Жұма, 19 Сәуір 2024
Сайлау 2023: 2891 30 пікір 7 Ақпан, 2023 сағат 14:15

Мәжілістен әркімнің бар таласы...

Наурыздың он тоғызында өтетін Мәжіліс пен мәсилихат сайлауының ел назарын аударған басты ерекшелігі – депутаттықтан үміткерлерге мажоритарлық жүйемен саяси бәсекеге түсуге мүмкіндік берілгендігі екендігі мәлім. Сол себепті де кезекті саяси науқанның жұрт арасындағы аңысы жоғары болып тұр.

Бұрыннан бері биліктен шетқақпай көріп, партиясын тіркете алмай келе жатқан саяси белсенділер, қоғамның әр саласында жүрсе де, мамандығы әр қалай болса да, азаматтық белсенділік танытып, қазіргі интернет дәуірінде әлеуметтік желі арқылы елге танымал болған тұлғалар ел үмітін арқалауға жаппай ниет танытып отыр. Күні ертең үміткерлерді тіркеуді тамамдайтын бір мандатты окургтерге барып, құжатын өткізіп, алғашқы сатыдан сүрінбей өтіп, қуанышын шүйіншілеп жатқандары бар.

Олардың арасында ескі оппозиция өкілдері Ермұрат Бапи, Рысбек Сәрсенбай, олардың орынын басудан дәмелі «ХАҚ» қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалы, тіркелмеген «Қазақстан Демократиялық партиясың» Инга Иманбай бастатқан белсенділері, өнер адамдарынан «экс-министрі Арыстанбек Мұқамәдиұлының үстінен мен арыз жаздым» деген Тұңғышбай Жаманқұлов, Ерлан Қаринның батасын алып, құрған «Аманат» ұйымын өзгеге аманаттап, Мәжіліске баруға бекіген танымал заңгер Абзал Құспан, әйдік Мұхтар Тайжан мен Арман Шораевты, Мәжілістегі орынды өзгелерге қалдырып, мәсилихаттағы орынға ұмтылып жатқан танымал ұстаздар Өмір Шыныбек, Аятжан Ахметжанды атауға болады.

Ескі жүйеден шаршаған жұрт парламенттен көргісі келетін осынау танымал тұлғалардың жолы тақтайдай даңғыл деп айта алмаймыз. Әкімшілік кедергілер, ақпараттық шабуылдар. экономикалық қолбайлау күн сайын алдынан шығуда. Ең алғаш «6 қаңтар» атты блок құрып, Мәжіліс сайлауына түсетіндерін мәлімдеген төрттіктің ішінен Динара Егеубаева мен Арайлым Назар алғашқы сатыдан өтсе, Әлнұр Илясов «өтелмеген шартты жазасы бар болуы себепті», Думан Мұқаметкәрім «8 ай тұрақты тіркеуде болмағаны үшін» үміткерліктен шеттетілген. Екеуі де сотқа шағымданып үлгірді. Заңды шемішкеше шағатын Абзал Құспан да өзін кейбіреулердің «әлде бір діни ағымның сойылын соғады» деп орынсыз қаралап жатқанын жазуда. Бірі орысша пост жазып, орыс прапагандасына қарсы күрес ашқан, енді бірі орыс тілді билікке құқығы тапталған адамдардың үнін жеткізіп жүрген Арман Шораев пен Динара Егеубаеваны «Қазақтың мүддесін қорғаған сенің не теңің?!» деп қомсынып, саяси аламанды ақындар айтысымен шатастырып алғандар да жетіп артылады. Өмір Шыныбек ұстаздың қолдаушылары мен Демпартия белсенділері де депутаттықтан үміткерлік жарнаны төлеу үшін көптен жылу сұрауда.

Парламент сайлауына түсетін жеті партия Мәжіліс пен мәслихат сайлауына түсетін кандидаттарының тізімін жариялап үлгірді. Оларға партиялық тізіммен де, мажоритарлық жүйемен де саяси додаға түсуге бірдей мүмкіндік жасалып отыр. Демек «Екі алып, биге шығады» деген сөз.

Бәрін айт та бірін айт, ақ ниет, ақпараттық қолдаудан басқа дымы жоқ тәуелсіз үміткерлерге жергілікті жерлерде партия штабы, құрамында қалтасы қалың азаматтар бар аталмыш партиялар ең үлкен бақталас болайын деп тұр.

Abai.kz

30 пікір