Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Міне, көрдің бе? 2150 8 пікір 2 Ақпан, 2023 сағат 13:51

LRT құрылысын жалғастырудың артында не бар?

Сейсенбі күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес өтті.

Мұнда 25 жылдан бері Қазақстан халқының есесін жеп, аузынан ырысын ысырып келген Астана турасында біраз мәселе айтылды.

Әрине, елорда ел көркі болатындай қала болуы керек. Бірақ ол бұрынғы Назарбаевтың кезіндегідей, ширек Қазақстанның бюджетін жалмайтын тойымсыз шаһар болғаны «Әділетті Қазақстан» қағидасына қиғаш келеді.

Мәселен, ысырапшыл билік пен жалмауыз жемқорлар миллиардтаған қаражатты қылғытқан LRT аспалы жолының жобасы осы кеңесте тағы да сөз болды. Бұл жобаны тағы да майлап сіңіру үшін, президент Тоқаев астаналықтар «көзіне жас аларлық» біраз сөз айтты.

«Тұрғындар әлі күнге дейін аялдамада жарты сағат бойы тұруға мәжбүр, – дейді президент. – Тіпті кейде жолаушылар автобусқа сыймай жатады. Қазір Астанаға 400-ден астам автобус жетіспейді. Алдағы 5 жылда бұл тапшылық 2 есе артуы мүмкін. 400 аялдамада автобус тоқтайтын арнайы орын қарастырылмаған»,-деп барып, Тоқаев мырза «биттің құрылысына» қайтадан оралды. Халықтың қанын сорған бұл «бит» – LRT.

«LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал балама жобалар жоқ», – деді мемлекет басшысы.

Егер LRT қате болған болса, оның қалқиған бетон бағандарын ысырапшылық пен жемқорлықтың ескерткіші ретінде неге қалдырмасқа? Әзірше, әрине. Назарбаевтың тойымы жоқ көзі сияқты болып тұрсын сіресіп! Ел экономикасы дағдарыстан шығып, қымбатшылық қамыты халықтан сыпырылған кезде атың өшкір LRT-ға қайтып келер едік...

Шамасы, олай болмайды-ау! Президенттің пәрмен бергеніне қарағанда, сол «тойымсыз көз» әлі де халықтық қаражатқа сұқтанып тұрған сияқты...

 

Сырым Датов

Abai.kz

8 пікір