Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Алашорда 3344 4 пікір 13 Наурыз, 2023 сағат 13:28

Мағжан рухына тағзым

Қадірлі оқырмандар, осы басылымда менің «Күнделік парақтарынан» жариялаған біраз күнделіктерім жөнінде өте пайдалы ой-пікірлеріңізді ортаға салып, қолдау көрсеткендеріңізге  және сыни пікірлер айтып ақыл-кеңес бергендеріңізге рпхмет айтқым келді.

Естеріңізде болса мен осы «Күнделіктерімнің»  1969 жылдан бері қарайғы  уақыт ағысымен  жазылған  52 дәптерден бүгінгі саяси, мәдени, рухани өнеріміздің сұранысына  жауап бере алады-ау дегендерін іріктеп жариялап келдім. Онда күнделіктің ай, күні, жылы және мекен жайы анық көрстілген. Соған мән бермеген кейбір оқырмандар  бұдан 10 даған жылдар бұрын жазылған күнделікті бүгінгі күнмен шатастырып мені кінәлайтындар да кездеседі екен. Еске салар бір нәрсе өткен өмір шындығы, тәжірибе-  сабақтары бүгінгі күннің сұранысымен  сабақтасып жатпаса оның пәлендей қадір-қасиеті болмас еді. Сол үшін мен  өткенді айтып отырып, бүгіннің  талаптары мен жауап бергім келіп еді. Егер күнделікте көрсетілген уақыт  назардан тыс қалса оқырманға мәнсіз болып көрінуі  әбден мүмкін.

Бұл ретте біздің әлеуметтік ой-пікірлерімізге тықпаланып келген  көптеген саяси, рухани таным, әсіресе шетелдік терминдерді орынды орынсыз кіргізіп өздерін білімді оқымысты етіп көрсеткісі келетін шетке табыну кеселі дендеп барады,  Бір кезде «намат», «толеранттық», дегендер әспеттеліп насихатталса, енді «жаһандану», «бірегейлік» дейтін жаңылтпаш ойындар ұрандала басталды.

Бір шығыс ойшылы айтқан екен:

  • «Алла бұйыртып, бір азамат бүкіл әлемнің үніне, бүкіл әлемнің азаматына айналса, ол бұл абырой- атаққа әуелі өз ұлтының үні, өз ұлтының тілі, ең әуелі өз ұлтының азаматы болу арқылы ғана жете алады.»
  • Сафуан Шаймерденовтің Назарбаевқа  «Отан  орденін» тапсырып жатқанда айтқан сөзі екен:  «Сіз әманда тыныштық деп  жүресіз. Мен мұндай қасиетті ел басқарған адамның кемеңгерлігі деп білемін. Бірақ, тыныштық барда Тәуелсіздік бөлек, бұл екі құбылыстың бір-бірімен қайшы келетін кездері көп. «Тыныштық, тыныштық» деп  жүріп  Тәуелсіздігімізден  айрылып қалсақ, онда кім болғанымыз? Менің ұғымымда, жеме-жемге келгенде азаттығымыз үшін тыныштығымызды құрбан етуге болады. Дүниелік тарихтың пайым-үлгісі солай. Ал, тыныштығымыздың қамы үшін тәуелсіздігімізді құрбан етуге әсте  болмайды.»

13.04.2012. «Қазақ әдебиеті» Сафекеңнің жары Бағдаттың естелігінен.

Ал, Халел Досмұхамедұлы:

Оянған жұрт қарқынды келеді, елестеген мұратқа жету үшін көбіне алды артына, жан-жағына қарамай екпіндейді. Әдет, заң, тіл секілді өзінде барды кемге санап, соларды жылдамырақ  өзгертуге салынады. Жәйімен тергеп, ақырындап тексеруге талпынған жүрек сабыр бермейді. Қарқынды жарыста, екпінді  жұмыста елдің елдігіне негіз болып тұрған нәрселердің де абайламастан өзгеріп кететіні болады... .

*****

Қазақ қазақ болғалы, ол отаршыл орыс империясының ұр да-жық қара күшімен бетпе-бет келіп қарулы айқас қалам айқасына өзгерген тұсына, әсіресе, қызыл империямен жүзбе-жүз келіп енді не істеу керек деп аңтарлыған шақта тек  Мағжан ғана, жалғыз Мағжан ғана қасқайып қарсы тұрған екен-ау деген қортындыға келдім. Мағжанның қолына кісен қалай түсті, күллі қазақ өнері қара жамылып, құлдық қамытын киіп, құлдығын, сұмдығын, пақырлығын, сорлылығын әлде қайда бақытым, барым, жеткен жерім деп міңгірлеген, аңыраған, «Колхозды ауыл жырына», «ұлы орыс халқына алғысқа» ауысқанын байқаймыз. 60 жылға созылған зымыстан жұт сорлы қазаққа не тауқымет әкелмеді.

Отаршыл орыстың өзі-өзіне ұқсамай кетті бұл түнекте, қазақ қайдан қазаққа ұқсасын? «Арақ ішеді екен» дегенге жаны түршігетін қазақ, енді «арақ ішпейді екен» дегенге таңырқай, құбыжық көргендей таңырқайтын күйге түсіпті. «Ашуы жауған қардай, шөккен нардай» қайран қазақ қойдан қоңыр, ешкіден селтек бір тобырға айналыпты.

Бүгінге дейін демократияға қолы жеткен басқа халықтар өзінің шаңбасқан архивтерін ақатарып, қамауда қалған асылдарын тауып жарық дүниеге шығарып үлгірді. Шетелге кеткен қаншама дарындарын әспеттеп елмен таныстырып жатыр. Отызыншы жылдардың қырғынынан кейін тұтас жарты ғасырлық уақытта тұтас бір халықтың өмірінде «Азиядан» басқа (оның да затынан саясилығы шамалы ғой) қамаудан шығарар бірде-бір классикалық шығармамыздың болмағаны қандай өкінішті. Эмиграциялық әдебиет туралы ауыз ашудың өзі ұят. Ол түгілі Қалтай сияқты қарымды қаламгерлеріміз саясаттың әуеніне билеп шетелге жан сауғалап кеткен бірен-саран қазақ оқығандары тірі жүргені үшін табалағандай драммалық шығарма жазып ағаш атқа мінгізген жоқ па? Тым құрыса «Жанпида» сияқты бір астарлы дүние жазылмапты-ау. Оның есесіне қайдағы «Қарамаржан», «Ақмаржан», «Ақ алтын», «Қара алтын», «Ақ дала», «Көк далалар» қаптап қазақ аспанын өліарадағы «Үркер» мен «Аласапырандар » басып кеткен жоқ па? Оны айтасыз-ау өз ұлтының, өз мемлекетінің туы жығылып, шаңырағы ортасына түскеніне қайғырып қан жыламақ түгілі сол жығылған туды көтеруге талпынған ардагерлерімізді дұшпаннан бетер ғайбаттап, орыс күйреткен ордамыздың шаңырағын теуіп «Үлкен Түркістанның күйреуін» алақайлап, жалайырға жар салған жетесіз де біздің қазақтан шыққаны сүйекке таңба, бетке шіркеу екен. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ екенін де, адам уақыттың құлы екенін де ұғамыз. Әділеттің соңғы сөзін айтушы  көктен түскен көріпкел болып көрінейік деп отырғанымыз жоқ. Көпке топырақ шашудан да аулақпыз. Дегенмен, етпен сүйектен жаралған саналы  жан иесі жүрегінің түбіне терең бойлап көрсе ғой. Тым құрыса аруақтар алдында, кеше көз көрген тірі куәлер алдында, болашақтың иесі, бүгінгі жас ұрпақ, пәк ұрпақ алдында бір ауыз өкініш, тауба, кешірім сөзін айтып ақталса, сол күнәһар аталардың несі кетер еді? Кешірімшіл халқымыз «Алда байқұс-ай, енді қайтсын, уақыт солай болып еді ғой, кеште болса тәубаға келіп,  иманын үйірген де ерлік, көрегендік болды-ау» дер еді.

Ей, жүрегі мың парша, мың өліп, мың тірілген жанкешті  қазағым. Еңбегі еш, тұзы сор бейбақ халқым. Білмес достан, білгір жауын артық бағалайтын  кемеңгер халқым. Біздің сорымызға қарай ондай мәрт, ондай данышпан қалмаған сияқты. Бізді 300 жылдай қан қақсатқан орыс отаршылдарының өлі, тірі нақ мұрагерлері ондай адамгершілік сөзін айтуға әлі жараған жоқ. Балта сабынан озбайды дегендей, надан ұстаздың надан шәкірттерінен де ондай білімділік күту – аса аңғалдық болар-ау.

Күні кешеге дейін (өздері қайта құрудың таңы атып, күні шықты деген 1989 жылға дейін шыққан кітаптарында)  Мағжанға жарты ғасыр қосқан қабаған иттерін арсылдатып итақтаған Әбділда сияқты шолақ белсенділер, «винтовкам қайда, винтовакам» деп өлең жазып теледидардан өзеуреп, ереуіл қозғалысына кектеніп келеді. Советттік сөзге қаламы әсте мұқалып көрмеген, аты шулы Мұқанов өле-өлгенше Мағжанды құбыжықтай көрсетіп жаппаған жаласы жоқ ол кетті.

«Қазақ совет әдебиеті» жөнінде қалам тартып мақала жазған, кандидаттық, докторлық қорғап мелдектеген ғалым сымақтардың біразы  әлі күнге жұмған аузын ашпай «Бадыраң көз, сен тимесең, мен тиме» деп саңылаудан сығалауда.

Ал, әлгібір найынсап, ұр да жық, бет терісі қалыңдары түк білмегенсіп, «Қайта құрудың» енді келіп тәуелсіздіктің жаршылары болып көрінгісі келіп өзеурейді.

Кешегі көммунистік партияның әр дәрежелі көсемдері мен шешендері, неше дәрежелі дерпент-серпенттері беттері шылп етпей кеудесін кере алшаңдайды. Том-том кітап жазып, онысын мақтап-марапаттауға барын салады. Жүз ұлттың лабараториясын құрысқанын мақтан көруден әлі ұялмайды.

Бұл нені көрсетеді? Бұл Қазақстанда шын мәнінде демократиялы қоғам құрылмағанын, демократия әлі де сол диктаторлардың қолындағы сиқырлы таяқ қызметін атқарып келе жатқанын, ақ теріні көк тері етіп  саудалап жүргенін, ар-ұждан алдында ешкімнің де есеп беріп, есеп алып көрмегенінің нәтижесі. Беу, күнәһар пенделер, бетпақ атқамінерлер, жалған ғалымдар «Кешір халқым, кешір нахақ жазаның құрбандары, кешір Алла-тағала надан құлыңның білместігін, енді тазарып, арылып адал қызмет етуге мұрсат бер» деген сияқты бір ауыз ақ6 әділ сөз айтуға әлі бармадыңдар-ау! Пышақ тимей арам өлсең де, ең арам өлім сол болар.

Мен кейде қазақ қаламгерлерін, оның ішінде бүгінгі күнді көре алмай, ыс тиіп өлгендей ешнәрсе сезбей кеткен марқұмдарды аяймын. Әрине, олардың ішіндегі аса талантты болып туылған, бірақ қажыр-қайратын, ақыл-парасатын өнбес іске жұмсап, өнбес дау даулап кеткендерге жаным ашиды. Шындық әрі ашты, әрі дөрекілеу болып көрінеді. Жаңа XXI ғасырда 70 жылдық совет әдебиетінен кімдер санатқа қосылады деп ойлап көрдіңіздер ме? Ол мені әр күні мазалайды. Ондай кезде, әсіресе, Ғабиден Мұстафин сияқты еңбекқор, адал таланттар көз алдымнан кетпейді. Уақыт қатал әмірші, ол ешкімнің аяушылығы мен көңілдестігін, замандастығы мен сапарластығына қарамайды. Өнер адамының тағдыр тәлейі, яғни бақыты мен соры, кейде оның шын мәніндегі көрегендігі мен қайсар да, батылдығына, тіпті қапысыз айла-амалына тікелей байланысты көрінеді маған. 30 жылдар құрбандарын былай қойғанда әдебиетіміздің ұлы тұлғалары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтың шығармашылық тағдырына ой тоқтатып көріңізші? Олар не үшін бар күш-қайратын, бар уақытын тарихи тақырыптарға арнады? Былайғы сырт көз үшін бірен-саран кітап шығарғаны болмаса, Мұхтар тіпті советтік тікенек сымның шекарсына аттап баспай қойды ғой. Ал өмірінің соңғы жылдарындағы «Өскен өркеннің» өркені жаймай қалғанына мен тіпті қуанамын да. Адал ұлға адал ақ өлім бұйырғаны, пайғамбар жасынан аспай кеткені де бір мәртебе сияқты.

Егер қазақ деген халық, ұлт мың жыл өмір сүрсе Мұхтар Әуезов те сонша жыл, тіпті одан ары ғұмырын жалғастыра берері әрі «Өскен өркеннен» басқа дүниесінің барлығы дерлік  жетері даусыз. Ал кітап шығару саны жөнінен Қасиетті Бальзакпен жарысқысы келген батырақ, дөйдала Мұқанов XXI ғасырдың шаңына ілесіп қаншаға барар екен? Әй қайдам?! XXI ғасыр есікті жауып алады ма деп те қорқамын. Коммунистік партия өзі өлгенімен зілі, тегеуріні әлі талай су жүректі суылдатып келе жатқаны белгілі. Өлген бураның басы тірі атанды қорқытатынның кері дағы. Ал енді  он-жиырма жылдан кейін ел тізгінін қолға алар бүгінгі боз балалар мен жеткіншектер коммунистік батырақтық бопсаңа пысқырып та қарамайтынына кәміл сенемін. Ал сонда бәріміз шын сыйлайтын, шын сүйетін қос Ғабеңді қайтеміз? Мүсірепов өзінің алғашқы «Оянған өлкесінен» бетке ұстар «Ұлпанын» аялап, ерке Бұланын еркелетіп, Ақансерісімен мұңдасып-ақ сыр бермей кете алар. Мұстафин ақсақалға не айтсам екен? Еңбегі еш, тұзы сор талай сірі табан, жауыр арқаларға қоса салуға да болар еді. Обал ғой, бәрінен де жаны таза, аңғал, сенгіш қазақтың қасиетіне обал болар. Ал ол кісінің жазған шығармалары бір кезде тарихтың 70 жылдық қара бетін парақтап ақтарғанда аяушылық, мүсіркеушілік көңілмен еске алудан ары аса алмаспыз. Бір ұлтты қанаушы-қаналушы, бай-кедей деп екіге бөліп әкені-балаға қарсы қойған таптық қоғам жыршыларын нағыз саясат пен зұлымдықытың жаршыларын дәл өздері ұстанған аяусыз, бітпес жаулық тұрғыдан аулаққа серпіп тастаймыз. Бұл  тұрғыдан  70 жыл бойында тайраңдаған құлақ кесті құлдар мен қара табан мұжықтардың еш қайсысына аяушылық, келісімпаздық, жалпақшешейлік жасалмауы керек деп қараймыз. Баспасөз бен үкімет билігінің әр дәрежелі тұтқасын ұстап отырған батырақтар мен большевиктердің итаршылары тақтан тайған күнін күтіп отырмай-ақ, осы бастан ақ, әділ сөзімізді ашық айтып әдебиет пен өнер ордасын былықтырған, ауасын бұзып отырған көң-қоқысты аулаққа сырғыта берген жөн болар.

Менің бұл айтқандарым, жанайқайым, жүрек сөзім. Оны кекшілдік, ұсақшылдық немесе әсіре белсенді ұр да жық деп өздеріңізді әспеттемей-ақ қойыңыздар!

  • Кекшілдік – бұл құлдыққа кірер қақпаның қатал күзетшісі!
  • Ұсақшылдық –атай көрмеңдер, ұлт пен мемлекеттік мүдде де ұсақ –түйек пен бөлек-салақ деген әсте болмайды.
  • Әсіресе белсенділіктің екінші аты ұр да жық. Ал оның ұнамды атауы табандылық әрі батырлық! Сондықтан бүгінгі алмағайып өтпелі кезеңде ешнәрсе де елеусіз бола алмайды. Найқалуға, шайқалуға уақыт жоқ. Көңілшектік сол баяғы көті ашықтық. Ал ашық-шашыққа кім, не үйір болмасын?!

Мағжан әкеміздің асыл мұрасын қолға алып, терең бойлаған сайын мені сондай мазасыз ойлар, қатігез өкімдер баурап алатын болып жүр. Біздің не ол емес не бұл емес мәңгүрт ұрпағымыздың тек Мағжан  отаншылдығымен, Мағыжан тұраншылдығымен, Мағжан рухымен тербете алсақ қана қазақы, еркін, тәуелсіз Қазақстанның қожайыны етіп қалыптасыра аламыз.

Мағжан сияқты әділетсіздіктің құрбандары еске алып, оның шығармасын талдап таратқанда, оқулыққа енгізіп оқытқанда олардың қара қол, қанды қол жендеттерін қатар атап салстыру тұрғысынан тағылмдық тәрбие беруді ұмытпауымыз керек.

*****

Мен алдымен екі нәрсеге тәуекел жасап көрейінші деп отырмын. Алғашқы Мағжан Жұмабаев  пен Жүсіпбек Аймауытовтардың аруағын қозғау. Мақаң жөнінде ең алғашқы жантебірентерлік сөзді айтқан Жүсіпбектің ұлылығына жұрттың назарын аудару. Мағжанның Ақан сері  туралы зерттеулеріне де соға кету. Социалистік реализм, партиялық, таптық әдебиеттің (Совет әдебиет деген құбыжықтың)  қазаққа келтірген сұмдықтарын басқа ұрып атау, шолақ белсенділер мен ұлт сатқындарын таңбалау, тәуелсіз қазақ елінің еркін әдебиеті қандай болу керек? Азат елдің  азат ойлы, отаншыл азаматтарын қайтсек қалыптастыра аламыз деген ортақ ойға үлес қосу – басты міндет. Ойға келгенді былайша тізе жүрмекпін:

  1. Мағжандарсыз қазақ әдебиетінен не оқығанбыз? Оларсыз қазақ әдебиеті деген әдебиет пәні болуы мүмкін бе еді? Жоқ.
  2. Партия көсем «ұлы орыс халқы», социализм туралы қазақ қаламгерлерінен көп жазған басқа бір ұлт өкілдерін көрген жан бар ма? Біз неге сонша қошаметшіл, жандайшап, құл болып кеттік? Әлі күнге дейін сол құлдықтан арыла алмай келеміз. Мысалдар келтіреміз.
  3. Абайға, Абайдың өлең, қара сөздеріне жүгініп отыруымыз керек.
  4. Ұлтшылыдық, түрікшілдік дегендерге сипаттама, баға беру керек. Әбділда сияқтылардың (5 бет алғысөздегі) жаңсақ, залалды пікірлеріне бір жола тойтарыс берген лазым.
  5. Мағжан жинағына 50 жыл бойы оның соңына түскен Әбділда сияқтылар емес Жүсіпбек сияқты шын жанашыр, шын ғалым, шын әдебиетшінің сөзін беру керек еді. Иман, ар алдында сонда сәл де болса тазарар едік-ау. Мағжанды бағалауда солақай, тапшыл, партияшыл сынның зардабы анық білініп тұр. «Түркістан», «Мені де өлім әдиле», «Жәмила» қатарлы өлеңдерге Әбділда қалай, Жүсіпбек қалай баға береді? Жер мен көктей.
  6. Жалпы ақынның сыншыл, әшкерлеуші және үмітсіздік, торығу сарынындағы өлеңдерді талдағанда жандайшаптарша емес көргенін көріп отырған және көрешек зұлматтарды анық таңбалап, анық басып тани білудің арқасында қан жылап отырып жүректен жазылған дүниелер екенін ашу, шындықты шындықпен жауап беру керек екенін дәлелдеу керек.
  7. Абылай сияқты арыстарға көзқарастағы алшақтық айтылуы керек. Жүсіпбек, Мағжан, Әбділдалар, әрине, бөлек жандар, бірақ екі түрлі идеяның адамдары, Мағжан Абылайды соғысқа кіргізуде әскери басшының тактикалық, көрегендік қасиетін ашқысы келген әрі негізі авторлық мақсат, нысанына – Баянды соғысқа кіргізу, оны өзінің ары, намысы, кінәсі алдында қанмен жуылатын тәуекелге кіргізу арқылы ерлік өлім сыйлау алаңына асыққандығынан еді. Жүсіпбек те оны солай дәлелдеп, солай талдайды. Ал, Әбділда қалай да Абылайдың сақалына бір жармасып қалғысы келеді. Қаһарлы ханды жаудан қорқып қашқан қоянжүрек етіп көрсеткісі келеді. Әрі Абылайханның да тұрғысы солай еді деп оқырманды шатастырады. Бұл сол сияқты солақай пікір Тәжібаевта бастан аяқ жүйеге айналған.

Мағжанды біз неге тек Жүсіпбек немесе Мұхтар сияқтылар жазуы керек дейміз. Ақын мен жан жүрек жақындығы, тағдырластығы, туыстығы, болмайынша әйтеуір жазу үшін жазу, көзге түсіп қалу үшін жазу қиянат. 400-бетте Жүсіпбек Мағжанның жазғандарын сынаудың қиындығына тоқтала келіп: алдымен «біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз. Толық сынау үшін оның алды артын орап, өрісін арылтып шығарлық сегіз қырлы, негізді білім керек».

Қандай өнерпазы, ақынды, данышпанды болсын, өз заманының сыншылдары әділ көзбен қарап, баға беру шетін нәрсе. Заман сыншыларының бүйрегі не бұлай, не алай бұрып кетпей тұрмайды. Талай таланттардың, талай жақсылардың қадірін жұрт өлген соң біледі. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей.

Замандастар, тұстастар әділ болуы қиын. Не заманнан қаймығады, ақынды заман өлшемімен өлшейді. Сыншылардың көбі не ақынды жақтаушылар не жамандаушылар, не бықсыған күншілдер, не сол ақынды ат қылып мініп алып, абырой-атақ іздеп, көзге түсем деушілер болуы мүмкін, біз де сол көптің біріміз. Не заманға күйлеп, не басқа бір мақсатпен бір жағынан ағып өтіп жүрсек, ғажап емес.

«Мәдениетті жұрттар жазушылардың, ақындарың қай жолмен тексеріп, сынаса, біз де сол жолды қолдануымыз керек».

Мінеки Мағжанды осылай, сондай таза қол, таза жүрекпен жақындау керек. Өлшем де, принцип те осы болу керек.

Біздің бүгінгі әдебиетіміздің негізгі бағыты, ұстанар жолы, көркемдік тәсілдері қандай болу керек? Октябр төңкерісінен кейін бағыт-бағдарынан айырылған қазақ қаламгерлерінің талантты өкілдері бір мезгіл үнсіз қалды, не жазуға тәуекел ете алмады. Ескіше жазуға не қажеттілік те, мүмкіндік те қалмады. Ал, азамат соғысының ылай тасқыны сарқылып, ел өмірі бейбіт арнаға түскен тұста сарбаздарымыз қайта сапқа тұрып үлгірді. Мағжан қатарлы ұлы дарындардың бәйшешек ғұмырың өзі-ақ мол-мол мұра қалдыруға жетті. Әрі өткен мен бүгіннің ортасына алтын көпір (әлсізде болса) салып үлгірді. Қазақ әдебиеті шолақ ұрда-жық пролотариятшылар, бадырақтар шырғалаңынан аман сақтап қалды. Амал қанша, ол өмір ұзаққа созылмады. Жетпіс жылдық совет әдебиетін енді бағамдап, қайта сарапқа салатын болсаңыз қысқа ғана НЭП  заманында тындырған дүниелерден артық пәлендей табысқа жете алмағанымызға  ішің  ашиды.

Ендігі міндет бүгінгі әрі-сәрі қазақ әдебиетін шолу, октябрь дүрбелеңінің алдындағы және 30 жылға дейінгі қазақы мінез, салт-дәстүр, елдік рухта жазылған ұлттық әдебиетіміз арнасына қайта салу. Ұлттық қасиет, ұлттық мазмұын айшығын табу, сол арқылы бір тұтас қазақ әдебиеті тарихын жасау. Алтынға, дәнге араласқан советтік қоқыстардың барлығын дерлік ешбір келісімпаздық, жалпақ шешейлікке салынбай аулаққа лақтыру, нағыз қазақы халықтық рухының салтанатына жол ашу деп білеміз.

Бүгінге дейін Мағжан сияқты қиянат көрген алыптарымыздың мұрасы жөнінде сөз болғанда жалпы беттік үстірт шолу солай болып еді, солай болмап еді сияқты өкініш сарыннан ары аспайды. Бізге керегі тарихи тағылымдарды, ащы сабақтарды айту арқылы ендігі жерде не істеуіміз керек дегенге жауап іздеу тұрғысынан болса дейміз.

Қазақ әдебиетіндегі Мырқымбай образы біздің азған, ұсақтаған халықтық, ұлттық қасиеттеріміздің типтік өкілі. Аты затына сай бейшара бейне, бірақ ішіне жел толтырып үлкейтілген, әспеттелген, әлпештелген сайқымазақ бейне, ал сол сорлыны біздің әдебиетіміздің озық үлгілері және жаңашыл образдары сипатында даритып дәріптеп келгеніміз қай жетіскендігіміздің, қай болып-толғандығымыздың деңгейі еді? Мырқымбай, Мырқымбай да кәдімгі.

«Орталық» осы бір қарапайым, табиғи атау біздің басылымдарымыз бен саяси лексиконымызға енгенде күшейіп, зорайып, империя, Москва дегеннің баламасына айналып шыға келеді. Оның арғы жағында аты шулы отарлық советтер одағының құбыжық сұлбасы болып көрсетеді әрленіп. Соны біле, көре тұра біздің дуалы ауыз ру басшыларымыз саяси соқырлыққа басып, оңды-солды «Орталық» сөзін қолдану арқылы әрең жеткен тәуелсіздігіміздің әлсіз елесін де қалдырмай тонап беретінімізге мән бермейміз бе, әлде соған сүйіне, ризалықпен қолданамыз ба? Қайсысы болса да нағыз құлақ кесті құлдықтың қарғыс қамытын тастамағанымыздың айқын дәлелі.

Әлімғазы Дәулетхан

Abai.kz

4 пікір