Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4029 0 пікір 19 Наурыз, 2013 сағат 12:03

Дауылпаз дауыс иесі

19.03.2013

Алдағы 26 наурызда «Қазақтың Левитаны» атанған атақты диктор, Халық артисі Әнуарбек Байжанбаевтың туғанына 90 жыл толады. Тірісінде-ақ аңызға айналған атақты диктор жайында тереңірек таныстырмақ ниетпен Әнуарбек Байжанбаевтың бел баласы, «Қазақ Радиосының» жетекші инженері Арыс Әнуарбекұлы мен Ә.Байжанбаевтың шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сауық Жақанованы, сондай-ақ белгілі телепублицист Нұртілеу Иманғалиұлын әңгімеге тартқан едік.


Image

Арыс ӘНУАРБЕКҰЛЫ:

- Әнуарбек Нығыметжанұлы Бай­жанбаевтың 90 жылдығын ресми түрде атап өту жөнінде басшыларымыз жоғары жаққа хат жазған, әзірге хабар жоқ, айтуларынша, кейінге қалдырып отырған сияқты. 26 наурыз күні осы қара шаңырақта - Қазақ ра­диосының Алматы филиалында қалған 45 адамдық ұжымымыз түгел жиналып, осында құрбан шалып, әкеміздің 90 жасқа толған еске алу кешін өткізгелі отырмыз.

19.03.2013

Алдағы 26 наурызда «Қазақтың Левитаны» атанған атақты диктор, Халық артисі Әнуарбек Байжанбаевтың туғанына 90 жыл толады. Тірісінде-ақ аңызға айналған атақты диктор жайында тереңірек таныстырмақ ниетпен Әнуарбек Байжанбаевтың бел баласы, «Қазақ Радиосының» жетекші инженері Арыс Әнуарбекұлы мен Ә.Байжанбаевтың шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сауық Жақанованы, сондай-ақ белгілі телепублицист Нұртілеу Иманғалиұлын әңгімеге тартқан едік.


Image

Арыс ӘНУАРБЕКҰЛЫ:

- Әнуарбек Нығыметжанұлы Бай­жанбаевтың 90 жылдығын ресми түрде атап өту жөнінде басшыларымыз жоғары жаққа хат жазған, әзірге хабар жоқ, айтуларынша, кейінге қалдырып отырған сияқты. 26 наурыз күні осы қара шаңырақта - Қазақ ра­диосының Алматы филиалында қалған 45 адамдық ұжымымыз түгел жиналып, осында құрбан шалып, әкеміздің 90 жасқа толған еске алу кешін өткізгелі отырмыз.
Әкем - Шыңғыстаудың қазағы, әке­сі Нығыметжан атам Абай Құнан­байұлымен көрші тұрған, дос болған, аздаған ақындығы да болған. Шешесі Фатиха әжем әнші болған. Әкеме тума талант, табиғи дауыс сол кісі­лер­ден қонса керек. Соғысқа дейін әкем С.Сейфуллиннің, М. Әуезовтің, С.Мұқановтың хат-қағаз тасушысы (курьері) болып істеген. 1943 жылы соғыстан жараланып оралған соң, Сер­ғазы Оспанов деген сол кездегі тө­раға радиоға жұмысқа алыпты. Осы жерде 1989 жылы көзі жұмыл­ғанша еңбек етті. Әкемнің үш ұлы, бір қызы болды. Қызы Гауһар 1993 жы­­лы, үлкен ұлы Руслан 2003-те қай­тыс болды. Мен ортаншы ұлымын. Кенжесі Айдар Жамбыл атындағы филармонияда инженер болып қыз­мет атқарады. Балаларының бәрі орысша тәрбиеленді де, мен бұрынғы Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданындағы Лепсі стансасында 21 жасыма дейін нағашыларымның қолында өскендіктен, таза қазақша тәрбиелендім. Фамилиямның Бай­құлов болуы сол себепті. Мектепте жүргенде демалыс сайын Алматыға ке­ліп, араласып-құраласып жүрге­німмен, 21 жасыма дейін ол кісінің әкем екенін білген жоқпын. Марқұм на­ғашы атам өзі алып келіп: «мынау - әкең, мынау - шешең» деп таныс­тырып, табыстырды. Марқұм шешем Ғайни Орынтаева қатал болатын, Шұ­бартау ауданындағы Бейсенбай деген байдың қызы болған. Ақын Жаппар Өмірбековтің зайыбы Зәу­реш апамыз менің шешемнің туған сіңлісі болатын. Бұл кісілердің бәрі де қайтыс болып кетті. Әкем балаларының бәріне дұрыс тәрбие берді. Жұрттың бәріне қам­қор­шы болып, үлкен-кіші демейтін. Танымайтын талай студентті оқуға түсіргенін де білемін.

Атақты ақын Мұқағали Мақатаев 60-шы жылдары көк базарда қап­шық­пен ұн сатып тұрса керек. «Ұн са­тамын...Нарынқолдың ұны...» де­ген айызыңды қандырар зор дауысты ес­тіп, әкеміз солай қарай аяңдайды. Сөйтіп, Мұқаңның зор дауысын ұнатып, Қа­зақ Радиосына же­те­леп әке­ліп, диктор етіп қабылдатқызады. Екеуі бір-бірін өле-өлгенше құрмет­теп өтті. Құрманғазы мен Байсейітов кө­ше­сінің қиы­лы­сында орна­ласқан қос қабат­ты үйден әкеміз басқа үй­ге көшкенде, біздің пәтерімізге Мұқаң кө­шіп келіп кірген. Мен де әкемнің жо­­лын қумақшы бо­лып, диктор боламын деп армандаға­ным­мен, конкурстан өте алмай қалдым. Әкем бәрі­мізге «өз күште­ріңмен оқыңдар» деп үйреткен. Осы жерге мен 1971 жылы техник болып жұмысқа кел­дім. Содан бері осын­да­мын. Әкеммен бірге жұмыс істеген жылдар ерекше қызық еді...

Қазақ радиосы­ның «Алтын Қорында» әкемнің дауы­­сы жазылған он мыңдай әдеби, му­зыкалық хабарлар сақтаулы. Ол кісі еркелеп жүрсе де, жұмысқа келгенде тап-тұйнақтай еді. Бірде әкеміз көп жұмыс істеп, шаршап келді. «Балам, таңғы сағат бес жарымда оятарсың» деген. Ол кезде Қазақ Радиосынан таңғы алты жарымда ауа райы жайын­да тікелей хабар берілетін. Ба­ла­мын ғой, ұйықтап кетіппін. Оян­сам, сағат алтыдан жиырма минут кетіпті. Ол кезде қазіргі Бө­ген­бай мен Фурманов көшесінде тұ­ра­тынбыз. Әкем төсектен тұра сала, іш киіммен далаға атып шығып, бір сомға такси ұстаған. Радиоға асы­ғыс жетіп келіп, тікелей эфирден «Алматыдан сөйлеп тұрмыз! Алматы уақыты 6 сағат, 37 тиын» деп жіберген ғой. Мен үйде ол сөзді радиодан естіп отыр­мын, анама жүгіріп бардым: «Құ­рыдық, біттік, анау Алматы уа­қытын 37 тиын» деп жіберді» дедім. Дереу үйден киім-кешегін апарып бердім. Сөйтсем, әкем жұмысына барған соң қалтасына қолын салса, 37-ақ тиын қалыпты. Сол 37 тиын миында қалып қойған ғой. Осыдан кейін Халық артисі деген атағы бар әкемді екі айға қызметінен төмен­детіп, студияда жай ғана оператордың көмекшісі қылып қояды.  Әкемнің Димаш Ахметұлы Қонаевпен қарым-қатынасы жақсы болатын. Бір күні Қонаев телерадио басқармасының төрағасы Хамит Хасеновтен сұраған ғой: «Әлгі гүрілдеуік қайда?» деп. Тө­раға «қызметінен төмендеттік» деп болған жайды баяндайды. Қонаев сол арада әкемді қайтадан қызметіне алдырады.

Image

Сауық ЖАҚАНОВА:

- Әнуарбек ағаны қазақтың бұрынғы өткен игі жақсы­ларының сарқыты, нағыз дүлдүлі, шешені, ақыны деуге бо­лады. Ақын дегенде сөзді жүрекке ғажап жеткізуін айтып отыр­мын. Ол кісіні бүкіл адам сүйетін. Кейде жасы үлкен кі­сілерден радиоға хат келетін: «Ай­­налайын Әнуарбек, аздап жинап жүрген тиын-тебеніме бір көлік алайын деп едім, Қо­наев­тың қа­сын­да жүрсің ғой, көмек­тесші», болмаса, «Баламды оқуға тү­сірейін деп едім» деген­дей. Әнуарбек аға қолынан кел­ген­ше бәріне көмек­тесетін. Ауыл­дан келген танымай­тын жас баланы қолынан жетектеп, ректорға ертіп апаратын. Еңбегін ешуақытта сатпайтын. Ешкімнен атақ-дәрежені өзі үшін сұрамайтын. Халық артисі деген атақты өзіміз ұжым болып ұйымдасып, жоғары жаққа жазып жүріп алып бердік. Қарапайым ел ішінде Әнекеңнің беделі өте зор еді. Радио десе - Байжанбаев, Байжанбаев десе - радио деп тү­сінетін жұрт.

Мен университетті бітірген 1966 жылы 21 жасымда Қазақ Радиосына қызметке келдім. Ол кезде Әнекеңмен бірге Қатира Әзімбаева, Шәрипа Бейсекеева, Мырзабек Қуатбеков, Мәмбет Сержанов, Асыл Рақымжанова секілді мықты мамандар жұмыс істейтін. Солардың бәрі Әнекең десе, тік тұратын. Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі Шолпан Байғабылованың әке­сімен Әнекең қатты дос болған екен. «Сен алтынның сыны­ғы­­сың, дауысың әкеңнен жұққан» деп мені үнемі қа­­нат­­тандырып отырушы еді» деп Шолпан үнемі айтып отыра­ды. Байжанбаевтан тікелей білім алмасам да, жанында отырып мен де көп нәрсе үйрендім. Бірінші рет балалар хабарынан диктор болып бастағанымда, Әнекеңнің мысы басып, қорқып, дірілдеп оқығанымда, тоқтатып қойып: «Сен бүйтіп қор­қақсоқтайтын болсаң, неменеге радиоға келдің, онда сенімен бірге оқымаймын» деді. Зекіп емес, жігер беріп айтты. Содан кейін күш ала бастадым. Егер менің диктор ретінде Сауық Жа­қанова деген атым шықса, ол - Байжанбаевтың қасында оты­рып үйренгендігімнің арқасы.

Image

Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ:

- 1973 жылы Алматыға оқуға түсуге келдім. Қазақ Ра­диосының «Ұшқын» хабарында қызмет істейтін Махмұт, Ке­мелбек деген жігіттермен кездейсоқ танысып қап, олар ме­нің сөзімді ұнатып, маған бір но­велла жазып келуімді тапсыр­ды. Мен туған ауылдың аты Д­іңгек еді, төрт беттік новеллам­ның атын «Діңгегім менің...» деп қойып, бірер күннен соң апарып бердім. Әлгі жігіттер «мөлдіретіп жазыпсың» деп бірден ұнатып, тақырыбын «Діңгегім менің, Діңгегім» деп өзгертіп, радиодан берілетін күні өзіме хабарлап айт­ты. Қызық болғанда, болашақ журналистің тырнақалды новелласын радиодан атақты Байжанбаевтың өзі оқыды. Ол кезде, әрине, ол кісіні танымаймын. Ол заманда әр ауылда бағананың басында бір-бірден даңғарадай радио-шелек тұрушы еді ғой, ауыл адамдары - дүкенге кірген кісілер шы­ғып, шопырлар тоқтап дегендей - Байжанбаев оқыған менің новелламды түгел ұйып тыңдапты. Сөйтіп, ауылға барғанда бірден супер  журналист  атанып шыға келдім. Ауыл сол кезде мені тура Әзілхан Нұршайықовтың өзі келгендей қабылдады. Міне, жақсының шарапаты деген - сол! Әнекең менің жур­налистік оқуға адаспай түсуіме осылайша себепші болды. Ол кісінің жалғыз маған емес, пәленбай жасқа тура бағыт көр­сетіп, жолын ашқанына кәміл сенемін.

"Айқын" газеті

0 пікір