Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 2696 0 пікір 20 Ақпан, 2023 сағат 13:15

Шәкәрімнің жинағы қашан жарық көреді?..

Шәкәрімнің туғанына 165 жыл!

Зулаған уақыт дауасыз, ғұламаһи Шәкәрім (Шаһкәрім) Құдайбердіұлы ақталған кезден беріде тура 35 жыл өте шығыпты. Сол 1988 жылы Шәкәрімнің біртомдық жинағы (сары кітап) жарық көрді. Кеңестік идеология қыспағынан орын алған кейбір кемшін, олқыға қарамастан исі қазақтың мәре-сәре болып қуанғаны есімізде. Бірақ, ел үміті ақталды ма, соңғы отыз жылда академиялық толық жинақ баспаға дайындалды ма?  Жоқ, олай болмады. Әр жылдары шағын тиражбен бір-екі өлеңдер жинағы ғана басылды, шын мәнінде рухани ұстаз, өзі қауіптенгендей, мүлдем «мұтылды» («Тәуелсіз елміз!» дегеніміз осы ма, «Өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды!» дегеніміз қайда қалды деген ой туады еріксіз).

Ұлы Абайдың толық жинағын да айналып өте алмаймыз. Оның да оңып тұрғаны шамалы. Сапалы, жаңаша үлгіде дайындап, халыққа мол тиражбен тарата алмадық. Кейіндері жарық көрген Абай жинақтарының тиражы 4-5 мыңнан асқан емес. Салыстырыңыз, мәселен, 1961 жылғы біртомдық толық жинақ 60 мың (!) данамен жарық көрген болатын.

Сөйтіп, Абай кітабына деген сұранысты, яғни оған қатысты жыртықты совет заманында мол тиражбен шыққан жинақтар жауып отыр. Сену, сенбеу еркіңізде, Шәкәрім кітабы сатылымда болған емес, шам жағып іздесеңіз де таба алмайсыз (дүкендер сөресінде атымен жоқ). Мұны масқара жағдай демеске лажымыз жоқ! Үйдің іргесі шатырынан бұрын салынбай ма? Іргені, яки тілді, рухи құндылықты қоя тұрайық, бірден-ақ қабырғасын салайық деп тығырыққа тірелген шарасыз хәліміз ай асты әлемге аян емес пе.

Сонымен, кемеңгердің әр шығармасының тарихы баяндалған және оған түсінік берілген Толық жинағы енді қашан дайындалмақшы? Цензурасыз, ештеңеге қарайламай жазылған өмірбаяны жұртшылыққа қашан жетпекші?  Міне, қалың қауым атынан Ғылым, мейлі, Мәдениет министрлігі алдына осы сауалдарды қабырғадан қойғымыз келеді.

Бұл ретте көкейіңіз түкпірінде «Ұсыныс дұрыс-ақ, бірақ дағдарыс күшті, үкіметте артық қаржы қайдан келсін» деген жұбату туындауы мүмкін. Бұлай ойлау түбірімен қате. Қайдағы? Үнемнің иісі де жоқ. Бірер мысал. Көпке аян,  «Бас пенсионердің» кітаптары аса қымбат қағазбен ондаған мың данамен басылып келді. Әр жыл сайын. Оларды басып шығару тұра тұрсын, өзге тілдерге аударып, таратуға да қыруар қаржы кетті. Сол қор (фонд) атаулы, ең болмағанда бір мәрте ақшасын Абай, Шәкәрім кітаптарына төксе не, тақырға отырады ма немесе олигархтың бірі қол ұшын берсе, қалтасы жұқарып қала ма. Екінші мысал, үкімет шетелден бір зенита-ракеталы қондырғы я болмаса бір танк сатып алуға бөлетін қаржы ұлылардың мұрасын миллион данамен таратуға жетіп артылар еді-ау. Демек, дефицит ақшаға емес, ниет, пейілге тіреліп отыр. Өзіңіз де ойлаңыз, ұлылар кітабының қайтарымы оны шығаруға кеткен шығынды он есе  орап алмай ма! Ақжүрек ұрпақ қалыптасуы арқылы. Бұл ақылы сау адамға дәлелсіз-ақ анық. Артқыға «Ар ілімін» аманат еткен Шәкәрім бірде:

Тәңірі жолы – ақжүрек,

Сайтан деген қиянат.

Ақжүректі ертерек,

Ескердағы, қыл әдет! –

десе, енді бірде:

Адамдық борышың –

Халқыңа қызмет қыл!

...Өзімшіл болма, көпті ардақта,

Адамның бәрі – өз халқың! –

дейді. Терең ойын басқа қырынан да жеткізеді хакім:

Затшылық көзін байлайды,

Адастырып, айдайды.

Жан билемей, тән билеп,

Адамның соры қайнайды.

Әулиелігі шығар, сайтанға (қиянатқа) еріп, рухани азып-тозған қазіргі қазақ қоғамының келбетін алақанға салғандай көре білген жарықтық. Міне, адамның сорын қайнатқан бар бәленің басы – жан билемей тән билеп, фәниді күйттеп кеткендікте, Абай айтқан «Пайда ойлама, ар ойла!» деген асыл қағиданы тәркі еткендікте екенін ұғып, біліп отырмыз.

Толық жинақ қашан шығады дегенге қайтып оралайық. Кейбір азаматтардың сөз қисынына қарасақ, бұл министрліктің емес, Әдебиет институтының, қала берді, Шәкәрімді зерттеу орталығының жұмысы, солар жоғарғы жаққа өтініш түсіруі керек екен. Менімше, бұл бос сөз (отыз жыл айға қарап отырды ма). Кейінге сырғыта салу. Бізде билік жеткілікті қаржы бөліп, бітіріңдер деген қаулы шығармай ештеңенің де өз бетінше қозғалмасы белгілі. Солай болуға етіміз үйренген. Сондықтан осы жазбамды биліктің ұшар басында отырған, қолында законы бар лауазымды тұлғаларға бағыттап, солардың құлағына алтын сырға деп жазып отырған жайым бар.

Асан Омаров

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1580
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606