Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 3087 0 пікір 4 Наурыз, 2023 сағат 17:07

«Жаңа Қазақстан болуы үшін – әрбір азамат оянуы керек!»

Спикер: Жасұлан Маратұлы. Алматы қаласының тумасы. Кәсіпкер. Мамандығы – заңгер. Жуырда редакциямызға келіп, Алматы қаласын көркейту мен қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерге қатысты өзінің ой-пікірін бөлісті.

«Бүгінгі бүлдіршіннің жағдайын жасасақ, 10-15 жылда өркендеген Қазақстанда өмір сүреміз. Бұл менің басты ұстанымым», - дейді Алматы қалалық №17 сайлау округінен мәслихат депутаттығына үміткер Жасұлан Ахметов.

Алматылық кәсіпкер Жасұлан Маратұлы заңгер мамандығын бітірген. Бір шаңырақтың отағасы, бес баланың әкесі. Биылғы 19 наурызда өтетін мәслихат сайлауына түсіп, қоғамымыздың ең әлжуаз, нәзік тобы – балалардың мәселесін көтеруге нық бекініп отыр. Оған қоса бағдарламасына шаһардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірнеше ұсынысты қосыпты. Біз кандидаттың сайлауалды бағдарламасының қандай ерекшелігі барын сұрап, аз-кем сұқбат құрдық.


– Жасұлан Маратұлы, мәслихат депутаттығына түсіп, кәсіпкерліктен саяси қызметке ауысуды жоспарлап отыр екенсіз. Не түрткі болды?

– Мен, әуелі, оқыған мамандығым бойынша, заңгерлікпен 7-8 жыл айналыстым. Қолымнан келгенше заңды құқығын қорғай алмай, теперіш көріп жүрген жандарға көмектестім. Бірақ табиғатым сондай, бір орында таңнан кешке дейін шұқшиып отыра алмаймын. Көптеген істің басын қайырып, бірнеше мәселені қатар алып, шешімін тапқан ұнайды. Бұл қасиет мені кәсіпкерлікке алып келді.

Елімнің азаматы болған соң, өзім өмір сүріп отырған, балаларым өсіп жатқан қоғамға пайдамды тигізейін деген ниетпен мәслихат сайлауына қатысқалы отырмын.

– Халыққа ұсынып отырған бағдарламаңыз туралы тарқатып айтыңызшы, басқа үміткерлерден нендей ерекшелігі бар?

– Менің бағдарламам қарапайым, пункттері көп емес, бірақ нақты іске асатын дүниелерді қамтыған. Кейбір үміткерлердің бағдарламасымен салыстырып көрсеңіз болады. Менде популистік идеялар жоқ. Қолымнан келмейтін нәрсені ұсынбаймын. Нақты жоспар құрып, іске кірісемін деп ниеттеніп отырмын.

Мен ең бірінші мақсатым – балалардың саналы, сапалы азамат болып өсуі үшін жағдай жасау. Сапалы ұрпақ дегеніміз кімдер? Ол туғанынан ата-анасының тәрбиесі мен мейіріміне қанып қана өспей, жан-жақты білімді, бойындағы талантын ашатын үйірмелерге қатысқан, спортпен айналысып, шыныққан, нағыз Қазақстанды өркендетер азаматтардың өсіп шығуы. Ол үшін ата-аналарға қолжетімді спорттық, шығармашылық секциялар ұйымдастыру керек. Мысалы, мен балаларымды былтыр жүзуге бердім. Әрқайсысына бір айға 30 мың теңге төледім. Бұл ата-ананың қалтасы көтеретін сома емес. Сіз балаңызды тек бір үйірмеге беріп қана отырмайсыз. Ол кезде бұдан да көп шығын шығаруыңыз керек болады. Алматыдағы Оқушылар сарайында әртүрлі үйірмелер 5 мың теңгеден бар. Бұл, әрине, қолжетімді баға. Осы сияқты қала бойынша балалар қатысатын секциялардың бәрі қалтаға қатты салмақ салмайтын болуы керек. Тұрғын үй салған кезде балаларға арналған алаң міндетті түрде ескерілуі керек. 200-300 шаршы метр аумақ балалардың шығармашылық, спорттық дамуына арнап бөлінуі тиіс. Оның ішінде робототехника, сурет салу, химиялық шағын зертхана т.б. болуы мүмкін. Бүлдіршіндер таңнан кешке дейін «TikTok», «YouTube-те» таңылып отырғанша, осындай үйірмелерге келіп, сергіп әрі білім алып кетеді. Бәрі қолда тұрған дүние. Мен осыны бағдаралама арқау етіп қойдым. Идея күйінде қалмай, міндетті түрде орындалады.

Менің есімде, 90 жылдары кішкентай мектеп оқушысы болдық. Сонда ересектер Оқушылар сарайына апаратын. Ол жерде «Авиамоделдеу» деген үйірме болды. Жас жеткіншектер келіп, ұшақ, тікұшақ құрастырады, аспанға ұшырады. Бұл дегеніміз баланың бір арманының орындалуы. Ол арман кейін мақсатқа айналып, болашақ инженерлерді қалыптастырады. Бізде қазір ұшқышсыз ұшу аппаратын құрастырып шығаратын маман бар ма? Елімізде ешкім аппараттың жобасын жасап, іске қосып шығара алмайды. Өйткені бала кезден қолға алынбаған. Баланың шығармашылық қабілеті ашылмаған.

Менің бір жақсы танысым бар. Сонау Алматының кіре берісіндегі «Көкжиекте» тұрады. Ол күнде кішкентай қызын сол ауданнан қаланың 2 сағаттық кептелісінде тұрып, Розыбакиев көшесіндегі сурет мектебіне тасиды. Ол баласының суретшілікке деген бейімін көрді, сол дарынды өшіріп алмау үшін қаланың ана басынан мына басына тасып, жақсы мектепке апарады. Міне, бұл ата-ананың бір парызы. Бірақ бұл бір ғана мысал. Осындай жағдай кез-келген отбасыға қолжетімді болуы қажет. Бүкіл отбасы баласын жақсы мектептерге таси алмайды. Сондықтан оларға жақын аумақта секциялар орналастырылуы керек. Шағармашылық үйірмелер – ғылымның бастауы. Адамзат тарихындағы Коперник, Энштейн сияқты өнертапқыштар ең әуелі, қиялы ұшқыр, шығармашыл адамдар болған.

Балаларға арналған спорттық, білім-ғылымға баулитын үйірмелер ашу, оған мұғалім жалдау деген аспандағы айды алып келу емес, қарапайым қолдан келетін іс. Біз қазір балалардың болашағына көңіл бөлсек, 10-15 жылда мүлдем басқа, дамыған қоғамда өмір сүретініміз айдан анық. Заңнамалық тұрғыда бұл мәселеге жіті назар аударылуы керек.

Екіншіден, мен қаланың азаматтарға ыңғайлы, қауіпсіз ортаға айналғанын қалаймын. Ол үшін үлкен даңғылдар бойын жарықтандырып, камералар қойып қана қоймай, шаһардың көзден таса, кішкентай көшелеріне де адамды жүзінен танитын бейнебақылау орнатылуы керек. Көп жылдар бойы осы қалада тұрған тұрғын ретінде байқағаным, шағын көшелерде тіпті дұрыс жарық қойылмаған. Қылмыстың көпшілігі осындай қуыс-қолтықта жасалды. Жастардың арасында таралған «закладка» – наша осындай қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген кішкентай көшелерде тасталады. Мектептен қайтқан балалар жүреді, көлік қағып кетуі мүмкін. Ондай кезде камера жоқ, қалай дәлелдейсіз? Камералар орнату ақша табудың көзі емес, ол халықтың қауіпсіздігі. Тар көшелерде көліктерін қалай болса солай қойып кететіндер бар.

Одан кейінгі мәселе – қаланың экологиясы. Бұл кешенді түрде шешілуі керек шаруа. Біз былтыр табиғатқа шыққанда алма, алмұрт сияқты 30 шақты жеміс ағаштарын ектік. Жай ғана табиғатқа жанымыз ашу, азаматтық парызымыз ретінде орындалған әрекет болатын. Қазіргідей экологиялық жағдайда, тал отырғызу бізге артық болмас еді.

Содан кейінгі айтарым, коммуналды қызмет ақысын бақылауды күшейту және ескі үйлердің есептегішін интернет арқылы басқаруға көшіру. Оның үстіне алыс аудандарда жиі су тоқтап, жарық өшетінін естіп, көріп жүрміз. Осындайда “Біз сапалы коммуналды қызметті көріп жүрміз бе?” деген сұрақ туындайды. Бұл сұрақтың да қолға алса шешімін табатын мәселе екенін айтқым келеді.

– Бағдарламаңызда айтылған мәселенің бәрі шешімін тапса, көпшіліктің айтып жүрген әділетті, жаңа Қазақстанға бір қадам жақындағанымыз десек болғандай екен... Жалпы, сіздің ойыңызша, Қазақстанды кімдер өзгерте алады? Бізде жаңа Қазақстан қашан басталады?

– Менің ойымша, жаңа Қазақстан әр адамның санасы оянғанда, әр азамат өзі өмір сүріп отырған ортасына жанашырлықпен қарағанда басталады. Бұл қоғамда мен, менің балаларым өмір сүріп жатыр. Бұл менің немерелерім тұратын мемлекет, сондықтан олардың көретін күндері біздің көрген заманнан әлдеқайда сапалы, қауіпсіз болуға тиіс. Сондықтан, ең бірінші, пара беруден арылсақ деймін. Өз басым ешқашан пара беріп те, алып та көрген емеспін. Соны балаларымның бойына да сіңіргім келеді. Қазақстанның әрбір екінші азаматы бармақ басты, көз қыстылыққа қарсы болып, пара беруді доғарса, бұл – жаңа Қазақстанның бастауы деп айтар едім. Адамда принцип деген болу керек. Біздің қоғамды тек санасы сергек, көкірек көзі ояу азаматтар өзгерте алады.

*Материалдың ақысы үміткердің сайлау қорынан төленді.

Abai.kz

0 пікір