Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 12783 0 пікір 19 Наурыз, 2013 сағат 05:49

Құл-Керім Елемес. Беташар

Бисмилләһир-Рахманир-Рахим

(жыр)

Ескерту:

Бисмилләһир-Рахманир-Рахим

(жыр)

Ескерту:

Негізі адамның басы тек ғаламдардың Иесі болған жалғыз Аллаһ тағалаға ғана иілуі шарт. Сондықтан келін сәлем жасағанда оның басы намаз рукуғындағыдай дәрежеде тым иіліп кетпеуі тиіс. Тек басты сәл ғана ишаралап немесе изеп, іштей әуелі Аллаһ тағаланы ұлықтап: «Аллаһу Әкбар!» деп, сосын сәлем бергелі тұрған адамына да іштей «Әссәләмуғаләйкум уә рахматоллаһи уә бәрәкәтүһ!» деп сәлем берсін. (Негізі кім-кімге, қай уақытта да сәлем беруге тура келсе осылай сәлемдесуі шарт. Бұл үкімі қасиетті Құранда аятпен бекітілген толық сәлемдесу түрі)! Мұнда бет ашушы азамат демеуші жеңгелеріне келіннің басын тым июге мәжбүрлік жасамауын ескертсін. Және сәлем алушыға да «Уәғаләйкуммуссәлләм уә рахматоллаһи уә бәрәкәтүһ! Иманды бол! Көп жаса!» деп айтуын құлаққағыс етуді ұмытпасын. «Беташар» салт әрі жас келінге келген ауылында қандай істерге ерекше көңіл бөлу керек екенін өсиет ету және тілек болғандықтан, оның мазмұнына ерекше мән берілуі тиіс. Беталбаты бәдік және Хақ дініне қарсы сөздер мүлде айтылмауы керек. Қысқасы шариғаттан шықпай, мүмкіндігінше қасиетті дініміздің үкімдерін жеткізіп, ол атқар дегенді атқартуға, ол тиғаннан жас келінді тиюға үндейтін салмақты сөздер айтылуы шарт. Өйткені, келін сол барған руының болашақ ұрпақ жалғаушысы. Оның тәндік те, рухани да тазалығы сол ру болашағының сафтығының кепілі. Міне, сондықтан бет ашушы әуелі өзі дінді, рухани да, тәнни де таза, кісілікті адамнан болуы ертең  қияметте сол сөздеріне Аллаһ тағала алдында жауап беретінінен толық хабарлы, дана, сөзі иланымды, пәтуәлі, инабатты, ибалы, білгір адам болуы шарт.

Бұл енді салт болғасын, егер той иесі сөзсіз «келіннің беті ашылуы керек» деп білген жағдайда ғана осылай, тіпті бұдан да күрделірек, бұдан да маңыздырақ, бұдан да жауапкершілірек, былайша сары майдан қылшық айырардай нәзік көңілмен істелетін іс. Себебі, неке мәселесі Хақ тағаланың ісі. Хақ тағала өзі тағдыр еткен іс. Сондықтан оған өте абайлаған мақұл! «Бұл ісіме Аллаһ тағала риза болар ма екен?» деген сұрақ бетті аштырушы тарапқа да, бетін ашуға келісімін берген келіннің өзіне де, бет ашушы адамға да іштей қойылуы ләзім. Демек, сіздің бұл ісіңізге, ондағы қимылға және айтылған әр сөзге Аллаһ тағала риза болуы шарт. Оның ғазабын шақырмауы тиіс. Мұндағы жөнсіздіктер жоғарғы үш тараптың да бағынан гөрі сорын барлықтамақ. Әйтеуір салт екен деп қалай болса, солай істей салуға әсте болмайды.

Мәселен, осы салттағы «Сәлем» деген сөздің өзіне үңілер болсақ, «Әссәләмуғаләйкум (Аллаһтың нұры жаусын, бейбетшілігі болсын)» деген дінше амандасудан келіп шыққан амандасудың сөз үлгісі екенін білеміз. Тек мұнда толық сөздің алдыңғы «әсі» мен соңғы «муғаләйкумі» алынып тасталып, тек «Сәлем» сөзі ғана пайдаланылған. Бұл сөз анығында Аллаһ тағаланың 99 сипатты есімінің бірі - Әс-Сәләм. «Аллаһтың 99 көркем есімі» атты кітапшада бұл ұлық есім жайлы: «Аллаһ тағаланың осы ғажайып есімін кімде-кім оқып отырса, онда Аллаһ тағала оны барлық апаттардан қорғайды. Егер осы есімді 115 (немесе 160) рет оқып, ауыру адамға дем салса, онда Аллаһ тағала дем салынған кісінің денсаулығын қалпына келтіреді. Иншаллаһ!» деп анықтама да берілген.

Демек «Сәлем» сөзінде біздің ақылымыз жетпейтін нығмет пен хикметті сыр жатыр. Сондықтан келінге сәлем жасатқанда бұл салттың әсілгі астарындағы келін келген ауылындағы жаңа әрі болашақ өзі көктейтін ортасының шын тілекшісінің бірі болсынға, үлкен-кішісімен амандық білісіп жақындығын үзбесінге, туыстығын жалғасынға, оларға да, өзіне де Аллаһтың сәлемін (тыныштығын) дұға етсінге саятын илаһи маңызына, мазмұнына ерекше ден қойдырылған орынды. Өйткені Беташардың мақсатында ондағы талаптарды орындауды келінге аманаттау бар. Ал аманатты орындамау қиянат екендігі, ол Аллаһ тағала алдында ауыр күнә екендігі Ислам шариғатында айқын көрсетілген үкім.

Міне, осындай толып жатқан «Сәлем жасаудың» астарындағы хикметті қайырып қойып, оны қайдағы бір ақша жасаудың тәлкегіне айналдырудың, келіннің екі жағына арнаулы екі адам тұрып алып, оны зорлықпен буддистердің тас құдайларына шоқынатынындай етіп келсе-келмес, балаға да, жатқа да, тойға келгеннің күллісіне және күллі жұрттың көзінше тоңқаңдатудың еш керегі жоқ. Бұл жасау беташар астарындағы игі мәнді жояды. Екінші, құзырлы тараптарды қарап тұрып күнәға батырады. Өйткеннен гөрі келін бетін аштырмаған қайырлы. Негізі беташар тек тіке туыстар арасында ғана жас келінге тәлім-тәрбие ретінде  істелетін әдеп пен иба сабағы.

Сосын, кей өңір қазақтары келіннің бетін аштырмайды да. Оның екі түрлі себебі бар. Біріншіден, «келіннің бетін ашса беті ашылып кетеді» деп есептелінеді. Екінші себеп, келін бетін ашудағы жоғарыдағы сияқты кейбір шәриғи мәселелерге толық, қанағаттанарлық пәтуа жоқтығынан болса керек. Негізі беташардағы тәсілдер мен онда айтылатын сөз мазмұны мәнсіз болса, әрі келін оны болашағында дұрыстап атқаруынан күмәнданылса, қысқасы келіннің оны атқаратынына, онда да дұрыс атқаратынына көз жетпесе беташар жалған ойын деңгейіне түсіп қалмақ. Ондай жағдайда келін бетін ашпағанның маңызы әлдеқайда зор болмақ.

Аллаһ тағала: «Сендер мені еске алсаңдар, Мен де сендерді еске аламын» деген. Демек, адам баласы және оның күллі ісі Аллаһ тағаланың құзырында болады. Сондықтан беташардан басталатын некенің тұтас барысы Аллаһ тағаланың тағдыр еткен ісі екені назарда ұсталып, әр қимыл мен іс сөзсіз Аллаһ тағаланы еске алумен мәнденіп тұруы тиіс. Адам баласы мейлі қай істе болмасын, Оның белгілеп берген шариғатынан шығып кетпеуі ләзім. Беташар бұған дейін бастан-аяқ осы түйін шеңберінен шығып көрмеген. Бұдан кейін де солай болуы шарт!

 

«Беташар басы Бисмилләһ!

Бисмилләһ келген мың жылда...

Өсиетімді айтайын,

Құлағың сал, сөз тыңда»:

 

Он сегіз мың ғаламды

Аллаһ Өзі жаратқан.

Адам, Хауа анадан,

Күллі адамды таратқан.

 

Берілгені адамға,

Он сегіз мың ғаламда,

Бәрінен де мол бопты...

Хауа Адамға қосылып,

Үйлену содан жол бопты...

 

Содан біздер келеміз,

Мұхаммедке үмбет боп...

«Ләә иләәһә илаллаһ,

Мұхаммәдур расулоллаһ»

Деген сенім діңгек боп!..

 

Сол жол - жол боп мінеки,

Аллаһ жар боп ауылға,

Шаттық сыйлап қауымға,

Бақыт әкеп бауырға...

Келін келді, көріңдер.

Бұрынғының жолы екен,

Көрімдігін беріңдер!

 

Келін болып келген соң,

Сен де, шырақ, бол есен.

Келін түссе бет ашу,

Ата-баба жолы екен.

 

Өлеңімді қашайын,

Жырдан шашу шашайын.

Айдай бетін келіннің,

«Я, Аллаһ» деп ашайын!

 

Келін болсаң көрік бол,

Жігітіңе серік бол.

Бес парыз бар Аллаһтан,

Бес парызға берік бол.

Шыншыл келін аталып,

Осы ауылға көрік бол!

Әуелі мадақ Аллаһқа,

Ризасы үшін Аллаһтың,

Хақ Аллаһқа бір тағзым!

 

Ақ келін-ау, ақ келін,

Сауысқаннан сақ келін.

Жұмыртқадан ақ келін.

Сөзіме менің бақ келін:

Келген жерің, келінжан,

Отырары қазақтың.

Көбі осыннан басталған,

Қазаққа тән ғажаптың...

 

Бұл мекен бе, бұл мекен,

Фарабидің мекені.

Бұл мекен бе, бұл мекен,

Шәшті Әзиздің мекені.

Бұл мекен бе, бұл мекен,

Арыстан-баб мекені.

Бұл мекен бе, бұл мекен,

Иассауидің мекені.

Бұл мекен бе, бұл мекен,

Сансыз бабтың мекені.

Бұл мекен бе, бұл мекен,

Түмен бабтың мекені...

 

Ау келінжан, келінжан,

Оң жағыңнан абайла,

Сол жағыңнан абайла,

Ал жағыңнан абайла,

Арт жағыңнан абайла!..

 

Әне, сондай, бұл мекен,

Иелілер мекені.

Әне, сондай, бұл мекен,

Киелілер мекені.

Әне, сондай, бұл мекен,

Нұрлылардың мекені.

Әне, сондай, бұл мекен,

Сырлылардың мекені.

Әне, сондай, бұл мекен,

Әулиелердің мекені...

 

Ау, келінжан, келінжан,

Сол бабалар сияқты,

Жолын ұстап Аллаһтың,

Иманыңа берік бол!

Имандылық белгісі,

Дұрыс киіп киімді,

Дұрыс ұстап үйіңді,

Әуес қуып шірітпей,

Ақылың мен миыңды,

Нұрлы жігіт сүйіктің,

Сүйіктіңе серік бол!

Келген еліңе көрік бол!..

Ризасы үшін Аллаһтың,

Ел мен жерге бір сәлем!

 

Ақ келін-ау, ақ келін,

Сауысқаннан сақ келін.

Жұмыртқадан ақ келін.

Хақпен келдің бұл үйге,

Сөзіме менің бақ келін:

Үлкеннен бұрын сөз сөйлеп,

Сөз сөйлесең тез сөйлеп,

Жүрме атанып «жақ» келін!..

 

Анадан қыз боп туған соң,

Ұзатылу орынды.

Келін болып келген соң,

Сыйла келген төріңді!

Сыйла келген еліңді!

Сыйла келген жеріңді!

Ризасы үшін Аллаһтың,

Шаңыраққа бір сәлем!

 

Ақ келін-ау, ақ келін,

Сөзіме менің бақ келін:

Ерте тұрып енеңнен,

Отыңды өзің жақ келін!

Ел-жұрт, атаң, анаң бар,

Туыс, бауыр, ағаң бар.

Болғаннан соң ел іші,

Жақсы да бар, жаман бар...

Болғаннан соң ел іші,

Жүйрік те бар, шабан бар...

Болғаннан соң ел іші,

Ақылды бар, надан бар...

Ақ келін-ау, ақ келін,

Періштедей пәк келін.

Көңілін, әне, солардың,

Ақылыңмен тап келін!

Жаңа келген ұяңа,

Мінезіңмен жібектей,

Арадан еш қыл өтпей,

Жақсы ісіңмен жақ келін!

Ризасы үшін Аллаһтың,

Көпшілікке бір сәлем!

 

Ау, халайық, халайық,

Келін келді бақ тұнып...

Басына үкі тақтырып.

Ата-ананың көңілін,

Қуанышпен шат қылып.

 

Ақ келін-ау, ақ келін,

Сөзіме менің бақ келін:

Әуелі сыйла атаңды,

Атаңнан ал көп батаңды.

Сыйласаң, келін, атаңды,

Аллаһ кешер қатаңды...

Ризасы Аллаһтың -

Разылығанда атаңның.

Ризасы үшін Аллаһтың,

Атаңызға бір сәлем!

 

Ақ келін-ау, ақ келін,

Сөзіме менің бақ келін:

Атаңнан соң сыйла енеңді,

Екі етпе енең дегенді.

Келін боп желек кигесін,

Бала емессің сен енді.

Ризасы Аллаһтың -

Разылығында енеңнің.

Ризасы үшін Аллаһтың,

Енеңізге бір сәлем!

 

Ау, келінжан, келінжан,

Ай десе аузы көрінген,

Күн десе көзі көрінген,

Шырақтайсың жайнаған.

Өз ағаңнан кем емес,

Сыйлай алсаң қайнағаң.

Жөнсіз күліп, жайраңдап,

Тайлақтайын тайраңдап,

Көңілдерін ойрандап,

Аттап ата салтынан,

Қиып өтпе алдынан.

Ризасы үшін Аллаһтың,

Қайнағаңа бір сәлем!

 

Ау, келінжан, сен үшін,

Сыйласуға ең керек,

Сыйласа алсаң егерде,

«Абысын» деп, «жеңге» деп,

Мұңдасатын досың бар.

Сырласатын досың бар.

«Келін» дейтін қосындар,

Бір-біріңді тосыңдар.

Ақылға ақыл қосыңдар.

Сендер тату болсаңдар,

Бұзылмас жол-жосындар...

Ризасы үшін Аллаһтың,

Абысындарыңа бір сәлем!

 

Ақ келін-ау, ақ келін,

Сауысқаннан сақ келін.

Жұмыртқадан ақ келін.

Сөзіме менің бақ келін:

Қара нардай қайыспас,

Нағашың бар арқалы.

Нағыз ерлер, нар ерлер,

Нағашыға тартады.

Олар сені ешқашан,

Жамандыққа қимайды.

Сен сыйласаң ол жұртты,

Аллаһ сені сыйлайды...

Ризасы үшін Аллаһтың,

Нағашыға бір сәлем!

 

Ақ келін-ау, ақ келін,

Сауысқаннан сақ келін.

Періштедей пәк келін.

Сөзіме менің бақ келін:

Сылбыр болмай салпы етек

Тетік болып, тездеңіз.

Жамандықты сезбеңіз.

Жақсылықты көздеңіз.

Өз ағаңдай ол дағы,

Сыйлассаңыз жездеңіз.

Ризасы үшін Аллаһтың,

Жезде ағаңа бір сәлем!

 

Ақ келін-ау, ақ келін,

Періштедей пәк келін.

Сауысқандай сақ келін.

Сөзіме менің бақ келін:

Құдайы іске жақ болсаң,

Жарыңа адал, ақ болсаң,

Бақыт қонған басына,

Келін болмас тап сендей.

Қайынбикең сыйласаң,

Ол дағы өзің әпкеңдей.

Шын сыйласқан адамға,

Ырыс кем бе, бақ кем бе-ей?!

Ризасы үшін Аллаһтың,

Қайынбикеңе бір сәлем!

 

Ау, келінжан, келінжан,

Шығыстан шыққан күніңдей,

Аумайтын өз ініңдей,

Қайындарың бар тағы.

«Жеңгеміз деп сүйкімді»,

Өзді-өзіне тартады.

Жеңгетайлап қоятын,

Әзілдері бар тағы...

Жақсы жеңге бола алсаң,

Үміттерін артады.

Үміттерін жер етпей,

Табыса біл оларға,

Иманды, ерке жар, тағы.

Ризасы үшін Аллаһтың,

Қайындарыңа бір сәлем!

 

Ақ келін-ау, ақ келін,

Періштедей пәк келін.

Сауысқандай сақ келін.

Сөзіме менің бақ келін:

«Әзіл екен» деп қалмай,

Жаман сөз бетін қақ келін.

Басқа қонған бақ келін.

«Күйеу» деген бір жұрт бар,

Шеттерінен қалжыңбас.

Аттап кетпей ұяттан,

Әдеппенен қалжыңдас.

Ризасы үшін Аллаһтың,

Жақсы іске жақ бол да,

Жаман іске болғын қас!

Күйеулерге бір сәлем!

 

Ақ келін-ау, ақ келін,

Періштедей пәк келін.

Сауысқандай сақ келін.

Жұмыртқадай ақ келін.

Сөзіме менің бақ келін:

Бұл ауылда тағы да,

Шеттерінен ұятты,

Шеттерінен миятты,

Аңыз болған қазаққа,

Қызжібектер сияқты.

Қайын сіңлілерің бар,

Өз сіңілің сияқты.

Ризасы үшін Аллаһтың,

Соларға да бір сәлем!

 

Ау, келінжан, келінжан,

Еркелеген қыз едің,

Келін болдың керіліп.

Сүйгеніңе қосылдың,

Қос аққудай өріліп.

Келген жеріңе судай сің,

Ықыласпен беріліп.

Иман, салттан, бақыттан,

Құр қалмаңыз ерініп.

Алтын бесік ел іші,

Тұратын жауһар себіліп.

Ақылыңды істет, ақ келін,

Бұл сөзімнің тегін ұқ...

 

Салт болған соң атадан,

Сақтасын, Аллаһ, қатадан!..

Торымасын маңыңды,

Жаман пиғыл жат адам...

Жар болсын Өзі, жар болсын,

Бар ісіңе Жасаған!

«Әмин!» деп қол жайып,

Сұрайық бата атадан.

«А, Құдайлап» бергесін,

Бақыт келмек батадан!

 

Жырдан шашу шашайын,

Әбес сөзден қашайын.

«Аллаһ Өзің жар бол» деп,

Келін бетін ашайын!

 

Ау, келінжан, келінжан,

«Ашылды екен бетім» деп,

«Бұл оңды, - екен, - шешім» деп,

Сақта мынаны есіңде:

Ұят қалмай жүрмесін,

Ісің, сөзің, бетіңде!..

 

Бұл бір жосын, бірақ та,

Шығу тегі жырақта...

Ар, иманың сақтай біл,

Жетем десең мұратқа!

 

Аллаһыңа бас ұрып,

Құлшылығыңды асырып,

Жүр, келінжан, ибамен

Ауратыңды жасырып.

 

Дәретсіз Жер баспағын,

Әдептен еш аспағын.

Сөйткенді Аллаһ ұнатпақ,

Жұртты иманға бастағын!

 

Ау, келінжан, келінжан,

Болғың келсе бақытты,

Болғың келсе тақытты,

Құлшылықсыз өткізбе,

Әр күнгі алтын уақытты.

 

(Аллаһ соны білгізді...):

Болып жатсаң ұл-қызды,

Емізбе әсте дәретсіз,

Болсын десең жұлдызды!..

 

Ау, келінжан, келінжан,

Ұқсайсың жас құраққа.

Ұқсайсың нұр шыраққа.

Келдің екен келін боп,

Тек осында тұрақта.

Өсиетім соңғы бұл,

Құйып алғын құлаққа.

«Бисмилләһ» деп істей біл,

Күллі ісіңді, бірақ та!

Сөйтсең сөзсіз жетесің,

Екі әлемдік мұратқа!

 

Ау, халайық, халайық,

Келін келді, көрдіңдер.

Көрімдігін бердіңдер.

Ақ сақалды аталар,

Ақ самайлы аналар,

Келін беті ашылды.

Аллаһ нұры шашылды.

Ақ келінді ұялтпай,

Пәк келінді ұялтпай,

Қайтадан бір көріңдер.

Көрімдікке «Аллаһ» деп,

Ақ бір бата беріңдер?!

Әмин,

Аллаһу әкбар!

 

Бата:

Бисмилләһир-Рахманир-Рахим!

Ләә иләәһә илаллаһ,

Мұхаммәдур-расулоллаһ!

Аллаһтан басқа тәңір жоқ,

Мұхаммед Оның елшісі!

Хақтан түскен хақ Құран,

Адамзаттың еншісі!

Барлық мадақ Аллаһқа!

Барлық құдірет Аллаһта!

Құл бақытын таппақ-ты,

Өзін жалғап Аллаһқа!

Бұл некені қосқан Хақ,

Хақ қосқанды тосқан бақ...

Кенеліңдер сол баққа,

Хақтың жолын, қош, таңдап!

Әмин,

Аллаһу әкбар!

 

Abai.kz

0 пікір