Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 3457 9 пікір 2 Наурыз, 2023 сағат 12:53

Блинкен сапарының салмағы және Үлкен жиырмалық

Астанаға АҚШ мемлекет істер хатшысы Блинкен келіп кетті. Орта Азия+Америка кеңесіне қатысты. Президент Тоқаевпен кездесті. Байденнің дұғай сәлемін жеткізді.

Блинкеннің Байден билігінен Қазақстанға келген ең жоғары лауазым иесі екенін айта кеткен жөн. Трамп Президент болып тұрған кезде де оның мемлекет істер хатшысы Пампео мырзаның да Астанаға ат басын бұрғаны бар. Қытай тарабы «нөмірі бірінші отан сатқаны» санап, санкция салған Юэмаочүн профессорды өзіне кеңесші етіп алып, коммунистік Қытай билігіне қатысты қатаң позиция ұстанған Пампео мырзаны СІМ қызметкерлері әуежайда шапалақпен емес, қалтаға қол салып қарсы алып, біраз сөзге қалып еді. Ол жолы Америка елшісі Қытайда туысы қамалғандармен кездесіп, үлкен қолдау білдірген.

Бликеннің бұл жолғы сапарының да салмағы бар. Путин Украина жерін бір жыл бомбалап, Украина халқының өмірі мен тәуелсіздігіне қатер төнген, әлем елдері бірі Ресейді, бірі Украинаны қолдап, екі үйекке бөлініп отырған кезде жасалып отыр. Орта Азия елдері оның алдында ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының Ресейдің Украинадан шартсыз түрде әскерін алып кету қарарын қолдаудан бас тартып, қалыс қалып еді. Үндістанда өтетін «Үлкен жиырмалық» елдерінің кезекті бас қосуына кетіп бара жатқан жолында Блинкен мырзаның Орта Азияға аялдауы әрине, жақтастарын көбейту екені айдан анық. Былтыр Астана мен Самарқанға Қытай басшысы Ши төраға мен Путин де келіп кеткені белгілі.

Былтыр Байден әкімшілігі соғыс салдарын тікелей тартып отырған Орта Азия еліне көмек ретінде 25 миллион доллар бөлген еді. Осы жолы да Бликен мырза сол сомада көмек берілетінін айтты. Тәуелсіздік пен мемлекет тұтастығының маңызын қайталаумен болды. Онысы Украинаны мысал етіп, Орта Азия елдеріне орыспен достықтың бодауының ауыр болатынын ескерту екені мәлім. Лукашенко құсап «бір жаққа шығыңдар» деп, дікеңдеген жоқ. Демократияға қарсы үштік одақтың (Қытай, Ресей, Иран) ортасында қалған аймақ елдерінің қиын жағдайын АҚШ тарабы жете түсініп отыр. Соған қарап сарапшылар Блинкеннің бұл жолғы Орта Азияға жасаған қысқа мерзімдік сапары «символдық әрі барлау мақсатында жасалды» дейді.

Блинкен Делиде 40 мемлекеттің сыртқы істер өкілдері қатысатын жиында Украина мәселесін талқылайды. Оған Лавров та, Қытай сыртқы істер басшысы да қатысады. Оның алдында өткен қаржы министрлерінің басқосуында тараптар Ресейді айыптау мәселесінде ортақ мәмілеге келе алмаған еді. Сыртқы істер министрлерінің отырысы тіпті, тартысты болайын деп тұр. Америка ұшағының жақында Қытайдың тыңшы шарын атып түсіргені белгілі. АҚШ тарабы Лукашенконың Ши төрағамен кездеуіне де ерекше назар аударып отыр. Қытай Беларусь арқылы Ресейге әскери көмек беруі мүмкін деген жаңа болжамдарын айта бастады. Жиынды ұйымдастырушы Үндістанға да оңай соқпайын деп тұр. Ресейді айыптаған Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарына дауыс бермей оңай құтылған. Бұл жолы АҚШ, Жопония, Австралия мен бірігіп, Қытайға қарсы құрған төртік одаққа адалдығы сыналайын деп тұр.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

9 пікір