Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Сайлау 2023: 2133 13 пікір 2 Ақпан, 2023 сағат 17:46

«Ақ жолды» арандатқысы келген кімдер?

Алдағы 19 наурызға белгіленген Мәжіліс сайлауына жеті партия тіркелді. Бұл партиялардың ішіндегі ең өтілі ұзағы, былтыр ғана «Халық» партиясы деп атын өзгерткен «Коммунистік партия» екені айтпаса да түсінікті. Сол үшін «Коммунистік партия» бірінші болып сиезін шақырып, биылғы Мәжіліс сайлауына, мәслихатқа ұсынған депутаттарын жариялады. Коммунистік партияның өз ішінде араздығы бар.

Осы жолғы сайлауда баяғы Қарағанды университетінде 20 жыл марксизмнен сабақ берген, елбасының қасында жүрген Ертісбаевты көшбасшы ретінде көрмейтіндердің қатары көп. Кезінде президенттікке үміткер болған Жамбыл Ахметбеков бастаған Коммунистік партияның серкелері шетінен партия құрамынан шығып кетті. Оның орнын толтыру үшін, «Отандас», «Ел» деген қандастардың көші-қон мәселесін қозғайтын ұйымды қатарына тартып, соның президентін депутаттыққа ұсыныпты. Бұл да өздерінің беделін көтергісі келген әрекеті шығар.

Мәжіліс сайлауына қатыспаққа бекінген жеті партияның ішіндегі ең тәжірибесі аз, Парламет тарауынан бір күн бұрын Әділет министрлігі тіркеген партия – Republica. Бұл партияның өкілдері жас, кейінгі буын. Олар әлеуметтік желіні, сандық технологияны жақсы меңгерген. Сондықтан да болар «Біз Парламентке бармай-ақ орнымыз дайын» дейтін көрінеді.

Дегенмен бұл жолғы сайлаудың мәні ерекше. Қазір «Аманат» деп атын өзгерткен «Нұр-Отан» бұрынғыдай әкімшілік ресурспен көш бастай алмайды деп ойлаймыз. Ол кезең өтті. Қазіргі жаңа Қазақстанның жаңаша жүйесі партияларға күш бергендей. Алдыңғы 7-шақырылымда «Нұр-Отан» Парламентте басым орынға ие болып, «Ақ жол» партиясы 12 орын ғана алды. «Ақ жолдың» бұрыннан Парламентте ұлтшыл, алашшыл болып көрініп келе жатқаны белгілі. Бірақ сайлау өтеді дегеннен бастап «Ақ жол» партиясы туралы сөз көбейіп кетті. Соған аз-кем тоқталайық.

Ақ жол партиясы кеше ғана өзінің сиезін өткізіп, үміткерлерінің тізімін жариялады. Бұл партия айтса-айтқандай «Аманаттан» кейінгі ауқымды партия болып отыр. Коммунистік партияның кандидаттарымен салыстырсақ, ол артықшылық көзге бірден түседі.

Бірақ сиездің алдында партия басшысының орынбасары Азамат Әбділдаев «Путиннің арнайы операциясын қолдаймын», деп бүйректен сирақ шығарды. Партия өз ішінде жиналыс жасап, Әбділдаевты қатарынан шығарып жіберді. Бұл инцидент партияға жақсы сабақ болған секілді. Өйткені, партия сиезінде бағдарламасының шет-жағасын жариялаған Азат Перуашев «Парламентке барсақ Қазақстанның Еуроодаққа қосылу мәселелесін көтереміз» дегенді айтты. Қазір осы бастамашыл идея қоғам талқысына түсіп отыр. Бұл, әрине, қазіргі күрделі геосаяси жағдайдағы айтылған батыл шешім.

Бір өкініштісі, Азамат Әбділдаевты қатардан шығарғанмен партия ішінде іріткі тудырғысы келетін азаматтар бар екен. Оған бір себеп: Азамат Әбділдаевтың «Ақ жол партиясы ұлтшылдықты қоздырады» деп Ресейдің телеарнасына шағымданғаны секілді, депутаттыққа үміткер Бөріхан Нұрмұхамедовтің "партияның төрағасы көп отырып қалды" деп күтпеген жерден мәселе көтеруі тағы да тапсырыс болды ма деген ойға еріксіз жетелейді. Әйтпесе,партия жұмысында белсенді емес,бұған дейін жылына бір рет төбе көрсетіп қоятын Бөріхан мырзаның аяқ астынан ала тайдай тулап,шала бүлінуіне басқа қандай себеп болсын? Бірақ, сиезге келген делегаттардың ешқайсысы аталған бастаманы қолдаған жоқ. Сиез соңынан тілдескен ақжолдықтар Нұрмұхамедовтың қылығын "партия ішіне іріткі салу мақсатында жасалған әрекет" деп бағалап жатты. Ал, Қазақстандағы «Спутник» сияқты ресейшіл басылымдар жерден жеті қоян тапқандай жаңалықты жарнамалауда. Осыған қарап—ақ әңгіменің ауаны қайдан екенін пайымдай беріңіз.

Қазіргі қиын заманда қоғам ұлттық мүддені алға қоятын, ұлттың қамын ойлайтын партияларға зәру. Ал бұрыннан алашшыл, ұлтшыл аты шыққан «Ақ жолды» аяқтан шалушылар көбейген. Айта кетейік, бұрынғы президент тұсында ЕЭО, Кедендік Одақ, ҰҚШҰ деген сияқты саяси шешімдер қабылданды. Осының бәрі парламентте, заң шығару органдарында ұлттық мүддемізді қорғайтын ұйымның аз болуынан туындады. Қазіргі "Ақ жол" партиясына шабуыл сол «ұлтшылдардың үнін шығармайық, Парламентте бұлардың өкілі болмасын» деген арам ойдан туындағаны анық.

Егер Қазақстан әділ сайлау өткіземін десе, халық қалаулыларын шынымен халық қалауымен таңдаймыз десе, аяқтан шалушылықты қойып, әділдікке бет бұрғаны абзал. Парламентке қай партия, қай үміткер өтсе де, әділ өтуі керек.

 

Abai.kz

13 пікір