Жұма, 1 Наурыз 2024
Әдебиет 3899 15 пікір 3 Наурыз, 2023 сағат 12:11

Абайдың батысы мен шығысы

(нақлия және ғақлия терминдері бойынша талдама)

«Батыс – ол Батыс,
Шығыс – ол Шығыс,
Қосылмас қос жағалау!»
Жозеф Киплинг,
ағылшын жазушысы.

Жарық дүниенің қай құбылысы болмасын, бәрі де екіжақты (күн-түн, ыстық-суық, әділет-зұлымдық, жақсы-жаман, жан-тән, өмір-өлім т.б.). Демек, көгілдір планета тұрғындарының екі жағалауда болуы да табиғи заңдылық. Көзқарасы, дүниетанымы, діні, тәлім-тәрбиесі һәм ойлау жүйесі бойынша екі бөлек әлем. Батыс ғылымға, Шығыс сенімге көбірек сүйенеді (сана деңгейі деген осы). Сөйтіп, Абайдың Батысы мен Шығысы деген мәселенің шешімі руханият өрісінен табылмақшы. Төменде «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім» деп өзі айтқандай, екі жақтың Абайға ықпалын, сондай-ақ, олардың ара жігі – шекара сызығын іздестіріп көрмекпіз.

Бас абайтанушы Мұхтар Әуезов: «Абайдың Батысынан Шығысы басым, ол Батысқа барғанда Шығысқа арқа сүйеп, өз ойын сол тұрғыдан айтатын» деді. Бірақ бұл бағытта іргелі жұмыс болмады. Оның себептері көп, әсіресе, кешегі кеңестік цензура мен ой-сананы жаулаған солақай қағида, сірескен стереотип мұрсат бермеді. Хакімнің Батысы мен Шығысы деп жалпылама түрде ғана айтылып келген күрделі мәселені жаңағы Мұхаң айтқан бағытта зерттеп-зерделеу енді ғана заман талабына айналып отыр.

Сөзімді зерттеудің методологиясынан бастайын. Ғылым – Абай ең көп қолданған терминнің бірі. Ғылымның сыртқы һәм ішкі жақтары, сол сияқты танымның да сыртқы (нақлия) және ішкі (ғақлия) аспектілері бар. Алдыға қойылған мәселені нақлия мен ғақлияны басшылыққа ала отырып қарастыру ұтымды тәсіл деген ойдамын. Неге десеңіз, ғалымдық Батыстың, дүниенің ішкі сырына жүйріктік Шығыстың еншісі. Біріншісі – жаһандық ғылым-білімнің кіндігі, ал екіншісі –  әлемдік даналықтың алтын бесігі (әулиелер көп шықты) екендігі талас тудырмаса керек.

Абай: «Хакім, ғалым асылда бір сөз, бірақ ғарифта (танымда) басқалар дүр» (38-сөз) дейді. Жә, бұдан не ұқтық? Асылда (түбінде) бір сөз болатыны, хакім де, ғалым да беймәлімді іздеушілер, жұмбақты білмекке құмарлар. Бірлік осы. Жақсы, ал танымда неге «басқалар дүр»? Себебі, хакімге – дүниенің көрінбеген (метафизика), ал ғалымға оның көрінетін (физика) сыры мұрат. Бірі болмысты ғаһли көзбен (ғақлия), екіншісі заттық (жаһли) көзбен (нақлия) танып-біледі. Екі таным арасындағы принциптік өзгешелік осы!

Нақлия хақында Абай: «Дүниеде ғылым заһири (сыртқы) бар, олар айтылмыштарды нақлия деп те айтады. Бұл нақлияға жүйріктер «ғалым» атанады» дейді. Бұл сөзден ұғылатыны – ақыл және хауас (бес сезім) арқылы не нәрсені танып-білу мүмкін болса, соның бәрі ғылым заһири, яғни нақлияға жатады. Абай Алла тағаланың есімдерін де «нақлия дәлелім» дейді. Неге? Себебі, есімдер де – ес-ақылдың өнімі. Ақылы өлшеулі пендеге өлшеусіз Жаратушы Иені танытудың бір айласы.

Сонымен, күллі жаратылыс құбылыстары, оған қоса, мораль, этика, діни үгіт-насихат, көркем әдебиет, күллі мәдени ағартушылық бәрі-бәрі нақлия делінетіні анықталып отыр. Бұл маңызды тұжырым.

Енді термин «ғақлия»-ға келейік, оның жөні, мән-мағынасы да өзгерек. Ғақлия тек жүрек сезетін хақиқат, дәлдісін айтсақ, оған Алланы және жанды тану ғана жатады. Бұл әулие мен хакімге ғана тиесілі таным.  Абай: «Ғибрат көзімен қарағанда, екеуі де (әулие мен хакім) бірінен бірі көп жырақ кетпейді. Оның үшін әрбірінің сөйлеуі, айтуы басқаша болса да, Алла тағаланың сұңғатына қарап пікірлемектікті екеуі де айтты» (38-сөз) дейді. Тезистегі кілт сөз – «пікірлемектік» (мұсылман ілімінде «Тәфаккару фиғла илаһи» дейді). Оның мағынасы – Құдайдың махаббатын, жақсы істерін ойлануға, Жаратушыға жақындап, ғашық болуға саяды.

Бірақ Алла тағалаға жақындауға – ақыл мен хауас (бес сезім) жеткіліксіз (сол себепті философтар мен теолог ғалымдар ғақлия жүйріктері емес). Оның шарты – Құдайға ғашықтық дегенді Абай былай деп ұқтырған: «Алла тағаланың пендесін махаббат уа мархаматпенен жаратқанын біліп, махаббатына махаббатпенен елжіремекті құдаға ғашық болды дейміз. ...Хикмет құдаға пенде өз ақылы жетерлік қадірін білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге «хәкім» деп ат қойды». Соңғы «әрбір істің себебін іздеуші» сөзі – Құдаймен байланыста болушы деген мағынаны білдіреді.

Ғақлия – жүректен шығатын ілім екеніне көз жеткіздік. Тылсымға ақыл мен хауас шарасыз, оны көретін – тек жүрек көзі. Абайдың: «Ғалымдардың нақлиясыменен мұсылман иман тақлиди (еріп иман келтіру) қылады. Хакімдердің ғақлиятыменен жетсе, иман якини (шынайы сенім) болады» деуінде осы астар бар.

Сонымен, өздеріңіз де байқап отырсыздар, Абай қолданған нақлия және ғақлия терминдері бойынша Батыс пен Шығыс әлемінің ойлау жүйесін сараптадық, оның түндігін түруге күш салдық.  Негізі, ғалым сияқты «ағартушы» термині де – нақлия жүйрігі деген мәнде (ағартушылық – «Қайта өрлеу» дәуірінде Еуропада пайда болған құбылыс. Шығыста мұндай ұғым жоқ. Рухани ұстаздар аты –   хафиз, шейх, пір, сопы, әулие, хакім, данышпан, кемеңгер делінген). Зерттеушілік методологиясы жайлы сөзіміз осымен тәмам.

Енді Абайдағы Батыс және Шығыс белгілеріне келейік.

Батыс бұлағына болыс Абай қайтіп бас қойды, қандай нәр алды? Әуелі осыған аялдайық. 1878 жылы 12 айыппен істі болды. Үйқамаққа алынды. Алғаш рет қайғы ойлатқан осы оқиға (кейіннен табылған «Жаңа закон» өлеңі оның айдай айғағы). Бірер жыл өтер-өтпестен Абай «ғылым сарасын табады». Еуропа қайнарынан бас алмай, батыс, орыс әдебиетіне қанығады. Қарттық шағында «Күн шығысым күн батыс, күн батысым күн шығыс болып кетті» дегені –  осы бес жылды (1879–1883) есіне алып айтқаны. Өйткені, тап осы жылдар Абай Батыстан көп нәрсені үйренді, еліктеді. Ақындығына және өлеңдерінің тақырыбына елеулі әсер еткені өз-өзінен түсінікті.

Танымдық тұрғыдан қарастырсақ, ойшылдың ой-сана көкжиегі кеңейді. Қоғамды қозғаушы құдірет – ғылым-білім, сол арқылы Еуропа әлемді билеп-төстеп отыр. Демек, отарлық езгіден құтылудың жолы – ғылым мен өнерді дамыту. Әлемнің әдебиетінен Абайдың көңіліне осы сенімі нық орнығады. «Қайғы мен ыза қысқан соң» өткір тілімен майдан ашады. Қазақ қоғамына сырт көзбен қарап, мыңмен жалғыз алысады. Озық ойлы болуы Әуезовтің сөзінше «қазақ елінің барлық салт-сана, әдет қалпына қатты сын көзімен қарауды туғызады».

Қорыта айтқанда, 1881-1890 жылдары Абай шығармашылығы нақлия аясында, ойлау жүйесінде – ғалымдығы басым. Оқымысты ойшыл ақын надандықты аяусыз түйреді. Қалың елі қазағын ғылым мен өнерге шақырған үні поэзиясын көктей өтеді. Жырларының тақырыптары сан алуан, оған әндерін қосыңыз. Ең бастысы, адамды емес, өзі айтқандай, заманды түзетпекке ниеттенді. Осы айтылғандар, өзімнің білуімше, ағартушылықтың, яғни Батыс белгісі басымдығының бұлтартпас дәлелдері.

Бірақ, Абайдың батыс пен орыс әдебиетінен сүзіп алғаны – мазмұн емес, сыртқы форма ғана. Мәселен, 1882-1883 жылдары Пушкинге еліктеп жазған екі поэмасының да («Әзімнің әңгімесі», «Масғұт») сюжеті шығыстық. Әр идеяны ақыл сүзгісінен өткізу, өзінің ой қазанында қорыту ақын машығы. Айталық, Семейдегі жер аударылып келген орыс достары өз идеясына қанша тартса да, Абай құлаған жоқ. Ағартушы Абайдың ақылшы аға ретінде айтқан барша өсиет, насихатының өзегі – қазақы  күпіні киген мұсылмандық Шығыстың дүниетанымы. Мұхаң: «Абай Батысқа барғанда Шығысқа арқа сүйеді» деп Абайдың  ағартушылық қызметінің осы ерекшелігін дөп басады.

Бұл мәселеге неге тоқталдық? Себебі бүгінгі қазақ қоғамына батпандап кірген «орысқұлдық» дертін Абайға таңушылық жиілеп кетті. Кейбір блогер азаматтар болмайтын нәрсені айтып елді дүрліктіруде. Жастарға Абайдың әрбір әлеуметтік өлеңі отаршыл жүйеге соққы, оған қарсы атқан оғы (бір «Сегіз аяқтың» өзі неге тұрады) екенін түсіндіру керек. «Абайды рухани әке деп таныған» (С.Мұқанов) алаш арыстары неліктен бастарын бәйгеге тікті? Ұлтын сүюді, ұлтшыл болуды Абайдан үйренгенін айту керек. Ұстаздар қауымы жас буынды осы бағытта баулыса, ана тілінен безген орысқұлдық пен ұлтсыздық хәлімізге дана Абайды араластыруға, кінә артуға ешкімнің ар-ұяты жібермес еді деген пікірдемін.

Абайдың Батысына жасаған шолуымыз осымен тәмам. Онан шығар қорытынды: 1881-1890 жылдары Абай барлық Азия елдерінің зиялылары сияқты мылтықсыз майданға араласты. Отарлық қамытын киген халқын жарыққа, ғылым мен өнерге жетелеп бақты. Осы айтылған ағартушылық кезеңінде ақындығына ғалымдығы қосылған Абай қазақ әдебиеті классигі биігіне шықты. Мұсылман пәлсапасы бойынша бұл кезең шариғат делінетін, ілім-білім жинау сатысы, яғни кемелдіктің әуелгі баспалдағы болып табылады. Енді Шығыс қайнарына ойысайық.

*  *  *

Абайдың Шығысы 1891-1902 жылдар аралығы екендігі кәміл. Неге десеңіз, шығармашылығының мазмұны, тақырыбы танымастай өзгеріске түседі. Ғақлия – жантану ілімі дедік. 1891 жылы қолға алған қара сөздер мұрасына Абайдың «Ғақлия» деп ат қойғаны көп жайды аңғартады. Фәни мен бақидың арасын бөліп тұрған тылсым пердесі бар.  Кім оны сәл де болса түре алса, сол кісі кемеңгер. Жан жоқ деп немесе ой-санасы нақлия шеңберінде қалып ұмытылған ғалымдар қаншама десеңізші. Ал, жан туралы айтқан хакімдер әлі күнге адамзатпен бірге жасасып келеді. Мәселен, ежелгі грек ойшылдарының, олардың жан туралы ілімін тән билемей жан билесін деп («кәміл адам» теориясы соның айғағы) дамыта жалғастырған мұсылман ойшылдарының сөзі мың жыл жүрсе де дәмі кеткен жоқ. Абайдың, Шәкәрімнің ғақлиятының күшін осыдан-ақ байқай беріңіз.

Өзіңмен күрес – жан барына сенім, жүректі тазалау қиынның қиыны.  1891-1893 жылдары жазылған «Менсінбеуші едім наданды», «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!», «Ойға түстім, толғандым» секілді өлеңдері Абайдың зор қиналысының куәсі. Сол сияқты, қара сөздерінен де (Мүрсейіт көшірмесіндегі рет санымен сараптасақ) автордың қарапайымнан күрделіге қарай біртіндеп сатылағаны аңғарылып отырады.

«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп өзі айтқан Абайдың жұмбағы Шығысында тұнғаны шүбәсіз. Біз өзгесіне (хакімнің кітапханасы, араласқан ортасы, рухани ізденісінің бағыты және т.б.) мойын бұрмай-ақ, тек Шығыс басымдығы дегенге үш дәлелді келтірумен ғана шектелмекпіз.

Біріншісі, «Ғақлия» атты қара сөздер мұрасы. 1891-1897 жылдары жазылған, қырық сөзден құралған алғашқы  қарасөздер кітабына автор «Ғақлия» деп ат қояды (заманды емес, адамның ішкі дүниесін түзету маңызды деген тың парадигмаға ойысқанының бір белгісі). Нақлияның соңы, ғақлияның басы, мұсылманша айтсақ, тариқат жолына қадам басуы.  Жаңа кезең несіменен ерекше? Бұрындары Абай адам бойындағы ұнамсыз, дұшпан мінездерді сынаса, ендігі мақсаты –  олардың түп себебін іздеп, құтылу жолын табу. Осылайша кемеңгер түп себеп – жан мен тәннің таласы, адам өмірінің мағынасы жан үстемдігі, махаббат пен татулық деген илаһи заңдарды ашады. «Ғақлия» кітабын пенденің бақытты болу, болмау шарты –  жүрек тазалығында, Құдайды тану деңгейінде деген идея көктей өтеді.

«Абай қазақты қорлапты, сорлы етіпті» дескен сабаздар бар. Солар үшін айтайын, сезімнің жақсысы да (махаббат, әділет, жомарттық т.б.), жаманы да (қатігездік, еріншектік, көреалмаушылық т.б.) адаммен бірге жаратылған. Сол сияқты «өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей» (34-сөз). Демек, неміс, кәріс, мейлі, қытай бол, Абай сынаған мін, мінездер бүкіл адамзатқа ортақ. Түзелгің келе ме, жан екеніңді біл! Әйтпесе жоқ. Абайдың асыл мұраты, арманы осыны жеткізу.

Міне, қара сөздер мазмұнын жас буынға осы айтылған «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деген танымдық биіктен түсіндірсек құба-құп.

Абайдың Шығысы басымдығына келесі дәлеліміз – «толық адам» танымы. Батыста мұндай ілімнің ізі де жоқ. Шығыста әлімсақтан бар, ол орта ғасырларда «инсани әл-камил» (кәміл адам) ілімі болып қалыптасты. Абай толық адам танымын 1894-1897 жылдар ойластырғанын айта отырайық. Оған дәлел – «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек», бұл өлең 1888 жылғы емес, дұрысы – 1894, «Әсемпаз болма әрнеге», «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа», «Лай суға май бітпес қой өткенге», «Көк тұман – алдыңдағы келер заман», «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңдері. Бұл туындыларды суфистік көзқарас баршылық. Десек те, Абайдың толық адамы суфистік кәміл адамнан өзгерек. Оның көшірмесі емес. Тексеріп көруге сөз ұзарады.

Келесі дәлеліміз – Абайдың «Тасдиқ»  (қазіргі 38-ші қарасөз) атты екінші қолжазба кітабы. Ол 1898-1902 жылдары жазылған даналық трактат. Арабтың «тасдиқ» сөзі түпкі хақиқатты білу, ашу деген мағынаны білдіреді. Трактатта Абай ашқан әлемдік жаңалық көп. Бірақ жаңалық идеялар қайдан, хакім қандай көздерге сүйенген деп іздестіру бекершілік. Сенсеңіз, «Тасдиқ» кітабында өзгеден алынған ештеңе де жоқ, әрбір тезисі жүрегі тазарған адамға ғарыштан келетін білім (мұны мұсылман ілімінде «илхам» дейді). Мұхтар Әуезов Абай нәр алған үш бұлақты айшықтап берген болса, енді оған төртінші қайнар – илхамды  қосқан жөн, онсыз Абайдың Шығысы  түгелденбек емес. Бұрын да ескерттік, қазір де айтайын, «Тасдиқ» – бүкіл адамзаттық құндылық.  Сондықтан оны 38-ші қарасөз демей, төл атауымен бөлек жариялау, ғылыми түсініктеме беру ауадай қажеттілік.

Абайдың Шығысы түбірлі, терең тамырлы деуімізге үш айғақ осылар.

Хакім әр қайнардан нені алды, екі жақтың межесі, жігі қай жылдар деген сауалға қатысты ой-пікірлеріміз осылар.  Бұл бағыттағы ізденістер – ойшыл эволюциясын саты-сатылап анықтауға және Абай жұмбағын ашуға жол салуымен маңызды деген ойдамын.

Түйін. Жаһандану заманы жетіп, Батыс экспансиясы қарқындап-ақ тұр. Қол жеткізген өнері мен ғылыми-техникалық табыстары ғажап. Бірақ осал тұсы – сыртқы ғылым, прагматикалық таным тым жүгенсіз шарықтады, ал ішкі ілім (Жаратушы Ие бар және адам жаны жоғалмайды деген сенім деп оқыңыз) төменге құлдырады. Жарықтық Әлекең (Бөкейхан): «Еуропаның мәдениеті өнерінде ғана, өздері әлі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ» деп өткен ғасырда-ақ ескерткен екен. Ішкі ілімге «мистика»  деп ат қойған (бұл жан жоқ деген сөз) әлемнің ұзақ шабуы неғайбіл, өйткені,  «сыртқа қасиет бітпейді» (Абай). Тек пайда, қарын қамы деген өзімшілдік, тәнге билеткен  затшылдық көзқарас (материализм)  үстем жерде дүние ойран болмақ. Жеке адамның, қоғамның соры қайнамақ. Міне, көз алдымызда Ресей Федерациясы орға құлады, мат болды. Ол – Батыс өркениетінің өнімі, ажырамас бөлшегі ғой. Айтпағым, қазақ елі өзінің тура жолын табуы керек. Адаспай табудың шарты – Абай, Шәкәрім сынды рухани ұстаздарға құлақ асуға, саясатты қуа бермей, ішкі дүниеге (тіл, діл) көбірек көңіл бөлуге тіреледі деген ойдамын.

Асан Омаров

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар