Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 2939 7 пікір 23 Ақпан, 2023 сағат 13:23

«Өз кезімде болмаған сәбетіңнің тап...»

(бүгінгі әңгіме)

«Өз кезімде болмаған сәбетіңнің тап...» деп, баяғыда дүниеден өткен қызылордалық бір әжеміздің осы сөзі әлі күнге ұмытылмай бүгіндері әдемі анекдотқа айналыпты. Төл сөзімізге жүйрік, қазақы ойлайтын кім болса да, әжеміздің «сілейтіп салған» сөзінің жалғасын жақсы білсе де сөз атасына обал болмасын деп, қосақтай салсақ ұят көрмессіздер, «... ауызын әссейін!» деген екен.

Енді, мұны неге айтты екен дейсіздер ғой. Қазақ сахарасында Совет үкіметі орынап елдің дүрлігіп жатқан бір кезі болса керек. «Кедей теңдігі!», «Әйел теңдігі!», «Бай-бағлан, молда-қожалар тап жауы!» деген ұрандар жер-жерде жаңғырып, жаңа өкіметтің бет-пердесін жариялап, мұны дала қазақтары қалай түсінерін білмей екі тарапқа түсіп сарсаң болған кесірлі кезең екен.

Ақ патшаның үстем әкімдерінен әбден зәрезеп болып, қасқыр қуған қойдай болған қауым, енді мына қызыл ту желбіретіп желіккен белсенділердің сөзіне сенерін де сенбесін де білмей есі шыға алақтаған шақ. Сонда да, хақ дінді діліне сіңірген, бай-кедей болса да өзара атысып-шабыспаған... дегдар халық алда сұмдық сойқанның, бұрын-соңды болмаған пәлекеттің таяғанын жанжүрегімен сезінгенінде гәп жоқ.

Сондай бір күндері белсенді болып ілепірген бір жас жігіт әжесіне келіп: «Апа.а.а.а, шүйінші! Сіз жас шағымда сүйген жігітіме тие алмай малға сатылып арманда кеттім деп, әңгіме айтушы едіңіз ғой. Мына, Совет өкіметі «Қыздардың бәрі таңдаған жігітіне тисін!» деген заң шығарып жатыр, апа!» депті.

Сонда, әжесінің немересіне берген «Өз кезімде болмаған сәбетіңнің тап ауызын әссейін!» деген «шүйіншісі» осы сөз екен. Сонда, құдаласып, қалың мал берісіп тиген күйеуінен қанша бала-шаға өсіріп, немере сүйіп жырғап отырған пендәуи өміріне шүкір еткен әже, өз басының бәкін-шүкін мүддесінен биік ел тағдырын сұңғыла түйсікпен сезіп, жаңа өкіметті суханы сүймей, айтқан сөз екеніне шәк келтірмейміз.

Өйткені, «әркім сүйгеніне тисін» заңы, елдіктің ірге тасы саналатын қазақтың «дәстүрлі отбасы заңын» біртіндеп күйреткенін, кейін тіпті бүлінудің етек алғанынан бұл күнде әдеткі көрініс секілді болған «жас отбасылардың ажырасуының артуын» қазір байқай алмасақ, онда өзімізге де сол бөгдебөтен заңның шалығы тигенін, бәлкім мойындамаймыз да.

Осы ойымды, өзін-өзі «гиперакадемикпін» дейтін, басынан аяғына дейін түгел түйе жүннен киім киісіне қарап өзім «түйе-адам» деп атайтын, дүниеде білмейтіні жоқ әйтейлік-ағама айтуға келгем-ді. Терең құдықтың түбіндегі судай жылтыраған көзін маған қадағандай болды, қызыл иегінің үстінде әбден мүжілген сүйек тісін көрсетіп езу тартты. Менің сөзімді сәл ұнатқанын білдірген мимикасы екенін бұрыннан білем ғой.

Осы сәтті жібермей ұсынысымды да жөнелтіп жіберейін деп шештім. «Құдалар заңы» деген жобамды айта бастадым. «Түйе-адам» ағайым, тек сүйек пен теріден ғана тұратын әбден кеуіп сүріленген басын сәл еңкейтті, бастың екі жағындағы «отау-твиі» іспетті алақандай құлағы сөзімді соруға дайын болғандай пішін байқатты. Енді, не тұрыс...

«Қазақ халқы отбасын құдалық заңы бойынша құрған. Бұл заңның негізі жеті атадан асқан жамағайынан бастап, қоныстас рулар арасы, алыс-жақын Үш жүздің ішінде, Алты алаш туыс халықтарға дейін құзырлы болған.

Мұндай құдаласу заңы, отбасын құрып үйленетін екі жастың ғана емес, ағайын-туыстан, бүкіл ру, бүтін ел, қанаттас туыс халыққа дейін үлкен ауқымның бірлігін көздеген. Сонда, үйленген екі жас ядро секілді десек, оның шеңбері қанша алысты қамтып жатқанын байқау қиын емес. Мұндай отбасы сыртынан қатаң қорғалған, ішінен берік ұстасқан күйде болмақ.

Содан да, Қазақ қоғамы өз заңымен, өз дәстүрлі болмысымен жасап тұрған замандарда «ер-әйелдің айырылысуы» деген өте сирек болған, аз бола қалса шариғат шеңберінде шешілген.

Ал, құдаласу заңын іске асыратын «құдаласу түрлері» мықты дәстүрге айналған.

Атасақ, «Бел құда» дегені, көп жылдан бері қоныстас бола жүріп, бала күнінен бірге өсіп, біте қайнасқан жас жігіттердің, бір-біріне сөз беріп, қол алысуы. Яғни, үйленген кезде «келіншегіміз қайсымыз болсын ұл, қыз туса құда болайық» деу. (Әрине, бұған әйелдер де мақұл болған)

«Бесік құда» бұл да дәл сондай, азаматтардың сәбилері ұл-қыздары туған кезде өзара шын көңілмен келісулері.

«Шымбайлы құда» бұл екі шаңырақтың бір-біріне сәйкес келетіндей, дәргей-дәрежесін таңдап, арнайы барып құдаласуы.

Ең көп тараған түрі әрі бірегейі «Сарсүйек құда», бұл баяғыдан бері қыз алысып, қыз беріскен жермен жалғасты үзбей құдаласуы салты. (Бір ауылдағы көп абысындардың өзара әпеке-сіңілі болуы тіпті жақсы емес пе?)

Бел құда мен Бесік құда десек, балалар ес біле бұл құдаласудан құлағдар болады, бала болса да қыз өзі біреудің қалыңдығы екенін, ал ұл болашақ күйеу бала екеніне іштей мойындап «психологиялық дайындықтан» әбден өтеді, бұл болашақта отбасында бола беретін әдеткі ренжісулерден сақтандыратын «иммунитеті» деген сөз. Мұны, қазіргі жастарымыздың «әй» десе «айырылысам» деп шыға келетін көңіл-күй дертінің алдын алған бірегей «рухани вакцині» десек те болады.

Ал, енді Шымбайлы құда мен Сарсүйек құда деген, ол қазіргіше айтсақ «халықаралық дипломатиялық қатынастан» бір де кем емес, буын-сүйектей байланысқан құдалық болғандықтан екі жастың отбасы болуы ғана емес, екі елдің тату-тәтті достығы саналған қоғамдық мәселе деңгейінде.

Сонда, мұндай құдалықпен қауышқан қыз бен жігіттің сүйіспеншілік, махаббат, тән ләззаты... мәселелері елдік бірліктен жоғары да емес, төмен де емес болатындай әлеуметтік жанды механизм құрылғаны таңданарлық қоғамдық құбылыс емес пе!»

Тоқтап, «гиперакадемик» ағама көз тіктім, сырты кеуіп қалған бастың ішіндегі «триллион гегабайттық ми комьпютері» жауап дайындап жатқанға ұқсайды, езуі сәл ашылып барып тоқтады да, терең құдықтың түбіндегі жылтыраған судай сұмдық жанардан екі тамшы жас домалып шығып, көздің әбден қызарған жиегінде күздің қураған шөбіндей болып тұрған кірпіксымалға бөгеліп, мөлтілдеп тұрды. Таңғалдым, «түйе-адам да жылағыны ма?!» деп.

Не де болса сөзімді түйіндеуім керек: «Әттең, осындай тамаша заңымызды, бізге үш емес, жүз қайнаса сорпасы қосылмайтын бөтен елдің заңсымалдарымен құртты ғой! Енді, сол заңымызды қайта қалпына келтіретін шақ туды емес пе, тәуелсіздік, жаңа қазақстан... жаңа сайлау... депутаттар...жаңа...» дей бергенім сол еді...

Сөзімді дұрыс аяқтай алмай қалдым, үйткені әлгі екі тамшы мөлтек жас төмен домалап кетті де, «түйе-адамның» сақалға ұқсас иегіндегі ұйпа-тұйпа қылшықтардың арасына барып сіңіп жоғалды. «Гиперакадемик» жыламапты, ішінен қатты күлген екен, сонда қысылып шыққан күлкі-жасы болып шықты. Жылауға бергісіз ащы күлкісі!

Содан, ащы күлкімен араластырған афоризмдерін аямай төкті: «Қазақтың ондай кемел заңдары келмеске кеткен. Қазір кемелдік емес кереңдік үстемдікте! Елде демократия емес, демо-бюракратия яғни демократияны бюрократиямен құрмақшы. Демократияның шапанын жамылып бюрократияны аман алып қалмақшы!

Сондықтан, азаматпын деп жүрген кім болсаң да, Ақ сарайдың табалдырығын аттағанда-ақ, бойыңдағы адамшылық, азаматтық, ар-ұят секілді құндылықтардан айырыласың, мансап-мастығы бәрін жояды. Лауазымның желігі буын-буыныңды босатып, ұлт үшінгі күрес, ел үшінгі ерлік жайында қалады. Апин-атақ есіңді алып, адамшылықты айту, әділдікке жақтасу онда ақымақтық саналады. Ел-жұрт, ағайын-туыс, дос-жаран, бақталас-бақастардың көз алдында, «Мен қандаймын!» деген мәнсаби-мақтан дендеп, жүректің сөзін емес, ресми өлі сөздің иесі болу «мәдениет» делінеді.

Сөйтіп, «депутат» деген атақ тағылған сәтте-ақ аты-жөнің ғана аман қалады, затың «атақ» деген шайтани шырмауға байланады. Заң деп желбіретіп жүргендеріңді сол шырмауға түскендер де түсінбейтін шырғалаң-шатпақтар, бөтеннің балдыр-батпақтары. Ал, журналисім, қияли ойларыңа қанаттанып қияға шығып кеткен екенсің! Ақ сарайдағы жаңа спектакльдерді жазсаңшы оданша!»

«Алға басу, жаңалық болмайды дегеніңіз бе, сонда?!»

Мына сауалым «түйе-адамға» оттық бергендей құдықтың түбіндегі көзпішіннен өткір ұшқын жарқ етті! Қызыл иек тістердің арасынан сұсты үн дауылдың алдындағы ызғардай естті: «Егер, ақ сарайға кіретіндердің ішінде Алаш Ардагерлері сынды мансапқа мас болмайтын, асқан адал, ел үшін еңіреген ер біреулер болса, сондай серкедей сергек, айғырдай айбынды қолбасшы ғана бәрін тұйықтан алып шығып ел-жұртын даңғыл жолға бастай алады!»

Тағы түсініктеме сұрауға жүрегім дауаламады, құдық-көзден тағы екі тамшы жас шықса, «түйе-адамның» жанына қатер деп, түйдім.

Қызылордалық қайран әжемнің анау қияпат сөзін еске алып, есім кіргендей күйге түскенімде мен де сондай бір сапи сөз қайтаруға қанша қамдансам да «түйе-адамның» көсемсөздері көзіме ащы күлкі жасын үйіріп, тілімді тістеп қалдым.

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563