Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 3319 5 пікір 24 Қаңтар, 2023 сағат 14:08

Қазақта Навальный бар ма?

Дәл қазір әлеуметтік желі бетінде "Қазақта Навальный бар ма?" деген әдемі бір сұрақ қойылып отыр.

Осы сауалға өзімнің азаматтық көзқарасымды қысқаша ғана білдіре кетейін. Әрине, күнделікті саяси циклондарды жіті бақылап отыратын кәсіби саясаткер емеспін.

Десек те азамат ретінде жекелей пікірімді білдіруге өз құқым бар ғой деп есептеймін.

Адамзат тарихында небір үлкен империялар болды ғой. Мысалы, Осман мен Рим империясы секілді. Солар кезегі келгенде ақыры күйреп тынды. Империялардың тарихи сахнадан жылыстауының себебіне үңілсек, олардың құлауы әр жаңа уақыт пен жаңа түсінікке бейімделе алмауында жатыр. Ресей сол кепті дәл қазір басынан кешіру үстінде.

Елді XIX ғасырдағы ескі, көнетоз тәсілмен басқаруы, жекелей адамдардың әсіресе жастардың көзқарастарының ескерілмеуі, плюрализмнің болмауы, демократиялық жаңа үлгілерге биліктің дайын болмауы, саяси корпустың өз арманын жүзеге асыру үшін халықты надан қылып ұстау деген секілді толып жатқан факторларды атауға болады. Ал, бұл түптеп келгенде ескі күнді батырып, жаңа күн шапағын шығармай қоймайды. Енді негізгі мәселемізге қарай көшейік.

Навальныйдың аталған фильмі шындығында өзі жүйкесі жұқарып, әбден әділетсіздіктен ығыры шығып отырған халыққа негізгі тамыздық болды. Әрине, Навальныйдың бұған дейінгі жүрген жолы мен ол татқан кермек орыс қоғамына "әділеттік образын" нақты қалыптастырып берді. Сондықтан да оның ауызы уәлі болып барша халықты орынынан бір-ақ күнде тұрғызды.

Ал біздегі қысқа күнде қырық құбылу, мемлекеттен тендер жеу, сөйтіп елге де жүйеге де жақсы көрінгісі келетін қосмекенді "тұлғалар" бұл үдеден еш шыға алмай қалды. Мұны енді бір деп қоялық.

Екіншіден, Ресей демократиясы бізге қарағанда көш ілгері десек те болады. Басқасын айтпағанда олардың өнер адамдары мен сатириктері Путинді өлтіріп сынай алады. Ал, біздің әзілкештер осылай Назарбаевтың "тірідей терісін сыпырып" еш сынай ала ма?

Үшіншіден, енді "бізде Навальный бар ма? деген кәнігі сауалға оралайық.

Әрине, бар деп батыл түрде айтар едім. Мысалы, саясаттанушы Шалқар Нұрсейт деген азамат Қазақстанның жарты байлығы 160-қа жуық адамның қолында екендігін ұдайы айтумен келеді. Мәселе, биліктің жемқорлыққа толықтай батқанын ел білмей отырған жоқ қой. Соны қуаттап қозғалыс жасайтын, миллионның жалғыз адамға әмірі жүрмейтін әлсіздігінде болып отыр ғой. Бізде белгілі бір тұлғалардың аты айтыла бастаса болды соның төңірегіне жаман сөздер желдей есе бастайды. Бұл енді билік тарапынан елді бір ортаға ұйытпаудың арнайы технологиясы да болуы бек мүмкін. Біздің кешегі Беларусь пен бүгінгі орыс қоғамы секілді жаппай көтеріле алмауымыздың көптеген себептері бар. Соның енді ең негізгісіне тоқтала кетейін.

Ол біздегі біртекті түсінік пен ұлттық идеологияның жоқтығы дер едім. Мысалы, осы халықтар секілді бір тіл мен бір діннің ғана төңірегіне ұйып отырған жоқпыз ғой. Айталық, біздегі тілдік, діндік, рулық, оралмандық сана індеттері бір мүдденің төңірегіне топтасуға еш мүмкіндік бермей отыр. Ал орыс қоғамында мұндай мәселенің бірі де жоқ қой. Бұл жерде "бізде Навальный секілді тұлға бар ма" дегеннен гөрі, дәл қазіргі орыс қоғамы секілді тұлғаның қадіріне жетіп бағасын білетін, мемлекеттік мазмұнға көтерілген біртұтас халық бар ма деп сұрған әлдеқайда дұрыс секілді.

Орыс қоғамында болып жатқан осы саяси бұлғақтардың бізге де тигізетін тікелей әсері бар екендігі анық. Себебі, кіндігіміз әлікүнге дейін Кремль көзқарасына байланып тұр емес пе. Сондықтан, Ресейдегі сең біз үшін де тиімді дүние деп есептеймін. Біз дәл қазір тарихи таңдау алдында тұрған секілдіміз.

Енді біз осы тарихи сәтке қаншалықты дайынбыз, оны өз мүддемізге қалай тиімді пайдалана аламыз міне, осы сұрақтар төңірегінде ойлануымыз керек секілді.

Біз көбіне елімізге келер жақсы күнді Назарбаевтың өлген күнімен тікелей байланыстырып жатамыз. Негізінде еш олай емес қой. Халықтың азаматтық қоғамды бар болмысымен аңсауы, саяси сауатты болуы, өз құқықтарымызды талап етуіміз сынды дүниелер ғана бізді өзіміз армандаған күнге жеткізе алады ғой.

Осы орайда айта кетерлік тағы бір жайт, азаматтық қоғам дегеніміз мына сорлы жүйені жан-дүниеңмен қабылдамауың, әрі соған табанды түрде күресуіңмен анықталады емес пе. Дәл қазір мемлекеттен тендер алып күн көру дегеніміз осы жүйенің ғұмырын созу мен оның өміршең болуына үлес қосу деген сөз. Осы адамдардың елге ақыл айтып, жол көрсетуіне ешқандай да қақысы жоқ деп есептеймін. Біздегі "тұлғалардың" дені жоғарыда айтып өткенімдей қосмекенді. Мысалға өткендегі сайлау мен оған үміткер болған депутаттар тізімін алайықшы. Мен «Ауыл» мен «Адалдың» өтпей қалғанына тіпті де пұшайман болған жоқпын. Себебі, партия дегеннің өзі демократ адамдар идеяларының негізінде тұратын жиынтық ұғым емес пе. Сондағы сайлауға түскен адамдардың белгілі мөлшерде осы жүйеге қарсы тұрғанын, сол үшін қудаланғанын, сол үшін шетқақпай болғанын бір жерден көрдіңіз бе?

Олар ең әуелі осы азаматтық қоғам мен азаттық идеясының төл авторлары болуы керек емес пе. Мен бұл жағынан келгенде пікірлерін ұдайы ашық айтатын, азаматтық қоғам принциптерін жандүниесімен аңсайтын Дархан Әбдік пен Қасым Аманжол, Болат Мүрсәлім мен Жанболат Мамай сынды азаматтар қатысып жатса сол жандарды қос қолдап тұрып қолдайтын едім. Бірақ, әй қайдам...

Енді айта берсек әңгіме тым созылып кетеді ғой...

 

Ықылас Ожайұлы

2021 жыл 21 қаңтар

Abai.kz

5 пікір