Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 4304 2 пікір 20 Ақпан, 2023 сағат 13:57

Қытай картасы: Ресейдің кей жерлері Қытайдікі!

ҚХР Табиғи ресурстар министрлігі жақында «Ашық карталардың мазмұнын белгілеу стандартының» жаңартылған нұсқасын жариялады.

Аталған құжатқа сәйкес, қытай тілінде жарық көрген карталарда бір кезде Қытай (Маньцинь империясы) құрамында болған және теңсіз шарттармен Ресейге берілген деп саналатын сегіз географиялық нысанның орысша атауының соңына жақша ішінде қытайша атауы (анығында көбі тұңғыс-маньчжу сөзі) ескертілуі шарт. Олар:

  1. Владивосток (海参崴, Хайшэньвай);
  2. Уссурийск (双城子, Шуанчэнцзэ);
  3. Хабаровск (伯力, Боли);
  4. Благовещенск (海兰泡, Хайланьпао);
  5. Сахалин (库页岛, Ку-е);
  6. Нерчинск (尼布楚, Нибучу);
  7. Николаевск-на-Амуре (庙街, Мяоцзе);
  8. Становой хребет (外兴安岭, Хинган сырты).

Мен үшін бұл қызық болған жоқ, себебі алғаш рет 2003 жылғы ашық карталар стандартында біз көрсеткен нұсқалар бойынша белгілеу талап етіліп, солай қолданылып келген, біз мектепте жүргенде оқулықтарда екі нұсқа қатар беріліп, «отан топырағынан» қалай айырылып қалғанымыз туралы зарлы леппен ұзын сонар әңгімелер айтылатын. Оған, әрине, Балқаш, Зайсанға дейінгі «Қытай жерлері» туралы да мәліметтер қамтылатын.

Мені таң қалдырғаны, 20 жылдан бері қолданыстағы ереженің биыл аяқ астынан айрықша талқылануы болды. Көпшілік қытай екі ел қарым-қатынасына өзгеріс енуі мүмкін деп тон пішсе, енді біреулер «Картада белгілеу басталуы ғана, біздің мақсатымыз жатқа кеткен жерлерімізді қайтарып алу болуға тиіс» деп айды аспанға шығарыпты.

Бұны тарихи әділдіктің орнауы деп алақайлап жатқандар да, «Бұрыннан солай емес пе, жақша ішіне қытайша атауын ескерткеннен ол аймақтар біздікі бола қала ма?» деп таң қалып отырғандар да бар.

Қысқасы, 20 жылдан бері қолданылып келе жатқан ереже енді неге көпшілік назарына ілініп отыр? Сол қызық, мүмкін бұл «стандарттағы» Тайвань картасына байланысты жаңа ережелермен байланысты болса керек.

Ерлан Мазан

Abai.kz

2 пікір