Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5206 0 пікір 26 Наурыз, 2013 сағат 05:00

Жәди Шәкенұлы. Кебінсіз көміліп, моласыз қалған ақын

Қызырбек Сақариұлы Оралов 1938 жылы 12 маусымда Қытайдың Алтай аймағының Буыршын ауданында дүниеге келген. 1954-1955 жылдардан бастап «Алтай газеті», «Іле газеті», «Шынжаң газеті», «Шынжаң әдебиеті», «Лениншіл жас» секілді ел іші-сыртындағы әр түрлі басылымдарда алғашында Қызырбек Үсенұлы, кейіннен Қ.Оралов деген атпен жүзден астам өлең-толғаулары, әңгіме, мақалалары жарияланған. Шерхан Мұртазаұлы секілді Қазақстан қаламгерлеріменде хат жазысып тұрған. Амал не, қыран жырдың иесі қылыштай азамат шағында - не бары 32 жасында мырышқа түйреліп қыршынынан қиылды. Бұл туралы сол кездегі ҚХР-дың қайта қаралған сот үкімінде мынадай жолдар бар: Қызырбек Оралұлы, қазақ, өлім жазасы атқарылған кезде 32 жаста, Буыршын ауданының адамы. 1968 жылы 8 айдың 22 күні Заң бойынша қолға алынған. Қолға алынудан бұрын Алтай газетханасының кадры.

Қызырбек Сақариұлы Оралов 1938 жылы 12 маусымда Қытайдың Алтай аймағының Буыршын ауданында дүниеге келген. 1954-1955 жылдардан бастап «Алтай газеті», «Іле газеті», «Шынжаң газеті», «Шынжаң әдебиеті», «Лениншіл жас» секілді ел іші-сыртындағы әр түрлі басылымдарда алғашында Қызырбек Үсенұлы, кейіннен Қ.Оралов деген атпен жүзден астам өлең-толғаулары, әңгіме, мақалалары жарияланған. Шерхан Мұртазаұлы секілді Қазақстан қаламгерлеріменде хат жазысып тұрған. Амал не, қыран жырдың иесі қылыштай азамат шағында - не бары 32 жасында мырышқа түйреліп қыршынынан қиылды. Бұл туралы сол кездегі ҚХР-дың қайта қаралған сот үкімінде мынадай жолдар бар: Қызырбек Оралұлы, қазақ, өлім жазасы атқарылған кезде 32 жаста, Буыршын ауданының адамы. 1968 жылы 8 айдың 22 күні Заң бойынша қолға алынған. Қолға алынудан бұрын Алтай газетханасының кадры.

1970 жылы 7 айдың 13 күні Алтай аймақтық төңкерістік комитет халықтық қорғау  зуымен (группасымен - Ж.Ш) Гүң-ан (Ішкі істер басқармасы - Ж.Ш) әскери басқару комитетінің (70) 66 нөмерлі қылмысты істер үкімі арқылы «жаумен тіл біріктіріп отанға опасыздық жасаған кері төңкерістік топтың бас қылмыскері» деп тұрақтандырылып, өлім жазасын берген, дереу атқаруға үкім етілген. ШҰАР төңкерістік комитеті халықтық қорғау зуымен (группасымен - Ж.Ш) гүң-ан (ІІБ - Ж.Ш) әскери басқару комитетінің 1970 жылы 7 айдың 7 күнгі (70) 235-нөмерлі атқару бұйрығы бойынша 7 айдың 13 күні мылтықпен атып атқарылған.

Осылайша, Қытай қоғамындағы қара боранға қарсы тұрған, ұлтына жоқтаушы болған, елінің, жерінің ақ бостандығын аңсаған ақын арманда көз жұмды.

Өкініштісі, оның сүйегі жатқан жерді егістікке айналдырғанына көңілі көншімеген қорқау қоғам өлең-жырларын өршелене өртеуге кірісті. Барынша құртты. Соңғы трагедия -  ақынның сүйегінің табылмауы болды.  Бұл арғы заманның емес, осы жаңа ғасырдың (2000 жылдың) оқиғасы еді. Қытай жағының рұқсатымен арнайы қазылған көрге ақынның атылған жерінен бір уыс топырақ қана бұйырды. Алайда, ақын кебінсіз көміліп, моласыз қалса да оның жырларын бәрібір құрта алмады.

1997 жылы Атажұртқа оралғаннан кейін қоржыныма теңденіп келген Қ.Оралов өлеңдерін «Шалқар», «Қазақ елі» газеттерінде, «Үн» журналында, менің құрастыруыммен шыққан «Күнгей бет» атты ҚХР қазақ ақындары жинағында жарияладым. Енді сол өлеңнің бір бөлімін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім. Ақынның біз білмейтін, қолымызға түспеген әлі талай өлеңі бар.

.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы

Қазақстан Жазушылар Одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі

 

ОЙ

Өлермін мен де бір күн жырым тынар,

Толықсып шешек жарған гүлім сынар.

Күмбірлер сонда бір үн туған жерде,

Білдің бе, ол жан толқытқан сырым шығар.

 

Ерсі де болар мүмкін бұл мінезім,

Алайда оны шындық деп білдім өзім.

Өлсем де мәңгі мұра қылдыруға,

Жатырмын жасап бүгін жыр күмбезін.

 

ӨСИЕТ

 

Мен кетермін келмеске ұшып жаным,

Суық көрді қапсырып құшып жалын.

Өлерімді білемін өзіме аян,

Сондықтан да жасқанып қысылмадым.

 

Жан емеспін жалыны жойса кетер,

Өлеңім бар бәріңе ой сап өтер.

«Өзі қысқа, өзі аса тентек өмір»,

Арттағыға бір белгі қойса нетер?!

 

Есіңе алып ескерсең бұл хатымды,

Жеткізе алмай өтем-ау сырлы атымды.

Өмірдің қысқасынан қорықпас едім,

Қайтейін, жан қинаған сырқатымды!?

 

1957 жыл.

 

 

ШӨЛДЕГІ КӨКТЕМ

 

Қалың таулы алқапта,

Қарауытты көлеңке.

Қаһар төккен қабаққа,

Қарап тұрды кең өлке.

 

Қарынсау бұлт шермиіп,

Қанатымен жер сызды.

Қатты емшегі шөлге иіп,

Қандырды әбден елсізді.

 

Қансыз сұрғылт далада,

Қаулап өсті жауқазын.

Қайыды шөл жаңада,

Қабылдады тау сазын.

Қатты нөсер артынан,

Қан жүгірді шөлге сәл.

Қанаттанды қарт ұлан,

Қалы төсеп жерге сел.

 

1963 жыл

 

* * *

Күн сұлу күп-күрең кірпігін,

Алдымен шыңдарда ашады.

Таулардың жүрмесе жыртығын,

Буалдыр таңғы ұйқы қашады.

 

Ақ мұнар өзенде қалқиды,

Шолп етіп иірімнің шортаны.

Айдында көк бояу шалқиды

Жасыл жал жағаны жортады.

 

Өзенге орманның боз талы,

Малады үкілі балағын.

Келеді алаулап жез таңы,

Мен сүйген кәдімгі даланың.

 

ТАУ

 

Бетіне ұстап көк жібек шымылдығын,

Сансыз көкек сол нуға сіңірді үнін.

Ақ моншағын көктемде мөлдіретіп,

Дидарлы тау тербеткен шымыр гүлін.

 

Мұзарт басы көкала толқын туып,

Тентек жасын тастаған бетін буып.

Сол жасынға өкпелеп жасты көз көк,

Тау ұшағын жатады күн-түн жуып.

 

Неткен долы күш еді саулай аққан,

Найзағайға мінезі аумай тартқан.

Зор ашудан жаралған иір тентек,

Шатқалдарды сабалай аунай аққан.

 

Сол иірден туады жарық көзі,

Жуасытып адамның алып тезі.

Әрбір үйді бөлейді ақ сәулеге,

Електірдің жарық етіп балық көзі.

Соның бәрін жасаған селден құйып,

Тау емеспе құдіретті Зеңгір биік?

 

ЕРТІС ЖАҒАСЫНДА

 

Шымырлап суы көк айдын,

Ағады ертіс жосылып,

Жағада жасыл тоғайдың,

Теңселген суы қосылып.

 

Шаба тың күміс бауыры,

Жалтылдап судың шетінде.

Қағылды ертіс дабылы,

Толқындар тулап бетінде.

 

 

Қанаты баяу керіліп,

Ертіске қонды қоңыр кеш.

Электр нұры төгіліп,

Дағы жоқ түннің өңірде еш.

 

 

Сабырлы жүзі албырап,

Сабырлы жүзі жалтырап.

Сипалап ертіс төскейді,

Пәтерлер шамы жарқырап,

Моторлар үні өшпейді.

 

Ай айы таңғы кеменің,

Қандырып жүрек құштарын.

Кемерде тұрмын, өлеңім

Ұшырып көңіл құштарын.

 

О, ертіс, ертіс анасын,

Көкірегім күй боп жалындар.

Жырымда мәңгі аларсың,

Кіндіктен тамған қаным бар.

 

ҮЛІҢГІР

 

Көкқасқа толқындарын күндақтаған,

Тұп-тұнық көлдің бетін күн қақтаған.

Мүлгиді жиектегі ойшыл қамыс,

Үкідей шоққа таққан бұлғақтаған.

 

Тербетіп баяу ғана ағын күші,

Қалқиды тораңғының салындысы,

Балықтың шолпылына үн қосады,

Шуылдап көл бетінің қалың құсы.

 

Үліңгір көптен маған қанық сырың,

Сүйкімді қасиетің алыптығың.

Кештерде мол олжамен қайтқан ән сап

Жағада көп естідім балықшы үнін.

 

Табиғат бір өзіңнен нәр алғандай,

Тұр тыныш бақыт ләззат алар жандай.

Шіркін-ай, неткен мұнша тұнық едің

Бақытынан еңбектің жаралғандай.

 

1959 жыл

 

ЖЫЛҚЫШЫ ҚЫЗ

 

Құз басында таң асырып,

Жылқышы қыз көз ілмейді.

Өзі қыран қанаты бұлт,

Шалдыққаны сезілмейді.

 

Нөсер бұршақ сабаласа,

Паналайды самырсынды

Сабақ іздеп шабады ол,

Көк тіреген шағыл шыңды.

 

Кемпір қосақ көкте көлбеп,

Ілінеді құрығына.

Шашбауымен төккен өрнек,

Ұқсап жібек бұрымына.

 

Ақ жауыннан қабағына,

Қонған тамшы сүртіледі.

Күн тимеген табағына,

Ән нақышы ілінеді.

 

Көк астында құйындатқан,

Кең даланың бұл бір оты.

Ой манарын қиындатқан,

Көркемдіктің құдіреті.

 

ТАУ ЖЫРЫ

 

Тау ғой бұл жер тудырған алып қасқа

Ұшырған мұз балағын жанып тасқа.

Үстінде үлбірейді ақ орамал,

О, аспан қиырыңа алып қашпа.

 

Ғасырлар жонған үшкір пышақ тастан,

Табиғат мұз балағын қысап шашқан.

Жартасты жарып шыққан жалғыз қайын.

Сұп-суық дулығамен құшақтасқан.

 

Сұр бұлт мұзға жауып будаларын,

Булыға сілкиді кеп шудаларын.

Қалшылдап желігелі тісін қайрап,

Ақ бура жынды боран шуда қарын,

 

Сидырған жаз бен қысты құшағына

Бұл таудың көз жетеме ұшарына,

Моншағын төгеді кеп нөсер бұлты,

Сусып тұрмаған соң уысында.

 

Баурайда қарақаты мөлдірейді,

Тұмарша көк орамал желбірейді.

Қараймын қос жанармен он мың көзге,

Сонанба сүйгіш жүрек елжірейді.

 

ҚАРА ЕРТІС

 

Қара ертіс бойы бір сырмақ,

Қылтансыз кексе тау адыр.

Табиғат соққан күдір жақ,

Көсіліп жатыр науа қыр.

 

Сай сала сонау қауадан,

Өзенге өзін жағызды.

Шөліркеп келіп науадан,

Су ішкен жылқы тәрізді.

 

Сұқтана қарап сұр түспен,

Қыраттар төнген өзенге.

Балқаштар бұлақ бүркіскен,

Жаны ашып жансыз кезеңге.

 

Тағаны тасты кеміріп,

Қап-қара толқын жөңкиді.

Кереге көрші көміліп,

Ақ езу асау мөңкиді.

 

 

Қара ертіс бойы қалың мал,

Сай-сала толы малшы үйі.

Сағасы салаң қарындар,

Түлікке тартар бар сиы.

 

Жылқысын суға түсіріп,

Бет жуды бір қыз жағада.

Кептерін жатты ұшырып,

Өзенге төнген жалама.

 

Сұлу да, қалың кептерде,

Суретін жазды айдынға.

Күн шұғыла төгіп бөктерге,

Силығын шашты бай қырға.

 

Кемерде мылтық асынып,

Жас аңшы сауық құрады.

Қара ертіс қатты асығыс

Шексізге құлаш ұрады.

 

АҚ ҚАЙЫН

 

Жапырақ жайған қайыңның,

Тарталы сұлу тұлғасы.

Жүрекке жылы байырғы үн,

Бір сәтке мені тыңдашы.

 

Қалқыған түнгі көркіңе,

Үн-түнсіз ұзақ қараймын.

Жанымның жасыл өртіне,

Өсірдім сені талай күн.

 

Мұбада ғажап кейпіңе,

Ішімнен ұзақ табындым.

Жалбардым жанға ой тұна,

Үстінен ұшып ғасырдың.

 

Қалғи бер қайын кештерде,

Өзіңмен ақын туыс  жан.

Шырқыңды бұзбас еш пенде,

Махаббат саған туысқан.

 

ҚЫС

 

Қысқы құйын қар үйіріп,

Ақ жыландар жүр ысқырып.

Су бойында тал иіліп,

Тауды бунап тұр үскірік.

 

Қыс табаны сықырлайды,

Қырау бүркіп қолқасынан.

Терезелер сытырлайды,

Жүзінен аппақ бор шашылған.

 

 

Ақ көбігін шашып төгіп,

Қыс бурадай қалшылдайды.

Жер көбесін басып сөгіп,

Жоталарда қар зулайды.

 

Табиғаттың тентек ұлы

Сәлем берді жерімізге.

Айдалада сен тек ұлы

Қаупің жоқ елімізге.

 

ҚАР

 

Мамығындай қоянның,

Түсіп жатыр ұлпа қар.

Бетін бүркеп ояңның,

Ішік киді қырқалар.

 

Бұлыңғыр бұлт тұманы,

Түлеп жатыр далаға.

Ақ үкілі тымағы,

Бұлғақтайды дарада.

 

Шықса ақырын қыс демі,

Тұр өңірді бояп қап.

Тыныш алды құсбегі,

Тұғырда құс тояттап.

 

Келеді ертең қан сонар,

Қар алтынға малынып.

Қайырған құс аң соғар,

Томағасы алынып.

 

Қауыз жарған тамызда,

Мамығындай мақтаның.

Жауып жатыр аңызға,

Келер жылғы аппақ ұн.

 

1961 жыл

 

ЕРТІС

Ертіс бойы қалың ну,

Қаулап өскен тал-қайын.

Шаңқан түсте сағым бу,

Шалған аппақ маңдайын.

 

Таңғы үлпілдек сал тұман,

Үкісіндей тымақтың.

Шандоз айдын шалқыған,

Шұғыласындай сынаптың.

 

Рахым, шапхат ұясы,

Алып арна ну алап.

Судың көкшіл сыясы -

Сырғиды иін қуалап.

 

Айдында аққу Сыңқылдап,

Сұлу мойнын созады.

Шүрегейлер сымпылдап,

Аңшы көңілі қозады.

КҮЗ

Жапырақ алтын теңгедей,

Үзіліп түсті жалбырап.

Әзілшіл ерке жеңгедей,

Ойнайды сумен бал құрақ.

 

Ойнақтап таудың арқары,

Қиядан орғи шұбырған.

Жел қызды жеңнен тартады,

Босамай ауызы сыбырдан.

 

Бидайдың құлын құйрығы,

Желпиді баяу өңірді.

Тарының сұлу сүйрігі,

Иеді басын көңілді.

 

Таңғы тау шәйі көйлегін,

Мұнартып ұзақ бұлғайды.

Сілкінсе шықтай мөлдіреп,

Торғын бу толқи тулайды.

 

Саяхат еткен көлімді,

Жаз бойы баулып баланы.

Керуені қаздың жерімді,

Қия алмай шулап барады.

 

1959 жыл қыркүйек

 

ТОРҒАЙ

 

Егіншінің баласы қара борбай,

Егініңді жеп қойды шөже торғай

Атам заманғы халық жырынан

 

Ежелгі ғасыр көгінде,

Етегін жайса құла таң,

Барады екен егінге,

Сәріден тұрып ұлы атам.

 

Сәукеле киген келіндей,

Иеді басын көк тары.

Мәпелеп баққан төліндей,

Иілген әрбір шоқтары.

 

Сәскеде қызса күн көзі,

Тамшылар мол тер сор қайнар.

Етеді жанды тым мезі,

Тарыны қаққан торғайлар.

 

Ұлы атам сонда күйініп,

Торғайдың батып әлегі.

Бишігін шарт-шұрт үйіріп,

Үркітеді екен пәлені.

 

-  Шіркін-ай, осы апатты,

Құртатын ұрпақ туар ма?

Деп атам әтей атапты,

Мәңгілік көзін жұмарда...

 

Сол ұрпақ біздер екенбіз,

Өсиет мәңгі солмайды.

Атаның қарызын өтеп біз,

Құртамыз мүлде торғайды.

 

1958 жыл.

 

ЖАЗ

Жолаушы шығып жаз жеңгей,

Түсіріп апты кілемін.

Қонады көлге қаз көлбей,

Алқаптың бойы кіл егін.

 

Көк теңбіл аспан мөлдіреп,

Төбеңнен келіп төнеді.

Орманның шашы желбіреп,

Бұрымын төмен төгеді.

 

Кешінде ақбоз кіреуке,

Қып-қызыл түске боялған.

Сыңғырлай күліп су ерке,

Сәрден бұл-бұл оянған.

 

Кей мезет көкте бұлт ойнап,

Қағады найза кірпігін.

Шалғында салып жылқы ойнақ,

Жүзеді балғын қыр гүлін.

 

Сынапқа дала шыланған,

Бұлттың босап жем суы.

Сүртеді көзін тұманнан,

Таулардың қиыр жонсауы.

 

Аспанның жүзі ашылып,

Кернейді басын күй талдың.

Атызға жібек шашылып,

Күлімдер жүзі диханның.

 

Аспанның алыс қиыры,

Бұлтқа жанып жәй тасын.

Шұрқырап жылқы үйірі,

Жұлады дара майсасын.

 

Тырсылдай сыздап мамасы,

Желіге тартқан биенің.

Тік отыр екі баласы,

Сортаңнан қайтқан түйенің.

 

Жолаушы шығып жаз жеңгей,

Түсіріп апты кілемін.

Қонады көлге қаз көлбей,

Алқаптың бойы кіл егін.

 

ЫМЫРТТА

 

Ымырттың сипап самал жотасынан,

Ай туып келе жатыр құзар шыңнан.

Аспанның қиырынан тағыда бір,

Құпия көк қызының         беті ашылған.

 

Кернейді көкшіл бояу сонау қырды,

Бас шұлғып бетегелер бота жүнді.

Жайды да түн құдағи дастарқанын,

Аспанға қалың жұлдыз қотарылды.

 

Жарқырап көк тіректің күміс тоны,

Бұтағын тербетеді тыныс толы.

Ай-жұлдыз адаспасын дейтін болар,

Аспанның жатыр сайрап күміс жолы.

 

Көріппе ең сен осындай дала түнін,

Жартастың жайған үнсіз қара туын.

Білуші ем о, дариға мұндай кеште,

Махаббат маржанының жауатынын.

 

 

 

ШЕРХАНҒА ХАТ

(Шерхан Мұртазаға)

Шерханым менің Шерханым,

Сырластым сыршыл хатыңмен.

Жігіті ойшыл ортаның,

Таныспын көптен атыңмен.

 

Желегің жасыл Алматың,

Алтайдан алыс тұрса да.

Досыңның сүйіп ал, хатын,

Өзіңмен мені бір сана.

 

Жазарсың хатты жиі сен,

Жазылар жанның жаннаты.

Қолыңды қысам -сүйісем,

Түйіссе Ланжу-Алматы.

 

ДАЛА ТАҢЫ

 

Қызыл өрт алаулаған дала таңы,

Ақ сәуле секілді екен бала тәні.

Төгілді алтын кірпік қалың жұлдыз,

Аспанның аунағандай алақаны.

 

Құстардың таңғы әсем шығады үні,

Маужырап бұйра толқын ұғады оны.

Қып-қызыл шымылдығын сырып тастап,

Бой жазды табиғаттың мұғалімі.

 

Көгілдір көл бетінде таңғы мұнар,

Еткендей суретіне мәңгі құмар.

Сыңсиды композитор қалың орман,

Нотаға түсіргендей әнді бұлар.

 

Жан жоқ па таңды ұғатын тегі мендей?!

Жанымнан жыр лықсиды төгілердей.

Кеудеме сұлу сурет құйылғанда,

Қайдасың қайран шабыт тебіренбей.

1961жыл 20май, Үрімжі.

***

Түсіме неге кірмейсің?!

Кезімде жым-жырт тыныққан.

Сыңғырлап неге күлмейсің,

Бұлқынып жаның тұнықтан.

 

Ойлаймын сені күндіз көп,

Көрмеймі неге түсте мен.

Болмаса бір сәт жұлдыз боп,

Өтсеңші ағып төбемнен.

 

1961 жыл май. Үрімжі.

 

***

Құлақтан кіріп бойды алған,

Әніңді ұйып тыңдаймын.

Арылып ауыр ойлардан,

Серпіліп кетер мұң-қайғым.

 

Көңіліме шаттық толар шын,

Көгіме күліп арай күн.

Әйгерімі боларсың,

Қайсыбір жаңа Абайдың.

 

1961 жыл май. Үрімжі.

 

*   *  *

 

Сарқылмас шексіз сезім ұлы қайғы,

Шайқаған жерде тұрып тұнық айды.

Таппаған өз сүйгенін шерлі жүрек,

Өрт қойсаң өзегіне жылымайды.

 

*           *         *

 

Шақтым-ау қайғы-мұңын өз басымның,

Келмесін көңіліне жолдасыңның.

Шық тұрса мөлдіреген жапырақта,

Ол менің тамшысы ғой көзжасымның.

 

*           *         *

Найзағайдың қара түнгі қанаты,

Жарқ еткенде қалмайды ақын тағаты.

Сен түсесің көңілдің айнасына,

Жүрегімнің соғып тұрған сағаты.

 

Жан беймаза жолаушыдай тоналған,

Енді нені күтеді екен ол алдан.

Қасірет пе сар теңізге батырар,

Қуаныш па аңсап күткен мол арман.

 

*           *         *

Күндер өтер өшкендер от келбетім,

Бірақ өшпес өзімдей портретім.

Есіңе алып ескеріп бетін ашсаң,

Естеліктен жарқ етер сол суретім.

 

*           *         *

Жаратқан дүниені қайласымен,

Уа, өмір бұл әлемнің айнасы мен.

Жершары доп-домалақ тарыдай-ақ,

Мен енді қайда барып, қайда сіңем.

 

*           *         *

Ақын қайда баяғы ақын қайда,

Үндемейді ол неге жатырқай ма.

Кеудесіне найзағай шатырлай ма,

Айдалада ол қазір жатыр қайда?!

 

*           *         *

Бұл өмір әлек қыпты асыққандай,

Жырымның бір қанатын басып қалды.

Көңілдің қимас жасы тамып кетті,

Еңіреп үй айланып ғашық қалды.

 

*           *         *

Тағдыр маған бір мезгілге сыйлаған,

Бақытым сен маңдайыма симаған.

Бала көңіл меселдесін қайтарып,

Көп тірелдің бір көпірге қираған.

 

 

КҮЗ

 

Бұл неткен алтын таулы бай күз еді,

Қарт әкем кеше ғана тай күз еді.

Қырмандай меруерт мұхит шымырлайды

Аспанда сәуле төгіп ай жүзеді.

 

*           *         *

Ана сені жырламаған қай балаң,

Қай балаға ана қолын жаймаған.

Тағдырдан тек өмірімді тіледің,

Бақытымды тілемеген сорлы анам.

 

Шықса көзден жанның нілі жас деген,

Талғаусырап кетер ғазез тас денең.

Ана алдында жапырақтай жүрегім,

Қанжарға имес, иеді өзін бас төмен.

 

ЖЫЛЫН

 

Күн нұрына тұла бойы жиырылып,

Жатыр жылан тас үстінде иіріліп.

Маған сұмдық қанды көзін қадады,

Шыңырау судың тартпасындай үйіріліп.

 

Шұбар дене шыққан уға жуылып,

Сыпылдады бүктетіле буылып.

Айыр тілін дарытпадым өмірге,

Желкесінен бастым да алдым суырып.

 

Кілегей көзі соңғы секунд санайды,

Ағып түсті зәр қарашығы талайғы.

Дәл осындай мұхиттың ар жағында,

Жылан көзі бізге өшіге қарайды.

 

*           *         *

Бақытсыз, қуанышсыз мен кетермін,

Еріксіз көз жасымды көлдетермін.

Өмірде сөнген сорлы жүрегімді,

Тірлікте мұңлы күймен тербетермін.

 

*           *         *

Қанбаймын қатты шөлдеймін,

Өлеңнің берші сусынын.

Нөсерлі бұлт боп селдейін,

Ұқтыршы жойқын су сырын.

 

Толқын боп тауды талқандап,

Жентектеп тасты шаршайын.

Айқайлап шулап жалтаңдап,

Қуатын күштің сарқайын.

 

Лап беріп шөлге тасқындап,

Бұрқылдап тулап жатайын.

Құшаққа обыр жас құмды ап,

Қызыққа әбден батайын.

Шөл үстін өтсе шөлдеген,

Ай келіп түнде шомылсын.

Жоғалып жерден шер деген,

Тұншығып өлсін шөгір сұм.

 

Әйтеуір қатты шөлдеймін,

Сусыным қайда, сусыным.

Нөсерлі бұлт боп селдейін,

Ұқтыршы жойқын су сырын?!

 

*           *         *

Көңіл қайғы не малынса,

Қайран шабыт бұрқ етер де басылар.

Адал жүрек шын сүюден жаңылса,

Отсыз, ойсыз құмарлыққа бас ұрар.

 

БУЫРШЫН

 

(баллада)

 

Жаз ыстық құмын қуырған,

Аяулы анам буыршын.

Қыс боран қарын суырған.

Буыршын десе буыршын.

 

Мінезі қандай  мінезі,

Долдана мен-зең булыққан.

Шу асау тұлпар бір өзі,

Көбігін шашқан сулықтан.

 

Қалшылдап келіп құйғытып,

Өтеді шауып бораны.

Сыбызғы тартып би күтіп,

Алады күтіп жоғары.

 

Ақ жорға жүйткіп кей уақыт,

Тынады баяу мамырлап.

Аспаны мүлгіп бей уақыт,

Жанады жұлдыз жабырлап.

 

Ежелден туыс екі өзен,

Осында келіп тоғысып.

Тартады сапар төтемен,

Жатады арна толысып.

 

Жаз болса ертіс шымырлап,

Сабырлы жүзбен сырғиды.

Жағада нуы сыбырлап,

Ай келіп суға сүңгиді.

 

Жағада мынау қараша үй,

Өткен бір шақтың куәсы.

Мен үшін қымбат тамаша үй

Жүректің сырлы дуасы.

Осында өтті баяғы,

Балалық күндер, бал күндер.

Әлі де бұл үй аялы,

Жас өсер мәуе, тал бүрлер.

 

 

Қайда екен менің күндерім,

Кетіпті-ау шығып уыстан.

Ұяңсың-ау жыр келін,

Сол шақты бірге қуысқан.

 

Серігім жырды жетелеп,

Ертіске бардым "арма" деп.

Көп сапар шектім төтелеп,

Балалық шіркін барма деп.

 

Іздедім бірақ таппадым,

Ұйқыда жатыр ертіс шал.

Шомылып сумен ақпадым,

Жүзінде қарттың өр түс бар.

 

Қыс боран алып мазасын,

Қабағын мықтап түйіпті.

Ағызып судың тазасын,

Мұз көз әйнек киіпті.

 

Өкпелі екен қарт маған,

Жыр екеуіміз ұялдық.

Ақылың маған тартпаған,

Деді шал қатты қиял ғып.

 

Қарайма екен бала тік,

Біз қабақты түймедік.

Қарт өкпесін таратып,

Көнки байлап биледік.

 

Разы болды дана қарт,

Езуін бір жимады.

Бізге барлай қарап-ап,

Бізге бақыт сыйлады.

 

 

АЛТАЙ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

(үзінді)

Жондары жолбарыстың жотасындай,

Алтайдың жататұғын беті ашылмай.

Көз жасы бұлақтардың мөлт-мөлт етіп,

Боздаған нардың жетім ботасындай.

 

Табиғат көп жасырған қызғанышын,

Естіртпей сыңғыраған қыз дауысын.

Телегей құшағында жатты тұнып,

Ғасырлар тыныштығын бұзбау үшін.

 

Еңсесін басып таудың мыңжыл батпан,

Тереңде құпия сыр сыңғыр қаққан.

Ақ иық, аршын төсті, кең тынысты,

Қатпарлы кәрі жүзін тұнжыратқан.

 

Заман да жер бетіне өлік еккен,

Тынбаған қасіреттің желі көптен.

Қарт Асан ақ асасын сілке тастап,

Желаяқ желмаямен желіп өткен.

 

Көз жасы көп көлдердің  суалыпты,

Қарағай қаусап талай қуарыпты.

Зар шеккен ана өмірге қарғыс айтса,

Нәресте көз жасына бұланыпты.

 

Қарт Ертіс қан толқынын күбірлетіп,

Жоңғардың ашщы аязы дірілдетіп.

Желекті найзасымен жауын түйреп,

Арқалық шауып өтті дүбірлетіп.

 

Долы қыс сілкіп ұрып мұз денесін,

Тозақтың жер бетіне сызды елесін.

Сүйегін қара басты құрт кемірген.

Жартастан құлап өлген қыз денесін.

 

Көктемде жер сілкініп, көшкін құлап,

Жау шапқан шатқалдарда босқын жылап.

О, шіркін алтын бесік туған далам,

Егіліп сонда өзің тостың құлақ.

 

Жауларды  жылан басы сумандаған,

Көрдің сен соны кеше туған далам.

Есіріп есірік жау есі кетті,

Халықты қасапқа ұстап думандаған.

 

Пана еттік қаша көшіп қарағайды,

Акоптан ажал ұлып абалайды.

Зар шегіп туған жерден айрылған көш,

Түндер де көп шырқады «Ағажайды».

 

Сол бір ән кекке қайрап жанымызды,

Қайнатты көп тулатты қанымызды.

Қаптаған қара бұлттың арасында,

Қалықтап қазақтардың жаны жүзді...

Abai.kz

0 пікір