Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4923 0 пікір 14 Тамыз, 2009 сағат 15:08

Тамара АСАР: Менен өткен ырымшыл жоқ

- Тамара, сізді Алматыдан іздеп едік, Ақтаудан таптық. Өнер ордасынан батыс өңірге шығандап кеткеніңіз қалай?
- Бұйыртса, осы тамыз айының соңында жазушы Әбіш Кекілбаевтың 70 жылдығына орай өтетін ауқымды мәдени шараға ат салыспақпын. Қазір Ақтауда соған дайындалып жатырмыз. Ақтау филармониясының әртісі ретінде осы шараның барынша биік деңгейде өтуіне қолымнан келгенше үлесімді қоспақпын. Алдын ала «жұрттың бәрін таңғалдырамын!» дей алмаймын, әйтеуір халықтың көңілінен шығатын деңгейде өнер көрсеткім келеді.
- Алда тағы қандай жоспарыңыз бар?

- Жақында көршілес елдердің бірінде халықаралық ән фестивалі өтеді. Соған қатысуды жоспарлап отырмын. Байқаудың іріктеу кезеңдерінен өтіп қойдым. Қай ел екені әзірге құпия.

- Тамара, әншілердің тойдан өзге тағы қандай табыс көзі бар?
- Басқа әншілер туралы айта алмаймын. Өзімнің жалғыз табыс көзім - халық. Әншілерді үлкен қаржымен қамтамасыз ететін концерттер біздің елде тапшылау. Сол себепті, елдің қуанышының арқасында несібемізді теріп жүрміз десем болады. Өзге елдердегі сияқты ұланасыр концерт өткізу үрдісі Қазақстанның шоу-бизнесіне әлі келе қойған жоқ қой.

- Тамара, сізді Алматыдан іздеп едік, Ақтаудан таптық. Өнер ордасынан батыс өңірге шығандап кеткеніңіз қалай?
- Бұйыртса, осы тамыз айының соңында жазушы Әбіш Кекілбаевтың 70 жылдығына орай өтетін ауқымды мәдени шараға ат салыспақпын. Қазір Ақтауда соған дайындалып жатырмыз. Ақтау филармониясының әртісі ретінде осы шараның барынша биік деңгейде өтуіне қолымнан келгенше үлесімді қоспақпын. Алдын ала «жұрттың бәрін таңғалдырамын!» дей алмаймын, әйтеуір халықтың көңілінен шығатын деңгейде өнер көрсеткім келеді.
- Алда тағы қандай жоспарыңыз бар?

- Жақында көршілес елдердің бірінде халықаралық ән фестивалі өтеді. Соған қатысуды жоспарлап отырмын. Байқаудың іріктеу кезеңдерінен өтіп қойдым. Қай ел екені әзірге құпия.

- Тамара, әншілердің тойдан өзге тағы қандай табыс көзі бар?
- Басқа әншілер туралы айта алмаймын. Өзімнің жалғыз табыс көзім - халық. Әншілерді үлкен қаржымен қамтамасыз ететін концерттер біздің елде тапшылау. Сол себепті, елдің қуанышының арқасында несібемізді теріп жүрміз десем болады. Өзге елдердегі сияқты ұланасыр концерт өткізу үрдісі Қазақстанның шоу-бизнесіне әлі келе қойған жоқ қой.

- Марқұм Руслан Бөлебай екеуіңіз жұп құрап, үлкен сахнада ән шырқадыңыздар. Алдағы уақытта басқа әншілермен дуэт құруға қалай қарайсыз?
- Кез келген әнші шығармашылығына өзгеріс енгізіп, тыңдармандарына жаңалық ұсынуға тырысады. Бұл өнер адамының өсуіне көмектеседі. Алдағы уақытта дуэт құру ойымда бар. «Мына әншіні таңдадым» деп қазір кесіп айта алмаймын. Себебі, шығармашылық ізденіс кезінде түрлі ойлар туындайды. Адамды әруақ қысқан сияқты, жаңа идеялар келіп, бұрынғы жоспарың жүз сексен градусқа өзгеріп шыға келуі ықтимал.

Қазір белгілі композитор Арман Дүйсеновпен бірлесіп жаңа әндерді талқылап жатырмыз. Болашақта Арман екеуміз сахнада жұп құрауымыз мүмкін.
- Кішкентай ұлыңыздың бейнеклипке түскенін байқап қалдық. Алдағы уақытта ұлыңызды өнер жолына тартқыңыз келе ме?

- Жұрт «менің ұлым» деп меншіктеп айтады ғой. Мен кішкентайымды «құдайдың баласы, құдайдың бергені» деймін. Әр адам - бір тағдырдың иесі. Сондықтан, ұлым өскенде әнші болады немесе өзге бір мамандық иесі болады деп, оның тағдырын айқындай алмаймын. Мен оған тек бағыт-бағдар берушімін.
Өзімнің ойымша, ер баланың міндетті түрде спортқа және өнерге бейімі болу керек. Ал мамандықты асықпай таңдай жатар. Әйтеуір, ұлым болашақта бір аруға тірек болуға жарайтын азамат болып өссе екен.
- Әншілер қауымына дағдарыс қалай әсер етіп жатыр? Дағдарыстың салқынын өзіңіз сездіңіз бе?

- Шынымды айтсам, дәл қазір дағдарыс маған әсер етіп жатқан жоқ. Керісінше, жаз мезгілінде біздің жұмысымыз қызады. Той да, концерт те көбейеді. Күзге қарай қалай болатынын бір құдай білсін?! Қазір жағдайым жаман емес. Халқым қуаныштарын бөлісуге шақырып жатыр. Қарным тоқ, балам қасымда.

Жалпы, мен алдын ала сасқалақтап, дүрліккенді ұнатпаймын. Дағдарыс келе жатыр деп байбаламдай берген дұрыс емес сияқты. Өмірге келген адамның ана дүниеге әйтеуір, бір кететіні анық. Бірақ сол туралы күн сайын айта берсе, күн сайын өлім туралы ойлай берсе, ондай адамның ғұмыры да қысқа болады. Дағдарыс туралы көп уайымдай бермей, өмір сүріп жатқан әрбір мезетті бағалай білгенге не жетсін!
- Ырымға сенесіз бе? Қаншалықты ырымшылсыз?
- Өте қатты ырымшылмын! Қазақстанда менен өткен ырымшыл әнші жоқ шығар. «Жапон ғалымдары бәлен депті, Америка ғалымдары түген депті» деген сияқты неше түрлі ырымдар мен болжамдар көп қой. Шетел ғалымдарының пайымдауларына да сенем. Бірақ қазақтың ырымдарын бәрінен биік қоям. Біздің халықтың ырымдарының әрқайсысы құралайды көзге атқан мергендей дәл келеді.

Талай рет ырымдар тура келіп пойыздан, ұшақтан қалып қойған, жоспарлаған жерге кешігіп қалған кездерім көп. Сол көзім тартса, іштей құлһуалламды қайталап, көзіме қағаз жабыстырып, кәдімгідей әбігерге түсемін. Расында да, сол көзім тартқаннан кейін көп ұзамай бір жағымсыз жаңалықтарды естимін.

- Сіздің әншіліктен басқа ел білмейтін қандай қырыңыз бар?
- Дизайнерлікке икемім бар. Адамның сырт келбетін, киім киісін, сахнадағы бейнесін қалыптастыруға шебермін. Әрине, дизайнерлікпен бел шешіп араласпағаннан кейін, бұл өнерімді елге көрсетудің сәті түскен емес. Оны мақсат тұтпаймын да. Бірақ жеке өзімнің киімді талғап, жарастырып киюіме, сахнаға шыққанда халықтың назарын аударуына осы өнердің пайдасы тиіп жүргені рас. Дизайнерлік шеберлігім шығармашылығымда үлкен рөл ойнайды деп ойлаймын.

- Журналистер қауымы танымал адамдарға түрлі сауалдар қойып, әр нәрсені қазбалауға әуес келетінін жасырмаймыз. Өзіңіз журналистердің қандай сауалына жауап бергіңіз келмейді?
- Журналистердің арасында жағымсыз сұрақтар қоятындары кездеседі. Ондайларға жауап бермейін десең, халықтың атынан келіп отырған өкіл деп құрметтейсің. Жауап беруге тағы қиналасың.

Соңғы кездері әншілер журналистердің қаруына айналғандай. Газет-журналдарға, теледидарға қарасаң, Қазақстанда әншіліктен өзге мамандық қалмаған сияқты көрінеді. Қалам ұстаған қауым әншінің той жасағанын, перзентті болғанын, қайда және қалай демалғанын, үй салғанын, көлік алғанын, бәрін қазбалап жазуға құмар. Сонда басқа мамандық иелері той жасамай ма, көлік алмай ма, өмір сүрмей ме?! Әрине, мен бүкіл әншілер қауымының атынан айтып отырған жоқпын. Менің жеке көзқарасым осындай.
- Әншілер, актерлер, сол сияқты саясаткерлер журналистердің арқасында үнемі халық назарында жүретіні рас. Журналистердің «кінәсі» - жұртшылықтың қалаған дүниесін ұсынғаны емес пе?
- Кез келген газет-журналды ашсаңыз, міндетті түрде әншілер туралы ақпарат табасыз. Тіпті, әншінің өмірі туралы тәптіштеп, қазбалап жазады. Бұрын өнер адамдарын халық тек жақсы жағынан көретін. Бұл әншілер халықты алдап жүрді деген сөз емес. Бірақ кей-кейде «қоқыстың бетін ашпай-ақ қойған» дұрыс сияқты.

Кез келген адамның жақсы жағы да, жаман жағы да болады. Қазақ халқы өнер адамдарын тек мақтан тұтқан. Әншілерді де, актерлерді де еліктеуге тұрарлық мықты тұлғалар деп есептеген. Қазір де сол үрдісті үзбей, әншілерді тек жақсы жағымды бейнеде көрсетсек деген ой ғой менікі. Әрине, бұл менің жеке пікірім.

- «Тойбастар» деген әніңіздің бейнеклибі көгілдір экраннан жиі беріліп жүр. Осы бейнебаян өзіңіздің көңіліңізден шықты ма? Оның сценарийін кім жазды?

- «Тойбастар» Қанат Құдайбергеновтың әні. Клиптің негізгі идеясы өзімдікі. Мен тойды қатты жақсы көрем. Мүмкін осы сұхбаттан кейін «Тамара Асар - тойдың әншісі» дейтіндер табылып қалар. Мейлі, тойдың әншісі бола берейін.
Тойда ән айтқанда жанымды беріп айтамын. Той кезінде міндетті түрде ажиотаж болады. Дастархан иелері әрбір қонақтың көңілін табуды, құда-құдағиларын риза қылуды ойлап жүгіріп, жанталасып жүреді. Сондайда тойдың кейбір кемшін тұстарын жабатын бір-ақ нәрсе бар, ол - музыка. Ән - жұрттың қуанышын одан сайын шарықтатады. Той иелерінің қуанышын бөлісіп, кемшілігін әніңмен жуып-шайып жібергің келеді.
Қазақтың тойында талай ыңғайсыз жағдайлардың болғанын көрдім. Бірде жас жұбайлардың алдына торт әкеле жатты. Торт болғанда да биіктігін, әдемілігін көрсеңіз, адамның көзі тойғандай. Бір кезде столдың аяғы тайып кетіп, торт жерге құлап түсті. Жұрттың бәрі сасқалақтап не істерін білмей қалды. Жылайын десе, жылауға тұрарлық оқиға емес. Күлейін десе, кісі күлерлік ештеңе жоқ. Осындай сәтте қиындықтан әнші ғана құтқарады. Айтайын дегенім, қуаныш кезіндегі осы сияқты ажиотажды, көңіл-күйдің тасыған шағындағы оқыс оқиғаларды жуып-шайып жіберу әншілердің ғана қолынан келеді.
Мен «Тойбастарда» қазіргі тойлардың табиғатын көрсеткім келді. Анықтап қарасаңыз, бұл клипте қуаныш үстіндегі реніштер, ренжіскен жандардың татуласуы, қысқасы түрлі эмоциялар бар. Әрине, үш минуттық клипке қазақтың тойы қалай өтетінін толық сыйғызу мүмкін емес. Алайда, соны аз да болса қамтуға тырыстық.

- Сіз ең алғаш Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты ғажап туындысы арқылы жалпақ жұртқа танылдыңыз. Бұл әнді тыңдап, сіздің шығармашылығыңызға ғашық болғандардың қатарында мен де бармын. Ал қазіргі өзіңізден кейін шыққан жас әншілердің шығармашылығында не нәрсеге көңіліңіз толмайды?
- Мен табиғатымнан дипломат адаммын. Ешкімге қатты айтып, ренжіткім келмейді. Жас әншілердің кез келген қателігін кешірем. Бірақ ешқашан қателіктің қайталанғанын кешірмеймін.

Қазіргі жастардың көпшілігі репертуарының мазмұнды болуына мән бермейді. Әннің мәтініне көңіл бөлмейді. Жалпы, кез келген халықтың өнері уақыт өткен сайын өрлей беруге тиіс. Әрине, өз басым біздің алдымыздағы аға-апаларымыздан озамын немесе озып кеттім деп айта алмаймын. Оным күпірлік болар еді. Соған қарамастан, біздің буынның өкшесін басып келе жатқан жас әншілер біздің деңгейімізден озуы керек. Себебі, олардың ойы жүйрік, қиялы ұшқыр. Өздері түрлі техниканың тілін меңгерген, басқа елдердің өнерінен хабардар.

Жас әншілердің арасынан Ерболат Құдайбергенді өте жақсы көрем. Елдің бәрі Ерболаттай болуы мүмкін емес, бірақ Ерболат сияқтылар қазақ эстрадасында бар болғанының өзіне қуанамын. Сол сияқты Қайрат Түнтеков те қазақ эстрадасына өзіндік бағыт-бағдары бар екенін дәлелдеп, жаңалық ала келді. Егер Қайрат репертуарын қазақыландыра алса, онда мықты әншілердің бірі болады деп ойлаймын. Қайрат, Ерболат сияқты дарынды жігіттерді көргеннен кейін, қателікке ұрынған қыз-жігіттерге мән бергім келмейді.

- Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылығыңыз өрлей берсін!

Әңгімелескен Айбын АҚПАТША,

«Нұр Астана» газеті, 13.08.2009

 

0 пікір