Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3476 0 пікір 28 Наурыз, 2013 сағат 05:39

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

7

Керімбек Күреден осы уақытқа дейін оралмап еді. Екі жақтың арызын шөлкемдеп Ма шяньгон ояздың өзі Керімбектен:

- Дүңген қызы үшін неге қол жиясың?! - дегенді қатты кәрленіп сұраған.

- Мен біріншіден ол үшін қол жиғаным жоқ, - деп Керімбек мән-жайді ұғындырды. - Ал болар іс болып қалған соң, ішімізде отырған Әлиді бөліп тастай алмадым. Өйткені Мамозы әрекетінің басынан дұрыс болмағанына рулы ел болып көзіміз жетеді. - Керімбек өзінің жауабын осылай бастап, қапысыз сөйлеп шыққан. Елді алға тартып сөйлегенде, Ма шяньгон мәселеге байыптап қарады. Сол елдің Керімбек сөзін растап, қуаттамайтыны, қағазға қол баспайтыны жоқтай. Ғажабы қай-қашан рулы ел бір ауыздан жұмулы шығады... Ма шяньгон әсіресе сондықтан Мамозы кегін өз ішінен дәл осы Күредегі өзі ұстап отырған үйездік үкіметтің кегіндей көрген. Бастан-аяқ соны қоса ойлап отырудан бұл жолы да жаңылмаған-ды. Мамозының биге шығармақ тасын өз қолымен жең ішіне жасырып, бұл ұстап отыр. Ертегідегі қолын жеңінің ішіне тығып, тырнағын жасырып отырған «жез тырнақтай» жаттығы білінетін. Рас, арыздың үйездік үкіметті билеген бұның өзінен асып, жоғарғы орынға кетпеу жағын Ма шяньгон сақ көздеп, қазақ арызына көңіл бөлген болды. Әлиді де «бейілді» қабақпен тыңдады. Тұтас қазақ болып сөйлеп отырған, арты соқталы, аңдысқан аужайға зер салып, орынды тыңдап, санасқан боп, зымиян пішінмен өткізбек...

7

Керімбек Күреден осы уақытқа дейін оралмап еді. Екі жақтың арызын шөлкемдеп Ма шяньгон ояздың өзі Керімбектен:

- Дүңген қызы үшін неге қол жиясың?! - дегенді қатты кәрленіп сұраған.

- Мен біріншіден ол үшін қол жиғаным жоқ, - деп Керімбек мән-жайді ұғындырды. - Ал болар іс болып қалған соң, ішімізде отырған Әлиді бөліп тастай алмадым. Өйткені Мамозы әрекетінің басынан дұрыс болмағанына рулы ел болып көзіміз жетеді. - Керімбек өзінің жауабын осылай бастап, қапысыз сөйлеп шыққан. Елді алға тартып сөйлегенде, Ма шяньгон мәселеге байыптап қарады. Сол елдің Керімбек сөзін растап, қуаттамайтыны, қағазға қол баспайтыны жоқтай. Ғажабы қай-қашан рулы ел бір ауыздан жұмулы шығады... Ма шяньгон әсіресе сондықтан Мамозы кегін өз ішінен дәл осы Күредегі өзі ұстап отырған үйездік үкіметтің кегіндей көрген. Бастан-аяқ соны қоса ойлап отырудан бұл жолы да жаңылмаған-ды. Мамозының биге шығармақ тасын өз қолымен жең ішіне жасырып, бұл ұстап отыр. Ертегідегі қолын жеңінің ішіне тығып, тырнағын жасырып отырған «жез тырнақтай» жаттығы білінетін. Рас, арыздың үйездік үкіметті билеген бұның өзінен асып, жоғарғы орынға кетпеу жағын Ма шяньгон сақ көздеп, қазақ арызына көңіл бөлген болды. Әлиді де «бейілді» қабақпен тыңдады. Тұтас қазақ болып сөйлеп отырған, арты соқталы, аңдысқан аужайға зер салып, орынды тыңдап, санасқан боп, зымиян пішінмен өткізбек...

Иә, бірақ енді бұ жолы Шеруден ешкімді шекеге шертіп «сен жамансың» демеген болса, сөйтіп отырын оны маңдайынан сипамағаны да соңынан білінді. Ма шяньгон алдымен қазіргі өзекті іс болған Мамозы жұмысын тексеріп, қыз жөнінде мәселені шешуден бұрын өздері ерте күннен еске алып, жүрек басына запырандай жинап отырған ең басты түйін «Шеру руын тарқату» деген түп есепке тағы оралып соққан. Ма шяньгонның өз жеке ызғарлы шешімі жер бетінде «Шеру» деген тұтас руды енді қайтып болдырмау. Бір тайпы елді табымен түп тамырымен аластау мақсат. Сонда не, бұл елді Іле аймағы болған жердегі өзге қазақтың ішіне тақияда тамтығын қоймай, бір үй, екі үйден үлес қып беру. Яки болмаса, анау: Алтай, Шәуешек сияқты ат жетпес алыстағы қазақтарға қарай көтере айдап көшіру! Осы жолы Ма шяньгон соған шындап бел байлап өзінің маслихатшы, нұсқаушы, кеңесшілерімен патшалық құпия, бұлжымас кеңес құрып сөйлескенде үйездік үкіметтің Ма шяньгоннан кейінгі шонжары, осы әскери мекеменің соғыс қару-жарағын тікелей басқаратын бас орынбасар, айлашылдықпен аты шыққан - Жаң тұң өз тәсілгөйлігін бұл тұста да көрсетті. Оның нұсқауынша: Алтай, Шәуешек деген қазақтың өз аймақтары. Егер сөз Шеруді ыдырату жәйлі қозғалатыны рас болса, онда тау аймақтарына жататын: Іле, Алтай, Шәуешек (Тарбағатай) сияқты қазақ округтері ауызға да алынбасын! Алтай деген онсыз да қазақ ішіндегі бәленің басы боп, «Ұлы Гоминдаң үкіметіне» көз алартумен, керек десе бір рулы Шақабай Керей күні бүгін бағынбай, тау жайлап соғысумен келе жатқан ел.

Ал Шеруді, иә Оңтүстік Шыңжаңдағы Қашқар, Жаркенд тәрізді ұйғыр уәлаятына өткізіп беру, немесе заң бұларды тек өз қазағына қосуды тілейтін болса, онда түу сонау мойны қашық қиянда жатқан Баркөл, Моридың керейлеріне қарай айдау... Баркөл болса арғы жағында Жаң қай ши басқарған «ұлы Гоминдаң үкіметі», бергі жағы Шыңжаң. Қай жағынан алса да географиясы ұлы қытайға етек асты, қосақбасты жер. Жаң-тұңның бұл айтқанына Ма шяньгонның өзі де ләм дей алмай қалған. Сонымен үйездік ұйым Шеру турасында бұрынды-соңды өткен «қылмыстың» бәрін жіпке тізіп, Күре үкіметі атынан өте маңызды қатынас жасап, сол тоқтам қағазды Құлжаға, губернелік штабқа жолдау үшін дайындап қол қойып, бекітіп те алған. Шеру руына қатерлі кез енді туған-ды. Баяғы «ақтабан-шұбырынды» кезіндей елден-ел шулап, ажырасатын күн келе жатқандай. Шыңжаң тарихын, әсіресе оның соңғы екі жүз жылдан бері қарайғы отарлық, жаңа, дана тарихын бес саусағындай білетін Жаң-тұң сол тарихты бейне өз қолымен жасағандай-ақ, жолдан, өкпе тұстан етене баурап иеленіп, бұл өлкенің картасын айқыш-ұйқыш бағыттармен осқылай сызып көрсетушінің бірі. 1757-жылы Манжурия империясының генералы Зо-зың-таң 90 мың әскерімен келіп, ежелгі «Жеті шаһар» атанған ұйғырлар мемлекетіне алғаш рет ауыз салып еді. Сонда жоңғар қалмақтары байырғы «ізденген» жауапкершіліктерін көрсетіп, оңайлықпен беріспеген. Манжурияның қара-қиқым әскерімен кескілесіп баққан. Жаң-тұңның еске бір мықтап сақтағаны, сол қиян-кескі соғыс тілегіне орай манжур империясы амалсыз шара қарастыруға тап болып, ар жағынан қазақтарды, ал бергі жақтан ұйғырларды торғауытқа қарсы соғысқа насихаттағаны.

Басынан-ақ ойлап келгендері, өздерінің Шыңжаңда тыныш өмір сүре алатын, мығым отар иеленуі үшін, сол жоңғар қалмағын тұқымымен жоймай болмайтындығы еді. Қазақтың бағы заманнан қалмақ жұртымен жауласуда келе жатқан ел екенін мұнда қадам баспай тұрып, алдын ала біліп, құлақ түріп келген сауысқандай сақ манжуриялықтар қазақтарға «торғауытты жоюға күш салсаң, сенімен мүдделес боламын» - деп баяғы алааяқ саясатқа онда да бір сиынған. Сұғын қадап, аларып қарап «өтінген». Сол сапар оба ауруы аралап өткендей, жоңғар қалмағын тігерге тұяқ қалдырмай қырмақ болғаны қандай анық болса, Шығыс Түркістан мемлекетін мекендеген ұйғыр мен былайғы қазақ, қырғызды да сол торғауыттарға қарсы пайдаланғаны сондай мағлұм. Және сөйте тұрып тау халықтарынан үркуді әсте ұмытпайтын сол тағылыққа басып, торғауыт қырылып болған соң, енді еске қазақ, қырғызды ұстаған. Себебі жоңғар қалмақтарының мекеніне енді қазақ, қырғыз келіп орныққан. Есепке алдымен Шыңжаң жерінде қойны-қоншы қазаққа толы «тау-тасты» алғандай болған. Сонан тартып Шыңжаң картасының үстінен қымқиғащ ұшқан жебедей, бағыт сызықтары түскен. Арада екі жүз жыл өтіп, бүгінгі күнге жеткенде осы жебе бас бағыт көрсеткіш бүйінің шытырман тормен айқыштаған ұясындай сау жер қоймай өз торабын кездірген. Және сол тордан көбелек іздеп ерсілі-қайшылы жүгірген жотасы түкті бүйідей Жаң-тұң сияқты әскери адамның сумақай қолы қыдырыстап тынбайтын.

Сондай барлау үстінде көздеріне тікенек боп қадалған Шеру руы жайлы Күре үйезі губернелік үкіметке бұрын да ескертіп келген. Ал гүберне штабы болса, әр бір үйездік үкімет өз қарамағындағы халық ішінде нендей «әңгіме» болсын қалт өткізбей алдын алып хабарлап отыруды бұйырады. Өз басқарған жерінен ертең бірнеңе шықса, сол губернатор алдында басымен жауап беретін Ма шяньгон мен мына Жаң-тұң сияқты бірегей, ірікті қолбасылар енді Шерудің мына құбылысын көргенде, ішкен астарын жерге қойды. Бағанағы байланыс қағазды неше жерден мөр, таңба басып Құлжаға жолдап та жіберді. Және бір тың, астыртын сыр бойынша, Тайлақбай мен Керімбектен бастап Шеруден бір топ кісіні қамауға алуды ұйғарды. Губернатордан сол да сұралды. Мамозының көрсетуімен Керімбекке дем берушінің өзі, түптеп келсе, Тайлақбай деген.

Бірақ әлі де сол Тайлақбай бас болып келген Шеру кісілеріне қатты сөз айтыспай, тек үкім шығарып: «Қыз Мамозының өз қолына қайтарылады, жігіт біздің қарамағымызға тапсырылады» деп сараң сөзі бар келте бұйрық жариялады. «Сонымен бітісіңдер» деген моп-момақан, шолақ бұйрық. Қызды құралды күшпен алатын болып, жүз шақты арызшы Шерудің ішіне автоматпен он бес әскер қосып берді. Бойларына «бес қаруын» асынған, түсі жат шеріктер. Бұрынғыдан өзгеше белдеріне қорамсақ-қорамсақ оқ байлаған әскердің алдына түскен тілмаш бар.

Сонымен жиырма күннің шамасында Шерудің жауапкерлері қайтып елге жетті. Жоңғардың аспанмен астасқан биік жоталарынан күн асып, сай-сала қойнауына көлеңке іліне бастаған шақта, майда-қоңыр кештің жым-жырт құшағына арып-ашқан аттылар кеп кіре берді. Кең тынысты жаз кеші шалдыққан жүргіншілерге өзгеше ыстық көрінді.

8

Биыл тек Әминаның ерекше қайрат күші болмаса, Әли егіні айдалмай қалғандай еді. Осман болса ол да бір күн барып қол ұшын бере алмай, аңдушының көзіне түсіп қалмау сақтығымен қазақ ауылында тығылып жатты. Бұлардың ісіне тек Қарымсақ көп себін тигізді. Және бұл егіншілер тегінде өзді-өз жұмысын жеке күйттемей барлығы екі-үш топқа ғана бөлініп, әуелі біреуінің жерінен бастап, сонан соң тағы біріне өтіп, бірлесіп жұмылушы еді. Әрі бас-басына кетуге күш-көлік соқа-қостары да тапшы.

Керімбек ауылына кештете жеткен он бес шерік мұнда бөгеліп, ас-су да ішпестен, қастарына жиырма шақты кісі алып, түнделетіп Әлидің үйіне жетті. Бірақ қыз бен жігіт енді шынымен жоқ болып шығып еді. Шеріктердің бұл жолғы түсінен сескеніп, қазақтар шындап саса бастады.

Осыдан дәл үш күн бұрын егінші дүңген ауылында күтпеген тағы бір зор жанжал болған. Анада Мамозының қалдырып кеткен тыңшы, торуылшылары қыздың қайда екенін сендер білесіңдер», - деп қыстап он шақты атты бірден тиісе келген. Аттарын омыраулатып, байдың жас мырзалары бұндағыларды бір шетінен шықпыртып сабамақшы пиғылмен ұрынған. Жотадағы мейнам бидай басына кешкі мезгілде ұрынып жеткен топ атты көбінесе едірең қаққан жас мырзалар болатын. Топ басы жігіт жаны кейіп сөйлеген бір кедейді ат-соқаны айналдыра қуалап сабай бастаған.

Жанжал бастаушының басшысы көкала атқа мінген, бет-жүзі сұрланған, Мамозының немере інісі - Рахим. Қыздың туған ағасы. Ол өзінің алдына салып алған орта жастағы қатпа бет, селдір сақалды тәутиген диқанды аяйтын түрі жоқ. Басына даңғарадай ши қалпақ киген, арық қара егінші ат тегеуірінінен құтыла алмай, қамшы тиген сайын басы-көзін қос қолымен қорғанып еңкейе бұғып, әркімге бір жалтақтай қарап, пана таппай қашуда. Бауын тамағынан өткізіп алған етекті жеңіл қалпағы жайқаңдап іннен інге тығылғандай қашып жүр. Бұл адам дүңген емес, қытай кедейі - Лән бияу осы болатын. Осыдан он жыл бұрын, 1934 жылы қытайдың халық азаттық армиясы оңтүстіктен солтүстік батысқа қарай жаяу 25 мың ли (қашықтық өлшемі) жол жүріп Шэньси-Ганьсу провинциясына жорық жасағанда, Лән бияу Гоминдаң қолына түскен әскер еді. Коммунистер партиясы қатарына сол әскер сапында өтеді. Содан бір дүңген әскерінің көмегімен қашып тірі құтылып, бері Шыңжаңға өтіп кетеді. Соңына түскен іздеуден таса болу үшін, ең бір шеттегі дүңген қыстағы Мұштайзыны мекендеп жүріп Әлимен достасқан. Бірақ Мамозыға жақпай, міне бұл уақытта кедей егінші дүңгендермен бірге Керімбек арқылы осында келіп тиянақтаған жері еді. Бірақ оның жасырын коммунист екенін осы уақытқа шейін Әлиден басқа жан баласы білмей келген. Рахимның келген бойда тап соны ұруы тегін емес-ті.

Егіншілер осының алдында ғана сәл тынығып, бір жерге жинала отырып сусындап болып, жан-жаққа енді тараса бастаған. Құтырық топ сондай сәтте жеткен-ді. Лән бияу тартқан жазаны сонадай жақтан көзі шалған Қарымсақ сәт үстінде қара бурыл атты дереу соқадан шығарып, қасындағыларға да «ұмтыл» деп бұйырып, өзі жайдақ атпен қолына бір сойылды ұстай шапқан. Ол өзінің соңынан кісі ерген-ермегеніне де қарамастан төтелеп көкала аттыға қарай шұқшиып жете берді. Бұл уақытта Рахим жаңағы адамды діңкесін кұрта болдыртып, ат омырауымен қақтыра жығып, енді тағы біреуіне ұмтылған. Томырық жан дүлей ашуға мініп, өзінің бұрыннан кекті адамдарына бүгінгі мынау желеумен қырғидай тиген. Қарымсақ бурылды қос өкпеден тебініп, Рахимның алдын тоса, сойылын пәмдеп ұстай берді. Анау енді өлген шығармын деп ойлаған. Бірақ Қарымсақ жеткен бетте оңтайлап алған сойылымен көкала атты шекеден соғып жіберді. Ат айнала беріп, алдымен қос дізесі бүгіліп кетіп, сол сәт арт жағынан да шөмейе, бұраң етіп жығылғанда, өзімді ұра ма деп қатты жасқанған Рахим да атпен бірге ұшып кеткен. Жанжал бастаған жалғыз Рахим ғана болмай, оның тағы бір жақтасы басқа бір егіншіге қамшы сілтеген. Қарымсақ Рахимды тастап енді осыған беттеді. Алғашқы әдіспен шағыр тор атты аяп, ананың өзін жон арқадан ұрып өтті. Осы кезде екінші жақта да айқыш-ұйқыш төбелес басталып қалған.

Қару сайламай, тек қамшыларына сеніп келген топқа жаяу-жалпылы қаптаған егінші қауым ат айдаған ұзын, солқылдақ көк талдары мен үлкен бишіктерін қос бүктеп айқасып, жаяу төбелес бастаған.

Бір-екеуі жаяу қалған Рахимды ортаға алып қалыпты. Шет жақта үркердей иіріліп, қатын, қыз безектеп, шулап тұр. Жайдақ атқа мінуші Қарымсақтан өзге бір дүңген, екі қазақ қана еді. Жаулар тобы дүңгеннің көкпаршы жортуылшы сай жігіттері болатын. Бірақ олар үлкен сойылы бар Қарымсақтан көбірек тайқып, ол тұс келсе шеттеп, қашқалақтап жүр. Бұлардың екі адамын жайдақ аттан аналар да түсірді. Соны көрген Қарымсақ бір дүңген әйелдің қолына түскен ықшамдау тал таяқты көзі шала бере:

- Әпке бері! - деп тұсынан ағып өтіп бара жатып өз сойылын ыршытып тастап соны іліп ала кетті. Бұрынғы сойылымен біреуді мерт етіп алам ба деп ұра алмай жүрген. Ол адыраңдап жүрген бір көк атты мәлтекбас дүңгеннің соңынан қадалып түсті. Анау топты айналып қашса да, Қарымсақ құтқармастан бастырмалата қуып дәл жауырыннан қиғаштата соғып еді. Тақымындағы ат сытылып шыға берді де, өзі бауырдай тілінген қара қыртыс айдауға шаншыла құлады. Ендігілер Қарымсақтан ашық тайсала бастап, өзді-өзімен «е» дескендей, бір сәтте-ақ бар тобымен жалт етіп шеттей жөнелді.

Рахимды біреуі жанай өтіп бара жатып, сап еткізіп міңгестіріп әкетті. Бағанағы шағыр атты да қым-қиғаш қарбаластың ішінде жолдастарына міңгесіп үлгерген екен. Тек ең соңғы жығылған кісісіне олар қарай алмап еді. Көк ат иесін қалдырған бетте құйрығын шаншып, шығандап бір далаға жалғыз кеткен. Бірақ ең қиыны аналар бір түйдек арадай боп ұйлығысқан тобыменен жөнеле бере біреуі үзеңгісін суырып алып, бір егіншіні сермей ұрып мұрнын бұзып кетті! Кейін бай дүңгендер «Айса-пұшық» атандырған сорлы диқан кеңсірік тұсынан мұрны екіге бөлініп, қан құшып қалды! Рахимдер адам жиып әкеп, енді бүкіл егінші ауылды ойрандау қаупі бар. Сондықтан диқандар соқа-қосты ерте доғарысып, тобын жазбай тездетіп ауылға қайтты. Қарымсақ әлгі жығылған көк аттының жайын аңдап еді. Ол орнынан әлі тұрмай жатса да есін жиып қалған екен. Қасына кеп көзін қиялай тастап тұрды да: - Жат, жайрап! - деп жүріп кетті. Қазақ ауылдарына Қарымсақ кісі шаптырды. Бұл күні өз қасына түн бойы қырық-отыз жігіт жинап отырды. Күндіз Рахим тобы егін басына бірден бармапты. Әуелі қыстауға келіп, үйдегі бірен-саран кемпір-шалды әурелеп, қыздың қайда екенін осыларға айтқызбақ болған. Өлмелі шал Омарды сақалынан ұстап қинапты. Міне, арызшы-жауапшылар қайта айналып келгенше, арада осы іс өткен. Сонымен дәл кешегі кеште бұл ауылға Күредегі Әлиден бір жасырын, суыт хабар жеткен. Қарымсаққа екі ауыз сәлем жолдап:

«Қыз қайтарылып, жігіт ұсталып берілетін болды... Османның көзін құртатын түрлері бар. Екеуін бір жаққа жөнелт» - деген.

Мұның өзі Рахимдар салған бүлікке анық бір оңтай келген әрекет еді. Қарымсақ Әлидің Керімбекпен ойласқан, ойласпағанын білмесе де, іс артына белді бір-ақ буған. Осман мен Патиманы алып белгісіз бір жаққа сусып жоғалған болатын.

Бүгін Мақсұттар сол хабарды ертерек Керімбектің алдынан шығарған-ды. Қандай ақыл ойластырады, құлағдар болсын деген. Міне, сондай хабардың соңынан қасына жиырма шақты кісісімен он бес шерікті ерткен Керімбек Әли ауылына түнделетіп келді. Әли де осы келген кісілердің арасында. Сонымен Әли өз ауылына жеткен бойда аттан түспей, көп егінші ішінен әйеліне дүңгеншелеп:

- Осман мен Патиманы алып шығыңдар, тез шығыңдар! - деп бұйыра сөйледі. Сол сәтте ауындағы сыртқа шыққан барлық еркектер жамыраса шуласып қоя берді.

- Осман мен Патиманы Мамозы адамдары өлтіреміз деп іздеп келіп, содан қорқып қашып кетті.

- Мамозы інісі Рахим тобымен келіп, егін басында барлығымызды қиратып ұрып, соққыға ұшыратып кетті!

- Бір кісімізді мәйіп етіп, мұрнын бұзып кетті!

- Үйдегі-түздегімізді түгел ойран етті.

- Соны білген қыз бен жігіт өзімізге де айтпай қашыпты! - десіп тұс-тұстан зар қақты.

Шеріктер әуелде нағыларды білмегендей сәл дағдарысып қалды. Артынан ес жиғандай, ентелеген ашулы нұсқаларымен быдыраң-быдыраң ете сұрау салып:

- Қашан?! Қашан кетті?!

- Оларға ат берген кім?

- Қай жаққа кетті? Неге ие болмайсыңдар!? - десіп, соны білсе, дәл қазір табанда үйтіп жіберердей болды. Шедірең қақты.

...Ақырында оның жөнін «білетін» ешкім болған жоқ. Мінген ат қазақ ауылдың екі аты делінді. Арқандаулы жерінен түнде ұрлап мініп қашты деген түйінді жауап естілді. Сонымен бұл түні шеріктер Керімбек аулына барып қонды. Өзді-өзіне кезекпен күзет қойып, күбірлескен бойларымен түнеп шықты. Таң ата қастарына қазақтан елу шақты кісі алып осы маңайдағы тау-тастың қойны-қоншын тегіс ақтарғандай қарата бастады. Күн бойы бір-бірінен жұп жазбай мылтықты иықтарына оңтайлап алып өздері шеттеп жүріп отырды.

Олар сол күні кешке жақын қонаға асын жесіп алып, осы жерден ат лаулап мінді де, шаршап, талыққандарына да қарамастан Күреге түнделетіп аттанды. Осман мен қыздың табылмағаны үшін соның бодауына Әлиді тағы ұстап айдап әкетті. Оны қолға түсірудің ең оңай сылтауы табылған.

Лән бияуды да жолдасы Әлимен бірге тұтқындап кетті. Өзі өмір бойы үйлене алмаған, қыста туған күшіктей, қыңсылаған тағдыры бар жазғанды алда не күтіп тұрғаны белгісіз еді.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір