Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 1766 2 пікір 14 Наурыз, 2023 сағат 11:03

Өңірлерді не өзгеріс күтуде? Президент не дейді?

Президент Тоқаевтың Қазақстан аймақтарында жүзеге асыруға ұсынған өзгерістері (2023 жылға шолу)

Қазақстан үшін 2022 жыл көптеген өзгерістер мен жаңғырулардың уақыты болды. Еліміз жаңа қарқын мен бағытта дамудың жолына бетбұрыс жасады. Елімізде Жалпыхалықтық референдум өткізілді, соның негізінде Конституциямызда айқын өзгерістер орын алды. Ел Президенті тек 7 жылға сайланатын болды, Парламент жүйесінің реформасы басталды. Мемлекет халқының өмірінде де көптеген жағымды өзгерістер орын алды, жұмыс орны көбейді, жалақы мен әлеуметтік төлемдердің көлемі ұлғайды, азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша көптеген жұмыстар жүргізілді. Елімізде әкімшілік-аумақтық реформалар жүргізілді, соның негізінде Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары құрылды. Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өткізілді және «Республика күніне» ұлттық мереке деген мәртебе де берілген болатын.

Елімізде халықтың өмірінде көптеген өзгерістер орын алды. Қазақстан аймақтары да белгілі бір дәреже де жаңару мен жаңғыруларын да өткеріп, жаңа кезеңді бастаған болатын. Әрбір аймақтың 2022 жыл бойынша қорытынды есептерін шола келе, жағымды өзгерістердің болғанын, аймақтардың алға қойған жоспарларының мемлекет халқының өміріне, еліміздің көркеюіне тигізер ықпалы зор екендігін атай келе, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел аймақтарының 2023 жылға дамуын, өзгеруіне қатысты айтқан ұсыныстарына шолу жасау қажеттілігі туындап отыр. Тек осындай өткенді, қазіргіні және болашақты шолу арқылы, мемлекеттің және аймақтардың дамуын айқын көре аламыз.

Батыс Қазақстан аймақтары бойынша:

2023 жылдың 10 ақпанында Мемлекет басшысы Маңғыстау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының әкімдерімен кездескен болатын.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өткен жылы Маңғыстау облысында құны 25 миллиард теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылғандығын айтқан болатын. Әкім өңір экономикасына таратылған инвестиция көлемі 15,8 пайызға артқандығын, оның 762 миллиард теңгеге жеткендігін мәлімдеді. ШжОБ субъектілерінің саны 75,3 мың бірлікке жеткенін, салыстырмалы түрде ол өткен жылмен салыстырған кезде 33,3% өскен. Маңғыстау облысында туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі 1,6 есеге өскен, сондай-ақ, аймақта 2022 жылы шетелдер мен ел аймақтарынан 231 мың турист келгендігін Президентке мәлімдеген. Сонымен қатар, әкім аймақта тұрғындарды ауыз суымен қамтамасыз ету, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын жетілдіру, Ақтау қаласының инженерлік инфроқұрылымын қалыпқа келтіру, МАЭК кәсіпорнын қайта жаңғырту мәселелері туралы айтқан [1].

Мемлекет басышысының Маңғыстау облысының 2023 жылға дамуына қатысты ұсыныстары.

Тоқаев 2022 жылдың 7 қарашасында Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездескен болатын. Елбасы облымта адам санының өскендігін атап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтқан. Президенттің 2022 жылдың 7 қарашасындағы Маңғыстау халқымен кездесуі кезінде аймақ үшін айтылған негізгі мәселелер туралы төмендегі сілтемеден толықтай оқи аласыз [2], ал мен қазір сол Президенттің ұсыныстарының 2023 жылы жүзеге асатын сәттері туралы айтқым келеді.

Маңғыстау облысы бойынша 2023 жылы атқарылатын, жүзеге асатын маңызды және негізгі жобалар қатарына Ақтау қаласында мұнай-химия кешенін салу (3 кезең) (болжамды шығын 106 400 млн теңге, ЖИ қаржыландыру көзі); Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау (болжамды шығын 494, 6 млн теңге, РБ қаржыландыру көзі); Жағажай туризмін дамыту үшін, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қажетті жағдайларды жасау, жағалау бойындағы инфроқұрылымды жайластыру (болжамды шығын 10 млн теңге, ЖБ қаржыландыру көзі); Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау (болжамды шығын «Даму» КДҚ» АҚ қаражаты шеңберінде, РБ қаржыландыру көзі); «Дипломмен ауылға!» жобасы аясында мамандарды тарту (бюджеттік кредит РБ жоспар – 1158 адам, көтерме жәрдемақы ЖБ жоспары – 2164 адам) (РБ қаржыландыр көзінен 1 027,5 млн теңге, ЖБ бюджеттен 137,1 млн теңге) жобалары жүзеге асырылады.

Маңғыстау облысы бойынша Президенттің бастамасы мен ұсыныстары негізінде жоғарыда аталған жұмыстар 2023 жылы жүзеге асырылайын деп жатыр. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 9 наурыз күні Батыс Қазақстан жұртшылығымен кездесуі кезінде Батыс Қазақстан аймағының еліміздің дамуы үшін маңызды екендігін атап, облыстың әлеуеті зор екендігін айтқан болатын. Елбасы кездесу кезінде аймақтағы ғалымдарға, жастарға, еңбек адамдарына қолдау көрсетілетіндігін атап, Президенттік жастар кадрлық резерві әлеуметтік лифт ретінде жұмыс істей бастағандығын атап өтті [3].

2023 жылдың 9 наурызында мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапары кезінде Ақсай қаласындағы «PetrolValves Kazakhstan» ЖШС-нің өндіріс цехына барды. Президент өндіріс орнының жұмысымен танысып, аталған өндіріс орнының Қазақстанда жоғары технологиялық клапандар өндіретін және сервистік қызмет көрсететін жалғыз өндіріс орны екендігін атады [4]. Ақсай қаласындағы іс-сапары барысында Президент Ақсай қаласының қазіргі кезде түбегейлі өзгергендігін, көшелерінің ұқыпты және таза екендігін атап өткен болатын.

Сол күні-ақ, Президент Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» консорциумының жұмысымен танысқан болатын. Қарашығанақты кеңейту жобасы сұйық көмірсутегін өндіру деңгейін 46 миллион тоннаға дейін ұлғайтып, мемлекетіміз бен мекеме серіктестеріне қосымша табыс табуға мүмкіндіктер беретіндігі айтылды. Жобамен танысу барысында мемлекет басшысы жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қарашығанақ кен орнының еліміздегі мұнай-газ индустриясын өркендетудегі, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық саланы дамытудағы үлесі зор екеніне назар аударған болатын [5].

Президент Батыс Қазақстан аймағына сапары кезінде «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамына барып, зауыттың жұмысымен танысқан болатын. Зауыт мұнай, газ, күрделі металл конструкцияларын өндіру, өңдеу, тасымалдауға арналған жоғары технологиялық жабыдқтар шығарумен айналысады. Кәсіпорын жұмысымен танысу кезінде Мемлекет басшысы аймақта, осы кәсіпорынның жаңа жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өткен болатын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өндіріс орны мұнай-газ және энергетика салаларына арналған жоғары технологиялық жабдықтар шығарады, сондықтан бұл салаларда отандық машина жасау өнімдерінің үлесін арттыру маңызды деген болатын [6].

Мемлекет басшысы Орал қаласына сапары кезінде соғыс ардагері Иван Гапичтің үйіне барып, 100 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев ардагердің өмір жолы халыққа қызмет етудің, ерен және адал еңбектің, отансүйгіштіктің айқын үлгісі саналатындығын атап өтіп, еліміздің дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірген болатын [7].

Мемлекет Президентінің Батыс Қазақстан аймақтарына іс-сапарына шолу жасай келе, аталған аймақтың мемлекеттің барлық қырынан дамуына тигізер ықпалының зор екендігін айқын білуге болады. Оған куә, Тоқаевтың аталған аймақта көптеген өндіріс, кәсіпорындары мен зауыттарды аралауы мен олардың атқарып жатқан қызметтерінің мемлекеттің дамуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізетін үлестерінің зор екендігін айтуында болды. Қазіргі кезде, Батыс Қазақстан аймағы Қазақстанның өндіріс орындарының көп шоғырланған мекендерінің бірі, бұл сол аталған аймақта тұратын халықтың әлеуетін жақсартуға мүмкіндік беруде. Осы жақсы өзгерістерді айқын айта келе, Президент аталған аймақтың дамуына адами капиталдың зор үлес қосатындығын да айтып кетті, оны біз оның жастар, ғалымдар, соғыс ардагерлері мен қарапайым халықпен кездесуі кезінде көріп отырмыз.

Алматы қаласы бойынша:

2023 жылдың 23 ақпанында Мемлекет басшысына Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қаладағы әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы есеп берді. Әкімнің айтуы бойынша, биылғы жылы қаңтар айында қаланың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы инвестициялық және іскерлік белсенділіктің өсуі есебінен 136,7% дейін артқан. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 21,9% ұлғайды. Экономиканың дамуы қаладағы сауда, көлік, өңдеуші өнеркәсіптің дамуы салдарынан өскендігін атаған.

Президент Алматы қаласының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсынылған шаралар мен биылғы жылдың екінші жартыжылдығында сейсмоаудит жүргізу жоспарын мақұлдаған болатын. Дәл осылайша, Президент аталған аймақта сейсмологиялық қауіпті алдын алу бойынша шаралардың жасалуын назарға алғандығын аңғаруға болады. Осының негізінде қаладағы нысандардың құжаттарын жаңартуға мүмкіндік беретін болды.

Алматы қаласының әкімі Президентке қаладағы «жасыл дәліздер» жасау үшін Дүниежүзілік банкпен бірлесе жасалып жатқан әрекеттер жоспары туралы да есеп берген болатын. Бұл мемлекет басшысы әрдайым негізге алып отырған мәселелердің бірі, осының негізінде қалада жасыл желекті аудандардың аумағы ұлғайып, өзендер мен каналдардың бойында көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Е.Досаевпен кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әкімге нақты табыстың артуын қамтамасыз етуге және қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шараларды күшейту жөнінде тапсырмалар берген болатын [8].

Президент 2023 жылдың 10 наурызында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Жансейіт Түймебаевты қабылдаған болатын, сол кезде Президент университетті дамытудың маңыздылығын атап өтті және ҚазҰУ халықаралық мәртебесін нығайтып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту қажет екенін назар аударды [9].

Шымкент қаласы бойынша: 

2023 жылдың 23 ақпанында мемлекет басшысы Шымкент қаласының әкімімен кездесу өткізді. Кездесуден кейін Президент биылғы жылы Шымкент қаласының даму перспективасын ескере отырып, жаңа даму жоспарын бекіту керектігін айтты. Сол бойынша, әкім қазіргі жылдың соңына дейін қала төңірегіндегі аудандардың тұрғындары ауызсумен және электр қуатымен толық қамтамасыз етілетіндігі туралы баяндады. Сондай-ақ, аймақта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 25 мектепті жыл соңына дейін салу жоспарланғандығын атады.

Кездесу соңында мемлекет Президенті Мұрат Әйтеновке әлеуметтік мәселелерді шешу, қала тұрғындарының тұрмыстық сапасын арттыру, сондай-ақ Шымкент қаласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар міндет жүктеген болатын [10].

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі кезде Шымкент қаласында индустриялды аймақтардың саны артып келе жатыр. Былғы жылы аймақта «Жұлдыз» және «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағын құру жұмыстары жүргізіліп келеді. Осыған орай аймақта жаңа 3600-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Шымкент қаласы бойынша, қазіргі кезде мемлекет басшысының еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі және бағаны тұрақтандыру мәселесіне байланысты қойған нақты тапсырмасына сәйкес, қалада ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамытуға қолға алынған.

Президент те, үкімет отырысы да Шымкент қаласы мен айналасындағы үйлерді газдандыру бойынша көптеген тапсырмалар берген болатын. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен 2023 жылдың 22 ақпанындағы Үкімет отырысында да көктемгі екіс жұмыстарына дайындық пен елді-мекендерді газдандыру мәселелері де қайта қаралған болатын. Дегенімен, қазіргі кезде газдандыру мәселесі еліміздің барлық аймақтарына сезілетін мәселелердің бірі болып табылады.

Ақмола облысы бойынша:

Президент 2023 жылдың 14 ақпанында Ақмола облысы, Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында іс-сапармен болды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет халқының, еліміздің амандығы мен қауіпсіздігін, тұтастығын сақтаудың міндет пен парыз екендігін атап, академияның рөлі мен қызметіне тоқталып кеткен болатын. Бұл кездесу барысында көптеген мәселелер қарастылды, соның ішінде мемлекет басышысы келесідей тапсырмаларды берген болатын. Президент азаматтық қорғаныс жүйесі тұрақты жаңғыртуды қажет ететін, озық әлемдік тәжірибені қабылдап, заманауи жаңа технологияларды еңгізудің маңыздылығын атап, бұл үшін құтқарушыларды сапалы дайындауға ерекше назар аудару керектігін білдірді. Осы бағытта, командирлер мен ұстаздардың басты рөл атқаратындығын атап өтіп, өзінің тапсырмасымен Үкімет академияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш салып жатқанына және жатахана мен оқу корпусын салу жоспарланып отырғанына тоқталды. Қазіргі кезде мемлекет тарапынан құтқарушылардың еңбекақысын көтеріп, әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсарту үшін жүйелі шаралар қолға алынып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев оқу орнының материалдық-техникалық базасын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қажет екенін ерекше атап өтті [11].

Айта кететін жағдай, Президенттің тапсырмасына сәйкес биылдан бастап құтқарушылардың еңбекақысын 10-нан 70 пайызға дейін көтеріледі.

Президент «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» ЖШС кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесуі кезінде олардың отандық машина жасау өндірісін дамытуға қосып жатқан үлестеріне ризашылдығын білдірді. Сондай-ақ, машина жасау кәсіпорындарына Үкімен тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын, кәсіпорынның еңбегі мен сапалы өнімдерінің маңызды екендігін атап өтті [12].

Ақмолаға сапары кезінде Президент Степногорск қаласында отандық жылыжай технологияларының дамуымен танысты. Президент «Қазақстанның жылыжай технологиялары» ЖШС-не барды, жылыжайдың жұмыстары мен жетістіктерімен толықтай танысты. Соның негізінде келесі тапсырмалар мен ұсыныстар білдірген болатын, біріншіден ол шығарылып жатқан өнімнің сапасының жақсы болуынан, осы өнімдерін экспортқа шығару мүмкіндіктерін ескеру керектігін білдірді. Кездесу кезінде, отандық агроөнеркәсіпті кешенді дамытуға қатысты конструктивті ұсыныстар айтылып, Президент мәселені жіті бақылайтындығын, мемлекеттің отандық кәсіпкерлерді қолдауды жалғастыратындығын, ынтымақтастықты арттыратындығын атап өтті [13].

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған кезінде Степногорск қаласының ЖЭС жұмысымен, аймақта пестицидтер мен агрохимия өнімдерін өндіретін «Астана-Нан Chemicals» зауытының жұмысымен танысты.

Степногоск қаласындағы мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Президент қазақстандық спортшылардың өнерін әрдайым тамашалайтынын және оларды қолдайтындығын айтқан болатын. Елбасы спортшылардың жарыстардағы жетістіктері мен жеңістері, еліміздің шетелдегі имиджін арттыруға қосқан үлестері үшін алғыс айтты [14].

Президент Степногорск қаласындағы 6-шы шағынауданның ауласын аралау кезінде жергілікті тұрғындармен әңгімелескен болатын, сол кезде бірнеше өзекті мәселелер талқыланды. Біріншіден, Президент Степногорск қаласының дамуына ерекше көңіл бөлетіндігін атап, жергілікті ЖЭО мен жылу желілерінің жағдайы – Степногорск тұрғындарына маңызды мәселе екендігін атады. Осы мәселені шешу кезінде мемлекет басшысы Үкіметке әкімдікпен бірге, кәсіпорын иелерімен бірлесе отырып мәселені шешуге тапсырма бергендігін айтты. Екінші мәселе аймақ үшін экологиялық мәселелердің болуы. Ол бойынша Президент Степногорск қаласында ПХД қалдықтарын сақтауға байланысты халықтың пікірін естіді, Президент: «Мен бұл мәселеден хабардармын. Маған утилизация бойынша шағын кәсіпорын салу жөніндегі шешім бар екенін баяндады. Мұндай шешімді қолдаймын» деп айтқан болатын [15].

Президент Ақмола облысы бойынша агроөнеркәсіпті дамыту, отандық машина зауыттарын инновацияландыру, агрохимия өнімдерін шығаратын, экологиялық таза аймаққа айналдыруды көздегенін көруге болады.

Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша:

2023 жылдың 10 ақпаны кезінде жоғарыда аталған аймақтардың әкімдерімен Президент Ақорда да кездескен болатын. Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстардың әкімдеріне былтыр өңірлерге жұмыс сапары барысында берген тапсырмалары уақытылы әрі салапы орындалуға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, аймақтардағы халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды жалғастыру керектігін айтқан болатын.

Президенттің 2022 жылдың 27 қыркүйегінде Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуі кезінде айтқан ұсыныстары мен бастамаларының 2023 жылға қатыстылығы: «Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы Түркістанда өткізуді ұсынамын. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз». Екінші бастамасы, Тұрғындарды ауызсуымен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі деп айтқан болатын [16].

Президенттің 2022 жылдың 5 қазанында Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесуі кезінде айтқан ұсыныстары мен бастамаларының 2023 жылға жалғасуы: «Облыс еліміздің өнеркәсіп секторында жетекші орынға ие. Аймақ қарқынды дамып келеді және экономиканың барлық  саласы бойынша тұрақты өсім көрсеткішін сақтап отыр. Біз «қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын нақты ұстанып келеміз» - деді Мемлекет басшысы [17]. Мемлекет басшысы 2022 жылы Қарағанды облысы халқымен кездесуі кезінде көптеген мәселелерді көтерген болатын, осы кездесу кезінде айтылған мәселелерді шешу мен халық жағдайын жақсарту мен қолдау жұмыстары алдағы уақыттарда да жалғасын табатындығы анық.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстанның Батыс аймақтарында, Алматы, Шымкент қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қарағанды облыстарында 2023 жылы жүзеге асыруға ұсынылған өзгерістеріне шолу жасай келе қорытынды жасасақ, аталған аймақтарда да және басқа да аймақтарда өзгерістер мен жаңару, жаңғырулардың кезеңі болатындығы айқын болып тұр. Мақалада айтылған аймақтарда осыдан бес жыл бұрынғы кездері мен қазіргі уақыттағы сәттерін көрсеңіз, айқын өзгерістер бары анық. Оны біз аталған аймақтарда кәсіпорындардың көбеюінен жұмыссыз халықтың азайғандығын, халықтың әлеуметтік-материалдық жағдайының көтерілгендігін, білім мен денсаулық сақтау қызметтерін алуға қолжетімділіктің артқандығын, жемқорлық деректерінің азайғандықтарын, адам құқықтарын сақтау қатаң тәртіпке келтірілгендігін айқын көре аламыз. Дегенімен, қазіргі кезде барлық аймақтарда бар мәселе ол экология мәселесі сияқты. Сондықтан, мен осы мәселені Президентіміздің назарына алынып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту кезінде экология мәселесін негізге алуын сұрайтын едім.

Жылдың басталған сәтінен бастап Қазақстанның аймақтарында саяси, әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, өнеркәсіптік өзгерістер қарқыны басталды. Белгілі бір аймақтарда 2023 жылы Президенттің жүзеге асыруға ұсынған ұсыныстарын қарастыра келе, жылдың соңында өзгерістердің, ұсыныстардың іске асуына шолу жасап, нақты нәтиже шығара алатындығымыз анық.

[1] Мемлекет басшысы бірнеше облыс әкімін қабылдады. 2023 жыл 10 ақпан. https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-birneshe-oblys-akimin-kabyldady-1015529

[2] Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесті. 2022 жылғы 07 қараша. https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-mangystau-oblysynyn-zhurtshylygymen-kezdesti-7105953

[3] https://akorda.kz/kz/memleket-basshysy-atameken-oner-ordasyna-bardy-924334

[4] https://www.akorda.kz/kz/prezident-petrolvalves-kazakhstan-zhshs-nin-zhumysymen-tanysty-923827

[5] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-karashyganakty-keneytu-zhobasymen-tanysty-922532

[6] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-batys-kazakstan-mashina-zhasau-zauytyna-bardy-922016

[7] https://www.akorda.kz/kz/prezident-zhuz-zhasagan-sogys-ardageri-ivan-gapichpen-zhane-96-zhastagy-olketanushy-zhaysan-akbaymen-kezdesip-angimelesti-924333

[8] https://www.akorda.kz/kz/prezident-almaty-kalasynyn-akimi-erbolat-dosaevty-kabyldady-231742

[9] https://www.akorda.kz/kz/prezident-al-farabi-atyndagy-kazuu-dyn-rektory-zhanseyit-tuymebaevty-kabyldady-102842

[10] https://www.akorda.kz/kz/prezident-shymkent-kalasynyn-akimi-murat-aytenovti-kabyldady-2314311

[11] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-malik-gabdullin-atyndagy-azamattyk-korgau-akademiyasyna-bardy-1413350

[12] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kazakstan-agroinnovaciyalyk-korporaciyasyna-bardy-141486

[13] https://www.akorda.kz/kz/prezident-stepnogorsk-kalasynda-otandyk-zhylyzhay-tehnologiyalarynyn-damuymen-tanysty-1414854

[14] https://www.akorda.kz/kz/prezident-stepnogorsk-kalasyndagy-mamandandyrylgan-balalar-men-zhasospirimder-sport-mektebine-bardy-1415859

[15] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-stepnogorsk-kalasyndagy-aulalardyn-birinde-boldy-1414926

[16] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-turkistan-oblysynyn-zhurtshylygymen-kezdesti-278471

[17] https://www.akorda.kz/kz/prezident-karagandy-oblysynyn-zhurtshylygymen-kezdesti-594647

Abai.kz

2 пікір