Жексенбі, 23 Маусым 2024
Билік 2396 9 пікір 16 Наурыз, 2023 сағат 13:48

Анкарадағы саммит: Түркілер тағы бас қосты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитіне қатысу үшін Анкараға жұмыс сапарымен келді, деп жазады Ақорда.

Сапар барысында Мемлекет басшысы Түркия Президентімен кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр.

Былтыр қарашаның 11-де түркі елдері Самарқанда бас қасқан болатын. Сол жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасы ұйымдастырылатынын айтқан еді.

«Біз академиялық ұтқырлықты дамытып, студенттер арасында мәдениетаралық диалог орнатуға жағдай жасауымыз керек. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру қажет. Сондықтан 2023 жылы түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл бастама студенттеріміздің түркі тілдерін үйреніп, бауырлас елдердің тыныс-тіршілігімен танысуына жол ашады», – деді Мемлекет басшысы.

2022 жылғы Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің қорытындысы бойынша бірнеше құжатқа қол қойылды:

1. Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің декларациясы;

2. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру жөніндегі Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттама;

3. Түркі мемлекеттері ұйымы рәсімдерінің ережелерін қабылдау туралы шешім;

4. Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысын және оның орынбасарларын, сондай-ақ Түркі академиясының президенті мен вице-президентін тағайындау туралы шешім;

5. Түркі инвестициялық қорын құру туралы шешім.

Айта кетейік, ортақ тарихы, тілі, мәдениетті ұйыстырған Түркі мемлекеттерінің ұйымы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, ынтымақтастықты дамытуға және оған мүше мемлекеттер арасындағы ортақ даму әлеуетін ашуға ұмтылады.

Түркі мемлекеттерінің ұйымы (кезінде Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі – Түркі Кеңесі деп аталған) 2009 жылы Түркі мемлекеттері арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында үкіметаралық ұйым ретінде құрылды. Оның негізін қалаушы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия болып, төрт мемлекет болды. 2019 жылдың қазан айында Бакуде өткен 7-ші Саммит кезінде Өзбекстан толыққанды мүше ретінде қосылды. Мажарстан 2018 жылғы қыркүйекте Қырғыз Республикасының Шолпан-Атада өткен 6-шы Саммиті кезінде Ұйымда бақылаушы мәртебесін алды. 2021 жылғы қарашада өткен 8-ші Саммитте Түрікменстан Ұйымға бақылаушы мүше ретінде қосылды.

Abai.kz

9 пікір