Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Сайлау 2023: 2133 3 пікір 28 Ақпан, 2023 сағат 14:36

Депутат жолын, халық бағын тапсын десек...

Сонымен жұрт асыға күтетін сайлау да жақындады. Жеті бірдей партияның үкілеген үміткерлері Мәжіліске бақ сынайды. Алайда кімдер нақты сайлаудан су жұқтырмай өтпек? Дегенмен  негізгі мәселе кімнің сайланатыны емес, кімнің қалай халық қалаулысы боп шыға келетіндігінде болып тұр. Ал көпшілік олардың қалай депутат атанатынын алдын ала сезетін де секілді. Өйткені бұл алғашқы сайлау емес. Бұрынғыларынан небір нәтиже бар. Біз халық күткен нәтижені айтамыз. Ал сайлаудан әбден зәрезеп болған жұрт оның нәтижесіне күдікпен қарайды. Ендеше халыққа «сықиған сыйлы» жандардың бұрынғы қалыппен сайланғаны ма, әлде сайлану жүйесін жаңа қырынан қолдайтын жанның келгені жөн бе?

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері саны көп сайлау өтті. Бас таққа да құмартып, депутаттықтан да үміттеніп қаншама жан бақ сынасты. Солардың ішінде болуға тиіс деген адам бола алмай, бірақ «өтуге тиіс» жандардың халық қалаулысы атанғанын жұрт жасырмай айтады. Депутат болғандардың арасында сықиған саланың, яғни биліктің барлық шенеуніктері, өкілдері отырды. Ал солардан халық не пайда көрді? Әрине, еш пайда жоқ деп кесіп-пішіп ешкім айта алмас. Алайда халықтың қамы қамдалса неліктен жұрт билік жұмысына наразылық танытады? Ашынған жұрт неліктен көшеге шығып, биліктен тұрмыс күйінің жақсаруын талап етеді? Және халық қалаулысының дені шенеунік болған жандар ғой. Бұл жағдайда жылы орындыққа жайғасқандар арасында халықтың айтарын, мұның, жағдайын білмейтін жандар жоқ деуге де болмас. Бар ғой, бұрын да болған. Ендеше жұрт наразылығы көшеде емес, сол Парламент қабырғасында көтерілуі тиіс еді. Көтеріліп қана қоймай, көшеге жұрт шықпасы үшін олардың заңды талаптары халық қалаулылары арқылы орындалуы керек еді. Адамдардың көшеге шығып жаға жыртыспасы үшін оның алды халық қалаулыларының табанды талабымен шешілуге тиіс болатын. Жаңа Қазақстанның жаңа реформасы сол емес пе?

Бұл талап орындалып жатыр ма? Бұрын Парламентте жұрттың ашынған мәселелерін ортаға салатын саналы ірі тұлғалар болғанын жасыра алмаймыз. Оған тарих куә. Мәселен, ел ардақтысы Шерхан Мұртаза елдің сөзін ғана сөйледі. Елдің, мемлекеттің мүддесін айтуда ешкімнен именген жоқ. Талай санасыз санаға салауатты іс салды. Көп іс өзгерді. Бірақ ондай азулы жандар некен-саяқ. Ал қазір сондай халыққа дем беретін айтулы тұлғалар жоқтың қасы.

Бола қалса, керсінше олардың үнін де, ісін де бүркейтіндер көп. Олар сол үшін де керек. Ұйқылы-ояу отырса да көптігімен күш алады. Сол үрдіс тағы қайтадан қайталануы мүмкін бе? Қайталанса не болмақ? «Той десе қу бас домалайды» дегеннің кері келмесе болды. Ол үшін депуттардың санын кемітіп, сапасын арттыру мақсатында елдің сөзін сөйлеу ғана емес, елдің жағдайын жасауға ықпал ете алатын жандар аты озса дейміз. Ол үшін не істеу керек?

Кімге болмасын күйінің одан әрі көрікті бола түсуі үшін депутат атану – үлкен мәртебе. Солай бола берсін. Бірақ басты талап халықтың арасынан шыққан халық қалаулылары сол халықтың қамын күйттейтін күйлі жандар ғой. Күйлі болмағандары одан әрі әл-ауқатымды жақсартам, беделімді арттырам, тегін емделіп, шетел қыдырам, шаруамды одан әрі нығайтам, бір сөзбен айтқанда дәрменім мен пәрменімді күшейтем дейтіні сөзсіз. Алайда мұндай ниетпен келген депутаттардан халыққа еш пайда жоқ екені тағы анық. Пайда бар ма, пайда жоқ па, дәл қазір науқан қызған шақта ешкім оны нақты біле алмасы да белгілі. Бәрінің тұғырнамасы тұғырлы. Айтқан, айтар сөзі керемет! Айды да алып беруге әзір. Ендеше мұндай абзал іске бас тіккен жандардың уәдесін қалай орындатуға болады? Өйткені олардың кез келгені халықтың сойылын соғуға, мүддесін көтеруге, жағдайын жасауға талпынған адам ғой. Демек, мұндай игі ниеттегі жандардың о жерге көптеп барғаны үлкен күш. Ендеше солардың күш- қуатын оң пайдаланған жөн. Қалай?

Бірақ адамның кім екені маңдайына жазылып тұрған жоқ. Бес саусақ бірдей емес. Сол секілді депутат болсам ең әуелі халықтың сойылын соғам, солардың айтқанын жеріне жеткізем дегендерінің артында нақты қандай пиғыл  жатқанын ешкім біле алмайды. Бақ шаба ма, бап шаба ма деп алдын ала бал ашып қажеті жоқ. Сондықтан депутат атанған жанның шын ниетімен келгендігін, елдегі жағдай жанына тыншу бермегендігін, халық мүддесі үшін басын бәйгеге тіккендігін дәлелдейтін амал қажет. Қазіргі кезде мұның бір-ақ жолы бар. Ол - депутаттар мен халықтың орнын айырбастау. Парламент жүйесін мысал үшін пирамида деп көзге елестетейік. Сол үш бұрышты жүйені көтеріп тұрған халық. Оның ұшар басында сайланған депутаттар отыр, яғни халық қалаулылары. Сондықтан оларға тиісуге ешкімнің хақы жоқ. Өйткені жағдайымызды жеңілдетеді, үнімізді ескереді, мүшкіл хәлімізді жақсартады деп сенгендіктен оларды мойнына салып көтеріп жүр. Ендеше жоғарыда айтқанымыздан қорытынды шығарар болсақ, халық қамы үшін жан пида етуге жанталасқан халық қалаулылары халықтың иығында аяқтарын салбыратып жылы креслода отыру үшін келген жоқ. Сондықтан пирамида жүйесін төнкеріп қою қажет. Міне, бүгінгі таңдағы негізгі мәселе – осы.

Ал мұның түк қиындығы жоқ. Халықтың қамын күйттеуге жиналған жандар, алдымен сол міндетті атқаруға тиіс қой. Халық пирамиданың шыңына шықсын, ал су жаңа депутаттар халық аманаты толы пирамиданы көтерсін. Халықтың аманаты орындалған сайын халық қалаулыларының жүгі де жеңілдей береді. Бірте-бірте тепе-теңдік орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады. Халық қалаулылары халықтан ажырауға тиіс емес. Бөлектеп хан сарайындай үйлерде күзетпен ұстайтындай олар халыққа жау емес, керісінше халық қалаулылары! Тіпті күнде қылмыспен бетпе-бет жүздесетін учаскелік инспектордың өзі бала-шағасымен халықтың қалың ортасында бірге күй кешеді. Оның да міндеті - халықтың қамы. Ол да адам. Ал депутат болса халыққа мүлде жақын адам. Ендеше ол кімнен басын қорғауға тиіс?!

Бүкіл халықтың аманаты толы пирамиданы көтеріп тұрған соң оларға мол ақы төленсін. Бұл жағынан таршылық жасалмауы тиіс. Алайда елден ерек көлік мінуге, елден ерек күзетілген үйде тұруға, тегін емделіп, тегін жүріп, тұруына шек қойылсын. Халық жағдайының ақсап жатқан тұсы да осы мәселе. Мұндай жеңілдіктің бірін көрмейтін мәслихат депутаттары  әлдеқайда халықпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Оларға күнде жандарында жүрген соң бар мұның айта алады. Айтқан өтініштері талай салалық органдар құлағына шалынып жатыр. Олар көшеде өз көліктерімен жүреді. Тіпті кейбірі қоғамдық көлікпен жүретіндері де бар. Көшенің тарлығын,  қоқыстан толған ластығын, ойқыл-шойқылын, бір сөзбен айтқанда, қара халық күнде көретін небір тәртіпсіздіктің куәсі болады. Ал осындай қара халық күнде көретін қиын-қыстау өмірден халық депутаттары қол үзіп, неге бөлек шоғырлануы тиіс?!

Әрине, мұны текке айтпаймыз. Егер осы жаңа жүйе іске асса сайлауға түсуге таласып, тармасып, рас та, өтірік те сөйлеп жатқан жандар арасынан кімдер көрінер еді? Нағыз елін, халқын ойлайтын патриот жандар ғана шығар еді. «Жаным – арымның садақасы» деген халықпыз ғой. Өз жағдайын ойлап байлақты көздеген, билікке жалпақшешейлік танытқандар біртіндеп сыпырылып қалады. Халыққа да керегі осы емес пе. Оның үстіне жаңа депутаттар жаңа Қазақстанның талабы бойынша халық арасында етене араласып жүретін болған соң бұрынғы көріп, сезіп білгенін жаңа қырынан таниды. Өйткені үлкен жауапкершілік жүктеледі. Және оны шеше алудың бар амалын қарастыруға Парламент қабырғасы арқылы мүмкіндік беріледі.  Ашынған жандардың негізгі түйткілді мәселелерін тап басып, оның шешілу жолын айқындайды. Ел болып бірігудің, мемлекет болып ұйысудың  мән-маңызын жоғары қоятын ел жанашырына айналады. Осының бәрі айналып келгенде Парламент қабырғасында айтылып,  айтылып қана қоймай өздері шығаратын заңмен бекітіліп, жаңа Қазақстанның алғы шарттары кіріге бастайды. Ал бұл билік үшін де ұтқыр амал болып табылады. Ақыр аяғында мемлекеттің бар саласы бір кісідей жұмыла кіріскен соң, қоғам да аяғын тұсар кеселден, кемшіліктен арылып, құлашын кеңге жаяр еді. Сонда халқының бағына біткен депутаттар бабы да келісер еді-ау!

Сәрсенбай (Александр) Тасболатов

Abai.kz

3 пікір