Жұма, 29 Наурыз 2024
Көршінің көлеңкесі 3059 10 пікір 7 Наурыз, 2023 сағат 14:13

Визасыз режим және «Қытай арманы»

Қазақ топырағына визасыз келетіндер жайлы

Қазір елімізге 76 елдің азаматтары визасыз кіре алады. Посткеңестік елдер мен Бразилия, Аргентина, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сербия, Түркия, Эквадор азаматтары – елде визасыз 90 күнге дейін, Австралия, Канада, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия, Испания, Чехия, Сингапур, Малайзия, Индонезия және тағы басқа елдер 30 күнге дейін, Қытай, Үндістан, Иран азаматтары 14 күнге дейін визасыз жүре алады екен.

Визасыз режимнің заңда белгіленген нақты талап-тәртіптерін өте қатайту керек.

Ал, Қытай жайлы сөз басқа.

Дипломатиялық келісімдер арасынан бір сылтауын тауып, тура осы тәртіпті алып тастау керек.

Өйткені, Қытай жайлы көп адамдардың түсінігі басқаша. Қытай десе, ши қалпақ киіп, жыбырлағанды жей беретін тобыр көрінеді. Олар жыбыр еткеннің бәрін ғана емес, айналасындағы ұсақ ұлттарды да «тірідей жейді».

Тіпті, көздеріне викингтер сияқты елестейтіндер де бар. Олардың қорқатын асқан айбаты жоқ. Тек, қулығынан сақтан.

«Жақсыға сөздің басын айтсаң, аяғын өзі түсінеді» деген...

Біздің жыл санауымыздан бұрынғы 544-496 жылдары Қытайда өмір сүрген әскери стратег маманның «Өзіңді де, өзгені де білсең жеңілмейсің» деген сөзі бар. Қытайлар осы сөзді өзге елдерді жаулау саясатында ұран етіп қолданды.

Бір нәрсені анық білу керек. Қытайлар осыншама үлкен аумақты өзінің әскерімен иелеген жоқ. Көшпелілердің аса қуатты әскери күшін «өз майына өзін қуыру» сұмдығы арқылы пайдаланды.

Баршаға анық мысал: Шыңғысханның кенже ұлы Төледен тарайтын Құбылай Қытайды жаулады. Торғын-торқасы мен жылы сарайларда бойкүйездік жасап, Бейжіңді астана етті де, тұтас көшпелілер империясының аса үлкен бөлігін қытайларға қалдырды. Өзінің үрім-бұтағы түгелдей қытайласып, отырқшы елдің мәдениетіне тұтасымен жұтылып кетті.

Одан кейін 1644-1911 жылдары дәуірлеген Чиң (Цинь) империясын іргесін көтеріп, аса қуатты елге айналдырған мәнжулер еді. Оның көсемі, алғашқы патшасы Нұрхаш (1559-1626 жылдары жасаған) 16 ғасырдың соңында солтүстік-шығыс Қытайды мекендейтін көшпелі мәнжу тайпаларын біріктіріп, қытайдың Миң патшалығын құлатты да, 1616 жылы сол құлаған патшалықтың орнына «Ұлы алтын» патшалығын құрып, негізін бекемдеп кетті.

1626 жылы Нұрхаш өлген соң оның ұлы Абахай (Хуан Тайжи) таққа отырып, 1636 жылы ресми Чиң империясын құрды. Абахай және оның ұрпақтары қытайларға аяусыз қырғын жүргізумен болды. Себеп: мәнжулер аз, қытайлар тым көп. Қырып тауыспаса, өзге амал жоқ деп қарады. Осыдан бұрынғы Миң патшалығының тірілуін көксеген талай көтерілісті қанмен басты. Бірақ, қытайларға қырғын салып тауыса алмады. Уақыт өткен сайын олар да тура Құбылай ұрпақтары сияқты қытай ұлтына, мәдениетіне жұтыла бастады. Біртіндеп патшалық билік қытайлардың қолына өтіп, өздері жойылды.

Чиң үкіметі 1755-1757 жылдары батысындағы жоңғарларды біржолата жойды да, тұтас Шинжияңды қазақ, ұйғырлармен қоса уысына алды.

Ал, қазір Қытайда таза мәнжу тілін білетін жүзге жауық адам ғана қалды дейді дерек көздері.

Тізбелесек, мысал көп. Тек, жоғарыдағы екі ұлы тарихи сабақ біздің күндіз-түні есімізде жүруі керек.

Қытай саясатының бір құпиясы мынада: билік құруда – өзінен күштілерді өзара жауластыру арқылы әлсірету. Территория иелеуде – мысықтабандап жылжып, орныққан жерінде көртышқанша көбею.

Сонымен, қытайлар осыншама үлкен жерге ие болу үшін 2000 жыл уақыт жұмсады.

Ғасырлар тепкісінен түйген тәжірибесі, ұстанған жолы – ешкімді аямау, ақшамен, айламен әлемді уысына түсіру.

Өздері қазір ауызынан тастамайтын «Қытай арманы» дегені осы, халқым...

Ұларбек Дәлейұлы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3601