Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 3125 3 пікір 7 Наурыз, 2023 сағат 13:52

Қажығұмар және екі зұлым державаның қыспағы

Аспан шаңқытып, үлкен бөлікке, сойқанды жанжалға бейімделіп ілікке-жілік іздеп қағынған долыдай мұрланыңқы  қыс айы бола тұра өз өктемдігін үстем ете алмай қыстыққан желтоқсанның бір әрі-сәрі шағы еді.

Бүкіл адамзат тарихында бұл желтоқсан айының атын әйгілеп алғысқа да, қарғысқа да қарық еткен сойқанды зобалаң оқиғалар аз өтпеген екен. Басқасын былай қойғанда, өткен жыл желтоқсанда Румыния астанасы қанға боялғаны да белгілі. 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында  орыс шовинизмінің, империялық зорлық-зомбылығының құрбанына айналып қанға бөккен жастарымыздың ерлік, отаншылдығының төккен жасы, аққан қаны, қиылған тіршілік өмірінің асқақ рухы – алаңдағы ескерткіш тақтасының ілінуі - қазақ халқы тарихының соңғы 100 жылдан бергі ең жарқын беттері болып қалғаны сөзсіз! Бұл күнге де жеттік-ау! Құдайдың мұнысына да шүкіршілік дестік терең күрсініспен.

Әрине, бұл көріністің аржағында түйілген жұдырықтың, қышырлай қарысқан азу тістің, қайтарылмаған ата кектің, ашу-ызаның, болашаққа деген, дербес тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің бостандығына деген үміт пен күдіктің, жалындаған от жүректің үдере соғысы, қысқасы болашақ үшін аянбай күреске деген құлшыныштың серті атой салып ереуілдеп тұрғаны хақ!

Күндердің күнінде зорлықпен құрылған империя, зорлықпен, қорлықпен, итрасуалықпен жойылып кетуге тиіс –ақ! Нақақ аққан көз жасы мен қып-қызыл қан қыстасы әйтеуір бір қайтуға тиіс емес пе?!

****

Мен бүгін қайран боздағым, қайсар, өр рухты, өлмес, өшпес, жеңімпазым, ұлағатты ұстазым Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» атты көп томдығының 1, 2 томын оқып шықтым. Жарық дүниеге шығып, оқырман қолына тигені де осы екі томдық еді.

Қытайдың ұятсыз, арсыз, қара жүзді, саяси разветкасы осы бір өмірін азап пен тозақта, түрменің қапасында өткізген қайсар жанның қолындағы қаламына жармасып, оны ақыры түрме зынданының қапасына тағы қамады.

Өтіріктің де, ұятсыздықтың шегі, шегі болмай ма? 22 жылдай қытай түрмесінде отырып, бостандыққа әрең қол жеткен Қажекең, ендігі жерде өзі түгілі ата-бабасын да талай рет тақыр жерге отырғызып, тас ошағын талқандап қаңғыртып жіберген ата жауы орыс үшін, онда да, оның былапық шпиондық қызметі үшін жалғыз жанын, әбден азап пен тозақтың отынан шығып кетуге шақ қалған байғұс жанын көлденең тартады, құмар ойнының соңғы дартыкамына тастай салады деп кім ойлайды?  Кім сенеді бұл сандыраққа? Мінекей, «Совет шпионы» деген жауыз жаламен ұсталып 15 жылдық зынданға тағы тасталғанына да 5 жылға аяқ басыпты. Енді өлмей құтылмайсың, өлтірмей құтқармаймыз деген қысастық, атакек жатыр бұл өкімнің ар жағында.

Әттең, қайран Қажекең мына тілін шығарып тісін жасырған, қой басын іліп қойып, иттің етін сатқан қасап коммунист Қытайдың, Мао Зұдуңдық Қытайдың сұмдықтарын әлемге әйгілеуге үлгере алмады-ау. Кім біледі, үмітсіз шайтан деген ғой, жақында Қажекеңді үйдегі мырза қамаққа шығарыпты деген сөз де естіле қалды, лайым солай болғай!

Мен оқыған екі томдық «Қылмыс» тек Шабдан ұлына тән қайталанбас өмір шындықтары мен тәлкекке түскен тағдыр тәлейін баяндап бере алуымен ғана емес, Шабдан ұлына ғана тән ащы ирониялы тілінің өткірлігімен, бейнелілігімен, қарапайым да  ащы тіл байлығымен ерекшелінеді. 22 жылдай тот басқан қайран қалам, қорланған намыс пен ар-ұят, қытайлық тұрпайы да озбыр, надан түрме тозағы тоздырып, аздыра алмаған недеген қайсар рух, қажымас қуат, өршіл талант еді! 50-60 жылдың алдында болып кеткен сол бір аласапыран өмір сүрлеуінен жаңылмай, ұмыт қалдырмай, есте сақтай білген жады, ес ақылы қандай мықты еді.

Жарық дүниеге, бостандық әлеміне шыға салып басқалар сияқты өлгенде көрген бір еркіндік деп, ішімдікке, ырду-дырдуға, баянсыз мансап пен байлыққа пысқырып та қарамай, бостандықтың шын қадір-қасиетін, творчестволық жұмысының шытырман жолына салуы, өзін саналы түрде қайтадан «мырзақамаққа» құрсаулап отырғызуы – ерлік емей, өрлік емей немене?!

Қытай отаршыл өкіметі, оның пасық, сайқал барлаушылары Қажықұмардың әлде қалай шпиондық қылмысы үшін емес, 6 томға жоспарланған әйгілі «Қылмыс» эппопеясының қылмысына бола, яғни отаршыл зұлымдардың жантөзгісіз, адам нанғысыз фашистік қылмысын әшкерелеп, айдай әлемге жария еткені үшін түрмеде отырғанын кітапты оқыған әрқандай адам сезіп біле алар еді.

«Қылмыстың» 1-кітабы балалық сәбилік шағы өткен, әке-шешесінің, ата-бабасының, атамекені Қазақстанның Балқаш көлі жағасындағы қилы тағдырынан басталады. Орыс отаршыл өкіметінің, Сталиндік, Голощекиндік зұлымдықтың құрбаны болған сорлы қазақ халқының  1930-1932 жылдағы колхоздастыру, ашаршылық зобалаңынан басталады. 6-7 жасар алғыр да аңғал сәби көзімен  аңқау, доғал тілімен баяндалғанымен барлық оқиға, сонау жылдар тағдыры, олардың мінез-құлқындағы, жан-дүниесіндегі қым-қуыт өзгерістер мен әсерлер ересек оқырманды иландырады. Тіпті сол періште сәбимен бірге оқиға арнасына қойып кетіп, сол қандай күй кешсе, сен де сондай сезім-күйге бөленесің. Жазушы әрбір тұстарда, әсіресе, жас нәрестенің құшағына сыймайтын ауқымды әлеуметтік-саяси оқиғалар мен талас-тартыстар түйінін шешер тұста бүгінгі сараптал жазушы Қажықұмар ауызымен араласып, «Ол кезде солай болған екен...» деп немесе «әділ тергеушім» деп әлдебір ұлы күшке бағыштай сөйлеу арқылы өткен мен бүгіннің арасына көпір сала қояды.

Бұл арада, бірінші кітаптың «Кірісу» атты прологы мен әр тараудың соңындағы «Әділ тергеушіге бас ұра» қылмысын атап, таңбалап, талдап түйіндейтін өткенді ажуалап мойындайтын сөздері романның мазмұны мен баяндау тәсілін әрі Қажықұмарға тән ащы да, астарлы саяси уыт, өткір мысқыл, айрықша сипат ерекшелік дарытып тұрғанын баса айтуымыз керек.

Егер Қытай отаршыларының (ол мейлі гоминдаң, гоңшандаң болсын) барлық ұрпақтарының отарлық саясатынан Қытай үстем тап өкілдерінің күліп тұрып жаныңды шырқырататын зымияндығы мен зұлымдығынан хабары бар адам болса Қажықұмар қолданған бұл баяндау тәсілінің қаншалықты тапқырлық екенін әрі оның қаншалықты тәуекел ерлікпен парапар екенін түсініп  жазушыға тағы бір  рет тағзым еткен болар еді. Жолбарыспен жолбарысша, қасқырмен қасқырша, түлкімен түлкіше, қытаймен тек қытайша мәміле жасап арбаса білу керек. Егер алда-жалда кең қолтық, ашық-ауыз қазақша сөйлесіп, қазақша мәміле жасай қалсаң саудам бітті, шаруам шалқайды деп есептей бер. Ал қытаймен азды-көпті араласқан, істес болған әрқандай адам әсіресе ақыл-есі орнында тұрған қалыпты адам еш уақытта ондай ақымақ тәуекелге бармас еді.  Көз ашқалы қытайлық қулық-сұмдық пен саяси жалдаптықтың құрбаны болып бақылаудан бақылау, қудалаудан қудалау тіпті 22 жылдық тұрме тозағынан өткен Қажекең сияқты «әккі саяси қылмыскер» қағаз қаламға жүгінгенде қалай қимылдауды ешкімнен сұрамас.

Бүгінгі саяси лекциконымыздағы «Ақтаңдақтар» деген ұғым түсінігіміз бойынша романдағы тарихи оқиғаларға үңіле қарасақ қазақ халқының XX ғасырдың алғашқы жартысындағы ақтабан шұбырындылығымен, көл болып төгілген көз жасы, дария болып аққан қып-қызыл қанынан құралған нағыз ақ таңдақ, қара таңдақ қаралы тарихын көрген болар едік. Екі ұлы держава, екі жыртқыш, екі зұлым ортаршыл державаның қыспағында қалып жаны шырқырай мың өліп, мың тірілген бақытсыз халқымыздың аянышты хәлін көрген болар едік. Қарапайым адам ретінде Қажықұмардың маңдайына жазылған айрықша бақытсыз өмірбаян, жазушы ретінде тағдырдың айрықша сиындай төтенше творчествалық өмірбаян деп бағалуға лайық бұл тағдыр ендігі жерде қызығарлық та, құрметке де лайық еді.

Әлімғазы Дәулетхан

Abai.kz

3 пікір