Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Алашорда 3137 4 пікір 10 Ақпан, 2023 сағат 12:19

Мұстафа Шоқай он алтыншы жылда

(Бас суретте М. Шоқай. Петроград, 1916 ж.)

Мұстафа Шоқай патшаның 25 маусымдағы жарлығына наразылықтан буырқанып басылған Түркістан өлкесіне барып қайтқан-тын. 1916 жылдың тамыз айында. Іссапарға Петроградтан Ресей империясы IV Мемлекеттік думасының арнайы делегациясы құрамында шыққан. Думаның Мұсылман фракциясының төрағасы Құтлұмұхамед Тевкелев және мұсфракция мүшесі  Шәкір Мұхамедьяров үшеуі Ташкентке 10 тамызда жетті.

Ал делегация жетекшісі,  Думаның солшыл қайраткері Александр Керенский  Түркістан генерал-губернаторлығының орталығына олардан бір апта бұрын, 3 тамызда келген екен. Ташкент бұл кірпі шашты арықша ашаң жігіттің өз қаласы болатын. Гимназияны сонда бітірген. Жеткіншек, жасөспірім күндерінде Ташкент мешіттері жанынан талай өтуші еді.  Азан шақырған мұсылман діни қызметшілерінің әуезді айқайына құлағы әбден үйренген-тін. Бірақ бұл жолы, думалық делегацияның өзге мүшелерімен бас қосқан күнге дейінгі таңғы сейіл кездерінде тыңдаған азан әуенінен алған әсері мүлдем бөлек болды. Бұрынғы әсем әуез енді қою мұңға суарылғандай естілген-ді...

Делегация жиналған соң бәрі Самарқан, Әндижан, Қоқан, Ташкент үйездерін жарты айдай    аралады. Тас-талқаны шығып қиратылған Жизақты көздерімен көрді. Жазалаушы жасақ деп аталатын орыс жендеттерінің қолынан бесіктен белі шықпаған сәбиден еңкейген қартқа дейін қаза тапқанына көздері жетті.  Көтерілісті әскер күшімен басу кезінде ерекше орын алған қиянат пен зорлық-зомбылықтың әлі күнгі тиылмай тұрғанына куә болды.

Кеудесіне нан піскен отаршыл озбырлығын, басқа – басқа, Мемдума делегациясының өзі де тікелей көрген. Келесі бір стансаға бармақ үшін шыққандарында, бәрінен жасы кіші Мұстафа Шоқаев теміржол бекетіндегі билет кассасы алдында кезекке тұрған еді. Билет беретін  терезеге тақалып қалғанында, көлденеңнен әлдебір орманшы килікті. Алдын кес-кестеп, орнын беруді талап етті. Мұстафа мұның әдепсіздігіне таңырқай бір көз тастады да, әрі бұрылып, касса терезесіне үңіле берді. Сол сәтте  әлгі орман қызметкері мұның басына шыбыртқысын үйіріп, даурыға балағаттады. Әй-шәй жоқ, иығынан қатты итеріп қалды.

Мұндай жүгенсіздікті отаршылдар әдетте емін-еркін жасай беретін. Қатардағы тузем бодандары тарапынан олары үнсіз қабылданатын. Бірақ оқыған туземдік, жәй ғана оқыған болса бір сәрі, сонау империя астанасынан арнайы келген Мемдума делегациясының мүшесі мұндай оспадарсыз қылықты, әрине, жауапсыз қалдырмады...

Бұл оқиға жайын естігенде, Дума делегациясының басшысы Керенский қатты ашуланған еді...

Жәй ғана ашуланып, вокзал бастығына тиісті ескертпе жасау өз алдына, ол император пәрменінің өлкеде бірден орындалмай, бүліншілік тудыруының сырын ұққан. Орын алған тәртіпсіздіктер тамырының отарда көрсетіліп тұрған осындай астамшылық қылықтарда жатқанын пайымдаған.

Осы сапарда ол мұсылмандықты, оның ғибадатханаларының тыныс-тіршілігін гимназияда оқып жүрген алыс жылдарындағыдай тек алыстан бақылаумен шектелген жоқ, делегациямен бірге көп мешітті, Ташкенттегі ғана емес, өзге де елді мекендердегі мешіттерді арнайы, тікелей аралады. Барлық жерде де имамдар, ахундар, молдалар, жалпы жамағат жабығыңқы екенін көрді. Жермен-жексен етіп қаусатылған Жизақта кереметтің күшімен аман қалған мешітте де болды. Ондағы діни қызметшілерді жолықтырды, әңгімелесті. Әндижандағы жәми деп аталатын үлкен мешіт алаңында халықпен кездесті. Сонда қалың халық алдында сөйлеген сөзінде:

– Патша үкіметінің саясатын орыс демократиясы қолдамайды, орыс демократиясының бұл сойқанда кінәсі жоқ, – деген болатын.

Сендіріп айтқан. Сосын орыс демократиясының басты нысанасын:

– Орыс демократиясы мемлекеттік биліктің халық қолына өтуі үшін күресіп келеді, – деп көрсетті. Тыңдаушыларына түсінікті болуы үшін, жергілікті ахуалға тақалтып: – Орыс демократиясы түркістандықтардың орыстармен тең құқықты болуы үшін күресіп келеді, – деді.

Жалпы, ел аралай жүріп, орысы бар, туземдігі бар, түрлі көзқарастағы қаншама интеллигентпен жүзбе-жүз сөйлесті және монархиялық құрылысты аяусыз сынады.

Оған сол іcсапарда Мұстафаның тигізген көмегі зор болды.  Күлліресейлік мұсылмандар комитетінің қызметкері. ИСПУ-дің – Императорлық Санкт-Петербург университетінің түлегі. Керенскийдің өзі секілді заңгер. Түбі түркістандық екен. Ол да  Ташкенттегі орта оқу орнында – бір кездері бала Керенский оқыған гимназияда тәлім алыпты. Алтын медальге бітіріп, астанадағы императорлық жоғары заң мектебіне түсуге Керенскийдің әкесінің қолынан жолдама алып аттанса керек. Әкесі сол шақта Түркістан өлкесіндегі оқу инспекторы еді. Міне, осы жас жігіт Дума делегациясы жетекшісінің Түркістандағы туземдік қауыммен тез шүйіркелесіп кетуіне жақсы сеп болды.

Шындап келгенде, Керенский үшін буырқанған өлкеге Дума атынан келген делегация құрамындағы екі мұсылман-депутат бір төбе де, тілмәштік қызметті мүлтіксіз атқарған Мұстафа бір төбе көрінді. Ол кездесулерде Керенскийдің сөзін аудармашы ретінде туземдік жұртқа, туземдіктердің сөзін бұған ізінше және өте түсінікті, дәл жеткізіп жүрді. Түрлі сұхбаттарды шапшаң әрі сапалы тәржімалап отырумен қоса, өлкеде орын алған ахуалды былайша да түсіндіріп, көп жәрдем етті. Орысы бар, қазағы бар жергілікті интеллигенттердің көбін бұрыннан біледі екен,  соларды Мемдума мүшесі қадірменді Александр Федоровичтің сауалдарына дәйекті түсінік бере алады деп, Керенскийге тікелей таныстырып отырды.  Не  керек,  думалық  әріптесі,  делегацияның құрамындағы мұсфракция төрағасы Тевкелевтен де гөрі, зерек те елгезек бұл жас жолдасты ол өзіне мейлінше жақын тұтты.

Солшыл көзқарастарымен танымал саясаткер Керенскийге жалпыресейлік мұсылман комитетінің қызметкері Шоқаев көптен құрметпен қарайтын. Осы сапар үстінде сол сезімі беки түсті. Себебі бұл белгілі саясатшының өлкеде үлкен дүрбелең туғызған мәселенің анық-қанығына жетуге тырысқан әрекеттері тікелей өзінің көз алдында өтіп келе жатқан. Оның ештеңені олай-бұлай бұрмай, оқиғаны бағалауда қайткенде де әділетті болуға деген ынта-ықыласын көрді. Сол орайда түркістандықтар алдында ашықтан ашық жария еткен бүкпесіз ой-пікірін естіді. Соның бәріне бек разы болған-тын.

Империяның бұратана бодандары ашу-ызасын бұрқ еткізіп көрсеткен көтеріліс жайында биліктің осынау сыншы-оппозиционері неғұрлым көбірек мағлұмат алуға тырысқан. Оның сондай ниетін түсінісімен, Мұстафа да оған мейлінше көмектесуге құлшынған-ды. Шынтуайтында, бұл – қор болған отар халқының құқын езуші өкімет өкілінің қолымен қорғауға септесудің бірден бір тиімді жолы да еді. Осылай пайымдаған Шоқаев Дума делегациясына жергілікті азаматтар тарапынан халықтың көтерілісі және оны әскерилердің қатыгездікпен басуы жайында жазбаша куәліктер берілуін ұйымдастырды.

Керенский көп дерекке кенелді. Оны, әсіресе, әндижандық мұғалім Қоңырқожа Қожықов тапсырған материал разы еткен болатын. Оның реквизицияға жататындар жасын анықтауда жергілікті әкімшілік өкілдерінің долбарға құрылған іс-дағдысы, сол орайда парақорлықты өршітуі, әскери жасақтардың көтерілісті басудағы масқара асыра сілтеулері жөніндегі мысалдарды жинақтап, жүйелеп ұсынғаны көлемімен де, мазмұнымен де, және, әрине, нақтылығымен ерекше маңызды құжат боп шыққан еді.

Олар социалист Вадим Чайкиннің үйінде жүздесіп, пікірлесті.  Сондағы жылы да мәнді сұқбат Мұстафаның есінде, әлі көз алдында тұр. Бәрінің де соңғы оқиғаларға көзқарастары солшыл Керенскийдің өлкеде көңіліне түйгенімен үйлесіп жатқан еді.

Дүрбелең тұншықтырылып, майдан жұмыстарына күзгі шақыру басталған шақта, жұрт тағы қобалжыған. Ізінше ел ішінен ентігіп шыққан дала өкілдерінің бір тобы Питерге жеткен. Қазаққа беймәлім және беймағына соғыстың от-жалын ораған шебіне аттандырылмақ жастарына ара түсуді күйттеп келген. Олар жігіттерін көгендеулі қойдай мөлитіп,  ажал аранына топырлатып айдатудан құтқаруды мақсат еткен-тін. Патшалықтың астанасындағы мұсылман комитетінде істеп жүрген қазақ баласының көмегімен соның әлдебір жолын табудан үміттенген. Сонда ел ішінен келген бұл азаматтарды Мұстафа айтулы саясаткер, думалық солшыл бірлестіктердің аузы дуалы серкесі Керенскийге жолықтырды. Ол өзіне үлкен үміт арта қараған осынау далалық аңғал да ақжүрек араағайындарды алдаусыратпай, шын көңілімен сөйледі. Ештеңені бүкпей, мәселенің ашығын айтты.

– Орыс әкімшілігіне еш жерде, отар аймақтар түгіл, орталыққа тақау жерлердің өзінде де сенуге болмайды, – деді.

Сосын ақылын айтты. Бұратана зиялыларының, осы отырған ел ағаларының есінде болсын. Олардың үкіметке төленуге тиіс әдеттегі салық үстіне, соғыстың қара жұмыстарына салудан жастарын құтқарып қалу үшін, «малым – жанымның садақасы» ретімен еселеп, артығымен қосып беруге пейіл боп тұрған жылқыларын орыс әкімшілігі рахаттана қабыл алады, бұл бір.  Екіншіден, солай ете тұра, қаншама уағдаласса да, онысынан еш қиналмастан тая салады. Сөйтіп, берген малдарын да, бұлардың сондай пара беру жолымен мобилизациядан құтқарсақ деп қиялдап тұрған жастарын да, сөз жоқ, алып кетеді. Иә, деді ол, «соғыс әжетіне, армияның қара жұмысына қажет» деп, әй-шәйге келтірместен, сыпырып әкетеді. Орыс бюрократиясын Керенский, құдайға шүкір, өте жақсы біледі,  сондықтан ол қазақтарға бекерге шашылмағандарыңыз жөн дейді...

Соғыстың қара жұмысынан құтылу амалын іздестіріп, Петроградқа Торғай қазақтарының делегациясы да келген. Мұстафаның көмегімен осынау беделді думалық қайраткерге  жолығып, өздерінің тілектерін білдірген. Елден ат арытып жеткен өздері мен үкіметтің арасына осы беделді Мемдума мүшесінің делдал болуын сұраған. Шарттарын баян қылған. Майданға Торғайдан алынуға тиіс қара жұмысшылардың орнына халық он мың сәйгүлік беруге әзір екенін айтқан. Сонда Керенский басын шайқап: «Орыс үкіметі сіздердің сәйгүліктеріңізді де, жігіттеріңізді де алады. Оған сенуге болмайды, оны тек орыс демократиясымен ауыстыру керек», – деген еді...

Патшалық самодержавиенің орнына орыс демократиясы келуге тиіс! Көзқарасы  осындай демократқа қалай ғана құламассың. Мұстафа оған сенді. Сол арқылы жалпы орыс демократиясына сенді. Дала және Түркістан өлкелерінің байырғы жұртына азаттық әперу жолындағы күресте ұлт қайраткерлерінің кіммен үзеңгілес болуы керектігі айқын деп санады. Өзі іштей үлкен үміт артып жүрген орыс демократиясының осынау көрнекті өкілі, Мұстафаның байқауынша, Мемдумадағы ең шетін солшыл депутат қана емес, орыс бюрократиясының аса қатал сыншысы да еді.

Онысы рас-тын. Керенский Думадағы оңшылдардың, қара жүздікшілдердің, тағысын тағы қилы бұралаңдармен билік мүддесіне бағдарланғандардың әрекеттерін жақсы білетін. Олардың үкіметтің озбырлығын қостап, қоғами тыныс-тіршілікте жасаған былықтары ахуалында турашылдықпен қызмет атқарудың қиын екенін де түйсінетін. Бірақ, тіпті, соны тікелей  көріп жүрсе де, мойымайтын және өз ұстанымынан ешқандай да бас тартпайтын. Сондықтан да, уақыт өткен сайын, саяси күрес соқпақтарымен биіктеп келе жатқан еді.

Бірде ол Мұстафаға:

– Бізді осынау сұмдық пен қара былық ішінде маңдай терімізді төгіп еңбектене беруге не итермелейді? – деген сауал қойған.

«Әділеттілікке іңкәрлік, – деп ойлаған-ды іштей Мұстафа, – халықтар бақытын ойлағандық...» Бірақ сыртына шығарып үлгермеді. Анау мұның пікірін күтпеген де болу керек, сауалының жауабын кешеуілдетпей, өзі берген. Кейінірек, Ақпан революциясы нәтижесінде орнаған демократиялық Ресей Республикасы үкіметінің басына барғанында,  ішінде Мұстафа да бар жаңа билік өкілдері шартараптан жиналған Мемлекеттік мәжілісте, тұжырымды түрде сол пікірін қайталады:

– Біздің жан аямай күресуден тайынбауымыздың сыры, – деді ол, – замандастарымыздың сотынан басқа да қазы барын, алдымызда бізді тағы да аса жоғарғы сот – тарих соты тосып тұрғанын білетінімізде!

Бірақ соны ұғыну – сол соттың қандай боларын алдын-ала білу деген сөз емес... Бар болғаны тағы бірнеше жылдан кейін Мұстафа онымен эмиграцияда кездеседі. Баспасөзде қызметтес болады. Демократиялық көзқарастарының айрылар тұстарын бағамдасады. Бірақ оған дейін әлі талай буырқанған белестерден өту керек...

Қазір, Он алтыншы жылғы дүбелеңге байланысты солшыл қайраткер Александр Керенский Түркістан өлкесіне думалық арнайы делегацияның басшысы ретінде барып, мемлекеттің шет аймағы ішіндегі жаңа жосықсыздықтарды тікелей білді. Үкіметтің оралымсыз іс-әрекетінің көңілсіз салдарларын көрді. Оның империя мүддесіне қандай залал тигізетін бажайлады. Не керек,  ол бұл жолы делегация құрамындағы жас түркістандық аудармашысы Мұстафа Шоқаевтың септесуімен Орыс Түркістанынан көп нәрсеге көзін ашып оралды.

Бұл іссапардың Мұстафаға да бергені мол болды.

Ресей Империясының  үкіметі түркі-мұсылмандардың оянуынан қатты шошитын. Күдік пен үрей, әсіресе, Осман империясындағы жас түріктердің 1908 жылғы көтерілісі кезінен бері өршіп тұрған-ды. Осы бір секемшілдік жетегімен үкімет панисламизм, пантюркизм, яғни  исламшылдық, түркішілдік деген саяси жалалы айдарлар ойлап тапқан. Соларын күдікті көрінген өзге тектілерге оңды-солды таңып, қилы шара қолдануды әдеттегі іс-дағдысына айналдырған. Өстіп отарындағы бодандарды ауыздықтап ұстауға айрықша мән беретін. Мұстафаның пікірлес досы, жәдидшіл Убайдулла Ходжаевтың түркістандықтарды прогреске үндейтін газеті осындай ахуалда шығып тұрған еді, ақыры туземдіктердің жоғын жоқтаған басылым өлке генерал-губернаторының бұйрығымен жауып тасталды. Оған Убайдулла  мойымай, Петроградта жаһандық соғысқа байланысты шақырылып, 1914 жылғы желтоқсанда өткен  съезге  Түркістан  мұсылман  қоғамдық  ұйымдары атынан қатысты. Жалпыресейлік мұсылман комитетінің құрамына енді және сонда қызмет істеу үшін орталықта қалды. Ал биылғы жыл басында ол мұсылман комитеті жанынан Мұстафа Шоқаевпен бірге тузем комиссиясын құрды. Осы тузем комиссиясының, яғни Түркістан комиссиясының алға қойған мақсатына сай, олар енді Түркістан өлкесінің мәселелерімен тереңірек шұғылдануға кіріскен-тін.

Ал жазда бұлардың туған өлкесінде патшаның 25 маусым пәрменіне қарсылық оты бұрқ етіп, Түркістан бір сәтте-ақ от-жалынға оранып шыға келген. Содан бастап Мұсылман комитетінің Түркістан комиссиясы үшін мазасыз күндер туды. Елдегі билікпен, жекелеген азаматтармен байланыстар жасалды. Ішкі істер министрлігіне сұрау салынды. Дума демалыста жүрген себепті, әуелі жекелеген депутаттармен, Мұсылман фракциясының төрағасымен байланыс жасалып, кеңесулер өткізілді. Жағдайды жіті бақылап, сондай әрекеттермен жүргендерінде, өлке басшысының ауысқаны мәлім болды.

Сонда Мұстафа іштей соған үміт артты. Тыныштығы бұзылған өлкеге дұрыс әкім тағайындалған шығар-ау, әділ басшылық жасар-ау деп ойлады. Сөйтіп,  өлкені басқаруға аттанғалы отырған жаңа әкімге – генерал Куропаткинге арнайы барып жолыққан. Бұл шілде айының орта тұсында болған еді.

Соғыс басталған шақта, 1914 жылғы күзге салым, Түркістан генерал-губернаторлығын уақытша басқаруға генерал Мартсон жіберілген-тін. Бірақ оның уақытша қызметі екі жылға созылды. Биыл оған көмекші болып генерал Ерофеев барды.  Ал  Мартсон өзінің уақытша қызметінен осы 25 маусым пәрменіне қол қойылған шақта ғана босады. Содан, ұзамай, Петроградқа оралды. Оралып, Әскери кеңес мүшесі лауазымындағы жұмысын жалғастырды. Ал генерал-губернатор Мартсонның көмекшісі генерал Ерофеев өлкеде ерекше белсенділік көрсете бастады. Ол, тіпті, орыс әскери қызметкері көрінгенде, туземдік біткен басын төмен салып, иіліп тұру керек деген бұйрық шығарыпты. Генерал-губернатордың орнына отырып қалармын деп дәмеленгенінен бе екен...

Алайда Түркістан генерал-губернаторы лауазымына генерал Куропаткин тағайындалған. «Мартсон  астанаға  ауысқалы  генерал-губернатордың  міндетін  атқарып отырған генерал Ерофеев жаңа  генерал-губернатор Куропаткин қызметіне кіріскенге дейін талай былық жасап үлгерген еді, – деп, Мұстафа іштей күрсінді, – генерал Куропаткин  аз уақытта одан да асып түсті...» Мұстафа генерал Куропаткинмен осында, Питерде сөйлескен болатын. Тағайындалған лауазымдық міндетін атқару үшін Ташкентке аттанарының алдында кездескен. Қабылдауына арнайы сұранып кірген. Сонда қарт генерал Бүкілресейлік мұсылман комитетінің түркістандық қызметкерімен түсіністік білдіріп әңгімелесті. Пікірімен келісті. Әскерилердің Түркістанда бейбастақтыққа жол беріп жүргенін мойындады. Өзінің өлкеге бара сала тәртіп орнатпақ, заңды, әділеттілікті үстем етпек ойы барын айтты. Мұстафа оған, уақытында империяның соғыс министрі мәртебесінде де қызмет атқарған байырғы әскери қайраткер Алексей Николаевич Куропаткинге, жасы ұлғайғандықтан да әділетті болуы ықтимал ғой деп санағандықтан, кәдімгідей сенген еді...

Солтүстік майдан қолбасшылығынан шақырып алынып, Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы лауазымына бекітілген жауынгер әскербасы шынымен де либерал тәрізді-тін. Мұсылман комитетінің әм оның түркістандық комиссиясының мүшесі Мұстафа Шоқаев деген азият өзімен сөйлесуге сұранғанда, бастартпаған. Жас демеді, бұратана демеді, ықыластана пікірлесті. Және Мұстафаның ой-пікірімен келіскен-тін.

– Көтерілістің себептерінің бірі – рас, Түркістан әкімшілігінің өз билігін асыра пайдалауында жатыр, – деп мойындаған-ды сонда генерал. – Мен онда барысымен майдан жұмыстарына шақыру шарттарын жеңілдетемін. Озбыр чиновниктерден әкімшілікті толық тазартамын.

Мұстафа ризашылық білдіріп, генералдың жаңа лауазыммен аттанып бара жатқан сапарының сәтті, осынау ауыр кезеңдегі жұмысының табысты болуын тіледі. Алайда Ташкентке шілденің екінші жартысында ғана жеткен генерал ойын тез-ақ өзгертіпті. Көп ұзамай өлкеге Дума делегациясымен өзі де барғанында білді,  генерал-губернатор Ташкентте ел басқару ісіне кіріскеннен кейін, артынша-ақ:

– Орыс қаны тамған жердің бәрін тәркілеу керек, – деген ұран тастапты...

Мұстафа генерал Куропаткиннің Түркістандағы қызметінің алғашқы айының «жемісі» жайында жазылған «Туркестанские ведомости» газетіндегі сөздерді Керенскиймен бірге оқыды. Онда: «Бүлікшілер тиісті жазасын алды. Әскерлер мыңдаған киргизді қырып, мекендерін жойды. Олардың мыңғырған малы әскерлер мен әкімшіліктің қарамағына түсті», – делінген-ді...

Делегация өлкенің наразылық оты шарпыған аймақтарын аралап, ахуалмен көзбе-көз танысты. Мол материал жинады. Сосын астанаға оралды. Көп ұзамай Төртінші Мемлекеттік думаның каникулға кеткен мүшелері жер-жерден Петроградқа жинала бастады. Кезекті сессия ашылар уақытқа дейін депутаттар өз фракцияларында бас қосып, ағымдағы жағдайға байланысты пікір алысып жатты. Осы шақта Шоқаевқа Мұсфракция төрағасы Тевкелевтің атынан ұсыныс түсті. Ол ұсынысты ықыластана  қабыл алып, фракцияның Ұйымдастыру бюросына Түркістан өкілі ретінде қызметке орналасуға дайындалды. Думаның Бесінші сессиясы жұмысын бастағалы тұрған 1 қарашада түске дейін бас қосқан Мұсылман фракциясы тиісті шешімін шығарды. Мұстафа жазушы, осетин қайраткері, фракция Ұйымбюросының төрағасы Ахмед Цаликовпен алдағы міндеттер ауқымын анықтап, іс жоспарын жасауға кірісті...

Көтеріліс  негізінен  басылып,  Дала  және  Түркістан  облыстарынан шақырылған жұмысшылар пойызбен батыс майдан жаққа тасымалдана бастаған. Мұстафа Шоқаев сондай пойыздардың Петроград арқылы өтетіндерін тосып алып, жігіттердің хал-жағдайларын сұрастырып жүрді. Әсіресе Сәлімгерей сұлтан Жантөрин сондай бір құрамамен келе жатқан жұмыскер жігіттерге арнап жылқы сойғызып, оларды вокзалда тамақтандыруды ұйымдастырғанда, қолдарына  азық-түлік салынған бір-бір қапшықтан үлестіріп бергенде, ол осынау құрметті қайраткер ағаның қасынан табылды. Бірге жүріп, елдің тілін бірге сұрастырды. Одан соғыстың қара жұмысына шақырылғандардың арттарынан майдан шебіне де барып қайтты. Ұйымбюродағы досы Зәки Валидов екеуі қорғаныстың қара жұмысын істеп жүрген жүрген жігіттердің ішінде болып, тірліктерін тікелей көріп-білді, мұң-мұқтаждықтарын тыңдады, бәрі елдегі ахуалды еске түсірісті.  Ал Мұстафа мен Зәкидің батыс майдан жаққа іссапарға шығуына Мемдума мүшесі Александр Керенский жәрдемдескен-тін. Сол себепті, алғы шептегі бұратана жерлестерінің жағдайынан алған әсерлерін оған да айтып келген. Тағы, жер-жерден фракция атына келіп жатқан хат-хабарлар да көп-тін. Осының бәрін Мұстафа ой қазанында тебірене қорытып жүрді.

Керенский мен Тевкелевтің сессия басталғалы табанды түрде көтеріп жүргендіктерінің арқасында, Дала және Түркістан өлкелеріндегі көтеріліс мәселесі Думаның пленарлық мәжілісінде талқылауға шығарылатын болды.  Мұсылман фракциясы атынан баяндама жасау Мемдума мүшесі Мәмед-Юсуф Жафаровқа тапсырылды. Оған қажет материалдар әзірлеп беру – Ұйымбюроға, нақтылап айтқанда, Дума делегациясымен бірге жүріп, оқиғаны зерттеп қайтқан Мұстафа Шоқаевқа жүктелді. Жас жағынан Мұстафадан Мәмет-Жүсіптің аз ғана үлкендігі бар-тын, осы қара шашты, қасы қалың, қараторы, бойшаң жігіт 4-ші Думаға депутат боп Бақы, Елисаветполь және Эриван губерниялары мұсылмандарынан сайланған екен. Мемдума мүшесі болғалы әрдайым батыл сөздерімен көзге түсіп, көпшілікті риза етіп келе жатқан қайраткер.

Ана жылы, Балқан соғысына байланысты, одақтас славян әскерлерінің  жеңісі  түрткі  болып,  қала  көшелеріне  1913  жылдың  17–18 наурызында көптеген адамдар шеруге шыққан. Ішінде студенттер көп болатын. Шеруге қатысқандарды полицияның ұрып-соғып, түрмеге тыққаны, талайына  зорлық-зомбылық көрсеткені белгілі еді. Жұртшылықты ашындырған. Сол жағдай артынша-ақ, көңілсіз оқиғадан үш-төрт күн өте,  Думаның талқылауына түскен.  Сонда осынау тамаша жігіт, Мемдума мүшесі Мамед-Юсуф Джафаров үкіметтің Балқан соғысын славяншылдықтың исламмен күресі ретінде уағыздаған саясатын қатаң сынаған еді.

Балқан мемлекеттерінің исламмен емес, Түркия мемлекетімен соғысып жатқанын әріптестерінің есіне салған. Бұл соғысты бір діннің екіншісімен қақтығысуы деп қараудың қате екенін Мәмет-Жүсіп Жафаров 4-ші Мемлекеттік дума мінберінен бар дауыспен айтқан. Мұндай саясаттың Россияда көрініс табуының бұрыс екенін, өйткені елдегі мұсылмандар мен христиандар  арасында өшпенділік туғызатынын ескерткен. Тіпті, өшпенділік іштен тынып жатқан болса, соны  өршітуге әкелетінін, сондықтан да оның өте қауіптілігін жария еткен. Шеруге қатысқаны үшін  түркі халықтарының жастарын  полицияның әдейілеп соққыға жығуын қатты сынға алған. Бұл әрекет елде консервативті пиғылдың кең тарауы салдарынан туындап отыр деп әшкерелеген еді.  Осындай өжет пікір айтуға қабілетті екенін білгендіктен де, мұсылман фракциясы оған Орыс Азиясындағы көтеріліс бойынша баяндама жасау міндетін артуды қош көрген-ді.

Мұстафа едәуір еңбектеніп, Мәмет-Жүсіптің баяндамасына қажет болатын мол материал дайындап берді. Сөз жоқ, Түркістан өлкесін Дума делегациясымен бірге аралағанында көрген-білгені өз алдына бір төбе-тін, ол басқа да қилы жолдармен қолға тиген көптеген деректерді қолдануға ыңғайлы етіп әзірледі. Жағдайды  ауызша да жан-жақты түсіндірді. Сөйтіп,  алыс өлкеде орын алған көтеріліс картинасын Мемдума мүшесінің көз алдына айқын елестете білуіне жақсы жәрдем көрсетті.

Бұл Мұстафа Шоқаевқа Түркістан өлкесінің өкілі ретінде фракция бюросына қызметке келгелі жүктелген бірінші маңызды тапсырма еді. Тапсырманы ол абыроймен атқарды. Мұстафаның шын ықыласымен көрсеткен көмегінің арқасында, Дума мүшесі Мәмет-Жүсіп Жафаров шалғайдағы қарсылық көтерілісі хақындағы көзқарасын ұштап, небір айтысқа сақадай сай әзір болған. Екеулеп қарастырылған деректерді қорыта келе туындаған талай ащы сыни сөздерді ол өткен қараша айының 27-сі күні әскери комиссияда айтқан болатын. Енді, Думаның отырысында, мәселені жұмсақтау сөздермен, бірақ түпкі мәнін еш төмендетпей жеткізуді мұрат еткен.

Бесінші сессия жұмысын бастағалы әлденеше мәрте қозғалған Дала және Түркістан өлкелеріндегі көтеріліс мәселесін қарау үшін, ақыры,  Мемдуманың жабық мәжілісі өткізілетін болған-ды. Онда үкіметке депутаттық сұрау салулардың жөн-жобасын қарастыру көзделген-тін. Сөйтіп ақыры 1916 жылғы 13-ші желтоқсанда, қыстың қысқа күні әлдеқашан түгесіліп, қала түн құшағына оранғанда, Дума мүшелері Таврия сарайына жиналды. Кешкі сағат тоғызға он шақты минут қалғанда Дума төрағасы Михаил Родзянко жабық өткізілмек отырысты ашық деп жариялады.

Алғашқы баяндаманы Керенский жасады. Дума делегациясы «көтерілістен кейінгі Түркістан өлкесін аралап жүргенде жергілікті халықтың орыс мемлекеттілігіне,  елесте ғана бар  әлдеқандай орыс мемлекет қайраткерлеріне және Мемлекеттік думаға қандай көзқарас танытқанын» тікелей өздерінен естіп-білгендерін,  соларды «әріптестерінің қаперіне салуға тиіспін» деп санайтынын аян етіп, «өлкеде халықты дүрлігуге мәжбүр еткен – өкіметтің орашолақ та ебедейсіз іс-әрекеті» деген тұжырым жасады және оған  бұлтартпас мысалдар келтірді. Ол «барлық жерде жолдас Тевкелевпен бірге» жүріп, туземдіктердің өздерін қоршағанның баршасына асқан үреймен қарайтындарын көргендерін және оған басты себеп – жергілікті әкімшіліктер екенін, өйткені «заң дегенің орыс чиновнигі үшін – қосалқы бірдеңе ғана» болғандықтан, олардың ойларына келгенін істеп, озбырлығымен, парақорлығымен өлкені қанға боялуға душар еткенін әңгімеледі. Болып өткен көтеріліс ойлы азаматтарды жайбарақат қалдырмайды деді ол, сөйтіп шет аймақтарды, атап айтқанда Түркістанды  басқарудың жаңа тәртіптерін жасау мәселесін бар дауыспен көтерді.

Керенскийдің баяндамасына Мұстафа қатты риза болды. Одан кейін Мұсылман фракциясы атынан баяндама жасаған Жафаров оны керемет толықтырды деп есептеді. Мәмед-Жүсіп сөзінің басында талқыланып отырған мәселеге тікелей қатысы бар өлкенің – Дала облыстары мен Түркістан секілді шет аймақтың өкілдері мәжіліс залында жоқ екеніне назар аударған-ды.

– Біз бүгін осындай маңызды мәселені сол шалғай жақтың өкілдерінсіз талқыға салып отырмыз. Бұл қалыптағы жағдай емес, оған бұдан әрі төзуге болмайды! – деп батыл мәлімдеді.

Ол Думада Қазақ және Түркістан өлкелерінен депутаттар сайлау мәселесіне тыйым салған белгілі 1907 жылғы заңнан – «3-ші маусым төңкерісінен» – бері талай уақыт өтіп, міне, оныншы жылға аяқ басқанмен, жағдайдың өзгермей отырғанына қынжылыс білдірді. Өзінің  мұны осынау биік мінберден айрықша атап көрсетуге тиіс екенін аян етті.

Ол өзінің өте тамаша баяндамасын «жария болған Аса Жоғары әмір Ресейдің шығыс шет аймақтарындағы – Кавказ, Түркістан, Сібір және дала облыстарында тұратын өзге текті халықтар өміріндегі тұтас бір дәуірді ашты» деген байламынан таратты. Сол сөзін:

– Дүниежүзілік ұлы соғыс үдерісіне жүздеген мың бұратана тікелей тартылған болып шықты, – деп, нақтылауға көшті. – Олар сол кезге дейін жалпымемлекеттік құрылыста құқтары шектелген  азаматтардың ерекше жағдайында, өзіндік экономикалық салтпен өмір сүріп келген еді. Осы ахуал бұратаналарды жаппай шақыру актіне мейлінше абайлап, ақылға жүгіне отырып келуге үкіметті мәжбүр етуге тиіс еді. Алайда біз іс жүзінде керісінше көріністі көріп тұрмыз...

Мәмет-Жүсіп шақырудың Империяның Негізгі Заңдарын бұзатын ретпен жасалғанын және туземдік халықтың шаруашылық тіршілігінде ештеңемен ақтауға келмейтін күйзелістер туғызған түрде жүзеге асырылғанын айтты.  Өкімет агенттерінің заңдылыққа сыйымсыз әрекеттері жергілікті билік өкілдерінің шексіз озбырлығына ұласқанын  көрсетті. Мәселенің заңи жағы тасқа басылып, барша әріптестеріне таратып берілген пікірлес депутаттардың сұрау салуында толық мазмұндалғанын  еске салып, баяндамасында заңдардың бұзылуға душар болған түйінді жерлерін атап-атап көрсетті.

– Бірақ іс қайдағы бір киргиз, сарт, түрікменге келгенде, заң талаптарымен санасу керек пе? Бұл бұратаналар үшін заң жазылмаған. Билікті асыра пайдалану – орыс билігі ұстанған бұратаналық саясаттың басты принципі, – деп, бар дауыспен, ашына  жария етті.

Жүргізілген іс-шаралардың қисынсыздығына нақты дәлелдер келтірді. Тек қана жанды шындықты көрмейтін, бюрократиялық кеңселердің жым-жырт тыныштығында рапорттар мен өтініштерді азық қылып күн көрген өкімет, ел алдында жауапсыз өкімет, халық күшіне сүйенбейтін өкімет қана осында ауыр күнәға батады деді ол. Мұндай өкіметтің іс-шараларынан мемлекеттік даналық пен тиімділікті тосу қиын екенін айтты. Түркістан мен Дала облыстары секілді екі орасан зор ауданда жүзеге асырылған іс-шаралардың парықсыздығын нақты фактілермен сипаттады. Түркістан өлкесінде Дума делегациясына, атап айтқанда, депутаттар Тевкелев пен Керенскийге   туземдіктер тарапынан берілген хаттарды талдады.

Мәмет-Жүсіптің аса құнды пайымдарға толы баяндамасының мәтіні тап солай түзілуіне  өз үлесін қосқан Мұстафа оны әріптестерінің, уақыт түн ортасына ауып бара жатқанына қарамастан, тым-тырыс,  ықылас қоя тыңдағанына разы болды.

Мәмет-Жүсіп Жафаров азиялық аймақтардағы халық қарсылығы айтып жеткізгісіз қатыгездікпен тұншықтырылғанын дәлелдейтін, Мұстафаның жәрдемімен жинақтап жүйелеген деректерін қажетті пайымдарға қосып, өте сенімді түрде суреттеген сөзін:

– Біздің ішкі өміріміздің құлдырауының осынша көңілсіз де аянышты көрінісі – ел ішінде еш бақылаусыз және ештеңеге жауап бермей қожайындық жасауға дағдыланған өкімет қызметінің тікелей салдары. Өкінішке қарай, біздің өкіметті халыққа әрдайым зорлық көрсетіп, әлсізді езудің тарихи дәстүрлері асырап-өсірген, – деген тұжырыммен қорытты. – Осы өкімет соғыс министрі Шуваловтың аузымен «өзі үшін заң жазылмағанын» айтқан-тын. Естеріңізге түсіріңіздерші, мырзалар, Шувалов соғыс-теңіз комиссиясында: «Мүмкін мен билікте асыра сілтеген де шығармын, егер қажет деп тапсам, бұдан әрі де асыра сілтей берем», – деп мәлімдеген еді. Ойланыңыздар, мырзалар! Жоғарғы билік өкілінің заңдылық туралы түсінігі осындай болса, онда оның жер-жердегі агенттерінен не күтуге болады?!

Сосын шешен тым-тырыс әріптестеріне жағалай көз салып аз тұрды да, баяндамасының түйінін мынандай сөздермен аян етті:

– Дегенмен, ондайларға заңды тұрғыда әділ жазасын беріп, сазайын тартқызар күн туар деп сенгіміз келеді. Сонау кек қайтарылар күні заңдар томы ашылар, сөйтіп, Жазалар туралы заңдардың 311-ші бабы – билік жүргізуде  шектен шығып асыра сілтегені үшін дәулетіне деген барлық құқтарын жойып, айыпкерді тұтқындар бөліміне айдауды көздейтін бабы мұқият оқылар деп ойлаймыз!

Мемдума мүшелері Александр Керенский мен  Мамед-Юсуф Джафаров жасаған баяндамалар бойынша 15 желтоқсанда қызу жарыссөз өтті. Соңында сұрау салу мәтіндері бекітілді. Мұсфракция Ұйымбюросының мүшесі Мұстафа Шоқаев ертеңіне шұғыл жөнелтпе хат әзірлеп, Ахмед Цаликов пен Құтлықай Тевкелевтен қолдау алды да, олардың Дума кеңсесі арқылы тездетіп соғыс министрлігіне, Дала және Түркістан генерал-губернаторлықтарына, өзге де тиісті орындарға жіберілуін қадағалады. Артынша фракция басшысы Құтлұмұхамед Тевкелев тап сол 16 желтоқсанда патша пәрменімен Мемдуманың тағы да каникулға таратылғанын хабарлады...

(Суретте: Мұстафа ШОҚАЙ Тифлисте бас қосқан мұсылман саяси эмигранттарымен бірге.) Отырғандардың сол жақтағы біріншісі – Мұстафа Шоқаев. Жанында – Ахмед Цаликов пен башқұрт ұлттық қозғалысы серкелерінің бірі Шариф Манатов, түрегеп тұрғандар (сол жақтан): Усман Токумбетов, Омар Терегулов,  Султан Альдиев (башқұрт қайраткерлері). Тифлис, 1920 ж.

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

4 пікір