Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 2797 2 пікір 28 Ақпан, 2023 сағат 12:26

Журналистерге шабуыл ұйымдастырғандар ұсталды

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өзінің Facebook парақшасында жазды.

Өткен жылдың соңынан бері журналистерге жасалған шабуылдар көбейгені белгілі.

Мемлекет басшысы осыған орай құқық қорғау органдарына мұқият тергеу жүргізуді тапсырды. Соған байланысты таяуда журналистер мен блогерлерге қарсы заңсыз әрекеттер жасаған 18 адам ұсталған еді.

Ел Президенті бұл заңсыз әрекеттердің орындаушылары ғана емес, тапсырыс берушілері де анықталуға тиіс екенін баса айтқаны белгілі. Енді тапсырыс берушілер де анықтала бастады.

ІІМ және ҰҚК ведомствоаралық жедел-тергеу тобы БАҚ өкілдеріне шабуыл ұйымдастырды деп күдік келтірілген топтың іс-әрекетін әшкерелеп, жолын кесті.

«Алматыда арандатушылық шабуылдардың тікелей үйлестірушісі – шетелдік азамат, білікті хакер О.Токарев ұсталды. Оның уақытша тұрып жатқан жерінен шабуылдарды басқару, анонимді телеграмм-аккаунттарда «тапсырыстар» беру, орындаушыларды табу және олардың акцияларына ақы төлеу жүргізілген техника табылып, тәркіленді», – делінген ІІМ ақпаратында.

Аталған топ В.Борейкоға, Г.Бажкеноваға, Г.Ерғалиеваға, С.Ибраеваға және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдеріне қарсы 30-дан астам арандатушылық жасаған.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған арандатушымен бірге түпкі тапсырыс берушілер де жақын арада анықталады деп сенеміз.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тергеу барысын жіті назарда ұстайды.

 

Abai.kz

2 пікір