Сенбі, 20 Сәуір 2024
Сайлау 2023: 2488 5 пікір 2 Наурыз, 2023 сағат 12:54

Партиялар айтысы: Теледебат қалай өтті?

Теледебат – сайлауға түсіп жатқан барлық партия үшін үлкен мүмкіндік. Дәл осы жерде партияның жарнамасы жасалады. Дәл осы жерде партияның бағдарламасы таныстырылады. Сол бағдарламаның қаншалықты ұтымды, халықтың құлағына жағымды екені сайлауға дейін сыналады. Дебатқа қатысқан спикерлердің сөзіне қарап, ертең потенциалды электорат пайда болады. Қысқасы, дебатқа қатысушының деңгейіне қарап, үміткер партияның шама-шарқын бағамдай берсеңіз болады.

Дәл осындай орасан зор мүмкіндік 7 партияға берілді. Жеті партия да бұл жолы дебатқа қазақшаға жүйрік азаматтарды алқалап шығарыпты. Бұл біріншіден – саяси белсенді аудиторияның, яғни, Мәжіліске кім өтетінін анықтайтын немесе саяси билікті жасақтайтын, таңдайтын негізгі аудиторияның – қазақ тілді екенін көрсетеді.

Әрі қарай, дебатқа оралайық. Ұнаған жерлері де бар, әттеген-ай дейтін жерлері де жетерлік. 1,5 сағатқа жуық созылған дебатты түгел тарқатып жату артық болар. Қызықты болғаны, сөзсайыс кезеңі. Партия өкілдерінің бір-біріне сұрақ-жауаптасқан сәті. Осыған аз-кем тоқталсақ.

ЖСДП сұрағын «Аманатқа» қойды. Жалпы, осы дебатта өзге партиялар коалиция іспетті, «Аманатқа» көп шүйлікті. Ол түсінікті де, ұзақ жылдар бойы билікте доминант статустан түспей келе жатқан, ребрендинг жасап, партия атауын ауыстырған «Аманаттан» сұрау да көп.

Ал «Ақ жол» өз сұрағын – ЖСДП-ға қойды.

«Осыған дейінгі электоралды кезеңдердің барлығында ұйықтап келіп, бұл жолы неден ояндыңыздар?», - деді. Бір кездері президенттікке үміткер болған ЖСДП спикері шама-шарқынша жауап берді.

«Бұған дейінгі сайлаулардың әділ өтетініне сенбедік. Ортамызға сотталған, тыйым салынған партия өкілдерін кіргізбек болды», - деді.

Кімді, қай партияны меңзеді, өздеріңіз таразылай жатарсыздар... Осы 4 минутта «Ақ жол» мен ЖСДП әжептәуір қайымдасып бақты. Нақтылық жағынан, «Ақ жол» ұтты. ЖСДП жеңілді дей алмаймыз. Бірақ, қойылған сұрақтарға жалпылама жауап берді.

Әрі қарай, «Байтақ» сұрағын ҚХП (бұрынғы коммунистерге) қойды. ҚХП спикері саясаттың төңірегіне кеше келген тәжірбиесі аз адам емес, әккі саясаттанушы секілді еді. Бірақ, бұл жолы сөзден сүрінді.

«Төрағаңыз қазақша сөйлей алмайтын болған соң, сізді жіберді ме?», - деген төте сұраққа сырғытып жауап қатты.

Ал ұтылған жері: «Ертісбаев Қазақстанның көршілермен, Ресей, Қытаймен татулығын сақтап тұр», - деді.

«Қызылдар» (ҚХП) партиясының төрағасы осыған дейін Ресейлік пропагандалық арналарға, әсіресе, қазақты, Қазақстанды армансыз тілдеген Соловьевтерге сұхбат беріп, «Ресей президентіне алғыс айтқан», видеолары әлеуметтік желіге тарап, қоғамда қызу талқы болған.

Сөзсайыста «Қызыл киімді» партияға су жаңа «Республика» партиясының өкілі де шүйлікті.

«Сіз қандастар туралы көп айттыңыз. Мен қандаспын. Қандастар үшін нақты не істедіңіздер?», - деді.

«Аманататтың» спикері де: «Саяси бағдарламаларыңызда қазақ тілі мен қандастар туралы көтерілмеген», - деді.

ҚХП өкілі жан-жақтан жабылған сұрақтардың біріне жауап қатса, екіншісі жауапсыз қалып жатты.

Өз кезегінде ҚХП сұрағын «Аманатқа» қойып, «Аманат» спикерінің экс-партияласы екенін тілге тиек етті.

Оған жауап берген «Аманат» спикері: «Сіздер де бір-ақ, күнде партия төрағасын ауыстырып, жолдан қосылған адамды сайладыңыздар», - деп жауап қатты.

Келесі кезекте «Республика» сұрақ қойды. Сұрағы «Ақ жолға» бағытталыпты.

«Партия төрағасы неге ауыспайды және тізімдеріңізде қандастар неге жоқ?», - деген сұрақтарын қойды.

Бұл сұрақтарға «Ақ жол» спикері жауап берді. «Өткелде ат ауыстырмаймыз», - деді. Бұл сұраққа осыған дейін «Ақ жол» төрағасы Азат Перуашев та жауап беріп, сайлаудан соң, бәрі мүмкін екенін айтқан.

Ал қандастар мәселесі туралы: «Біз азаматтарды қандас, жерлік деп бөлмейміз. Қазақстан азаматтығын алған соң, барлығыңыз осы елдің тең құқылы адамысыздар», - деді.

Ал «Ауыл» сұрағын «Республикаға» қойып, сайлаудың алдында ғана едел-жедел құрылған партияға күмәннің көп екенін айтса, «Аманат» сұрағын «Ауылға» бағыттады.

Осылайша, сөзсайыс кезеңі өте-мөте тартысты өтті. Спикерлердің жарыса сөйлеп, бір-бірінің сөзін бөлуі – қалыпты көрініс. Әр спикер өз позициясының дұрыстығын дәлелдеуі керек. Аудиторияны (потенциалды электорат) өз сөзіне сендіруі керек. Ол үшін қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалануы керек.

Дебаттағы шоулық элементтер: «Байтақтың» ҚХП-ға банкі жапқыш беруі мен «Ауылдың» әр спикерге ауыл тіршілігі бейнеленген суреттерді сыйға тартуы болды.

Дебатты қай партия ұтымды пайдаланды: Сөздерінің және ұсынған бағдарламаларының ұтымдылығы, аргументтерінің мықтылығы мен жауаптарының нақтылығы жағынан: «Ақ жол», «Аманат», «Республика» партияларының өкілдері өзгелерден сенімдірек болды.

Белсенділік жағынан «Байтақ» төртікке кірсе, таяқты ең көп жеген «Қызылдар» болды. Ал «Ауыл» партиясының есім-сойы жұртқа белгілі спикері Жигули Дайрабаев мырзаның даусы бұл жолы бәсең естілді. «Жасым үлкен, сөзімді бөлмеңдер», - деп сұрап алған кезде де, нақтылық көрсете алмады. «Ауыл» мен ЖСДП спикерлерінің сөздері жалпылама айтылды.

Сайлауға дейін үгіт жүргізуге әлі 17 күн бар. Демек, осы жолғы кем-кетіктерді түзейтін мүмкіндік те бар деген сөз.

Abai.kz

5 пікір