Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3806 0 пікір 26 Наурыз, 2013 сағат 04:37

Сәкен Сыбанбай. Мектепте кино сабағы енгізіле ме?

Қазақ киносының қазіргі ахуалы халық қалаулыларын да алаңдата бастапты.  21 ақпанда Мәжіліс депутаты Виктор Рогалев ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің атына «адам жүрегінде  мейірім мен ізгілік оятатын жарқын да жақсы фильмдер көптеп түсірілсе...» деген тілегі бар депутаттық сауал жолдапты.  Сауалдың соңына оның әріптестері Серікжан Қанаев пен Нұрлан Әбдіров те қол қойыпты.

Жақсы киноның жарқын үлгілері бізде бар

«Жақсы кино түсіре алатын талантты режиссерлер мен сценаристерді іздеп тауып, дайындауды тез арада қолға алу керек. Ол фильмдер «Қазақфильм» киностудиясының базасында таспалануы тиіс, бұл мақсатқа жұмсалар қаражатты министрлік қарастыруы қажет. Көрерменге мәңгілік құндылықтар мен байырғы дәстүрлерді дәріптеу арқылы ғана нағыз мәдениетті ұсына аламыз. Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан қазақ киносының қордаланған мәселелерін талқылап, шешім қабылдайтын қоғамдық кеңес құрған жөн» дейді халық қалаулысы.

Қазақ киносының қазіргі ахуалы халық қалаулыларын да алаңдата бастапты.  21 ақпанда Мәжіліс депутаты Виктор Рогалев ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің атына «адам жүрегінде  мейірім мен ізгілік оятатын жарқын да жақсы фильмдер көптеп түсірілсе...» деген тілегі бар депутаттық сауал жолдапты.  Сауалдың соңына оның әріптестері Серікжан Қанаев пен Нұрлан Әбдіров те қол қойыпты.

Жақсы киноның жарқын үлгілері бізде бар

«Жақсы кино түсіре алатын талантты режиссерлер мен сценаристерді іздеп тауып, дайындауды тез арада қолға алу керек. Ол фильмдер «Қазақфильм» киностудиясының базасында таспалануы тиіс, бұл мақсатқа жұмсалар қаражатты министрлік қарастыруы қажет. Көрерменге мәңгілік құндылықтар мен байырғы дәстүрлерді дәріптеу арқылы ғана нағыз мәдениетті ұсына аламыз. Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан қазақ киносының қордаланған мәселелерін талқылап, шешім қабылдайтын қоғамдық кеңес құрған жөн» дейді халық қалаулысы.

В.Рогалев мырзаның айтуынша, «жақсы киноның жарқын мысалдары бізде баршылық, олар - «Қыз Жібек», «Біздің сүйікті дәрігер», «Шабандоз қыз», «Тақиялы періште», «Ана туралы аңыз», «Менің атым Қожа», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» және т.б. Бәлкім, бұлар шетелдік кинофестивальдерде оза шауып, олжа салмаған болар, бірақ адал достықтың, шынайы махаббаттың, қайырымдылық пен қаһармандықтың нағыз тәрбиелік қуаты - осы фильмдерде, бұл жағынан қазіргі киноленталардың ешбірі олармен теңесе алмайды». Мәжіліс депутаттары көпшілікті мұны «баяғы кезеңді аңсаған сағыныштың сарыны емес, отандық киноның бүгінгі ахуалын түзеуге деген ұмтылыс» деп ұғуға шақырады.

Қазіргі фильмдердің ішінен В.Рогалев «Балалық шағымның аспаны» картинасын арнайы атап өтіпті. «Осы туынды арқылы біздің киногерлер рухы асқақ, түйсініп-қабылдауға жағымды дүние түсіре алатынын дәлелдеді. Көрермен мейірім, достық, жанашырлық, өзара жәрдем деген ұғымдардың құр сөз еместігін, бала Нұрсұлтанның табандылығы мен адамгершілігі, қанатты арманы арқасында өмірдің бүкіл сын-сынақтарынан сүрінбей өтіп, нағыз адам, атпал азамат, өз елінің патриоты болып шыққанын көзімен көріп, көңілімен түйсінді» деп жазады ол.

Депутатты сондай-ақ қазіргі фильмдер мен телесериалдарда зорлық-зомбылықтың, ашкөздіктің, арсыздықтың ашық насихаттала бастағаны алаңдатады екен. «Киногерлеріміз қайырымдылық, адалдық, риясыздық, кіршіксіз сезім секілді жалпыадамзаттық құндылықтарды түгел ысырып қойды, олардың орнын экранда әлсіздерге жәбір көрсетушілік, дүниені түгел жек көрушілік, тек өз құлқынын ойлайтын пайдакүнемдік жайлап алды. Жас ұрпаққа осындай дүниелер қандай өнеге беріп жарытады? Кино, қалай десек те, қашанда өзінің қуатты тәрбие құралы дәрежесін сақтап қалады. Сонда біз экранда қан су боп ағатын, жастар қарияларды құрметтемейтін, қоғамда ұры-қары үстемдік құратын фильмдерді идеология деп ұқсақ, болашағымыз не болмақ?» - деп күйінеді ол.

Өнердің тәрбиелік қуатын пайдаланған жөн

Естеріңізде болса, осы жылдың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет «Қазақфильмге» үнемі қолдау көрсететінін айта келіп, кинематографистерімізді түсірілетін туындылардың сапасына назар аударуға шақырған еді. Ал шамамен бір ай бұрын Ресейде Кинематографистер одағының ұсынысымен мектептерде көрсетуге болатын 100 отандық фильмнің тізімі жасалып, талқылауға ұсынылған-ды. В.Рогалев те өз депутаттық сауалының соңында: «Кейбір фильмдерді, Білім және ғылым министрлігімен келісе отырып, еліміздің оқу орындарында көрсетуді міндеттеуге болатын шығар деп ойлаймыз», - депті.

Біздіңше, осы ұсыныстардың қай-қайсысы да дұрыс. Қазір кино түсірудің техникалық мүмкіндіктері дамығанымен, адам жанын тебірентетін, жүрек тербейтін, бүкіл отбасы болып тамашалап, артынша әдемі әсер бөлісуге арқау болатын туындылар шықпай жатыр. Шықса да, бірен-саран. Фильмдеріміздің кейбірі көрерменнің түсінуіне қиын, күрделі болса, қайсыбірі көшеде қол камерамен кез келген әуесқой түсіре салғандай тым қарабайыр, енді бірі сапасы көңіл көншітерлік болғанымен, ұлттық ұстанымға, қазақы пайымға кереғар келіп жатады. Таспалану шеберлігі жөнінен де, сюжеттің ойнақылығы, кейіпкерлердің қазақы мінезі, актерлердің шынайы ойыны, кісі дүниетанымына әсері тұрғысынан да бәсі жоғары туындыларға көрермен сусап-ақ отыр. Неге екені белгісіз, осындай талаптардың бәріне сай келетіндей «алтын ортаны» ұстау режиссерлердің қолынан келетін емес.

Отандық киноөнімдердің таңдаулыларын оқу орындарында көрсету туралы бастаманы да қолдауға болады. Бұл жерде, бір оқпен екі қоян атқандай, екі мақсатты орындауға мүмкіндік туады: біріншіден, оқушылар қазақ киносының үздік үлгілерімен жақынырақ танысады, екіншіден, ұстаздар кино өнерінің тәрбиелік қуатын пайдалана отырып, балалар мен жасөспірімдерге ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін экрандағы көрнекі мысалдар арқылы түсіндіре алады. Фильм көріп біткеннен кейін әркім өз ойын айтып, кішігірім пікірталас өрбіткен жөн, өйткені, мақсат - әншейін кино көру емес, одан алған әсеріңді бөлісу, ұққаныңды саралау болуы керек.

Рас, фильмнен әркім әрқилы ой түюі мүмкін. Біреу түпкі мағынасына мән берсе, біреу жәй қызықты оқиғасына көңіл аударуы, енді бірі тіпті ештеңеге көңілі толмай, іші пысып отыруы да ғажап емес. Шынына келгенде, мектеп пәндерінің қай-қайсысында да осылай ғой: бір оқушы математикаға ерекше қызығады, енді бірі тек баға алу үшін барын салады, үшіншісі әйтеуір ілініп-салынып, «үшке» әрең ілігіп жүреді. Керісінше, есеп-қисапқа ебі жоқ сол баланың тарих пен жағрафиядан алдына жан салмауы, әлгі «математиктің» тіл-әдебиеттен ақсап жатуы да ықтимал. Яғни, бүкіл баладан кинодан бірдей әсермен, бірдей оймен шығуын талап ету мүмкін емес.

Тәрбие мен білім - мәжбүрлеудің мәдениетті түрлері

Осы тақырып туралы кеше бірнеше танысымның пікірін сұрадым. «Өте дұрыс идея» деп қолдады бірі. «Менің қызым кеше колготкиін жыртып келді, сыныптағы орындығының шегесі сорайып тұр екен. Орындықты оңдай алмай жүрген мектептер кино көрсететін құрылғыны қайдан таппақ?» деп екпіндеді екіншісі. «Жарайды, мектепте анда-санда жақсы кино көрсетсін, ал балаларымыздың ғаламторға байланып, компьютерге жабысып қалатын әдетін қалай қойғызамыз?» деп уайымдады үшіншісі. «6 жасар бөбек пен 16 жастағы бозбаланың өнерді қабылдау деңгейі бірдей емес қой, сондықтан, әр жастағы балаларға көрсетілуге тиіс фильмдерді екшеп, сұрыптаған жөн шығар» деген тілек айтты төртіншісі. «Қазіргі балалардың талғамы, қызығушылығы басқа, оларға баяғы өзіміз көрген ескі фильмдерді күштеп көрсетудің түкке керегі жоқ» деп түйді бесіншісі.

Яғни, алдымен аталған ұсынысты жан-жақты зерттеп-зерделеу керек сияқты. Мектептерді киноқұрылғымен қамту қалай жүзеге асады? Көрсетілуге тиіс фильмдерді кім және қандай критерийлер бойынша іріктейді? Бастауыш сыныптарға, орта және жоғары сыныптарға деп арнайы бөлген дұрыс па? Бұл бастаманы тек жалпы білім беретін мектептерде жүргізу керек пе, әлде колледждерді, түрлі гимназия-лицейлерді, полиция мектептерін, офицерлік училищелерді, жоғары оқу орындарын да қамтыған жөн бе? Кино көрсету міндетті сабақ, пән есебінде жүруі қажет пе, әлде тек факультатив түрінде ме? Расында да, ойласатын, саралайтын нәрсе аз емес.

Ресейдің Красноярск қаласында мектеп оқушыларына сыныпқа жаңадан келген қызды мазақ қылып, тыным бермейтін кейіпкерлері бар «Чучело» фильмі көрсетіліпті. Тамашалаған сыныптардың бірінде тап сол картинадағыдай жағдай қалыптасқан екен. Фильмнен соң, ұстаздарымен бірге осы жәйтті талқылаған оқушылар әлгі «бұзақылардың» сыныпқа жаңадан келген қыздан кешірім сұрауын талап етіпті. Олар кешірім сұрап, «бұдан былай ондай қылықты қайталамаймыз» деп уәде беріпті.

Өнер мен әдебиет - өзге адамның жанына үңілуге, басқа жанды өзіңдей түсінуге жетелейтін, соған мүмкіндік беретін құрал. Жақсы кино, жақсы спектакль, жақсы кітап өмірдің мәні туралы ойландырады, ізгілікке үндейді, күйкі тірліктің күйбеңінен, ішіп-жеуден басқа да әсем әлем барын есімізге салады, пенделік пиғылдың тар шеңберінде қалмай, нағыз адамдық деңгейге ұмтылдырады. Демек, тәрбиелейді. Яғни, «қазіргі балалардың талғамы, қызығушылығы басқа, оларға баяғы өзіміз көрген ескі фильмдерді мәжбүрлеп көрсетудің түкке керегі жоқ» дейтін танысым қателеседі деп ойлаймын. Мектептегі сабақтың бәрін балалар түгел сүйсініп, қуанып оқи ма? Талайының көңілі қаламаса да, біз геометрияны, физиканы, тарихты, т.б. пәндерді бәрібір оқытамыз ғой. Өйткені, керек. Демек, тәрбие мен білім - мәжбүрлеудің мәдениетті түрлері. Қайта кітаптан гөрі экранға көбірек телміретін бүгінгі ұрпақтың тәрбиесі кино арқылы жақсы жүрсе керек.

 

«Алматы ақшамының» ұсынысы

Егер ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Білім және ғылым министрлігімен ойласа отырып, депутат В.Рогалевтің идеясын іске асыратын болса, жас ұрпаққа қазақ киносының қорынан әрқайсысы өз орнын алған төмендегі туындыларды көрсетуге болар еді.

Балаларға арналған үздік фильмдер:

«Менің атым Қожа» (1963, реж. А.Қарсақбаев)

«Арман-атаман» (1967, реж. Ш.Бейсембаев)

«Балалық шаққа саяхат» (1968, реж. А.Қарсақбаев)

«Шоқ пен Шер» (1972, реж. Қ.Қасымбеков)

«Көксерек» (1973, реж. Т.Өкеев)

«Жүйрік болсаң, озып көр!» (1974, реж. А.Қарсақбаев)

«Алты жасар Алпамыс» (1977, реж. А.Қарсақбаев)

«Тоғызыншы ұлдан сақтан» (1983, реж. В.Пұсырманов, В.Чугунов)

«Сүйрік» (1984, реж. А.Әлпиев)

«Ауылым Көктөбенің бөктерінде» (1986, реж. Ә. Сүлеева)

«Адамдар арасындағы бөлтірік» (1989, реж. Т.Теменов)

«Саған күшік керек пе?» (2003, реж. Қ.Қасымбеков)

 

Жас ұрпақ көруге тиіс басқа да фильмдер:

«Амангелді» (1938, реж. М.Левин)

«Абай әндері» (1945, реж. Г.Рошаль, Е.Арон)

«Біздің сүйікті дәрігер» (1957, реж. Ш.Айманов)

«Алдар көсе» (1964, реж. Ш.Айманов)

«Тұлпардың ізі» (1964, реж. М.Бегалин)

«Атамекен» (1966, реж. Ш.Айманов)

«Ән қанатында» (1966, реж. Ә.Мәмбетов)

«Қараш-Қараш оқиғасы» (1968, реж. Б.Шамшиев)

«Тақиялы періште» (1968, реж. Ш.Айманов)

«Атаманның ақыры» (1970, реж. Ш.Айманов)

«Қыз Жібек» (1970, реж. С.Қожықов)

«Құлагер» (1972, реж. Б.Мансұров)

«Гауһартас» (1975, реж. Ш.Бейсембаев)

«Транссібір экспрессі» (1977, реж. Э.Оразбаев)

«Қан мен тер» (1978, реж. Ә.Мәмбетов)

«Охран бастық» (1978, реж. А.Тәжібаев)

«Ебелек» (1980, реж. А.Тәжібаев)

«Жаушы» (1980, реж. Ә.Мәмбетов)

«Қош бол, Медеу!» (1981, реж. З.Подскальский)

«Долана» (1981, реж. М.Омаров)

«Ақырғы аманат» (1981, реж. А.Тәжібаев)

«Соғыстың соңғы жылы еді» (1983, реж. А.Тәжібаев)

«Өтелмеген парыз» (1983, реж. С.Жармұхаммедов)

«Адамға ілтипат!» (1984, реж. Л.Сон)

«Шоқан» (1984, реж. А.Әшімов, 4 сериялы)

«Шаңырақ» (1987, реж. Е.Болысбаев)

«Сұлтан Бейбарыс» (1989, реж. Б.Мансұров)

«Айналайын» (1990, реж. Б.Қалымбетов)

«Жансебіл» (1991, реж. А.Шәжімбай)

«Отырардың күйреуі» (1991, реж. А.Әмірқұлов)

«Махаббат бекеті» (1993, реж. Т.Теменов)

«Көзімнің қарасы» (1994, реж. С.Нарымбетов)

«Заманай» (1997, реж. Б.Шәріп)

«Қазақы оқиға» (2001, реж. Д.Манабай)

«Сардар» (2003, реж. Б.Қалымбетов)

«Қаладан келген қыз» (2004, реж. Р.Әбдірашев)

«Дүниежарық» (2006, реж. Ж.Жетіруов)

«Әурелең» (2008, реж. С.Құрманбеков)

«Қош бол, Гүлсары!» (2008, реж. А.Әмірқұлов)

«Біржан сал» (2009, реж. Р.Әлпиев, Д.Жолжақсынов)

«Балалық шағымның аспаны» (2011, реж. Р.Әбдірашев)

«Жаужүрек мың бала» (2012, реж. А.Сатаев), т.б.

 

Дереккөзі - «Алматы ақшамы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621