Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 2949 85 пікір 13 Наурыз, 2023 сағат 13:12

Теміржол ардагері: Маған атақ та, ақша да керек емес...

Бақтыгүл Самалова - 19 наурызда өтетін ҚР Парламент Мәжілісінің сайлауына үміткер. Бір мандаттық сайлау жүйесі бойынша саяси додаға түсіп жатыр. Кандидат саналы ғұмырын теміржол саласына арнаған. Дауыс берушілердің қолдауына ие болатын болса, төменгі палата қабырғасында теміржол саласында қордаланған проблемаларды көтеруге ниетті. Сайлауалды бағдарламасында сондай-ақ, жалғызбасты аналар мәселесі, жұмыссыздық пен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың мүддесін қорғау сынды өткір проблемалар бар.


- Бақтыгүл ханым, теміржол саласының ардақты ардагері екеніңізді білеміз. Тәуелсіздік алған жылдары «Алматы-Үрімші» бағытындағы шойынжолдың ашылуында өзіңіз сол көшті бастап бардыңыз. Сол кездерге кері шегініп, еске түсірейікші...

- Кеңес заманында Қытаймен бірқатар келіспеушілік болып, қос тарап алыс-берісті, барыс-келісті тоқтатып тастаған екен. Біз егемендік алған жылдары көрші елдермен қарым-қатынасты реттеу керек болды ғой, білесіздер. Сөйтіп, отыз жыл бойы тұралап тұрған теміржолдың бойына қан жүгірді. Осыншама уақыт бұрыңғы бекеттердің барлығы жабық тұрған. Тіпті кейбірін орман, шөп басып қалған. Соның барлығы қайта қалпына келіп, теміржол бойында қызу  тірлік жанданды. Бірнеше жыл үзілістен кейін, шетелге жол ашудың бақыты маған бұйырған екен. Менің негізгі мамандығым педагогика саласы, мұғаліммін. Қызылорда, Қазалы өңірінде туып-өстім. Теміржолға аяқ-асты келдім келдім десе де болады. Алматыға көшіп келгеннен кейін, теміржолшылар дайындайтын техникумға қазақ тілі мүғалімі жетпейді екен. Қазақша жақсы сөйлейтін мамандар іздеуде дегенді естіп, соған қарай тартып кеттім. Оған дейін 28 жасымда балабақшаның меңгерушісі болдым. Ойлап отырсам, өмір бойы басқару, қоғамдық жұмыстың айналасында жүріппін. Өзім оқитын оқу орынның жатақханасында да тазалық жағынан тексеруші болдым. Бес алты жұмысты қатарынан алып жүрдім. Кейін тұрмысқа шығып, тағдырдың тәлкегімен, үш баламды өзім асырап, есейту маңдайыма жазылыпты. Оған қоса, алты бауырым бар. Барлығына өзім бас көз болдым. Отыз жасымда оларға әже болып, ерте есейдім. Теміржолдағы мұғалімдік қызметті қосымша алып жүремін деген ой болды басында. Сөйтсем, кадр бөліміндегілер бір тізімге қосайық деп қолқалады. Сөйтіп 360 қыздың ішінен суырылып шығып, «Алматы-Үрімші» сапарын бұрымдылардан бір өзім бастап бардым. Бір жылдан соң Қытайға шойын жолды аштық. Ол кездегі сезімді тек сезіну керек. Сөзбен айтып жеткізгісіз. Теміржолдың өзіндік атмосферасы бөлек. Қызу тірлік. Аз ғана уақыттың ішінде шойынжолдың иісіне үйреніп, тіпті осы саланы жанымдай жақсы көріп кеттім десем артық айтқаным емес. Артынша, тәжірибем бар, талпынысым бар, пойыздың басшылық қызметіне өзімді ұсындым. Су жаңа пойыздарға бас-көз бол деген ұсыныс айтылды.  Мен керісінше, ең ескі-құсқы, ескіріп тұрған вагондары бар жолаушылар бағытын сұрадым. Маусымдық пойыз болатын Мәскеуге. Ескі болғанымен, үйренгім келді. Үш айдың ішінде ол жерге тәртіп орнаттым. Тоқтаған жерлерде кілемдерін қақтырап, іштерінің ауасын соқтырамын, жуғызып айнадай етіп, келімді-кетімді адамдардың бұйымтайына, көңіл күйіне назар аудардым. Осындай еңбегімді бағалаған болуы керек, кейін «Алматы-Мәскеуден» соң, «Қазақстан» фирмалық пойызы, «Алматы-Астана», Қарағандыға қатынайтын шойын жолға да жауапты болдым. 1999 жылы сол кездегі «Руханият» партиясының құрамына Алтыншаш Жағанова  қолымнан жетектеп алып келді. Сол себепті ол кісіні әлі күнге дейін саясатпен таныстырған ұстазым ретінде бағалаймын. Содан кейін Алматы аймақтық жолаушылар тасымалы және вагон шаруашылығы депосының жұмысын реттеу сеніп тапсырылды.

- Демек, осыған дейін де саясатқа араласқан болып тұрсыз ғой. Партия сапында да біраз уақыт жемісті еңбек еткен етіпсіз. Биылғы ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына қатысу туралы ой қайдан келді?

- Теледидарда ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарын тарату жөнінде айтылған жаңалықты көзім шалды. Одан кейін бір мандаттық сайлау бойынша жақсы мүмкіндік бар екенін білдім. Өзіммен-өзім ақылға салып, кеңесетінім бар. Неге құжаттарымды тапсырып көрмеске деген ой келді. Қайткен күнде де айтарым бар, талай жыл еңбек еттім теміржол саласында. Өзгелер секілді маған атақ та, даңқ та, ақша да керек емес. Өмір жолында оның барлығын көрдік. Тек жасым сай келсе, қалған ғұмырымда халқыма бір пайдам тисін деген оймен құжаттарымды тапсырдым. Қабылдады. Қазір үгіт-насихат жұмыстарын бастап кеттік. Күні кеше теміржолдағы еңбек адамдарымен кездесіп, олардың талабын, тілегін тыңдадым.

- Сайлауалды бағдарламаңызда жалғызбасты аналардың мәселесін қолға алу ойыңызда бар екен. Шынымен де, соңғы жылдарда Үкімет тарапынан «жалғысбасты ана» статусы алынып тасталды. Жалғыз өзі бала-шағасын тәрбиелеп, әрі асырап үлгеріп жүрген қыз-келіншектер әлеуметтік қолдаудан тыс қалып отыр. Басқа нендей мәселелерді көтеремін деп бара жатырсыз Төменгі палатаға?

- Өкінішті әрине, жалғызбасты аналар көбейіп бара жатыр. Күйеуі бағып-қағып отырса, әйел баласына жауапкершілікті алып отырса, әйел ажыраса ма?! Ажыраспайды. Ер адамдарды да түгел жаман деп айтуға болмайды. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Осы жерде екінші мәселенің шеті шығып тұр. Жалақы аз. Тапқан таянғаны бір отбасы түгелі қара басыңды асырауға жетпейді. Халық несиеден несиеге өмір сүріп жүр. Еңбек еленбейді, Лайықты түрде бағаланбайды. Осыдан кейін шаңырақта ақша жетіспеушілігі басталады. Қаржылай қиындықтар бәрі болмаса да, біраз жанұяның ажырасуына басты себептердің бірі. Алдағы уақытта Мәжілістен орын бұйырып жатса, осы мәселелерді көтеру арманым. Жұмыссыз, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарды көргенде жүрегім ауырады. Осы проблемалардың барлығы бір-бірімен байланысты. Не дегенмен, қандай да бір шешімі болуы керек қой.

- Пойызға жиі отырасыз ба қазір? Саладағы проблемалардан хабардарсыз ба?

- Жоқ. Пойызға жиі отырмаймын. Ойлап отырған шығарсыз, менсінбегеннен деп. Ешқандай да менсінбеушілік жоқ. Жүрегім ауырады. Қазір вагондардың, қалааралық бағыттардың біразының ашылуында өзім басы-қасында жүрдім. Барлығында тәртіп сақтауға тырыстым. Қол астымдағы қызметкерлерге айтатынмын. Вагондарың ескіріп тұрса да, таза болсын, жайлы болсын, шайың мен қабағың ашық болсын деп. Қазір оның ізі де жоқ. Мен теміржол саласына келгенде жолсеріктердің барлығы ер адамдар еді. Өзім осы мәселе араласып, қыздардың жолсерік ретінде жұмыс істеуіне жол аштым десе де болады. Себебі тазалық пен жайлылық қыз баласынан басталды. Қазір сол қыздардың біразы теміржол саласында басшылық қызметтерде отыр. Айтпақшы, бүгінде жүріп тұрған пойыздардың барлығы дерлік мен жұмыс істеген кезеңдерден бері бар. Әбден ескірген. Жаңарту керек. Тіпті менің жасымнан асып кеткен вагондардың бар екені жасырын емес. Бұйыртып, Мәжіліске баратын болсам, бірінші қолға алатын мәселем осы болады.

*Материал республикалық бюджеттен Астана қаласы аумақтық сайлау комиссиясымен төленді.

Abai.kz

85 пікір