Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
46 - сөз 4200 7 пікір 9 Ақпан, 2023 сағат 14:39

Нағыз қазақ болсаң...

Біз, яғни, қазақша өскен қазақтар, өзімізді екінші сорт сезінеміз. 99%-ымыз сондаймыз. Оны айтпасақ та, аттап басқан сайын ісімізбен, сөзімізбен көрсетіп қоямыз. Мысалы...

Егер сен банкоматқа барғанда орыс тілін таңдасаң;

Егер сен бір мекемеге барғанда, қоңырау шалғанда алдымен орысша сөйлесең;

Егер сен Әйгерімді Айгера, Айнұрды Айнура десең (өйткені орыстардың аттары Наташа, Лена, Саша, Ксюша ғой), ата дегенді аташка (дедушка), әже дегенді әжека (бабушка), апа/әпке-сіңілі/қарындас дегенді сестра дейтін болсаң;

Егер сен балаңа ат қойғанда ә, і, ң, ғ, ү, ұ, қ, ө, һ деген әріптері жоқ аттарды таңдауға тырыссаң;

Егер сен инстаграмдағы өзің туралы ақпаратты орысша жазып қоятын болсаң;

Егер сен бірнәрсе сататын кезде маркет плейстерге, уатсап топтарға, әртүрлі қолданбаларға жарнама бергенде оны орысша жазсаң;

Егер сен орысша сөйлеген адаммен сыпайы сөйлесіп, қазақша сөйлеген адамдарды басына сөйлейтін болсаң;

Егер сен қазақша кітап оқымасаң, ютюбтан қазақша видеоларды ашпайтын болсаң, қазақша шыққан киноларды менсінбесең, тек орысша не ағылшынша контентті ғана қызықтасаң;

Егер сен балаңды орыс сыныбына берсең;

Балаң қазақша білмесе және соны мақтан көрсең

онда сен ЕКІНШІ СОРТСЫҢ және соған көндіккен адамсың.

Ауруды емдеу үшін мойындау керек. Егер екінші сорт екенің рас болса, онда соны мойында да, жоғарыдағы әдеттеріңнен құтылып, керісінше істе.

Қазақ болу деген басқаларды жек көру емес, өзіңнің табиғатыңа сай болу деген сөз. Өз-өзіңді қор сезінбе, басыңды көтеріп жүр, бір-біріңді қолда, белсенді бол. Мына ел біздікі. Біз қазақша сөйлесіп, қазақша өмір сүретін бақытты елге айналуымыз керек.

Арман Әлмембеттің жазбасы

Abai.kz

7 пікір