Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5613 0 пікір 26 Наурыз, 2013 сағат 10:46

ҚЫЗДАР СҰЛУ КӨРІНЕР ҚАРАҢҒЫДА...

Image

Журфактың екінші курсында оқимыз. Студенттік балдәуреннің нағыз шағы.  Түннің бір уағы. №5 жатақханада топаралық КВН өтетін болып, бір бөлмеге жиналып алып, коман­дамыз­дың «Кірпіш» атты қабырға газетін шығарып жатқанбыз. Ғабит Мүсіреп, Әлімжан Аблесенов, Ормаш Мырзағалиев, Тілеукен Әлжекеев, Нұржан Қуантайұлы бар. Несін айтасыз, басымыз толған тың идея, шабыт деген шалқып тұр. Шатпақ аралас шаржсымақтарды қағаз бетіне түсіріп әлекпіз. Ғабаң - бас редактор, Алик - бас кеңесші, Нұржан мен Ормаш - бас эпиграммашы, Тілеукен - бас суретші, мен - бас фотограф. Таңертең газет тастай болып дайын тұруы керек. Кенет, жарық өшсін де қалсын. Шу ете қалыстық.


Image

Журфактың екінші курсында оқимыз. Студенттік балдәуреннің нағыз шағы.  Түннің бір уағы. №5 жатақханада топаралық КВН өтетін болып, бір бөлмеге жиналып алып, коман­дамыз­дың «Кірпіш» атты қабырға газетін шығарып жатқанбыз. Ғабит Мүсіреп, Әлімжан Аблесенов, Ормаш Мырзағалиев, Тілеукен Әлжекеев, Нұржан Қуантайұлы бар. Несін айтасыз, басымыз толған тың идея, шабыт деген шалқып тұр. Шатпақ аралас шаржсымақтарды қағаз бетіне түсіріп әлекпіз. Ғабаң - бас редактор, Алик - бас кеңесші, Нұржан мен Ормаш - бас эпиграммашы, Тілеукен - бас суретші, мен - бас фотограф. Таңертең газет тастай болып дайын тұруы керек. Кенет, жарық өшсін де қалсын. Шу ете қалыстық.


Майшам іздеп, андағайлап бөлме-бөлмені кезіп кеттік. Әупірімдеп жүріп әрең таптық. Енді шаруаны жалғастырайық десек, шам іздеген қасқалардың бірі бір штүк темекі де тауып келіпті. Ол кез - темекінің қат кезі-тұғын. Ал сілекей тимеген сигарет табу дегеніңіз - студент үшін кішігірім олжа. Содан темекісіз тұра алмайтынымыз бір түтінге ортақтасып, самбырласа қап-қараңғы ұзын дәлізге шықтық.
Жатақхана іші абыр-дабыр. Біз ғой, маңызды шаруамен айналысып, ұйықтамай жүрміз. Қалған қазанбас, шөңкебастарға не жорық деңіз. Жарықпен қоса жандары күйіп кеткендей-ақ даурығысып жатыр. Ұйқы қайда?!

Image

Сөйтіп тұрғанда, көрші бөлмеден сықылықтаса қоштасып үш-төрт қыз шыға берді. Өзіміздің дударбастарға ұқсамайды. Сірә, құрбыларына қонаққа келіп, енді қайтуға ыңғайланған бикештер. Қарап тұрмай:
- Қыздар, түн қараңғы, свет жоқ, қорықпайсыңдар ма? - деп қалдық әлгілерге.
- Қорқамыз. Апарып салғыларың кеп тұр ма? - дей қалсын олар.

Image

Сандалма сұрағымызға қайтарылған қыздардың қарымтасы есеңгіретіп-ақ тастады. Біріншіден, шаруа бар - шыға алмаймыз, екіншіден, оларды таксиге отырғызатын қалтада көк тиын жоқ. Сонда да болса, сасқан үйректің кебін келтіріп:
- Онда таныспаймыз ба? - дейміз мүләйімсіп.
- Танысайық.

Мәссаған, мыналар анық еріккен қыздар болды ғой. Қылжақтасып тұруға уақыт тығыз, жауапкершілік нығыз.
Әйтеуір түрлерін көрмесек те, қараңғыда қол алысып, танысып жатырмыз. Аз-кем бос мылжыңнан соң асығыс қыздар кетуге, шаруабасты жігіттер кіруге ыңғайланды. Осы сәтте, құдай-ау, қай сайтан түрткенін білмеймін, аяқастынан әлгі қыздардың біріне дегбірім кетіп, құлағым едірейіп, бір сұмдық бола қалғаным. Сыңғырлаған күлкісі, бал-ерке дауысы санамды сылқ еткізбесі бар ма?! Аты қандай керемет! Мәдина! Заты қандай керемет! Екеуміз сәл бөгеліп, мен жігіттерден, ол құрбыларынан қалыңқырап тұрып қалдық. Табан астында бір-бірімізге үздігіп, өліп барамыз.

Image

- Болсайшы-ей, бітіріп тастайық тезірек, - дейді бас редактор бөлмеден айқайлап. Алшақтау кеткен құрбылары да Мәдинаны асықтыра бастады.
Жібергім жоқ. Ол да, тегі, кеткісі келмей, маған ынтығып тұрғандай. Қолынан ұстаған сайын, денемізден тыз-з етіп тоқ жүріп өтеді-ай. Дір-р ете қаламыз. Жүрегім аузыма тығылып, көзім бұлдырап кеткендей. О, астапыралла, ішпей-жемей, бір көргеннен ғашық болу деген, міне, осы шығар а?
Содан қойшы, қимай қоштасып, бірақ мекенжайын алып, кейін кездесетін болып уағдаластық. Жанарым әсем нұрға, көкірегім шадыман шаттыққа толып, бөлмеге оралдым. Пай-пай деген-ай, «Алып ұшы-ы-ып барады жүрек мүлде...». Аяқастынан тұтанған от сезімге жігіттер аң-таң.

Қош. Сол шырқыраған шабытпен газетті де тас қылдық. Ой, Алла, содан кейін ұйқы қашты. Таң сібірлеп атып келеді. Көзім тіпті де ілінер емес. Келбетін көрмеген қыздың сұлулығын, бастан кешкен бес минөттік ғажайып сәтімді Ғабитке суреттеп, тауыса алар емеспін. Көңілімді қимай, аунақшып, ары да, бері де тыңдаған ол, көзі ұйқыға кете: «Өй, қызың бар болсын, ұйықташы-ей, ертең - сабақ, жұмыс» деп салды.  Ғабит екеуміз сабақтан кейін «Өркен» республикалық студент жастар газетінде қызмет жасайтын едік. Шынында да, таңертең сабақ, одан кейін -жұмыс. Бірақ ұйқым келер емес, кеудені керіп тәтті елес...

...Күні бойы сол тәтті елес тербетіп, өлләхи, жанымды қояр жер таппадым. Кешқұрым Ғабаңды жорығыма серік етіп, ЖенПИ-дің жатақханасына тарттық. Екеуміз де бірдей стипендия, бірдей жалақы алсақ та, менің ақшам қыз-қырқын мен сырадан аспай қалар еді. Алайда тамаққа ақша таппай, «өлдім» дегенде, Ғабаңның қойын қалтасындағы қызыл «Прессаның» ішінен үш, я бес сом шығып, ылғи «тура келген ажалдың» бетін қайтаратын. Бүгін де солай, қолтығыма қысқан қолақпандай букет - Ғабиттің демеушілігі.

- Ғаби, - деймін ақырын ғана, - сыртта күте тұрасың ғой. Егер тым ұзақ бөгеліп жатсам, жайлап жүре берерсің.
Қызды шақырып беруге кезекшілердің бірі кетті далақтап. Тегінде, қыздар жатақханасындағы вахтер кемпірлердің қонақ жігіттерге әзірейілдей қарайтын әдеттері бар. Кіргізбейтіндері былай тұрсын, әуелі ауруы жұғатын алапестей көріп, вахтаға қарыс қадам жақындатпайтынын қайтерсің?!
Қыз кешігіп жатыр. Ғабит сыртта. Көркем көңіліме алаңдаушылық жармасып, аласапыран күймен сыртқа көз тастап тұр едім, ту сыртымнан «Сәлем!» деп сызылған дауысқа жалт қарадым. Қарадым да...

- С-с-сәлем...
Құдай-а-ау, пендешілігімді кешіре гөр. Алдымда қисая тербеліп мүлде бейтаныс, сұлбасы сұрықсыз біреу тұр. Иісі екі метрге жайылатын «Бабл гам» сағызын созғылап... Түрінде түндегі үздіккен ессіз сезімнің табы да жоқ.

- Мәдина, сс...сенбісің?!

- Не, танымай қалдың ба?

- Т- танымай қалдым. Жоқ, танып тұрмын...Бірақ түнде сен... А?
Есім шығып, есеңгіреп, әбден абдырадым. Ішім қан жылады. Сенгім келмеді. Қиялымда құйқылжыған періште - кеудеме сыймай келген әсем бейне емес еді бұл. Емес еді, қайтейін, бірақ сол. Сол дауыс, сол күлкі, бірақ... Есерсоқ елес тас тиген шыныдай быт-шыт болды.

- Жұмыстан шығып, осы жерден өтіп бара жатып... Мынаны әкеп берейін деп... Қол дірілдеп, гүл ұсынылды. Селқос рақмет айтылды. Сезімнен жұрдай қысыр да қысқа диалог жасасқан болдық. «Кеп тұрам ғой» да айтылды-ау деймін. Мән-мағынадан ада әңгіме сонымен бітті де, мен зыттым. Менен құтылғанына қыз да қуанды-ау шамасы. Осылайша түнектен жарқ еткен «соқыр сезім» жатақхананың жарығы құсап сөнді де қалды... Абырой болғанда, Ғабитім аяңдап аялдамаға енді жеткен екен. Аң-таң болған оған «Шаншардағы» Нұржанша «быкусымыздың» сәйкес келмегендігі туралы бірдеңе міңгірлеген сияқты болдым. Қаңғып жеткен нөмірі жетінші троллейбус мүйіздерін бір сілкіп алды да, екеумізді КазГУ қалашығына ала жөнелді...

Серікқали МҰҚАШЕВ

"Айқын" газеті

0 пікір