Жұма, 19 Сәуір 2024
1332 0 пікір 13 Наурыз, 2023 сағат 13:14

«Түркі инвестициялық қоры» құрылады

«Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қою туралы» Президент Жарлығының жобасы Мемлекет басшысының қарауына енгізіледі. Келісім құжаты «Ашық» НҚА порталында жарияланды.

«Түркі инвестициялық қорын құру өзара мүдделі салалардағы даму жобаларын қолдауда цифрлық инфрақұрылым, өнеркәсіптік өндіріс, инфрақұрылым, көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жасыл экономика, туризмді қоса алғанда, өңірішілік сауданы дамытуға, шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға, көліктік-логистикалық тізбектерді, сақтау және өндірістік қуаттарды кеңейтуге қолдау көрсетуге, физикалық және өндірістік қорларды құруға және жаңғыртуға ықпал етеді. Баяндалғанның негізінде Үкімет «Түркі инвестициялық қорын құру туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасын қарауға енгізеді», - деп жазылған құжатта.

Инвестициялық қорды құру үшін республикалық бюджеттен 100 млн доллар бөлінеді.

Айта кетейік, қордың құрылтайшылар – Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан мемлекеттері. 2021 жылы 12 қарашада Ыстамбұл қаласында аталған елдердің басшылары «Түркі инвестициялық қорын» құру туралы шешімге келген болатын.

Құжат 29 наурызға дейін көпшілік талқылауда болады.

 

Abai.kz

0 пікір