Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Ел іші... 2100 11 пікір 24 Қаңтар, 2023 сағат 14:05

Мәжіліске кім лайық?..

Қаңтардың он төртінде ың-жыңсыз өткен Сенат сайлауына қарағанда, алда болатын Мәжіліс пен мәсилихат сайлауының тартысты өтетін түрі бар.

Қоғам белсенділерінен билік партиясын сынап істі болған Әлнұр Ілясов, мұның алдындағы сайлаулардың әділ өтуін қадағалауға тәуелсіз бақылаушылар дайындаған Арайлым Назар, қоғамдық әділеттікті талап етіп, өзінің азаматтық борыштарын адал атқарып жүрген тәуелсіз журналист Динара Егеубаева, Думан Мұқаметкәрім бірінші болып өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік берілген Мәжіліс сайлауына қатысу мақсатында «Алтыншы қаңтар» атты блок құрғандарын мәлімдеді.

Сенбі күні Арайлым Назар жеке парақшасында араларынан Динара Егеубаеваның Алматы қаласының 5-ші сайлау окурігіне өтінішін өткізгенін шүйіншіледі.

Сол-ақ, екен таратылған Мәжілісте мемлекеттік тілдің бітпейтін жырын айтып, өткір мәлімдемелер жасаған «Ақжол» партиясының мүшесі, ақын Қазыбек Иса «Бір кезде тұңғыш президенттің үлкен қызының подругасы болған» Егеубаеваға қайырылып бүй депті: «Әрине, сайлау мен сайлану әркімнің құқы, ешкімге қарсы емеспіз. Бірақ, Қаңтар қасіретін тартқан Қазақтардың тілін білмейтін, Ресей тілінде ғана сөйлейтіндер болашағын қай тілмен байланыстырады? Өйткені, бұл мәселе, халықтың Мемлекеттік тілді талап етуі күннен-күнге күшейіп келеді!».

Мәжілістің жаңа үміткері туралы жазбасын: «Динара Егеубаеваның Қаңтар туралы сұхбаттарын көрдім, ұнады. Қаңтар қасіретіне қатысты жақсы еңбек етіп жүр», деп жақсы бастаған Қазыбек мырзаның нілдей бұзылып, «Бірақ мынау Қаңтар қасіретін тартқан қазақтар туралы орыс тілінде айтқан сөзі қаңтардың қарындай суық екен» деп көзқарасын өзгертуіне Оңғар Қабденнің Динарат Егеубаева «Қаңтарда көшеге шыққандар маргиналдар. Мен маргинал емеспін, Алматыда өскен кореннаямын, депті» деп келетін жазбасы себеп болыпты.

Аталмыш жазбасында Оңғар Қабден: «Маргинал – человек, находящийся на границе различных социальных групп, систем, культур и испытывающий влияние их противоречащих друг другу норм права, ценностей и так далее.
Чаще всего маргиналами называют сильно опустившихся людей, находящихся на грани люмпенизации: алкоголики, наркоманы, БОМЖи, проститутки» деген википедияның түсініктемесін – Егеубаеваның туған ұлтын кемсіткенін дәлелдеген сот сараптамасындай алға тартып, экс депутаттың да «намысын» оятыпты. «Қазақтың тілін білмейтін адам оның құқын қорғайды дегенге сену қиын» деп турасын айтыпты Оңғар бауырымыз, «Тілі бөлектің - ділі бөлек!, Тілі жаттың -тәрбиесі жат» деген осы шығар» деп күңіреніпті Қазыбек мырза. Түсінде Динара Егеубаеваның Мәжіліске өтіп, өзінің дағдылы «Ата Заңнан орыс тілінің ресми статусын алып тастау» ұсынысына өре түрегелгенін көргендей ертоқымын бауырына алып тулапты. Ал видеоның толық нұсқасын көргендер мен нақ майданда болғандар Динараның туған ұлтына қатысты ештеңе айтпағанын алға тартуда.

Динараның аузынан шыққан сөз «Қаңтар оқиғасына» байланысты айтылған. Жалғыз Динара ғана емес, қаңтарда алаңға шыққандарды саясаттанушылар да биліктің ыңғайына қарай «Көсемі жоқ митингшілер», «арандатушылар», «дінни экстремстер» деп әр қалай айтып келеді. «Маргинал» демекші құқын қорғап ереуілдеген қазақтарды «Маскүнем», «Норкоман», «азғын тобыр» санау кеңестік ақын-жазушылардан қалған «дәстүр». Тарихы «Желтоқсан» көтерілісінен бастау алады. «Жаңаөзен» оқиғасы кезінде де Қазыбек сияқты қаламгерлерге үлгі көрсеткен алдынғы буын сол ұстанымдарын айна қатесіз қайталады.

«Қазақтың мүддесін – қазақ тілділер ғана қорғайды, қазақ тілділар ғана ұлтжанжы болады» деген түсініктің жаңсақ екеніне мысал көп. Жақсы мысалын айтсақ, «Комсомолская правда» ға, қызыл идеологияның сарқыншақтарына қарсы «Казахская правда» деп орыс тілінде газет шығарып туған ұлтының мүддесін қорғаған марқұм Алдан Айымбет ақсақалдың әрекеті жарқын үлгі. Жаман мысалын айтсақ, Қазыбек мырзаның бұрынғы партияласы, «Путинның арнаулы операциясын қолдаймын» деген, артынан «Ресейсіз қазақстанның күні қараң» деп терістік көршіміздің журналстеріне мұңын шаққан Азамат Әбілдаевтың әрекеті дәлел.
«Қасіретті қаңтар оқиғасы» билікте, саяси құрылым да ғана емес, қоғамда да, саяси санада да өзгеріске мұрындық болды. Егеубаева қаңтардан кейін оппозиционерге айналса несі айып?! Жаны нәзік әйел заты болса да, «бұрынғы подругасы» мандатынан айырылғанда әлде кімдер сияқты көзіне жас алғанын көргеміз жоқ.

Егеубаева ақындар айтысына түскелі отырған жоқ. Қазыбек мырза өзі жазғандай «Сайлау мен сайлануға әркімнің құқы бар». Ассамблеяның бес өкілі сайлауға түспей-ақ, президенттің жарлығымен сенатқа тікелей жайғасады. «Қазақтың мүддесін қазақ тілділер ғана қорғайды» деген көзқарастарыңды Егеубаеваға қаратып емес, жоғары билікке де айтыңдар, жеткізіңдер.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

11 пікір