Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Дей салдым-ау 2886 5 пікір 9 Наурыз, 2023 сағат 13:03

Өзбек олигархы Ресейге қарсы коалиция құрады...

Таяу арада аймақта Әлішер Османов қаржыландыратын әрі кураторлық ететін антиресейшіл бизнес-қауымдастық құрылады.

Миллиардер Мәскеу мен Ташкенттің арасына ши жүгіртіп, Шавкат аканың қолтығына су бүркуде.

Dalainside Османовқа шүйлігіп жатқан ресейлік масс-медианың мәліметіне талдау жүргізді. Ол үшін әңгімені әріден, газ одағынан өрбіту қажет. Интриганың көкесі осы тұста.

Ташкент осы идеямен ауыратын Мәскеуді тәубесіне түсірген сыңайлы. Өткенде Өзбекстанға барған Ресей премьері Мишустин де тауы шағылып қайтқан. Кремль мұнай-газдан бөлек валюта операциясы мен логистика саласында өзбектерді жіпсіз байлауды жоспарлаған. Бірақ, мұндай фиаскоға ұшырарын күтпесе керек.

Газпромның генпланы бойынша: өзбек жеріндегі 85 газ кеніші мен әлі игерілмеген, қойнауында 1 трлн (!) көгілдір отыны бар 35 кен орны ресейлік монополистің меншігіне өтуі тиіс-тін.

Орыстар көл-көсір байлықты 35 жылға жалға алуды көздеп, алақанды ысқылап отырған. Ташкент күні кеше екі жеп, биге шыққысы келген орекеңдерге әдемі мат қойды.

«Берсек, біреуімен шектелеміз, табысты тең бөлеміз...», - деп қысқа қайырды ӨзбекМұнайГаз.

«Өзбек банктері валюталық есеп-қисап кезінде ресейлік тараптың мүддесін мүлде ескермейді. Ол аздай армиясын НАТО стандартына сай бейімдеуде...», - деп байбаламға басуда Кремль пропагандасы.

Бұған өзбек олигархының қатысы қанша?

Османов Ресей резиденті емес. Пенсияға шығып, атажұртына оралғалы 7 жылға жуықтады. Ә деп соғыс басталғанда АҚШ-тың Қаржы мин-і Османовқа қарасты компанияларды бұғаудан босатқан. Ресейлік пропаганданың ұлардай шулап жатқаны да содан. «Уашингтон мен Османов бартер жасасты», - дейді. Санкция құрсауынан босаған өзбек олигархы мұның өтеуі ретінде Ресейге қарсы бунт ұйымдастыруы тиіс.

Кремль идеологтары Ақ үйде «Тәшкен көргендердің» көбейіп кеткеніне алаңдаулы. Мемхатшы Блинкен келерден бұрын Ташкентті оның екі бірдей көмекшісі Елизабет Трудо және Ақ үйдің Орта Азия бойынша кураторы Доналд Лу барлап кеткен. Dalainside-қа жеткен мәлімет бойынша Ақ үй дипломаттары осы сапарда Османовпен жүздесіп, аймақта антиресейлік бизнес-коалиция құру туралы ортақ ұйғарымға келген.

Санкциядан аман қалған өзбек олигархы аймақтағы Ресей арынын тежеп, Мәскеуге қарсы риториканы үдетуі тиіс. Әңгіменің әлқиссасын «газ альянсынан» бастауымыз бекер емес. Өзбек миллиардері Мәскеудің Орта Азия аймағында әлгіндей одақ құруына кедергі келтіреді.

Ақ үй Османовтың түркі кеңістігіндегі ықпалды тұлғаларға сөзі өтеді деп санайды. Соңғы жылдары өзбек миллиардерінің Ресейдегі инвестбелсенділігі айтарлықтай бәсеңдеген. Әлішер Османовтың әмияны Ресейдің амбициясын ауыздықтауға жұмыс істесе, бұл әлбетте ақжолтай жаңалық.

Демек, Америка Орта Азиядан күдер үзген жоқ, Батыс альянсы Кремльді өкпе тұсынан тықсырады деп топшылауға болады.

Abai.kz

5 пікір