайынның қырып-жойғыш қаруларды дамытып жатқанын желеу етіп БҰҰ қауіпсіздік кеңесін Ираққа соғыс ашуға көндіруге тырысты. Бірақ көндіре алмады. Ақ үйдің ұсынысын отыз-ақ мемлекет қолдады. Англия, Аустралия, Польша ғана әскер шығарды. Түркия НАТО-ның мүшесі болса да әуежайын беруден бас тартты. «Шығанақ» соғысында АҚШ-ты қолдаған Сауд-Арабия бұл жолы қарсы болды.

Арада 20 жыл өтседе Ақ үй айтқан Ирақтағы Саддам Құсайынның биологиялық қарулар жасайтын «жылжымалы тәжірибеханасы» табылмады. Англия үкіметі айтқан «Саддам Құсайынның 45 минутта Жерорта теңізіне жетіп келетін ядролық оқ тұмсықтары» табылмады. BBC-дің дерегінше екі елдің мұндай өтірік себеп ойлап табуына Ирақтан қашқан Rafid Ahmed Alwan al-janabi есімді химик пен Maj Muhammad Harith атты барлаушының жалған айғақтары себеп болған. Екеуі кейін Саддам билігін құлату үшін осындай өтірікке барғанын мойындаған. Буш билігінің Саддам Құсайынды не үшін қырына алғанына әртүрлі көзқарастар айтылып келеді. Біреулер мұнай үшін, біреулер демократия үшін дейді. Нью-Йорк Таймстың осы мәселеге байланысты кезекті сұрағына сол кезде лауазымды міндеттер атқарған тұлғалар да нақты жауап бере алмаған. Сарапшылар Американың Кеңес одағымен «Қырғи қабақ соғысы» аяқтағаннан кейін Саддамның Ақ үй үшін орта шығыстағы бірден-бір қауіпке айналғанымен түсіндіреді.

АҚШ 2011 жылы Ирақтан әскерін алып кетті. Саддам Құсайынсыз Ирақ демократиялы елге айналу былай тұрсын исламның екі ағымының (сунниттер мен шийттер) есеп айырысатын қанды майданына айналды.

 

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

1 пікір