Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2558 0 пікір 19 Наурыз, 2013 сағат 05:06

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

4

...Ел жыла қонып, Жоңғар Алатауының қабат-қабат заңғарларын артқа тастап төр жайлауға асып көшті. Соның алдында Мақсұтқа Қамардан бір хат келіп тиді. Көңілге медеу болар оның жай сәлемі екен. Әдеп пен құрметтеп жазылған таза жүрек сәлемі, соның ар жағында нелер ойлар жоқ дерсіз. Қазиза өздерінің кішкене ұлын қыдырта жіберіп, Қамардың хатын содан жолдапты. Осы хат адам баласына бітпестей құдірет күш әкелген. Қамар бейнесі, сөз, мінезі күні кәзір Мақсұттың көз алдында. Ұзақ тауға жырақтап кеткелі сол бейне тағы-тағы қымбаттай түсті. Әсіресе сона бір... сәл мұнарланған, ұяң нұрлы көзқарас арада уақыт өткен сайын бірден-бірге тұңғиығына тарта түскен болатын.

Бірде ол, оңашалықта, өз басында бұрын шамалап білмеген әлдене ғаріптік болғанын анық мойындап ұқты. Егер дәл осы шағында әлдеқандай бір құдірет бұған «кінәң шәйілсін, жолың ағарсын, Қамарға қолың сонан соң жетеді» - деп үкім шығарар болса, сол үшін мейлі, тіпті диуана болып жер шарлап келуге бар. Қандай жаза кесігін тартса да, риза бола қарсы алғандай күйде еді. Күн сайын атын ерттеп, мағынасыз жалғыз қаңғып кетеді.

4

...Ел жыла қонып, Жоңғар Алатауының қабат-қабат заңғарларын артқа тастап төр жайлауға асып көшті. Соның алдында Мақсұтқа Қамардан бір хат келіп тиді. Көңілге медеу болар оның жай сәлемі екен. Әдеп пен құрметтеп жазылған таза жүрек сәлемі, соның ар жағында нелер ойлар жоқ дерсіз. Қазиза өздерінің кішкене ұлын қыдырта жіберіп, Қамардың хатын содан жолдапты. Осы хат адам баласына бітпестей құдірет күш әкелген. Қамар бейнесі, сөз, мінезі күні кәзір Мақсұттың көз алдында. Ұзақ тауға жырақтап кеткелі сол бейне тағы-тағы қымбаттай түсті. Әсіресе сона бір... сәл мұнарланған, ұяң нұрлы көзқарас арада уақыт өткен сайын бірден-бірге тұңғиығына тарта түскен болатын.

Бірде ол, оңашалықта, өз басында бұрын шамалап білмеген әлдене ғаріптік болғанын анық мойындап ұқты. Егер дәл осы шағында әлдеқандай бір құдірет бұған «кінәң шәйілсін, жолың ағарсын, Қамарға қолың сонан соң жетеді» - деп үкім шығарар болса, сол үшін мейлі, тіпті диуана болып жер шарлап келуге бар. Қандай жаза кесігін тартса да, риза бола қарсы алғандай күйде еді. Күн сайын атын ерттеп, мағынасыз жалғыз қаңғып кетеді.

Сондай күнде жапан дүниеде панасыз боп, жалқы қалған бұл жастың жүрегінде «Жақсылар-ау! Менің басымда не күй барын білесіңдер ме» деген сұрақ пайда болған-ды. Ол, әрине бұл үшін бауыры қан болып езіле аларлықтай, дүниедегі ең жанына жақын адамы болса, тек соған ғана шағарлық мұң қасіреті болатын.

Бұл күдігі еді. Енді осының барлығының екінші, қарсы жағы болып, мәңгібақи сарқылмастай көзі бар, соншалық асыл-айнымас бір қуатпен осынау тірлік жаралысқа, айналаға бұл уақытқа дейін жасамаған жақсылығын жасағысы келгендей болды. Өшпестей жанған ынтамен мынау жарық әлемді шексіз сүйіп, құшағына сыйғызғысы келеді. Ендігі жерде өмірдегі өзге өкініш, күйініш дегенді есінен шығарып, ұмыттырғандай, демін дірілдеткен, әлін құртқан бір сезім шарқ ұрды.

Жүректі сыздатып, қысқан тілек буынға түсіп, денені де қалтыратып өткендей болатын. Ішінен сенделіп кеткендей. Теңдесі мен өлшеуі жоқ осы бір күшке сүйенсе, өмірдің қандай жүгі тосса да қынжылмай көтерердей бір халде. Ең ғажабы, өзін дәл осы тұста анық ұлы адамдай бір сезіммен сезіну бар. Аса дана сезімдер көңілін аспан-жерге сыйғызбастай.

Бұл үміті еді. Енді осының барлығы бір күнде бір-ақ қираса жігіт жүрегінде сірі өмірден тыртық қалары даусыз. «Гауһарға түскен құрттай» адам рухын бүлдіретін жазылмас дерт деген содан артық қандай болмақ, - деп ойлады. Өзі білетін таңғажайып ертегідегі пері қызы Шәмшияны күткен Жаһаншаның сорлығын қайталап ойлады.

Алма-кезек шарпысқан осы сезім мезгіл санап, күн санап тамырлап, бойлап, айықпастай арнаға тарта берді.

Мақсұтқа осының бәрін ойлатушы бөгет, бұның алдындағы қиын түйіндерге байланысты меңіреулік күй. Сол еді - жас жігітті бал мен уға белшесінен батырып, махаббат шәрбатына мас еткен.

Биылғы жаз Мақсұтқа Қазизаның жақындығындай жақындық ешқашан болар деп ойлатпады. Қамарды сондай ынтызар көңілмен сүйді. Арман етіп, тілеу етіп сүйді....Керімбектің Мақсұтты Абдолла қызына телігелі оңашаға алып сөйлесіп отырғаны, өткен жаздағы, міне, осындай хал, осындай күй соңында болған тартыс еді. Ал Мақсұттың кейпі ел қамын ойлаған Керімбектей әкеге емес, бұның зар жылаған ішкі дүниесін айтпай білерлік данышпанға ғана мәлім сыпат болатын.

 

5

 

Ел жайлаудан бауырға қайта түсіп, балаққа кеп қонғанда, Мақсұт қасына Мамыртайды алып Қарымсақтікіне баруды ниет етті. Сонымен жаз аяғының бір жарқыраған ашық, тыныш шағында, күн еңкейе межелі жеріне асығып жеткен-ді. Қарымсақ ауылы анадағы отырған қоныстарынан ірге аударып кетіпті. Өткен күннің сағынышты елесі болып баяғы жұрттар жатыр. Әне, Қарымсақ жұртының ірге тұстары мен жұқаяқ орындарында алшындап, қаулап, желкілдеген жас шөптер шығып кетіпті.

Қазизаның, қымбат Қазизаның Қамар жайлы алғаш көз ашқан жері! Ортада барлық сырға куә, қасиетті от орны жатыр. Кім біледі - осы жұртта сондай-сондай өзге тағы қаншалық жақсылық сыры жатқанын. Сол көзбенен қарасаң, адам мекені - дүние - неткен ұлы! Туған жер, Отан ұлылығын немен өлшеп болады! Жоқ, дүние емес, бәлкім, соны бағалап білген адам бәрінен ұлы болар. Сол үшін де туған жерін адамдар жатқа қимас.

Әне, анау Мұрыншақ жұртында алынбай қалып қойған аша басты атағашқа дейін көзге ыстық... Сенің жеріңде нендей сырлар барымен орныңды басқан жау санаса ма?! Ауыл алдағы бір қалтарыста екен. Осы кеште Қазиза Қамарды үйіне барып шақырып әкеліп еді. Қарымсақ пен Мамыртай қашаған ұстаймыз деп, көлеңке түсе қымыз ішіп аттанып кеткен. Қазизада жалғыз ұл бала бар-ды. Өзі еркелеу болғандықтан сүндетке кешеңдеу жатқызылып, былтыр сегіз жасында отырғызылған. Сол бала Бағдат сүндет тойына шақырып барғанда Керімбек атасы желіден таңдап бір тай мін деген. Айтылған бәсірені кейін атпоз-сыншы Қарымсақ жылқыдан өзі екшеп ұстағанда, ол қаныпезер қашаған болып шығады. Бірақ Қарымсақ оның қашуынан жалықпайтын. «Сенің мұның атты күнде қинайтын, анық кедей сор ғой» дегендерге:

- Бұл бүйтпесе құласоқыр аттың інісі бола ма? Ішінде тас жарып тұрған оты бар, оны қайда сыйғызсын! - дейтін. Құлын күнінде осы тайдың енесі кәрі құла биенің жусап жатқан жерінде ағызып келіп белінен ытырыла қарғып өткенін көзі шалып таңырқаған. Жылқыдан оңаша, жеке шығып алып олайда бұлай құйындата шауып, желмен жарысып ойнағанын да көбірек байқайтын. Қазір күн батқан кезде, жаздың тыным алып тұрған бейқам кешінде, Қарымсақ Мамыртай екеуі ұзын құла тайды ноқталап әкеп, анадай жердегі мама ағаш қасында тер басқан аттарынан түсіп жатты. Тайын арқандап қойып Бағдатты ертең таңертең Мақсұттарға қосып, сол ауылға барып үлкендерге сәлем беріп келуге жібермек.

Үйден жүгіре шығып жеткен Бағдат демінен шөп исі аңқып тұрған құла тайының мойнынан құшақтап, омырауынан алақанымен шапаттап қағып:

- Ә, сарамас! Тіпті құлағының түбі де терлемепті. Мынаң қарашы аға, тым болмаса танау қағып, демікпейді де! - деп, қуанышы қойнына сыймаған балалық қызу шаттығымен жайнап тұр. Көзі шоқтай жанған, шолақ мұрын, қараторы бала шәңкілдеген өткір үнінен, сөзі, тілінен пысықтық танытады.

Қарымсақ үйдегілерге өздерінің келгенін сездіріп тамағын кенеп, жөткіріп қойды... Мақсұт пен Қамар жайлы ешнәрсе білмеген кісі секілді. Керімбек, Бурабай, Абдоллалар ортасындағы тартылған арқауы нәзік желіні жете біледі. Ел таразысын таниды. Сол себептен Қамарлар уақиғасына ашық шыға алмай, іштен тынады.

Қарымсақ пен Мамыртай ішке кірді. Үйде Мақсұттан басқа Қазиза мен Қамар отырған-ды. Бағана Қамар келгенде, Мақсұт үйде жеке өзі отыр еді. Қамар есіктен кірген сәтте Мақсұтқа алғашында бір ғана көз тастап, өзінің осы келісінен қатты қысылғандай сәлемдесті. Есіктен жігітке көзі түскен сәтте ап-айқын ду етіп қызарып кеткен. Онымен ілесе Қазиза да кірді. Қамар ойлы көзі тұңғиық тартып, аз қысылып, Қазиза салған көрпешеге отырды. Шеттеу отырған Мақсұтпен қатар кеп жайғасты. Алғашында Қазиза бұларды біраз сөзге салып отырып, бір сәтте орнынан тез тұрып самауырын қамымен далаға шықты. Мақсұт пен Қамар сол кезде аз ғана тіл қатысып, сөйлесіп қалып еді. Қазиза Мақсұтққа бір қарап есіктен шығып кеткен соң, ол әуелі болмашы ғана білінген тілекті үнмен:

- Қамар! - деп, алдымен жас қызды өзіне көз тастатып алып:

- Мен көп нәрсені, бәрін де кеш біліппін! Өзімнің соныма қатты өкінемін. Жаз бойғы өкінішім де сол болды. Ана жолы келіп кеткелі дәл осы бүгінге, қазірге дейін сіз менің есімнен бірде-бір сағат, бірде-бір сәт шыққан емессіз! - деп лып етіп, жұқа ғана қызарып өтті. Түсі оңыңқыраған қара мақпал кәмзолынан белі қынала түсіп, екі қолын қос дізерлеп отырған қалпында біріктіріп ұстап қалыпты. Мақсұттың алғашқы сөзіне ешнәрсе айтпай, бөгеліңкіреп отыр. Жаңағы Мақсұтты қадірлеп қараған көзін оның сөзі тұсында төмен сала, үнсіз тұндырып қалды. Мақсұт сөзін тағы азырақ жалғастырып:

- Мен сізді анадағы келуімнен бұрын білмеген екем! Соныма жазықтыдай боп, өз-өзіме қапада жүрдім. Сан рет түсіме де кірдіңіз, - деп еді, Қамар осы кезде өзін Мақсұттың «жаңа білдім» деп отырғанына орай бұрынғысынан оңай ширап, бірақ баладай бір кінәсіз, нәзік үнмен:

- Ендеше, мен сізді бұрыннан білем! Біздің үйге өзіңіз анабір хат әкелгеніңізден бері білетінмін,- деп қалды. Тұна қарап, Мақсұттың қас-қабағын шолды. Жалаңбас күйінде ашық маңдайы аппақ болып, тоқ бұрымдарын арқасына құлата тастап, отырып қалыпты.

Бар қалпымен дем шалғандай, тал бойында мінсіз тыныс қорғалайды. Мақсұт ішіндегі бір сөзді кейінге іркіп қала алмай, осы арада шығарып:

- Мен биыл жаздай сіз үшін қиял-арманмен көп сабылдым, Қамар! Тіпті анық бір бейнетпен сенделгенімді бүгін сіздің өзіңізден жасырғым келмейді, - деді.

Екеуінің бар сөздері осыған ғана жетіп еді. Сыртта жүрген Қазиза Қарымсақтардың келе жатқанын байқаған екен. Үйге кіріп Қамардың қасына кеп отырған.

Мамыртай Қамарға шын таңырқап қарады. Қамар оған өзімсінген ашықтау жүзімен амандасқан. Аздан соң Қазизаның қонақжай дастарқанынан қаймақталған шабдар-күрең бапты шәй ішілді.

Қарымсақ бәйіт-жырларды көп біледі. Бүгін кешке осы үйдегі жас қонақтардың содан артық қалар қолқасы болмас та еді. Үй иесі бүгін бір өзінде сирек болатын, көтеріңкі шыраймен отырып, ағаш ожаудың басындай қара шанақ домбырасын қолына алып, «Қыз Жібекті» бастады. Алдымен Мақсұт пен Мамыртайға бір айтпақ ойын лекіте сөйлеп:

- «Қыз Жібектей» жырды сөз шеберлігімен еске алсам, өзімнің өзге емес, тек қазақ қана болғаныма жер-көкке сыймай мақтанғым келеді. Құдай тілеуің бергір, арғы атамызды қалмақтан түсіріп қалған Айтбай бабаңа мың алдияр! - деп үйі-ішін түгел күлдірді. Қамардың қып-қызыл боп кеткенін Қазизадан басқа ешкім аңдамай қалды... Қарымсақ сұлу жырды сол жаңағы құмар көңілмен төгілдіріп, әндетіп те жіберді. Үй-іші Қарымсақтың шалғы мұрт астынан қасқа тісі ақсия отырып, әндеткен үніне ә дегеннен бағынып, қыбырсыз тыңдап қалған-ды. Шешен хиссаның кей тұстарын желіккендей ойнатын, есілте төгіп, өте бір шебер сырғытып кетті. Сонша шат, құштарлықпен жырлағаны жабыса тыңдаған қонақтарын өзіне еріксіз табындырғандай.

Бұрын, ертеректе шілдехана күзеткенде, немесе кәрі-құртаң, кемпір-шал бір ырым-жырымға жиылып бас қосқанда, қыс соғым басына шақырынған жерде, сары түнге Қарымсақ ерекше кәдеге жарайтын. Дүниеден арманы таусылмай, отқа-суға түсіп жүріп ақыры кеп барлығынан торығып салқын тартқан қарт-қария болса, өлім көріп, дерт шеккен, өксігі көп, қаралы кейуана кемпір болса, іш-өзегін аруанадай аңыратып, сораларын ағызатын Қарымсақ еді. Ол бүгін сол баяғы бір құштар, сазды үнменен:

 

«Алтын шыны кеседей,

Екі көздің шарасы.

Бейіштен жанған шам-шырақ.

Көзінің гәуһар қарасы...» -

 

Немесе:

 

«Неше түрлі сәулетпен

Іңірде шайтан көшкендей»

 

деген сияқты жерлерге келгенде шын шабыттанып, екіленіп жырлап, естушінің еркін алғандай етеді. Мақсұт Қамарға көз салады... Жаңағы «алтын шыны кеседей» көздің шарасы дәл осы жерде емес пе, - дегенді ойлайды ішінен. Бар дүние, тірлікті ұмытады. Қамар бұл уақытта бағанағыдай емес, өзгеше сергек қалыпқа өтіп, Қарымсақтан көз алмай, жыр сөздерін қалт жібергісі келмей тынып отырды. Бірақ сол пішіннің арғы жағында бүгін шексіз бір тіл жеткісіз өзгеріс құпиясының бары күмәнсіз. Сыртынан өзгелерге ешнәрсе білдірмей отырмын дегенімен, ішкі жағы көмген алтыны бар адамдай, ол емес, дүниенің бар жақсылық асылы бір өзіндегі кісідей нұр сәулесімен жарқырап тұрды.

Сол нышан анда-санда Мақсұтқа ұрланғандай бір көз тастап қалғанында беп-белгілі болады. Онымен көз ұшыратса жүрегі ап-айқын дүпілдеп, бүлк ете бұлқынып қағып өтеді. Көзіндегі сона бір... нұрды бүгін Мақсұт үшін төккендей, құрметтей тартады. Кешкі астан кейінгі ұзақ жырланған бәйіт соңында Қамар кісілерге соңғы шайды өзі жасап құйды. Жеңіл кәмзолымен отырған қалпында, ақ көйлегінің қатарылған желбірлі жеңі аузынан жұп-жұмыр ақ білегі уылжып көрінеді. Тал бойында кішілік сый, сезгір дем тынысы бар. Үй ішіндегі осы адамдарды әлемдегі Ай мен Күндей қадірлеп отырғаны білінеді. Үй іші өз орталарындағы нәзік Қамарды тегіс аңғарады. Ол жаңағы жыр әсерінің құйынынан әлі арыла алмай отырғаны байқалғандай... Кескінінен зейінді арманшылдық аңдалады. Мақсұттың қатарындағы ерқабақ жігіт - Мамыртай Қамарды «тілді байлағандай ететін көз қарас сәті бар екен-ау» деп ойлады. Ол Мақсұттың жаздағы жайын енді толық ұғынғандай.

Мақсұттың Қамар жөнінде Қазизадан кейінгі тілеулес, дос адамы осы - Мамыртай. Биыл жазда Мақсұтпен сыр бөліскен - оның туған елі-жұртындағы жалғыз адам, тек осы ғана болып еді. Бүгін ол қуаныштан бойына ас батыра алмағандай, ұпайлы адам сияқтанып, өздерінің осы халдеріне шүкіршілік еткендей қанағат тапты. Кеудесін бір кез жоғарылау алып, отты көзін үй ішінде қыдырыстата тастап отырды да, іргедегі жаңа шабылған ағаш астауды байқап:

- Оу, Қареке! Немене, наурыз көже қамы ма бұ? - деп күлді.

Бағана екі жігіт келгенде, Қарымсақ үйдің ішін ақ-жоңқа ғып, мұнан басқа тағы бір астау шауып жатқан болатын. Есіктен сәлем беріп жас қонақтар кеп кіргенде, орнынан етегін қаға түрегеп, Қазизаға:

- Шығар, шығар! «Кемешінің үйі ақ - жоңқа» болғызбай, - деп ішін жаңа ұңғып жатқан добалтақтай жуан терек науашаны есіктен сыртқа қарай ытқыта лақтырып тастаған. Егер қонақ келіп қалмағанда өзі кешкі салқынмен орағын алып бидай оруға шықпақшы еді. Дүңген көршілер барлығы бұл уақытта жаппай қол орақ науқанында. Қазіргі өз ажарымен басқаларды да еліктіргендей қуаныш шабытында отырған Мамыртайға Қарымсақ та қағылез жауап айтып, харакет, тірлік күйбеңін лезде ұтымды тілге сыйғызып:

- Е-е, айта берсең, биыл жазда алтын астау шаптым, - деп, үй ішіндегі дос жандарды күлдіріп сөйледі. - Анада Мақсұт келіп кеткеннен бергі үш ай ішінді бітірген бар жұмысым сол. Осы ауыл мен ана дүңген ашына-қошналарымның астау-аяғы менің мойнымда болады. Күйі бірдің күні бір, иықтағы жауыр ұлға қалатын қауымбыз! - деді де, аз отырып:

- Қайран тіршілік, шошқа соққан аттың теріндей боп, ғұмыры бір өтеліп ақталмай, жылап өтіп жатқан жоқ па! Өнбеген егін, өтпеген орақ - көгертпес бір өмір ғой, біздікі! Байқап шолсаң, бар нәрсенің саңлауын қоймай көресің, танисың, ел билер басыңмен тері илеп, тәуекелдің нарындай, көзді жұмып кетересің! Сонымен «қудың көзі қысыңқы» болып, көзді сығырайтыңқырап отырып, ой ойлағаннан басқа қолыңнан келерің не?! Белдесуге, тайласуға татыр боп, бір жұмсалсашы бұ қу бейнет пен тұл ақыл! - деп, енді бір демде ежелгі Қарымсақ боп өзгеріп салды.

Мамыртай ширығып отырған қатулы ағаны өзінің түртіп, қозғап алғанын бір-ақ аңдады. Бұл адамды бүгінгідей күні сырты жарқын отыр дегенмен, оның анық арғы ішінде не жатқанын, Мамыртай білмеуші еді. Айтқанындай-ақ, Қарымсақ басымен, осы үйде бір қабат жамылшы - төсеншіден өзге атқа тоқым, адамға лыпа боларлық нәрсе жоқ қой. Бастарына тігіп отырған мына бес қанат үйді де Керімбек қалқайтып берген. Қарымсақтың жолдастыққа жарарлық жігіт болып келе жатқанын жасынан танып қол ұшын бере жүретін. Біраздан соң бұл үйдің шырайын кіргізген қонақ қыз қайтатын да мезгіл жетті. Қазиза оны апарып салмақ. Қамар қайтарына жақындағанда Мақсұтқа көз салды... Мақсұт өзіне арналған көзқарастан төбесі көкке жеткендей.

Бірақ ішкі жағы онан сайын тынышсызданып, тықыршыған күйде қалды.

 

6

 

Міне осындай күйлерден кейінгі Керімбек пен Мақсұт ортасында Абдолла қызы жайлы болған тартыс оңайлықпен шешілмеген. Әке сөзі жолды, жөнді айтады:

- Қой, балам, қой-сана! Айтқанды шаршатпай ұқ-сана! Ел салтын бұзып, болмағанды болғызып, жалпақ елді көнбегенге көндіретін сен емессің! - деп отыр. Жалғыз-ақ, баласының нендей себеп айтатынын біле алмай, соған келгенде көп қадалып сұрап дағдара түскен. Мақсұт Қамар жайын әкесіне тіпті аузынан шығарып айта алмас та еді. Қалыңын беріп қойып, біреудің қызын алмаймын деу - Керімбек үшін айып. Айыптың айыбы. Қазаққа ар ойлаймын десе, «құдай-әруақтан» қорқу, пендеден ұялу деген бар. Соның үстіне Қамар аты киліксе, Керімбек үшін бүкіл Шеру алдында масқараның үлкені сол. Бурабайдың қасынан Мұрыншақты аударып көшіргенде, оны осы үшін көшірген болады. Сол атақты арқайлайды, ол бір. Екіншіден, әсіресе Абдолламен екі араның ажырасқаны, ел ішінің сөзсіз бүлініп, алаланғаны болады. Шеру ыдырайды деген сөз.

Шеру ішіндегі әлпеншектің басында, ұшпантайдың ұшында тұрған қырық құрау «шырғаның» біткен жері сол болмақ. Ел ортасы енді қайтып бітіспес, үлкен шырғалаңға жетіп, Шеру ішін алапес аралағандай етеді. Бір-бірімен тарақталып айқастырған саусақтай жіктесе, біте қайнаған құда-тамыр, жекжаттар арасы бірінен-бірі ұшқын алып, өкпе қуып, аран-аран болған, дайдай дәурен орнайды.

Заманнан бергі ойға-қырға басы сыймай жүйткумен жүрген, ұйымы берік рулы ел, ішті-тысты зақым көріп, атырауға бөлініп тоза бастар еді. Шеру ішін алауыз ете алмай көзін тігіп отырған Күре Керімбекті де өз ортасынан солқ еткізіп бір күнде суырып әкетеді. Әке мен бала екеуі осындай мәні зор талқыға бойлап, Абдолдалар аттанып кеткен күні, Мақсұт:

- Япырай! Бұған не десек болар екен? - деп, басы қатып кеткендей болды. Ойлап отырса, әкесі ең бастада ел бірлігін аңсапты. Айналадан жақындық іздепті. Жасында құда түсіріліп, қалыңдық таңылып қойған соң, Мақсұтқа Абдолла қызын теңсінбеймін деп сылтау айту жөн емес. «Әу баста бекер болған екен» дегенді Мақсұт ержеткелі Керімбек көп ойлап жүруші еді. Бір сәт әкесін аяғанда, бүгін Мақсұттың да ойын талдырып ауыртқан сол. Рулы елде Керімбектің жақтаушысы қанша болса, Абдолланың тамыр-танысы да сонша көп. Соның бәрі Абдолла бері қараса бері, ары қараса ары қарайды. Күнбағыстың басындай, ауар жағын айнымай біліп отыратын, шартынан жазбас бастар. Шеру ішінің қылп еткен сырын жасынан бері өз қолынан өткізіп, көріп келе жатқандықтан, осының бәрі көкірегінде сайрап тұрған Керімбек «азар болса бір шіріген жұмыртқа боларсың» дегендей, қарысқан қалыппен:

- Беу, қарағым балам. Менің жасаған осы жасымды қайда көміп, қайда жерлеп тастамақсың. Өмірдегі тапқан барымнан жұрдай етіп, көзімнің тірісінде тонап алмақ түрің бар ма еді?! Ата тілін алмай қайда лағып, қайда беттеп барасың өзің?! - деді.

Енді өзге сөзге келмей томырылып алып, отырған орнынан серпіле қозғалып, түрегеп те кетті. Мақсұт осы ел арасы бұзылады деген жерге келгенде әке айтқанына еріксіз санасып, сөз таппай қалатын-ды. Жасаған жасын салып, назалана күйзеліп сөйлеген әкенің арылуын да есітті. Сол жасында тапқан барынан ел-жұрты алдында өз әкесінің біржолата айырылатыны да рас! Осыған жеткенде Мақсұт төбеден ұрғандай тоқырап, еш айла-шарасы болмай қалады. Және әкесінің үнемі қам кешумен жүретін, ойы ауыр адам екенін біледі.

Мұның қамын тең жейтін Мамыртай Мақсұтпен бірге алғашқы бір ай бойында тұйыққа қамалып жүріп, ақырында бұл сырды бір адамға сездіріп, сонымен ақылдасып көріп еді. Кеңескен адамы көп туысқан ішінде тәуекелі бар ағалары - Арыппай. Рас, ол сөзге келмей қайрат беріп, «қызды көз көрмес, құлақ естімес бір жаққа алып қашсын» деген. Сонда өзгеге ауыр-жеңілін тигізбейді демек. Мұндай нағыз ер шешімнің өз қасынан табылғанына Мақсұт соншалық ырза болғанымен қазір оған бармайды. Қара бастың әлегін күйіттеп елдің елдігінен аттап өту, әуелі Керімбекке - әкеге сын. Онан соң өз басына өмірінде айықпас үлкен мін. Ел алдында ортаға бүлік тастап, өзін «қашқын» атандыратын байламға әсте бара алмас.

Сонымен бұл іс ақыры, қазір осы бітеу жара, жазылмас зардаптай, томаға-тұйық күйімен қалды. Алаауыз өмір Мақсұтқа ең алғаш тартқан өз сыбағасының уыз дәмін у аралас татқызды.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір