Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 1942 0 пікір 16 Наурыз, 2023 сағат 13:57

Санкция Қазақстанға қалай әсер етіп отыр?

Ресейге санкциялар салынған соң, Қазақстан мен Мәскеу арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас қиындай бастады. Сондықтан Астана Түркі мемлекеттері ұйымымен (ТМҰ), Ислам ынтымақтастығы ұйымымен (ИЫҰ) және басқа да халықаралық бірлестіктермен белсенді түрде интеграциялануда.

Бұл туралы Haqqin.az басылымына ШЫҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Сыртқы саясатты зерттеу институтының директоры Болат Нұрғалиев айтты.

Нұрғалиевтің айтуынша, бұл интеграциялық үдерістер Қазақстанның ЕАЭО мен ТМД және басқа да халықаралық құрылымдарға қатысуына қайшы келмейді. Көптеген посткеңестік республикалар сияқты Астана да сыртқы саясатында көпвекторлық қағидатты ұстанады.

«Батыстық әріптестерімізбен кездесулерімізде, әрине, Астана мен Мәскеу арасындағы экономикалық байланыстарға қатысты мәселелер үнемі талқыланады», - деді Нұрғалиев.

Оның сөзінше, Батыс елдері Қазақстанның Ресеймен сауда-саттық әріптестігіне байланысты ешқандай ультиматум қоймайды.

Нұрғалиев жақында Астанаға келген АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенді, Германия Сыртқы істер министрі Анналена Бурбокты және басқа да жоғары лауазымды саясаткерлерді «Қазақстанның өз территориясын Ресейге санкцияны айналып өтуге бермейтінін» айтып, сендіргенін атап өтті.

«Бұл Қазақстанның ұстанымы, бұл туралы біздің Батыстағы әріптестеріміз де біледі»,-деді Болат Нұрғалиев. Оның айтуынша, Ресей экономикасы өткеріп жатқан рецессия көп болмаса да, Қазақстанға да әсер етіп отыр.

«Ресей Астананың негізгі экономикалық серіктестерінің бірі болғандықтан, кейбір салаларда біз оны алмастыратын ел іздеуімізге тура келеді. Нәтижесінде, сауда көлемі бойынша Еуропалық Одақ Қазақстанның басты экономикалық әріптесі позициясына көтерілді. Сонымен бірге АҚШ-пен кең ауқымды екіжақты қарым-қатынастар орнатылды, «Орталық Азия + АҚШ», «Орталық Азия + Үндістан» және басқа да платформалар аясында кең ауқымды көпжақты ынтымақтастық бар», - деді қазақстандық дипломат.

Нұрғалиевтың айтуынша, қазіргі таңда қазақстандық мұнай-газ секторының негізгі инвесторлары америкалық, француз, қытайлық консорциумдар, сондай-ақ бірқатар басқа елдердің компаниялары болып отыр.

Нұрғалиев Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі сепаратизм қаупі туралы да сөз қозғады.

«Ресми түрде Кремль өкілдері Қазақстанның аумақтық тұтастығын құрметтейтінін айтып, арандатушылық сөздерге мән бермеуге кеңес береді. Дегенмен біз өзіміз үшін белгілі бір қорытындылар жасаймыз. Бұл тұрғыда түркі және ислам ынтымақтастығы еліміз үшін маңызды сақтандыру факторы болып саналады», - деді дипломат.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

0 пікір