Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Бұ не мазақ? 2592 12 пікір 21 Ақпан, 2023 сағат 11:55

Медицина: Мәскеусіз күніміз қараң ба?

Мынадай бір сұмдық жағдайды айтпасқа болмай тұр. Былтырғы жылдың қазан айында Қостанай облысындағы Рудный шаһарында небәрі алты жастағы ағайынды екі жас бала -Әмір мен Ілияс аяқ астынан көз жұмды. Мұндағы дәрігерлер ары-бері зерттеп «бірдеңеден уланған» деген диагноз қойды.

Алайда олардың неден уланғандығын анықтай алмады. Бұл облыстағылардың да қолынан келмеді. Тіпті, Астанадағы мүйізі қарағайдай мықтылар да дәрменсіздік танытты. Сосын амал жоқ, өздері жүгіріп, көмек сұрап үйренген Мәскеуге қарай жалпақтады. Тәуелсіз еліміз өздерінің медицина саласында мүлдем бейшара күйге түскендігін мойындап, төрелікке «ұлы халықтың» Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын сот-медициналық сараптау институтына жүгінуге мәжбүр болды. Біздегі дәл осындай керемет дейтін сараптау орталығынан еш қайраң болмаған.

Енді олар өздерін «Орталық Азиядағы көшбасшымыз», ешкімді көзге ілмейтін «тау барысымыз» деп көпіргенде ешкімге дес бермейтін қазіргі таңдағы «аса озық» мемлекетке Мәскеу «көкеміз» қол ұшын беретін болып, қыршын кеткен балалардың анализдерін тексеруге кірісіп кетті.

Енді былай қарағанда, қарапайым ғана уланған адамның диагнозын дұрыс қоя алмайтын дәрежеге жетсек, ар жағында бірдеңе деп айтудың өзі артық секілді. Бұл - біздегі медицинаның әбден құлдырап, мүлдем құрдымға кеткендігінің айғағы. Бөтен не дерсің?

Айтпақшы, кейбір деректерге қарағанда, ол балаларға дүкеннің алдында бір адам есірткі қосылған кәмпит таратқан деген сөз бар. Құрамында алапат зәрі мен уы бар мұндай пәлеге жас организм қайдан шыдасын?.. Соның салдарынан қызулары қатты көтеріліп, үйлеріне келген бойда аяқ астынан жан тәсілім еткен деседі. Ауруды анықтай алмай жатқандығы да сондықтан көрінеді. Меніңше, осы қисынға сияды. Қазір неше түрлі сұмдық жағдайларға да таң қалмайтын болдық қой.

Енді бұларды да аз десеңіз, жақында тағы да «жаңалық» естідік. Енді Рудный полицейлері барлық пәлені әлгі қыршын кеткен балалардың шешесіне жабуға айналыпты. Оның қорғаушысы Татьяна Антонованың айтуына қарағанда, полицейлер өздерінше «үйдегі дәрілерге уланып, ажал құшқан шығар» деген бал ашуға кіріседі. Ал қорғаушының айтуына қарағанда, ондай дәрілер үйде мүлдем жоқ көрінеді. Міне, осындай қысымға шыдамаған анасы тіпті, Адам құқығы жөніндегі Халықаралық бюроға шағымдануға мәжбүр болады. Ақыры жүйкесі шыдамай, аурханаға түседі. Қазір сонда жатыр.
Тек біздің елде ғана кездесетін мұндай «хикая» жақын арада аяқтала қоймайтын шығар. Егер аяқталса, әрине.

Жайберген Болатов

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530