Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2842 0 пікір 25 Наурыз, 2013 сағат 07:43

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

Алтыншы тарау

1

Біраз күнде сахара еліне өзінше бір науқандай болған наурыз көженің де мезгілі жеткен екен. Енді қар да сөгіліп, жол-жолдағы қасат қар шет-шетінен бұзыла бастаған. Отардағы мал алды, ондағы малшы-қосшы бұл тұста артқа қарай сағынысқан елге қайтуға қам жасап, шаруасы қыстан күйзелмей, аман шыққан ел арқасы кеңи бастап еді. Қолдағы ерте қашқан бірлі-жарым сиыр туса, айғырдан ерте шыққан бие құлындаса, көтен асысып, бір-бірінен сүр жесетін, «түстік» андысатын мезгіл келіп қалған. Белгілі-белгілі деген кісілер әр ауылдан құда-тамыр, жекжаттан «сыбаға» жеп, қыс соғымынан сақталған жал-жая, майлы қарта, үлдірік қазы сияқты тәтті-дәмді сүр астыратын, өзінше бір сал-сүрей уақыт келген. Бұл - жылқы етін нағыз дәмін алып жейтін тұз сіңген кез. Күннің ұзаруына байланысты бұл мезгілді «ұзын сары» деп жент, май қазы-шұжықтың таңдаулы, кәделісін нақ осы мезгілге сақтасатын. Лайсаң шақта ат құйрығын түйіп, аужай салғастыратындар топ-топ болып жүретін.

Алтыншы тарау

1

Біраз күнде сахара еліне өзінше бір науқандай болған наурыз көженің де мезгілі жеткен екен. Енді қар да сөгіліп, жол-жолдағы қасат қар шет-шетінен бұзыла бастаған. Отардағы мал алды, ондағы малшы-қосшы бұл тұста артқа қарай сағынысқан елге қайтуға қам жасап, шаруасы қыстан күйзелмей, аман шыққан ел арқасы кеңи бастап еді. Қолдағы ерте қашқан бірлі-жарым сиыр туса, айғырдан ерте шыққан бие құлындаса, көтен асысып, бір-бірінен сүр жесетін, «түстік» андысатын мезгіл келіп қалған. Белгілі-белгілі деген кісілер әр ауылдан құда-тамыр, жекжаттан «сыбаға» жеп, қыс соғымынан сақталған жал-жая, майлы қарта, үлдірік қазы сияқты тәтті-дәмді сүр астыратын, өзінше бір сал-сүрей уақыт келген. Бұл - жылқы етін нағыз дәмін алып жейтін тұз сіңген кез. Күннің ұзаруына байланысты бұл мезгілді «ұзын сары» деп жент, май қазы-шұжықтың таңдаулы, кәделісін нақ осы мезгілге сақтасатын. Лайсаң шақта ат құйрығын түйіп, аужай салғастыратындар топ-топ болып жүретін.

Енді аз күнде отардан келген мал төлдеп, жиырма күн, бір ай, жауын-шашын, аласапыранда шаруа елінің қыстан соңғы анық күйзелетін тағы бір мол қарбалас кезі бар. Тұмса, қулық биелерге құлынын тастап кетірмейтін: күн бұрын мерзім біліп, күн райын танып, жерін сайлап, ерте бастан ойға тоқып қоятын қырағы көз малшы керек. Мұндай кезде бел шешпей, ұйқы көрмей, ат үстінде құрықққа сүйеніп мызғитын, сары тап болған өлі сүйек жылқышы болады. Жер жадысын қуалап, күндіз-түні жылқыға ие боп отыру үшін қандыбұрауын шығарып мінетін желқуық ат-айғыр сол жылқышы серігі. Ит пен құсқа алдырмай, шығындатпай төл қосу қазақтың жаны десе болады. Сәуірге жетпей топырлатып төлдеп қалатын қой малына отамалының қара суығы оңнан кез тұрады. Қазақтың «бес тоғыс - белгілі қыс, саратан-санды қыс, заузадан қорқам» дейтіні тағы бар. Қыс кетті деп пұшайман жейсің дегені. Ық сағалап, бой паналай алатын ысқаяқ тәжірибе үлкені оған да керек. Бар тірліктің тоғысқан тынысындай «шөже санайтын» бір мезгіл осы. Шаруа елінде болатын осындай әбігердің, мол қаммен мұңның аз күнде бәрі де өтті.

Шеру елі, өздерінің жылдағы көктеуліктеріне қарай маңғыстап, жыла көшіп, барлық бөктерлерді: сай-сала, өзен-бұлақ бастарын, оқап, түбек, қолат-қойнауларын көктеу ете мекендеп, жағалай тарай қонып, жаз буына арқа төсеп, шаруасын күйттеп күйлей бастаған.

 

2

 

Міне дәл осы кезде Шеру ішіне ойда жоқта тағы бір үлкен лаң кірді. Екіаша дейтін қоныста отырған Керімбек ауылында бүгін бір үлкен жиын бар еді. Ауыл алдында, Мазы өзені жағасындағы кең көгалда, алқа-қотан боп, ертеңгі сәске мезгілде Шерудің көп үлкендері отыр. Төменгі жақтан келе жатқан он-он бес атты көрінген. Бұл жиын соларды күтіп алмақ... Аттылар бөгде емес, осы елдің өз жігіт-желең, ер-азаматтары болатын. Таңертеңнен бері күткен бұл жолаушыларды тоса отырып, соңғы әңгімені Бурабай бітіре берген.

Ол өз қасынан кетіп қалған Мұрыншақты осындай көп алдында жаман көрсете беретін әдетімен:

...- Үйінің тұсынан өтіп бара жатсам, ақылсыз қатыны есігінің алдында, басына күйектей қожалақ, бұлғауыштай бірнеңені орап алып, сексиіп, от тамызып отыр екен, көзіне албасты боп көрінді ме, жануар атым үркіп, өзімді мерт қылып кете жаздады. Отын алар көлігі де жоқ па, жаққалы отырғанын байқасам, шайтанның отындай айқастырған екі-үш қана ағаш, ұсқындары тіпті жаман ғой өздерінің; бәз-баяғы бұлғауыш басты қатыны, бықсып шыққан түтіні, - деп, отырғандар ішінен сөзін қостатар адам іздегендей, әр-әркімге жалт-жалт қаранып қойды. Айтарын әлі де тауыса алмай:

- Нәсілі басқа, жау қалмақ емес пе! Неше икемдейсің-ау, шиырыңа қосылғысы келмейді. Ақыл білсе, ең болмаса айран-шалап, сорпа-суын ұрттап қақырығын жібітіп отырмас па еді! Әнебір сұлуымсыған, тыраш қызының көңілі тіпті бұл маңда жоқ! - деп қолын алысқа сілтеп қойды.

Жолаушылар жақындап келді. Ұзын құлаға мінген топ ортадағы, үстінде қара шегірен мешпеті бар, Керімбектің ең үлкен Әкім деген баласы болатын. Осыдан екі жыл бұрын Әкім бір тосын жайдан ауылға өкпелі болып із-түзсіз жоғалып кеткен... Сол күні Керімбектің үйінде Шерудің мынау отырған үлкендерінің бірталайы бар-ды. Өкпенің басы тағы осы әйгілі Бурабайға байланысты шыққан.

Қамардың Керімбек атына хат жолдағаны тура сол тұс еді. Керімбектің Мұрыншаққа «Бурабай қасынан көш» деп ақыл бергені ызың, сыбыс болып, әлдеқалай Бурабайдың құлағына жеткен екен. Мұрыншақтай қолбілгі малшысы іргесінен көтеріліп бара жатса, оны көшіп кетуге уағыздаған шын дұшпаны кім екенін біліп отырса, үйінде тыныш жата алатын Бурабай ма? Ол өз үйінен аптыққан ашумен аттанып, дереу Керімбекке жеткен. Сол күні Бурабай топты кісінің көзінше өзінен жасы кіші Керімбекке тіл тигізген-ді. Бірақ оны Керімбек көтергенмен, үйде отырған баласы Әкім дәт етпеген. Бурабай сөзді салған жерден ожар бастағандықтан, Әкім екі-үш дүркін оқталып, тіл қатып жібере жаздап отырады. Үлкен сөзіне елден бұрын жауап айтып қала жаздап отырғанын Керімбек ағат көріп, бір-екі қайта баласына көзімен тыйым береді. Басылмай өрекпіген Бурабай бір сәтте:

- Сен Керімбек, бүгін қорамдағы қоңсымды алсаң, ертең қойнымдағы.., - деп келе жатқанда от мінез Әкім, даусы саңқ ете, киіп кетіп:

- Уәй, ақсақал, не божып отырсың? Сақалыңыз бөрте текенің сақалындай болып не тантып отырғаның! Сақалың қудай, сідігің судай болғанша неткенің! - деп жіберген.

Бурабай - кәдуелгі Бурабай болса, Әкім де есе бермес, өр көңіл жігіттің өзі. Және бұның өзін Керімбектің әкесі Әнкежан бауырына салып алған. Қартайған баба, Қанікедей өзі жақсы көрген келінінен туған тұңғыш немересін шыр етіп жерге түсісімен етегіне орап алып, өз бауырында өсірген. Сондықтан Керімбектен онша жасқанбай ержеткен Әкім негізі беті қатты, тоң туысты жан еді. Ешкімге жібімейтін. Жаңағы сөзге Бурабай кеудесіне тас тигендей боп қалт тоқтап қалып, оның әкесіне шағынғандай жалт қарағанда, Керімбек Әкімге қатты жекіріп:

- Тәйт, көргенсіз! Үлкендердің арына жағаласпа! Далаға шық! - деген еді. Бірақ табаны қызып отырған ықпас жігіттің бұл зекірік керісінше намыскер ашуын қоздыра түскен. Өмір жасын нәрсіздікпен тонатып жүретін мынау көк езу, қырт шалға жыны барынша ұстап. - Ондай арды ойлаймын деген кісі абыройын ит құйрығына байламай, қонысына қорықшы болсын! - дей берді. Міне, осы кезде Керімбек қымыз құйып отырған қос басты шөмішпен жалаңбас Әкімді солақайлап қақ басқа салып қалған-ды. Шытадай жұқа шөміштің екі басы екі жаққа домалап ұшып түсті. Шашы жаңа алынған кесек басына таяқ таңқ еткен Әкімнен жұрт бұл сәтте бір үлкен қимыл күтіп қалғандай. Бірақ ол тырс етіп, тіл қатпаған күйі, сазарып қана орнынан түрегелді. Сол бойында керегенің басындағы қалпағы мен қамшысын үнсіз алып, үйден шыққан... Мамаағаштан құласоқыр атты шешіп мініп, ағайын елдің көз алдынан жортып жөнеліп кеткен болатын. Сонан екі жыл бойы хабар-ошарсыз, із-тұзы білінбей, зым-зия жоғалып кетеді. Бурабай мен әкесінің осы жолғы бір ғана әрекетіне емес, кетуінің тағы өзге себептері бар-ды... Елдің бетінен ала беріп көзге тікен болып көрінген.

Артқы елді саңырау қалдырған сол кетістен осы жақында ғана бар Шеруді елең еткізіп еміс бір сыбыс, дерегі білініп қалған. Жәркентке, Қазақстан жеріне өтіп қайтып жүреді екен. Екі жыл бойы ағайын-аймақ мұңды боп қалған Керімбектің баласынан хабар тауып бере алмай, ел ішінің тілеулес үлкендері де таңырқаумен, бас шайқарлық күй көрген. Ең қызығы шариғат заңына жүгініп, бір жарым жылға жеткенде тіпті, бұның жылын да беріп қойған-ды. Асына құласоқыр аттың енесі, кәрі құла биені сойғалы жатқанда, Қанікенің жоқтау зарына бүкіл ел жылаған. Ел іші содан заман өтіп, бертін келгенше Қанікенің салт бойынша құла биені бауыздауға бермей, таласып, мойнынан құшақтап тұрып:

 

«О, дариға жалған-ай,

Жалғаннан көңілім қалған-ай!

Тірі ғайып жетеу-ді...

Сегізінші ғып алған-ай!» -

 

деген жоқтауын ауыздан тастамайтын. Әкімнің арт жағында қалған қызы Науатхан және кішкене екі баласы, әйелі бар болатұғын. Осыдан жиырма күндей бұрын «Әкім Нылқы уезінің Ластай - Қарасу жағында жүр дейді. Сонан Күредегі Лүріп-лама дейтін, қалмақ ламасының* үйіне қатынасады дейді» деп, талығып бір «дейді-дейді» хабар ілінген-ді. Нылқы деген бұл жерден мойны қашық уездердің бірі еді. Сол сөздің сарынымен Керімбек өзіне жақын ауылдардан, Айтбай он-он бес жігіт іріктеп атқа мінгізген. Табылса тура ұстап әкелуді тапсырып жіберген. Ол Ластайда себепсіз жүрмегенін әкесі жобамен жалғыз бір ғана қисынға сиғызып, тек өз ішімен ойлап, сезіп білген-ді... Керімбек білетін аз ғана мүшесі бар құпия «Тас түлек» дейтін ұйым сол Ластайда жасырынған. Ағайынды Әкбар - Сейіт бастаған өкімкетке қарсы ұйым. Соған барып ұрланып қосылған Әкімді мына жіберген жігіттердің тобы тек жол тосып ұстауларын қатты ұғындырған. Ол ұйымды өз ауылынан шыққан бұл жортуылшылар да сезбесін деген. Керімбектің сәлем айтуымен бұлар жолдан Күредегі Лүріптің үйіне соққан. Лүріп Лама өзі жақында білген Әкімнің дерегін бұл келген жорықшыларға толық баян етпестен тек оның жақын күнде бір келіп қалуға кәдік екенін ғана білдірген. Сонымен бұл топ Әкімді Қорғас шекарасындағы «Тобылғы еспе» деген жерде тосқан.

 

* Лама - молла.

 

Жол торушылар қолбақыр, шәугім, жолазықтарын қамдап алғандықтан сол маңда бес күннен аса жатады. Ақыры, бір күні ертеңгі мезгілде Құла атпен Күреге қарай аңыратып келе жатқан Әкімді бұлар алыстан-ақ таниды. Сақ торушылар енді оны дәл өз тұстарына келтіргенше көрінбеуді маслихат қып, Қорғас өзені бойындағы тобылғылы терең өзектің бір ұрымтал жылғасында бой тасалап қалысады. Мұның ішінде Әкімді екі жылдан бері жаманатқа қия алмай, жуықтағы хабар шыққалы бір көруді аңсап, сағынып жүргендер жоқ емес. Туысқан ішінде әсіресе онымен жастайынан тату өскен біреу бар. Ол Әкімді бір жерде із-түзсіз «өліп қалды» дегенге сенгісі келмей, қимай, нәзірінің етінен де ауыз тимей қойған Нүсіпбек еді... Арыппай бастаған осындай қызық күйдегі жол торушы топ Әкімге бірден көрініп, анау бұлардың дәл үстерінен ағызып жетіп келгенде бір-ақ сау етіп, қыр басына самсап бір-ақ шыққан. Қашқынды ішке қарай өткізіп алған. Топ алдында Әкімнен жасы кіші болса да сөзі жарасып, бір елі ажырамай қысы-жазы жақын жүретін зор денелі Нүсіпбек.

Әкімді көргенде көзіне оттай басылып, алдымен дауыстап жіберген сол болды. Көргеніне сенер-сенбес, ессіз, қомағай сезіммен қамығып кеткен. Өзгеден бөлек, сондай шынайы көңіл екпінімен азамат арысының орнын жоқтап жүргендіктен, Нүсіпбектің жүрегі алқымына тығыла, ат үстінде қопақтап, күн бұрын еңкілдеп жылап жіберген. Дауыстаған зор үні ерекше шығып:

- Ойбо-ой! Әкімбісе-ең?! Бар-ме-едің, аға-тай-ау?! - деп талтақ кер атты тебініп жіберіп, ең алдымен ұмытыла берген сол еді.

Алғашында бұл көрініске ғажап бір түс көргендей, аңтарылып қалған Әкім бұларды енді тез түстеп, түгел тани кетті. Өзін ұстауға ұрынып шыққан арнаулы топ екенін түсіне қалысымен аңыруды қойып құласоқыр атқа Қамшыны басып, Шипаңзының астын бағыттап қаша кеп жөнелді. Нүсіпбек жаңағы бойда дөй-далаға жылаған кісідей боп, әуелі состыйып тұрып қалған. Бірақ енді бөгелсе айырылатынын көрген соң, соңындағыларға бір қарап, атына қамшыны бұ да ұрды. Қамшылар жақ көзі шүңірейген соқыр, ұзын құла ат Әкімнің әсіресе осындайдағы анық сеніп мінетін жылқысы. Қатар жатқан қырық-арықта тұяғының ұшын ілмейді десетін. Қашқынның беттеп жөнелгені өзінің келе жатқан бағыты еді. Күре жақ болатын.

Ә, дегеннен сытылып шығып кетті. Соңындағы андыздай шапқан шұбар тобын бастап тырағайлатып Нүсіпбек кетті. Бейне бір жауды қуғандай аттарына үсті-үстіне қамшы басып бара жатқандары тек осылардай тау елі ғана істерлік, қызық көріністің үдесі еді. Шығысқа қарай көсіліп жатқан ұзақ жолдағы: Тақыр-Мұқыр, Көкдала жаққа қарай қасқыр қуғандай анталап келе жатқан қуғыншылар Әкімнен барған сайын бір-бірлеп қара үзіп, кейін қалып отырған-ды.

Содан күн түске тармасқан шақта жұмбақ жан Күреге қарай жеке сытылып шығып, салқын төсте атының терін біраз құрғатып та алған. Тай жеп шығып тау жебелеген бөрідей, енді жалғыз өзі жай шоқыртып жоси берген.

Қуғыншының алды Күреге болдырған аттарын қақпайлап, кешкі қоналқаға ілініп, кейінгі жағы жолшыбай Көкдалада ел тауып қонып, ертеңіне зорға жетіп тоғысқан. Алды-арты белгілі бір орынға жиналып алып, Әкімменен Лүріп-Ламаның үйінде қапылыста тоқайласқан-ды. Бұлар Лүріптің кең ауласына топырлап енгенде, ұйқысынан енді оянып далаға ақ дамбалшаң шыққан Әкім тағы да түс көргендей болып, кілт аңырып қалады. Сол сәтте аттарынан қатар түсіп жүгірген Арыппай мен Нүсіпбек Әкімді бірдей құшақтап, екі жағынан жылап көріседі. Әсіресе Нүсіпбек:

- Кектім-ай, қайда кеттің?! Тектіден шыққан, кектім-ай! - деп еңкілдеп жатты. Әкім үйге, есікке қарай қашпақты еді. Тапаншасына жете алмай қолға түсті.

Ауылға, елге міне осындай көріністерден кейін оралған Әкімнің келе жатқан хабарын кешегі күні білдіртіп «сүйіншіге» күн бұрын кісі шаптырылған. Кейін елге «Сарала атты - бақалшы» атанған саудагер ұйғыр сарыала құнанды Қанікеден осы елге келе жатқан Әкімнің сүйіншісіне алған. Соны естіп, алды кеше қонаға жиналған тілеулес үлкендер арнайы шақырумен келіп, қазір осындай бір зор мерекедей қуаныш күтіп отырған-ды. Жолаушылар үлкендер тобына жақындаңқырап сонадай келгенде алдарынан бұл ауылдың өңшең қара ала иттері абалап шыққан-ды. Үлкен ауылдың арсылдақ, долы төбеттері ат құйрығына жармасып, сыпайылықпен жете берген жігіттерді даңғаза шуымен саңғұлақ етті. Өзі ширығып келе жатқан Әкімге мына көрініс онша оңтайлы тие қоймағаны белгілі болатын. Қойнына қолын сұға беріп еді, тапаншасын суырып алып, ат басын тарта бір қаралаға кезене қалды. Қасындағылар аңғарып болғанша, «шаңқ» етіп шыққан пистолет үнімен қатар ит те жалп етіп ұшып түсіп, со бойда тек құйрығы ғана шошаңдай берді. Өзге қаралалар бет-бетімен тырағайлап жоғалды. Әкім еш нәрсе болмағандай, атынан түсіп, шылбырды тастай берді де, аяғын әнтек жітілеу басып келе жатыр. Қаніке шырайлас әдемі, қызғылт сарылау жігіт. Тақау кеп даусын топқа толық жеткізе, сағынышты үнмен сәлем берді. Саңқылдаған тап-таныс үні отырған үлкендердің құлағына сонша ыстық тиіп:

- О, ассалаумағалайкум, құт мешіт! - деп, оң қолын бүктеулі қамшысымен қоса тағзым еткен белгімен кеудесіне басып келеді. Үлкендер оны, әрине, отырған орындарында күтті. Бірақ жігіттің сәлемін жабырласа, мол үнмен алысқан. Былтыр күзде дәл осы жұртта, осы отырған мынау ел үнсіз келіп Әкімнің «нәзір-асын» жесіп аттанған болса, міне, енді «о дүниеде» көріскендей болды. Сондай халде келген бұл ұлын дін-аман көрген атамекен алқасы қойыны ыстық, жақсы-ақ еді. Әкім сәлемін алып, даурыққан алқа-қотан көптің орнынан енді көтерілген бірнеше үлкендеріне екі төсін кезек түйістіріп, ата салтымен айқайласып амандасты. Оның сәл қымсынған наразылығына қарамай, бетінен, маңдайынан сүйіп, көздеріне жас алысқан, бірен-саран босаң ақсақал, қариялар да болды. Кешегі Әнкежанды көзі көрген ата тұстастары жоғалып табылған ұлдары үшін қамыққан. Кезек Керімбекке келгенде, ол:

- Қалай, қарағым! Есен-сау жүрдің бе? - деп қана қолын алып ұшырасты. Баласының түсіне қиялап қарап, әлденені ішінен болжады. Әкесінің «аман жүріп қайтсаң болғаны» дегендей көзбен қараған шырайын тап басып Әкім де:

- Ой, батыр-ай, есен-сау жүрмей, бұ жерден басқа жақта аспан-жер жоқ па екен! Өздеріңіз де сау-саламатсыздар ма? - деп, тұжырып қана амандық сұрады. Әкелі-балалы екеуіне сырттан көз салып тұрғандардың кейбіреуі: «Зейілдері қатты-ау» деп сынасқан болды.

Тайлақбай Әкімді «бірбет, ер» деп жақсы көруші еді. Жауға пенде болып түссе де, бұралқы болмай, тік өледі деп бағалайтын. Әкім елден кететұғын күні Керімбек үйінде отырған топты кісі ішінде Тайлақбайдың өзі де бар. Сонда оның көңілі қатты ойран болатынын өзгеден анағұрлым айқын сезген осы Тайлекең еді.

Кейін жігіттің із-түзсіз зеңіп кеткеніне көзі жеткенде, қарт Тайлақбай Керімбектің өзіне де өкінішпен кейіп:

- «Көкжал туған қой терісін жамылмайды», - дейді. Дүниені қолына берсең, не түзеп, не бір жолата бұзып барып тоқтағысы келетін патша көңілдінің өзі емес пе. Ондай адамды өз дітінен бір мысқал аудара алмайсың. Сондықтан тарықтыру да керек емес, - деген. Сол Тайлақбай әзір жасы сексеннен асқан қарт басымен Әкімнің кішкене екі баласын екі қолымен топ алдына өзі жетектеп әкеп:

- Мә, мына кішкене немелеріңнің маңдайынан иіске, бетінен сүй! Өзіңнің Дәулетбақ, Дәулетжаның ғой, - дегенде Әкім:

- Мұның Дәулетжаны қайсысы? Дәулетбағы қайсысы? - деп, бұған қарап мөлиіп тұрған екі баласының бастарынан сипаған мезіретін жасады. Бұрын ауылда Әкімді өзінің малдарын танымайды десіп күлісуші еді. Ол емес, екі балаға жаңағыны істеп тұрған мінезі мұнан былай талай жерде «Әкімшілеп» деп сөз боп жүрді.

Көпке қадір-салмағы бар үлкендер алдында «баласы бар» немесе «балалардың әкесі» болып көзге түсуді және өзінің елден безіп кеткен жүрісіне орай, енді кеп арттағы үй ішін сағынғанын арсынып тұрғанын іші жүйрік Тайлақбай тез ұқты.

Керімбек бұл қуанышты кеше жер мойны қашықтау болса да Абдолла, Бурабайларға да айтқызған. Түнде көп үлкендермен аттанып жетіп осында қонған Бурабай Әкіммен жаңағы төс айқасып көрісушілердің бірі еді. Әкім кеткелі елге ұятты боп жүрген басбұзар кәрі кеше бұл әңгімені тұқиылдан естіген жерде хабарды айтушыға жалт етіп қарап, амалсыз шын қуанушының өзі болған. Барғанды ырза ғып, бір жапырық мүйіз көк серкешті бақыртып әкеп сүйіншіге өңгертіп жіберген. Қазір ұшырасқанда Әкімді:

- Ту сырттан келмей, тура шабатын көкжалым. «Ерді құдай ұрарда, жауға мінер жампозды жабы орнына мінеді. Елді құдай ұрарда, жауға қимас жақсысын жалпының бірі деп біледі» деген. Ақылы азайған атаң қаршығаны қарға деп өлтіретін адам ғой, бір өкпеңді қи, шырағым! - деп қарсы алған. Екі жылдан бергіні епті кәрің екі ауыз сөзбен орнына қойғандай.

Бүгін қатыбас дейтін Әкімнің мейірі бір інісіне түсті. Ол ес біліп қалғанында «қара жел» болып ауырып, содан бақсы қайнаттырып іштірген үш жыланның басынан тілі тартылып, құлағы да тас естімей, мылқау болған інісі - Дәулетхан. Қазірде ер жетіп келе жатқан өзі тым зейінді бала кем болып қалған-ды. Бұл Қанікеден емес, Керімбектің кіші әйелі Сақыштан туған баланың алды. Қалың топтың арасынан бар нәрсені ішімен жазбай сезіп тұрған сол балаға Әкім иіліп, оның ерекше сезімділігі үшін сағынып сүйген. Бұған өзге туысқандар да қайысып еді. Бұл кезде үй жақтағы әйелдер сағыныш қуанышынан жыласып тұрды. Қариялар тобы Әкімді алды-артынан қаумалап кейіндеу қалған қонақ үйге қарай алып жүрді. Үлкен үй алдында қораланып, бағанадан осылай қарап көп әйелдер тұр. Бір аумаққа шоқтай боп үйіріліп қалған, қарқарадай бәйбішелер шоғыры ақ шаңқан шылауыш, кимешек, шаршыларымен аппақ шағаладай. Сол әйелдер алдында екі-үш кейуана және бірнеше егде, қартаң бәйбішелермен бірге көзінен жас ағытып Қаніке де топтан озып шықты. Бір кезде еркектерше сойыл алып жауға шапқан ержүрек қыз Қанікені бүгін айтсаң нанғысыз етіп, өмір, уақыт жаңғыртқан. Ол өзінің тұңғышы және әсіресе туған әкесіндей болған ата - Әнкежан етегіне салған Әкімге анадайдан дауыс сала:

- Құлыне-ем! Аман-сау жеткенің бе, шырағым! - деп, еміреніп жылап келеді. Оның тар құрсағын кеңіткен, тас мейірін жібіткен, тас емшегін жұмсатқан Әкім ғой. Кейінгі жақта кимешек, шаршыларының ұшымен көздерін сүртіп, күтіп тұрған өзге де шешелер, жеңгелер. Мосқал әйелдердің жылағанын көргенде шыдай алмай, орамалдарымен беттерін басқан, бірнеше әпеке, қарындас және қадір білер жеңгелердің аңырап кеп көріскілері бар. Бірақ олар үлкендерден батпай сырт жақта шетте үнсіз мөлтілдеп тұрды. Соларды көріп көзіне жас алмаған әйел баласы қалмады. Осының бәрі елдің бір бүтіндік кезін, енді қайталамастай суретімен көзге тартқан. Міне, осындай сәтте, тап осы кездің өзінде Керімбекке Әлиден күтпеген оқшау бір хабар кеп жетті. Жайсыз, оқыс хабар еді.

 

* * *

 

Шығыс беттегі көк тұмсықтан бері асып, астындағы құла құнаншығарын ытқыта жортып келе жатқан Бағдат баланың жүрісін Керімбек «оғаш жүріс-ау» деп шамалаған-ды. Ойлағандай, ол мама-ағашқа бұрылмай, адамдарға қарай тура тартып келді. Түсі құбылған күйде сәлем берді де, Керімбекке:

- Ата! Әли сізге жіберіп еді, - деп, қалған сөзін айта алмай құнанының басын сәл оңашаға таман бұрыңқырай берді. Әлидің қолындағы анау інісі бүгін таң ата Мамозының баяғы туысқанының қызын алып қашып әкеліпті. Жаңа күн шыға Мамозы өзі бастаған елу шақты кісі Әли аулына ат ойната жетіп, ауыл үсті дәл қазір қызыл-қырғын, төбелес болып жатыр дейді. Әлилер бүкіл ауыл болып жиырма үйдің еркек-әйелімен түгел сойыл ала қарсыласқан соң, аналар арт жақтарына тағы кісі шаптырыпты.

- Өздерін сойылға жығып, қызды тартып әкетер түрлері бар. Соған не істейміз дейді, - деп пысық бала Керімбектей өзі ең мықты адам санайтын атасының Әлимен достығын шола тіл қатып тұр. Әлидің өзі енді қызды өлмей бермеймін депті. Асығыстан аптығып жолдаған сәлемі сол. Қарымсақтар болса қазір осы - Керімбек аулында. Әли басында Қарымсақтың ауылда жоғын білмей, інісі қызды алып жеткен соң сасып, бір жаяу адамды соған жүгірткен. Сонымен Бағдат бері аттана шауыпты.

Керімбек мұны естіді де, Тайлақбайдан бастап осындағы үлкендермен асығыс ақылдасып, бөгелмей іс қамына кірісті. Жаңағы келген сайлы жігіттерге бастатып, дәл отыз жігітті тізгін ұшынан аттандырды. Мұнымен қоса айнала маңдағы елге де осындағы көп үлкендер аузымен тезінен хабар бергіздіріп, тұс-тұсқа адам шаптырды. Әлиге: «қыз бен жігітті онда ұстамай, осылай жіберсін, қасына мына барған жігіттерден мықты серік қосып жасырын жөнелтсін» - деді.

Бұл ауылға Мұрыншақ пен Қарымсақ кеше кешке келген-ді. Бағдатқа әкесі Қарымсақ Қазиза жалғыз болмауы үшін, түнде қасында болып, таңертең өзің келерсің деп құнанын арқандап беріп кеткен. Бағдат қазір құла құнанды босап қалған мамаағашқа әкеліп байлап жатқанда, жалғыз тұрған құла соқыр ат мойнын созып, құлағын тіге, құнанның демін иіскелеп келіп, көмейінен күмбірлеп, қатты оқыранып жіберді. Бір енеден - кәрі құла биеден туған өз інісін танып, шұрқырап оқыс оқыранып қалды. Құйрығына дейін қозғақтап тілсіз жануар басыла алмай тұр. Көзі шалған кісілер мына көрініске ішегін тартқандай, таңданып:

- Жануар-ай! Дәл адамша танып тұрғанын қарашы! Жерін сағынып жүріп әрең-ақ жеткен екен-ау, айналайын!

- Аңазасы ауып жүріп, зорға жеткен десеңші! Жеріңнен аусаң, жақсы атыңды тастап ау, деген осы екен-ау, шіркін! - «Адамды ұйымымен, жылқыны үйірімен алсын» деген емес пе, - десті. Бір сәтке аласұрғандай боп, қос құлағын қайшылап, тыншымай тұрған теңбіл аяқ құладан көзін алмай қарасып та қалды. Төрт сирағының ішкі жағы бедер-бедер, үкінің құйрық қауырсынындай таңдайланған, қара дақты әйгілі құласоқыр шынайы әсем жылқы. Бұндағы осы белгі Бағдаттың құнанында да бар. Жалынан құйрығына қарай қыр арқаға айқын тартылған қап-қара сызығына дейін бірдей. Бірі тұңғыш, бірі кенже қос құла енесі кәріліктен құлындамай қалған соң, өткен күзде осы жерде Әкімнің нәзіріне сойылғанын білсе ғой. «Жақсы аттың енесі еді, өлсе кәріліктен, ажалынан өзі өлсін» дейтін қазақ бар ма?

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір