Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Сайлау 2023: 1548 0 пікір 23 Ақпан, 2023 сағат 13:33

Дос Көшім: Байқаушылардың көбейгені құп

Биылғы 19 наурызда өтетін Мәжіліс және маслихат депутаттарын сайлауға түрлі қоғамдық ұйымдар бақылаушылық жасауға белсене кірісіп жатқаны белгілі. Солардың қатарында «BAQYLA» Қоғамдық қозғалысы да бар. Қазірдің өзінде аталған қозғалыс өз байқаушыларын дайындауға кірісіп кеткенін мәлімдеді.

Қоғамдық қозғалыстың Орталық штабы Алматы қаласында орналасқан. Сондай-ақ еліміздің 17 қаласынан өңірлік штабтар ашылған.

Бұған дейін «BAQYLA» Қазақстанның президентін сайлау кезінде бақылаушылық жасап, 27 қалада дауыс беру процесін қадағалау жұмысын сәтті атқарған болатын.

Қазіргі күні бақылау желілерінің басшылары мен өңірлік үйлестірушілері сайлау процесін бақылау теориясы мен практикасы бойынша арнайы курстардан онлайн форматта және офлайн кездесулер арқылы өтіп жатыр.

Біз қоғамдық қозғалыстың бақылаушыларына сабақ өткізіп, тренинг жүргізіп жүрген саясаткер, қоғам қайраткері Дос Көшімнен аз-кем пікір алған едік.

Дос Көшім:

- Кешеден бастап облыс, қалалардағы үйлестірушілерді оқытуды бастадық. «BAQYLA» Қоғамдық қозғалысы – Қазақстанның көптеген негізгі қалаларын, облыстарын қамтитын бірлескен бақылау орталығы ғой. Сондағы адамдарды оқытып жатырмыз. Кеше 25 өңірдің үйлестірушілері қатысты. Алматы қаласындағылармен біз тікелей кездесіп, семинар сабақтарын өткіземіз. Ал қалған өңірлер бойынша онлайн тренигтер өтеді.

Әрине, менің міндетім тек оқыту, егер ұйымдастырушылар басқа аймақтарға офлайн өткізуді жоспарласа, оған баруға дайынбыз. Қанша рет сабақ өткіземіз дегенге келсек, ол әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, өткен жылы президент сайлауы алдында 4-5 рет семинар болды, оның ішінде 2-3 тікелей офлайн өтті. Негізінен облыс, қалалардағы адамдармен бірлесіп, бір желі құрып, байланысқаннан кейін, бәрін бірге оқытқан дұрыс. Бірақ біз оған дейін «BAQYLA-ға» қосылам дегендерді жеке оқытып жатырмыз. Бұл артық болмайды. Егер қозғалысқа қосылам дегендер ұйымдар, жеке адамдар болса, біз оларға жеке сабақтар жүргізе береміз. Яғни 4-5 сабақпен шектеліп қалмаймыз.

Алматыдағы бақылаушыларды тікелей жолығып, дайындаймыз. Алдарына үстелді қойып, қалай санау керегін көрсетіп, тек теория жүзінде емес, практикалық сабақтар өткіземіз. Бұл өте тиімді. Көзбе-көз сұрақтарына жауап беріп, қатысушылардың пікір, ұсыныстарын тыңдау бір бөлек. Онлайн өткізген уақытта, өкінішке орай, сұрақтар көп болмайды.

Жалпы айтарым, қоғамдық қозғалыстардың көп болғаны дұрыс. Кезінде бақылау жұмыстарын біз 1999 жылы бастаған едік. Құрылған ұйымдар кейбірі кетеді, кейбірі қалады. Ал біреулері бірігіп жатады. Бәрібір алға даму бар. Өсу бар. Бақылаушылық қозғалыстардың шама келгенше жолын ашу керек. Оларды әр уақытта қолдауымыз керек. Өзім байқаушылық жасайтын ұйымдардың көбейгенін құп көремін.

Мен бір бақылаушылық ұйымға жиналыңыздар деп айтпаймын, бірақ сайлау учаскелеріне бақылаушы қояр кезде үйлестірушінің жұмысы аса қажет.

Өйткені, бір учаскеде 5 адам отырса, келесі учаскеде ешкім отырмайды. Оны былтырғы сайлауда көрдік. Мысалы, Алматы бойынша 5-6 байқаушылар ұйымы бар десек, солар ретімен бөлініп, барлық дауыс беру учаскесін жаба алатындай болса, жақсы болар еді. Соны ұйымдастыру шаруасы жүргізілуі керек. Бізге байланысып, бірге жұмыс істеуде әлі де проблема бар деп ойлаймын.

Әр сайлау пунктінде мынанша адам отыру керек деген заң жоқ. Тек әр ұйымнан бір ғана бақылаушы болуы керек. Алдағы сайлауды бақылаймыз деп отырған 5-6 қоғамдық қозғалыс бар. Содан соң Мәжіліс пен маслихатқа түсіп жатқан үміткерлердің бақылаушылары бар. Сонымен бір дауыс беру учаскесінде кем дегенде 6-7 адам отыратын сияқты. Бұл өте жақсы үрдіс. Дауыс беруді бақылаған адамның көзі ашылады. Сайлаудың не екенін біледі. Азаматтық көзқарасы оянады. Сондықтан үнемі азамат болғың келсе бақылаушы бол деп жүремін.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3503