Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әдебиет 2723 2 пікір 24 Қаңтар, 2023 сағат 14:13

Әсеттің ән сиқыры...

АҚЫНДЫҚ ӨНЕРІ

(1867-1922)

Қазақ әдебиеті тарихында өзіндік қолтаңбасы қалған ақындық өнердің өрен жүйрігі: айтыскер, суырып салма - импровизатор, сазгер, әнші Әсет Найманбайұлы - нағыз сегіз қырлы өнерпаз әрі қағаз бетінде қаламы қатар жүйткіген сауатты ақын.

Ә. Найманбайұлы ақындық өнердің өрен жүйрігі, суырып салма - импровизатор, ақпа ақын. Ақынның ән - өлеңдері де, жыр - толғаулары да әр түрлі орындаушылар арқылы бірнеше нұсқада жетті. Суырыпсалмалық үлгіде туып, ауызша ел арасына тарап, бүгінгі күндерге жеткен ақынның шығармаларын хронологиялық жүйеге түсіру мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті Әсеттің 1968 жылғы жинағына кірген 34 ән - өлең, толғау - жырлары мен 1988 жылы жинаққа енген 29 ән мәтіні, 71 өлең, жыр - толғауларын құрастырушылар жанрлық түрі, тақырыптық ерекшелігі тұрғысынан топтастырған. Шығармаларын жанрлық тұрғыдан жіктеу - ақын талантының ауқым - аясын танытса, тақырыбына қарай топтастыру - замана күйіне, әлеуметтік ахуалға, болмысқа, дүниеге көзқарасын андауға мүмкіндік береді. Сондықтан Әсет ақын лирикасын төмендегідей тақырыптарға бөліп, жіктеп қарастырамыз.

  1. Жастық, сүйіспеншілік әуендері.
  2. Өнер, ғылым, дін жайлы ағартушылык, дидактикалық өлеңдер.
  3. Замана жайын, зарын сыншыл реализм дәстүрінде толғаған жырлары, арнау өлеңдері.
  4. Халық поэзиясы үлгісіндегі салт - ғүрып өлеңдері.
    “Бала кезінен қиссалар жаттап, әйгілі әншілердің әнін, жыршылардың асыл сөздерін ой - санасына түйіп алатын әдетінің арқасында, Әсет өз өлеңдеріне ән шығара бастады. Ақан серінің, Біржанның, Құлтуманың сұлу сазды әндерін Байжігіт еліне жеткізуші, таратушы Әсеттің әншілігі акындығынан кем емес”.

“Үлкен Ардақ”, “Кіші Ардақ”, “Қаракөз” 1-2 түрі, “Гауһар қыз”, “Желдірме”, “Мақпал” сияқты әндерін ақын жас бозбала шағында шығарған. Соның бірі - Әсет ақынның әдеби музыкалық мұрасын қарастырған А. Жұбановтың  “Замана бұлбұлдары”, С. Еламанова (Төрт томдық қазақ энциклопедиясы “Әсет Найманбаев”), Д. Дүйсенова (Творчество Асета Найманбаева), қазақ әнінің тарихы, зерттелуін, түбегейлі сөз еткен Қ. Жұбанов, А. Затаевич, А. Жұбанов, Т. Бекқожина, Б. Ерзакович, З. Жанұзақова, Ә. Байғаскина, Б. Аманов, А. Құнанбаева, Ә. Мұхамбетова, Б. Қарағұлов, С. Еламанова сияқты ғалымдардың музыкалық мұраларды талдауға байланысты ұсынған озық низамдарын пайдалану - Әсеттің музыкалық мұрасын зерттеу арқауының ширай түсуіне септескен болар еді.

Шығармашылық толысу шағы XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы тарихи аласапыран кезеңіне тап келген Әсет ақын мұрасы сол дәуір тудырған әдебиеттегі дәстүр үрдісін дамытуға үлес қосып, ел өмірін, әлеумет тұрмысын, тарих тауқыметін өлең толғауларына арқау етті. Акынның сыншылдығы ағартушылық идеясымен ұштасып жатыр. Надандыктың сыры жалқаулықта екенін дөп басқан ақын идеясы -айқын.

Ал қазақ, малың да көп, сәнің де көп,

Осыншама болдың екен неге еріншек?

Қомсынып көп қорлайды басқа халық,

Өстер ме едік өнерді көп үйренсек?...

деп, өнер - білімнен кенде қалған халқының ар - намысын корғау, әр елге бодан болмай, отарлық, езгіден құтылудың жолы бірлікте, ғылым, өнер үйренуде екенін жастарға өсиет, ғибрат ретінде айтады.

Өнер үйрен, кеудеңді өрге сүйре,

Ендігі жас, болмаңдар тым еріншек...

Оқып білім пайдалан, біреуге ұқтыр,

Әліңше дін меллатқа пайда жұқтыр.

Оқымай бос қаламыз біз несіне?

Білімді озған кісі бәрі өзіңдей

Аяқ, қол, байқап қара келбетіңе,

деп, оқу - білімді, өнерді ел игілігіне жұмсау керектігін, оқу мен өнердің талаптанған, талпынған жастың мұратына жеткізер дара жолы екенін керсетеді. Әсет ғылым жайлы толғанғанда қазақ поэзиясында XVIII ғасырдан бері насихат, үгіт үлгісінде айтылып келе жаткан белгілі жайларды да термелеп, тәмсілдеп, кейде тың тосын теңеу, тіркес тауып, терең ой түйіндейді. Мысалы:

Ғылыммен тән тазарып жанданады

* * *

Ғылым қу, жан тамырын тербетуге

* * *

Пердесі адамзаттың – ғылым шатыр

* * *

Арасын ғылым бұлдап асылдайды

* * *

Болғанда ғылым – дария , оқу – өрнек

* * *

Ғылым – дос, ақыл – қанат, талап – серік

* * *

Ғылым деген иманның бір кілті бар.

Өнер - ғылым ақын шығармаларының басты тақырыбы болуы заңды. Әсет ақын шығармаларындағы өнер, білім, махаббат тақырыбын, саяси -әлеуметтік мәселелерді сөз еткенде – Абай поэзиясынан бастау алған мазмұнның кейінгі ақындарға ортақтығын, Әсеттің де сол тақырып, сол көркемдікті игерудегі өзіндік талпынысын көреміз.

Әсет "Ғылым – дос, ақыл – қанат, білім – серік" деген өлеңінде:

"Ғылым таппай мақтанба" деген қайда ?

Талай ғибрат, тәмсіл сөз бұрын өтті,

Біз соның бұл ғасырда орнын бастық,

Тауарих кітабында мағлұм болған,

Ғибратын баян қылып елге шаштық, –

деп, алдындағы үлгі  шашқан оқымыстылар мен ақындарды  өнеге тұтады. Әсет шығармаларына өмірлік өзек болған тақырып - өнер, білім, ғылым тақырыбы. Өз бойынан әншілік, ақындық, сазгерлік, балуандық сияқты өнердің алуан түрі табылған сауатты ақын өнер, білім, ғылымның өмірдегі өлшеусіз нарқын ерекше насихаттайды. Өнер, кәсіп қумай, оку - білімге талпынбай, ет пен қымызға бөртіп, дау - шар қуып, бір - бірінің малын талап, барымталап "күншілдікпен күні өткен мас елінің" сиқына кейіп, намысын оятпақ ниетте:

Қулық, сұмдық, бас қамы баққанымыз,

Қыз бен қымыз қыдырып тапқанымыз, –

деп сынай отырып, ұйқы, еріншек, надандық, маскүнемдік жайлап "Білгенге ермей, білімге көңіл бөлмей", "қамданбай, қарап қалған қазақ сорлының" күйін:

Қазақтың осы күнгі көпшілігі,

Айырылды киер киім, ішер астан.

Айырылып ата - қоныс мал - мүлкінен,

Ақыры бір шыбындай жан деп қашқан, –

деп, отарлық езгіге амалсыз бойсұнған халқынын бойкүйездігіне налиды. "Күйзелген ел, жығылған туды көрмей, бір - біріне әлі қас жұрттың арасында", "Бір адам заманадан хабары жоқ", "Бірлік жоқ, ынтымақ жоқ, әділдік жоқ", өйткені, "Қазақ қамын ойлаған кісің бар ма?", бәрінің "Білгені, іздегені өз құлқы". "Мен - данышпан дегендер де толып жатыр, Көзі ашық өнерпаздар білім шашпай" деп, ақын халыққа жол көрсетіп, "ақыл салар азаматтар қайда?" деп, қамығады. Ескілікке, кертартпалыққа қарсы тұрған ақын халықты еңбекке, өнер - білімге ұмтылуға шақырады. Тіпті, оның өткір сынға құрылған шығармаларының өзінде халық өмірінің көкейкесті мәселелеріне жауап беруге тырысу айқын сезіледі. Оның шығармаларындағы наразылық ағартушы ақынның арман - мақсаттарымен ұштасып жатады. Абай үрдісін үлгі тұтқан Әсет ақынның өлеңінде өз кезеңінің өмір шындығын танытуда өткірлігі басым.

Әсет ақын өлендерінің көбі насихат, тәмсіл үлгісінен өмір, адам тіршілігінің мәні, жақсы мен жаман, асыл мен жасық, адалдық пен залымдық сияқты өмірде адам - пенде бойында кездесетін кереғар қасиеттерді салыстыра   термелеу, аллегориялық тәсілде суреттеу арқылы мәңгілік мәнін жоймас заңдылықтарды сипаттауға көтеріледі. "Тәмсіл", "Жас жігіт надандықпен алданады", "Жан фәни дүниеден ақырда өлмек", "Сабаздар санасы жоқ сатылып жүр", "Шыншыл бол, шықпа жолдан, шыдамды бол", "Адамзат дүние қуып қартаяды", т.б. өлең - термелері имандылық, адамгершілік жайларды да қамти-ды.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің өкілі Әсет ақынның діни - дидактикалық тұрғыдағы өлеңдері кезінде идеология салдарынан жиналмай, жарияланбай келді. Әсет өз өмірінде араб -парсышаны үйреніп, ислам дінін жіліктеп зерттеген сияқты. Ел аралап жүргенде де бай - манаптарды, діни ғұламаларды өз сөзіне иландырып, адалдықты, пәктікті, қайырымдылықты үздіксіз үгіттеп отырған ақын дінді уағыздаған жоқ, діннің ақ жолын қоғамның даму көзіне айналдыруды мұрат тұтқан. Әсеттің 1968, 1988 жылдардағы жинақтарында дінге қатысты өлеңдері енгізілмеген. Заман көзқарасы тудырған пікірлер Әсеттің дін тақырыбындағы өлеңдерін әділетсіз сынады. Дүмше молданы сынау, дінді сынау деп көрнеу бұрмаланды. "Жұлдыз" жорналының 1995 жылғы №1 санында Қытай Халық Республикасында тұратын Асқар Игенұлы жинап, "Әсеттің белгісіз өлеңдері" деген тақырыппен топтап жариялаған өлеңдерінің ішінде "Я алла, хамду сана көп ибатың" деп басталатын өлеңі – таза діни тақырыптағы пайғамбарларды дәріптейтін ұзақ өлең. Дін тарихын, шариғат қағидаларын білу осы кезең ақындарының басты мақсаты болды. Ақын өлеңдеріндегі діни - дидактикалық сарын бұрынғы жыраулардың толғауларындағыдан кем емес. Мысалы:

Иман қажет болмайды кейбір насқа,

Малым аман болсын дер, үш - төрт түлік.

Қажы бармас, малынан зекет бермес,

Қайырсыз надан байдың бәрі де өлік, –

деп, имансыздарды әшкерелейді.

Ақын өлендерінің бір парасы – арнау өлеңдері. Әр түрлі ортада, әр түрлі жағдайға байланысты экспромтпен туған арнаулар бірде әзіл - сықак, әжуә - қалжың ретінде туып жатса, кейде ел ортасының дау - шарын бітістіруден әлеуметтік тақырьштарға дейін көтерілген. Сын - сықақ түріндегі арнау өлеңдерінің дені адам бойындағы жағымсыз мінездерді әшкерелеуге арналып, екіжүзділік, жылпостық, қулық, жалқаулық сияқты келеңсіздіктер ақын назарынан тыс қалмаған. Төртуыл Ақболаттың биі Кәріпке:

Күн қақты сұр шолақсың шыр бітпеген,

Өрт өшірген немедей түр бітпеген.

Арақкеш, апиынкеш - өңкей сайтан,

Кесел  ғой мал мен басты өрбітпеген

десе, Мәмбет ішіндегі Туматайдың болысы Отыншыға өзінің тілегі бойынша:

Жанында Өтекемнің алтын пышақ,

Төрт Мәмбетті алдың ғой тайдап тұсап.

Төрт Мәмбетті алсаң да тайдай  тұсап,

Жан - жағыңды қоймадың тажалға ұсап,

деп, бір ауыз өлеңмен сын айтыпты. Ақын арнауларында жеңіл әжуа - юмор, көпшік қоя отырып, кемшілігін көрсету сияқты ирониялық шумақтар да кездеседі.

Әсет ақын "Адамның жасы жөнінде" деген өлеңінде бес жастан жүз жасқа дейінгі жас шама кезеңдерін он - он бес, жиырма - жиырма бес, отыз, қырық, елу деп екі тармақпен қайырып үстірт айтып шықса, "Жас шама" өлеңінде он жастан, жиырма жасқа дейінгі кезендерді санамалап балалық, жастық шақ ерекшелігіне, әр жасқа жеке тоқталып, философиялық тұжырымдар жасайды. "Балалар он жасында құлындайсың; он бір мен он екіде сабақ оқып; он үш пен он төртіңде тағлым алып; он беске жеткеннен соң бір ой түсіп; жеткенде он алтыға өткірленіп", т.с.с. Жыраулық поэзияда шешендік сөздерде әр кезеңге берілетін баға, теңеу көбінесе ұқсас болып келсе, Әсет тың теңеулер тауып, әр жас кезеңнің қасиетін терең аша түседі, оған жалпыға ортақ мағына үстейді.

Он жаста:

Ұзақтай жазғытұры шуылдайсың,

Он алтыда:

Бізіндей етікшінің жылмыңдайсың,

Бақсының жаңа пері жынындайсың.

Он сегіз бен он тоғызда:

Жібектің қызыл - жасыл нұрындайсың,

Жиырмада сары алтынның буындайсың,

Тасыған Үш Тентектің суындайсың.

Бар болса сүйегіңде, өрге жүзіп,

Сақпанның тасындай боп зырылдайсың.

Жас мөлшерінің өзіне тән сипатын, әр кезеңнің болмысын, қайталанбас қасиетін, шыншылдықпен шынайы суреттейтін ақын өлендері – өмір туралы жыры, өсиеті, насихаты, дидактикалық толғаулары.

Ақын халық тұрмысындағы ескі салт - санаға, жарамсыз әдет - ғұрыпқа да сын көзімен қараған. Қазақ тұрмысындағы ауыр індетке айналған қалың мал дәстүрін және оның ауыр зардаптарын сынап, әлі сәби жас балаларды да атастырып қоятын әдетін әшкерелейді.

Баласын бесіктегі атастырып,

Артқы дауды қояды шатастырып,

Ол бала өледі ме, өседі ме,

Қарлығаштай қылменен матастырып.

Жынысын малға сатқан малғұн мінез,

Осының есің болса, обалын сез.

Нанбасаң аят сөзін абайлаңдар,

Сауданың бәрі харам, көрмесе көз.

"Құдалық туралы" деген өлеңінде де осы ойын дамытып: "Мал үшін құда болар сәби ұлға" деп баласының болашағынан гөрі қалың мал болашағын ойлаған надан мінезді айыптап:

Сүйікті бұтағыңа бүрлеп шыққан,

Құрметті жемісіңді ысырап қылма, –

деп уағыздайды.

Ә. Найманбайұлы мұрасының көлемді бір саласы – қисса – дастандары. Суырыпсалмалық өнердің талантты өкілі халық  жадындағы қызықты аңыз, оқиғаларды, шығыс әдебиетінен келген сюжет желілерін, діни - уағыздық хикаяларды жаңғырта жырлап, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі дәстүр үрдісіне сай көптеген эпикалық шығармалар тудырды. Әсет ақынның баспа бетін көрген дастандары:

  1. Шығыстың ертегілік, аңыздық сипаттағы адамгершілік, адалдық, сертке беріктік, ғашықтық, ерлік, өнер тақырыбын көтерген киссалары: "Ағаш ат", "Барат  қыз","Ер Шеризат",  "Үш жетім қыз" , "Үш баланың әңгімесі" .
  2. Діни - уағыздық сипаттағы Мұхаммед (ғ. с.) пайғамбар мұғжизасын дәріптейтін "Француз патшасының баласы" қиссасы.
  3. Абай үлгісінде жырлаған "Евгений Онегин" атты
    нәзиралық туындысы.
  4. Монғол халқы өмірінен жырлаған, ғашықтық тақырыбындағы "Салиха - Сәмен" дастаны.
  5. Қазақ даласындағы отарлық озбырлыққа қарсы қайрат көрсеткен ер тұлғасын дәріптейтін "Кешубай" дастаны.

Бірінші, екінші топтағы шығармаларды тек қиссалары деп атау себебіміз: кисса - араб, дастан - парсы сөзі болғанымен синоним емес. Қисса – әңгіме, ертегі мысал деген ұғымды білдірсе, дастан - тарихи әңгіме, батырлар жыры ұғымында колданылады.

Қорыта айтқанда, Әсет ақын – XX ғасыр басындағы қазақ ақындарына тән демократтық - ағартушылық ағымдағы ойларын, діни -дидактикалық уағыздарын т.б. алуан тақырыптарды өз шығармаларына өзек етіп, өлеңмен өрген ақын әрі қазақ ән өнер тарихында өз қолтаңбасымен қалған теңдессіз сазгер, әнші ретінде халық жадында мәңгі қалары даусыз.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Қожағұл С. Әсет ақын. –Алматы: Қазақ тарихы, 2003 ж. –144 бет.
  2. Мұхамедханов Қ. Абайдың ақын шәкірттері. 3-к.-Алматы: Дәуір, 1995 ж. –320 бет.
  3. Найманбаев Ә. Шығармалар. –Алматы: Жазушы, 1988 ж. –304 бет.
  4. Жармұхамедов М. Айтыс. –Алматы: ҚССР «Білім» қоғамы, 1990 ж. -52 бет.
  5. Дүйсенбаев Ы.Т. Эпос және ақындар мұрасы. –Алматы: Ғылым, 1987 ж. .
  6. Жұмалиев Қ. ХVIII–ХIХ ғасырлардағы қазақ әдебиетi. –Алматы,1967. –Б. 134 бет.

Ерік Омарғалиев,

Семейдің тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

Abai.kz

2 пікір