Жұма, 19 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 2498 14 пікір 13 Ақпан, 2023 сағат 11:56

Ресей қазақ пен өзбекті газ одағына көндірді ме?

«Қазақстан, Өзбекстан және Ресей газ бойынша келіссөздерді жеделдетуге келісті», - деп мәлім етті Өзбекстанның Энергетика министрлігі.

«9 ақпанда Санкт-Петербургте Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Жорабек Мырзамахмудов, «Газпром» ААҚ Басқарма төрағасы А.Миллер және ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов үшжақты кездесу өткізді», – делінген хабарламада.

Мемлекеттер Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға Ресейлік табиғи газды жеткізу мәселелерін, атап айтқанда, үшжақты жұмыс тобы жүргізген алдын ала техникалық байқаудың нәтижелерін, жеткізудің қолда бар мүмкіндіктерін, сондай-ақ ағымдағы жылдың қаңтарында қол қойылған «Жол картасын» іске асыруды талқылады.

Ведомство осы кездесудің қорытындысы бойынша үшжақты зерттеулердің келесі кезеңін жеделдету, сондай-ақ, үшжақты кездесуді қысқа мерзімде қайта ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.

Ресей СІМ басшысының орынбасары Михаил Галузин өткен жылдың 26 желтоқсанында ТАСС-қа берген сұхбатында «Үштік газ одағын құруға айтарлықтай кедергілер жоғын әрі Ресейдің серіктестері осы бағыттағы іс-әрекетке дайын отырғанын» жеткізген.

«Үштік газ одағын» құру идеясы Ресеймен қатар, біздің әріптестеріміз: Қазақстан мен Өзбекстанның да қызығушылық тудырады. Осы саладағы өзара іс-қимыл энергетикалық қажеттілікті, халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қажет.

Өзбекстан Республикасының жобаға қатысу, қатыспауына келер болсақ, президент Путин 9 желтоқсанда Бішкекте өткен ЕАЭО Саммиті аяқталғаннан кейін, баспасөз мәслихаты барысында ықтимал энергетикалық альянс құру бойынша жұмыс басталғанын атап өтті. Ресей серіктестері осы бағыттағы бірлескен іс-қимылдарға дайын. Идеяны жүзеге асыру үшін ешқандай маңызды кедергілер жоқ, бірақ, ең алдымен, үлкен жүйелі жұмыс атқарылуы керек. Әсіресе сараптамалық деңгейде. Қазір оны үш елдің құзыретті министрліктері жүргізіп жатыр», - деп айтқан.

Бірақ Қазақстан «Үштік газ одағын» құру бойынша ешқандай ресми ұсыныс келіп түспегенін айтты.

Ал, «Газета.uz» басылымы Ресей «Үштік газ одағын құру» деген желеумен Қазақстан мен Өзбекстанның газ тасымалдау жүйесін иемденіп алғысы келеді. Әсіресе «Орталық Азия – Орталық» газ құбыры арқылы Қытайға газ тасымалдау құқығын алуды көздеп отыр», - деп жазды.

Айжан Темірхан

Abai.kz

14 пікір