Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2520 0 пікір 18 Наурыз, 2013 сағат 07:52

Тұрсын Жұртбай. ««...Жансүгіров – коммунист…» (жалғасы)

8.

 

Төтенше мекеме мен үштіктің: «Бақылауға алынсын, соңына тыңшы қойылсын, қадамы хабарланып отырсын»,- деген сұрқылтай бұрыштамасы М.Әуезовтің еркіндікте еркін өмір сүруіне мүмкіндік бермеді. Голощекин ауысып, орынына Мирзоян келгенде, яғни, «Қужақты» - «Мырзажан» ауыстырса да тыңшылар қалғымады. Олар Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық байланысын ұлтшыл-алашордашыл астыртын әрекет ретінде бағалады. Оны Мирзоянның өзіне «аса құпия» түрде былай «таныстырды»:

«ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілетті өкілінің құпия-саяси бөлімі. №1643284. БК(б)П Өлкелік комитетіне. Мирзоян жолдасқа. Аса құпия. 11 қыркүйек, 1933.

Қазақстандағы әдеби тврочество мен әдеби күштер туралы Баян хат.

Әдебиет майданындағы күрестің қысқаша тарихы.

8.

 

Төтенше мекеме мен үштіктің: «Бақылауға алынсын, соңына тыңшы қойылсын, қадамы хабарланып отырсын»,- деген сұрқылтай бұрыштамасы М.Әуезовтің еркіндікте еркін өмір сүруіне мүмкіндік бермеді. Голощекин ауысып, орынына Мирзоян келгенде, яғни, «Қужақты» - «Мырзажан» ауыстырса да тыңшылар қалғымады. Олар Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық байланысын ұлтшыл-алашордашыл астыртын әрекет ретінде бағалады. Оны Мирзоянның өзіне «аса құпия» түрде былай «таныстырды»:

«ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілетті өкілінің құпия-саяси бөлімі. №1643284. БК(б)П Өлкелік комитетіне. Мирзоян жолдасқа. Аса құпия. 11 қыркүйек, 1933.

Қазақстандағы әдеби тврочество мен әдеби күштер туралы Баян хат.

Әдебиет майданындағы күрестің қысқаша тарихы.

«Орыс әскери отарлаушыларының Орта Азияға басып кіруі - татар моллаларының қыр елін жаулап алуына ырық берді, олар қазақ жеріне әр түрлі сенімхатпен келген дүкеншілермен, орыс көпестерінің шеркеттерімен тікелей байланыста болды. Молланың атын жамылып келген Орынбор, Қазан, Уфа медреселерінің шәкірттері православиелік миссионерлікке қарсы қару ретінде қазақ даласына панисламизм идеясын сіңірген алғашқы мұджаһиттер болып табылады. Олар «Мұсылманның шынайы бауырластығы» дегенді ұран ете отырып, артта қалған қазақ елін қанады. ХХ ғасырдың басында қажыға барар жолдағы Түркия арқылы және Бұқара мен Хиуа, тағы да басқа Орта Азиядағы сауда орталықтары арқылы барлық түркі тілдес халықтардың бірігуі туралы ұран тастады. Оған қазақ халқы да қосылды.

Әсіресе, 1905 жылғы революция тұсында, жаңа дыбысты әліппеге көшу - жәдидтік оқу жүйесіне ауысу қарсаңында пантүркизм қозғалысы ерекше жанданды. Жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ зиялылары мектептердің төңірегіне топтасты. Буржуазиялық-ұлтшыл топ өздерінің қатарын көбейту үшін сол кезде саны біршама молайып қалған мектеп шәкірттерін ықпалына алды. Жәдидтік мектептен өткен, татарлардың жоғары оқу медреселерін бітірген бұл шәкірттер қазақтардың алғашқы буржуазиялық-ұлттық интеллигенциясының шоғырын құрады.

Бұл қозғалыс 1917 жылғы төңкеріс тұсында, буржуазиялық-ұлтшыл «Алаш» партиясы құрылған кезде өзінің шарықтау шегіне жетті. Қазақстанның буржуазиялық-ұлтшыл қозғалысының қозғаушы күші әдебиетте, буржуазияшыл-ұлтшыл жазушылар мен ақындардың: Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Ғұмар Қарашевтің, Мағжан Жұмабаевтің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Бернияз Күлеевтің, Мұхтар Әуезовтің т.б. шығармаларында көрініс тапты. Аталған негізгі жазушылар қазақ төңкерісін қабылдамады, «Алаш» партиясының құрамында кеңес өкіметіне қарсы белсенді түрде күресті. «Алашорда» ұйымы талқандалған соң кеңес өкіметімен күрес тәсілін өзгерте отырып, мәдениет майданын өз қолдарында ұстауға тырысып, өздерінің оқу құралдары, дәрістері, әдеби еңбектері арқылы жастар тәрбиесіне идеологиялық ықпал жасауға ұмтылды.

Мысалы, қазіргі қазақ көркем әдебиетіндегі мына бағытты атап өтуге болады: олар - кеңестік жастардың аз бөлігіне әсер етіп отырған алашордашылардың қалдығы мен алашшылдар және ұлтшылдар тобы...».

Бұдан кейін әдебиет, мәдениет, білім саласындағы ұлтшылдарды түгендей әшкерелеп, саяси тұрғыдан талдап, үкімін шығара қорытынды жасайды. Ұлтшылдықпен ұшынбаған қазақ қызметкері қалмаған. Әр қайсысына берілген мінездемеде бірінші Әлімхан Ермековтен басталған. Екінші болып М.Әуезов ілінген.

Жалғасы: «Оқулық мәселесі тіпті сорақы жағдайда, мысалы 1934 жылға арналған оқулықтар идеологиялық тұрғыдан жарамсыз деп табылып, тоқтатылып тасталды. Өйткені оны жазушылардың Мұхтар Әуезов бастатқан (алашорданың бұрынғы көсемі) ұлтшылдар тобы дайындады.

2. Әуезов Мұхтар - өзінің идеялық ұстанымында қалған «Алашорданың» көсемдерінің бірі, қазір мықты байланысының арқасында толық әшкереленуден сақтану мақсатында сондай ептілікпен жалтарып жүр. Оның бірде-бір мойындауында, 1932 жылдың көктемінде «Казправда» да жарияланған мойындауынан бастап «Литературная газетаға» арнап жазған драматургия туралы мақаласына дейінгі жазғандарында оның өзінің жеке басының контрреволюциялық әрекеттері мен өз партиясының әрекеттері ашылмаған.

Әуезов қазақ интеллигенциясының мұқым бір шоғырының (негізінен жазушылардың) «көсемі әрі идеологі» қызметін жалғастырып отыр және ыңғайын тауып жастармен кездесуге ұмтылады (жоғары оқу орындарына т.б. жерлерге құлшына барып әдеби кеңес береді).

1933 жылы 17 мамыр күні Қазақ мемлекеттік театрында қойылған «Еңлік - Кебек» атты пьесасында, өзінің айтуы бойынша, «өткендегі тарихи оқиғаларды қанық жеткізу үшін қазақтың байлары мен батырларының бояуын әдейі қоюлата көрсетіпті». Бұл реакциялық шығарма, алайда «көрермендер сіңіре қабылдайды», оған сақадай сайланып келуі дәлел.

Жансүгіров Ілиястың (Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыру комитетінің төрағасы) тұлғасы ерекше ықтиятты түрде назар аударуға тұрарлық. Өзі коммунист, ең талантты қазақ жазушыларының бірі. Жансүгіров өзінің шығармаларында өзге жазушылардан гөрі «Алашорданы» ең көп жырлаған ақын, Қайыпназаровтың айтуына қарағанда Жансүгіров ҚазАП-тың бірінші құрылтайынан кейін ғана, 1925 жылдан соң «Алашордадан» бетін теріс бұра бастаған.

Алайда, әшкереленген контрреволюциялық ұйым мүшелерінің көрсетуінше, Жансүгіров қазір де Әуезов пен Ермековтің тапсырмасымен қазақ әдебиетіндегі алаш идеясына қызмет ететін алашордашылардың идеологі болып табылады.

«...Өзінің төрағалығы мен әдебиет саласындағы алашорданың идеологиялық ықпалын сақтап қалуы үшін Жансүгіров өзін өте сақ ұстайды, сырттай контрреволюционер-ұлтшылдардың қас жауы етіп көрсетеді, оларды баспасөзде қатты жәбірлейді және әдебиетшілердің жиналыстарында (1933 жылы тамызда) ұлтшылдарға қарсы ашық сөйлейді».

Жансүгіров өзінің алашордашыл шығармаларын жанама есіммен басып шығарғаны, Әуезов өзінің еркі бойынша шығармаларын ойдан шығарылған бүркеншік атпен жариялайтыны ұйым жиналысында талқыланды.

«...Жансүгіров - коммунист, сондықтан да оған алашордашыл шығармаларды бастыруға жол бермеу керек, әйтпесе біз аса бағалы қызметкерден айырыламыз» (1933 жылы тамыз).

Тұрақты оқулық құрастыруды Оқу-ағарту комиссариаты құрамында: Әуезов, Жолдыбаев, Жансүгіров - бар топқа тапсырды. Оқу-ағарту комиссариатындағы Жүргенов пен Жантілеуовтің үлкен қолдауына сүйенген ұлтшыл интеллигенцияның бұл тобы (Сейфуллин, Жолдыбаев, Мүсірепов) жастармен жәмпейлесіп қалуға құштар және дәріс мінберіне ықыласпен көтеріледі.

Бұдан шығатын қорытынды:

1. Әдеби шығармашылықтағы жетекші және ықпалды орын бұрынғысынша алашордашылар мен алашордашыл мамандардың (Әуезовтің, Ермековтің, Жансүгіровтің) қолында қалып отыр.

(Орындаушы Рудовский)

ПП ОГПУ-дің ҚАССР-і бойынша өкілетті өкілі (Миронов).

ПП ОГПУ-дің саяси тергеу бөлімі бастығының орынбасары (Павлов)».

Иә, таныс тергеушілер. Тек қызметтері өскен. Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіровті, Ғабит Мүсірепов пен Темірбек Жүргеновті алашшылдардың қатарына қосуына қарағанда, олардың ішкі саяси-барлау қызметінің қайда, қалай бағытталғанын емеуірінсіз-ақ білуге болады. Соның ішінде бірлесіп аударған шығармаларға қойылатын ортақ ныспыларды жасырын шифрға санап: «Жансүгіровтің өзінің алашордашыл шығармаларын жанама есіммен басып шығарғаны, Әуезов өзінің еркі бойынша шығармаларын бүркеншік атпен жариялауы ұйым жиналысында талқылануы» - күдіктің күбірткісінің толық кетпегенін танытады.

Дәл осы тұста Қужақтың қайрағымен жанылған Мироновтар мен Павловтардың кесірінен өнер саласында да тазалау жүріп, театр жабылуға шақ қалып еді.

1933 жылдың 8, 9 және 20-қыркүйегінде Қазақ АССР Өлкелік партия комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің және Халық ағарту комиссариатының:

«Ұлт өнерін дамыту шаралары жөніндегі» Қаулылары іркес-тіркес шықты. Сол кеңесте Халық Ағарту комиссариаты: «1. Маман режиссер шақырғанға дейін жаңа пьеса қойылмасын, репертуарда бар пьеса ғана ойналсын. 2. Актерлар білімі мен мәдениетін көтеру мақсатында өнер секторы белгіленген программамен оқу жұмысын жүргізу театрға міндеттелінсін. 3. 1933 жылдың басында қазақ театры жанынан 40 адамдық театр студиясы ашылсын, ол үшін қабілетті өнерпаздар, драм-кружок, техникум, рабфак, орта мектептерден таңдап алынсын»,- деп қаулы шығарылды.

Шарасыздықтан берілген бұл бұйрық өнерді өрге бастырғанша біраз уақыт өтті. Голощекиннің қасірет тұманын сейілткен, қазақтарға жан жылуын сыйлаған Л.И.Мирзоян да санадағы үрейді айықтыра алмады. Өйткені ол Қазақстанға келген соң Сталин:

«Ұлыорыстық шовинизммен тек қана жергілікті партия ұйымдары ғана күресіп жатқан жоқ, бәрінен бұрын БК(б)П Орталық комитеті жаппай шұғылданып отыр. Қазақ большевиктерінің кезекті міндеттерінің бірі - ұлыорыстық шовинизммен күресе отырып, барлық күш-қуатты қазақ ұлтшылдығы мен соған бейімделушілерге қарсы күреске жұмылдыру болып табылады. Онсыз Қазақстанда лениндік интернационализмді ұстап тұру мүмкін емес. Бұқараны интернационалистік тұрғыдан тәрбиелеу жұмысы Украинаға қарағанда Қазақстанда қарқынды жүргізіліп жатыр деп айтуға болмайды. Қайта керісінше шығар. Егерде, бұған қарамастан, дәл қазіргі кезеңде Қазақстан үшін ұлтшылдық басты қауіп болмаса, оның басты себебі - Украинаға қарағанда қазақ ұлтшылдарының шетел интервенттерімен байланыс жасауының қиындығында. Алайда Қазақстан үшін қолайлы мұндай жағдайға қарамастан қазақ коммунистері қазақ ұлтшылдығымен және оларға іштартушылармен күресті босаңсытпауы тиіс. Керісінше, қазақстандық ұлттар бұқарасының санасына лениндік интернационализмді сіңіруге барлық жағдайды жасау үшін жергілікті ұлтшылдықпен күресті барынша ауқымды түрде күшейту қажет. Басшылықа алу үшін БК(б)П Орталық комитетінің Тәжікстан туралы қаулысын жолдап отырмыз»,- деп тапсырма беріп еді.

Мұндай нұсқау кезінде Қужаққа да - Голощекинге де беріліп, алашордашыларды жаппай жазалау науқаны басталған болатын. Мирзоян да сол жолдан ауытқыған жоқ.

«Алашорданың» контрреволюциялық іс-әрекетін әшкерелейтін жинақ құрастыртып, 1933 жылы 8-29 желтоқсан аралығында Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтында С.Брайнин мен Ш.Шафироның «Алашорда тарихының очерктері» атты кітабының қолжазбасын талқылауға арналған ғылыми кеңесте С.Асфандияров:

«Дау тудыратын мұндай айғақсымақтар бізге пайда әкелмейді. 1905 жылдан бергі ұлт-азаттық қозғалыс туралы Брайниннің баяндамасында методологиялық қателіктер жіберілген. Бұлардың тұжырымымен келісу дегеніміз - Қазақстан халқы өзінің бостандығы үшін күресті деген тарихи шындықтан бас тарту, демек, бұл - Қазақстан мен Орта Азиядағы Қазан төңкерісін қызыл армияның штыгіне сүйенген тек орыс пролетариатының бір өзі ғана орнатты деген тұжырыммен келісу. Қазақстанның отарлық қанауда болғанын, империалистік елде буржуазия ешқандай да төңкерісшіл әрекетке бармайтынын, ал отар елдердегі буржуазия белгілі бір межеге дейін революциялық іс-қимылға баратынын ұмытпау керек... Ұлттық қозғалыс неден басталады?.. Қазақстанда қалай басталды? Әуелі буржуазия пайда болды. Жадидизм пайда болды, бұл - мектеп үшін, әдеби тіл үшін күрескен жалпыға ортақ қозғалыс»,- деген пікір білдірді.

Бұл кеңестің басты мақсаты «Алашордашылардың» атын өшіре отырып, сонда айтылған пікірлерді тасқақяша қағыстырып, болашақ алашордашыларды, яғни, «барған сайын шиеленісе түсетін таптық күрестің барысында» алдағы уақытта анықталуға тиісті алашордашылардың үшінші толқынының тізімін жасау үшін құрылған сияқты әсер қалдырады. Өйткені осы келеңсіз келеге қатысқандардың барлығы да төрт жылдан соң «алаш идеясын жүзеге асыру үшін құрылған астыртын ұйымның мүшесі, жапонияның барлау қызметінің агенті» болып шыға келді. Ал төрт жыл өткен соң Мирзоянның өзін де ажал сыбағасы күтіп тұрды. Жеме-жемге келгенде бұл Мұхтар Әуезовтің де үстінен жүргізілген саяси сот еді. Қалайда сол күндері жаны кеудесіне қонақтамай зуылдап жүргені анық еді.

Сондай қысылтаяң шақта тұңғыш рет басқалармен тең дәрежеде жазушы ретінде интервью берді. Ол «Мен не жазып жатырмын» деген атпен «Казахстанская правда» газетінің 1934 жылғы 8 қаңтардағы санында жарияланды. Жай ғана кезекті интервью емес, үлкен саяси мәні бар, жазушылардың жетістіктерін халық алдында паш ету үшін арнайы ұйымдастырған қос беттің ортасынан ойып орын берілуі де көңілді тоғайтатындай кәдімгідей елеулі оқиға болатын.

Ол тұста кез-келген жағымды-жағымсыз құбылыстар туралы барша жұрт еститіндей етіп «айқайлап айту», «бадырайта көрсету» салты орныққан, санаға сіңген үгіт-насихат тәсілі еді. Ешкім де сыбырламайтын. Ымдау, өзара күбірлесу - қоғамдық орындарда жат мінезге саналатын. Сөйлейсің бе - даусың қарлықса да айғайлап бақ. Үгітші, насихатшы екенсің - ең бірінші, сөйлей біл. Өзіңді-өзің көрсете біл. Өзгенің назарын өзіңе аудар. Жеңістер мен жетістіктерді дер кезінде бар дауыспен айт. Баспасөз бетінде де күн сайын сондай рапорттар үздіксіз басылып жатты. М.Әуезовтің де соған бірте-бірте бойын үйретуіне тура келді. Жаңа жыл күндерінде өнер қайраткерлерінің шығармашылық жеңісімен қалың қауымды таныстыруды көздеген «Казахстанская правда» газетінің редакциясы әдебиетшілерге қос бет арнады. Ол бет «Біздің творчестволық жоспарымыз туралы» деген атпен берілген бір топ жазушының Қазақстан КП (б) Орталық комитетінің бірінші секретары Л.И.Мирзоянға жолдаған рапортымен ашылды. Онда социалистік өнердің қарыштап алға басқандығы өршіл үнмен баяндала келіп:

«Сонымен қатар біз осыдан біраз уақыт бұрын әдеби өмірімізде кездескен кемшіліктерімізді де атап өтпей тұра алмаймыз, үстірттік, бытыраңқылық және жалаң үгітшілдік әдебиет майданындағы асыра сілтеушілікке әкеп соқтырды, олар біздің қазақ совет әдебиетінің идеялық және сапалық тұрғыдан өсуіне кедергі келтірді. Орталық комитеттің 1932 жылғы 23 көкектегі әдеби мекемелерді қайта құру туралы қаулысы идеялық және көркемдік тұрғыдан жаңа белеске көтерілуге шешуші тың серпін берді, сондай-ақ әдебиет майданындағы біздің творчестволық күшімізді біріктіруге жағдай жасады. Бірақ та бұл шешімді орындау туралы нұсқауды қағаз жүзінде ғана қабылдаған бұрынғы басшылықтың тұсында дер кезінде жүзеге асырылмаған шараларды жаңа басшылық қолға алып, творчестволық ойдың шарықтай өсуіне көкжиектің есігін кеңінен ашып жатыр»,- деп жазды.

Осы жолдардағы айтылған пікірлердің барлығы да нағыз шындық еді. РАПП-тың тұсындағы жіктелушілік, жалаң әлеуметшілдік, жалған даурықпалар қазақ әдебиетінде, тіпті, мұқым өнер саласында Орталық комитеттің қаулысынан кейін де тоқталмады. Бұрынғы бірінші хатшы Голощекиннің онымен айналысуға зауқы да соққан жоқ, мән де бермеді. Республикадағы ашаршылықтың тауқыметі де салқынын тигізді. Ал Левон Исаевич Мирзоянды халықтың «Мырзажан» - деп еркелете, жақсы көре атауы тегін емес еді. Ол - ел өміріне де, өнерге де жылы сәуле, шуақты жақсылық әкелді. Жазушылардың жаңа басшылыққа халық атынан ризашылық білдіруі заңды болатын. Хат, сол жылдарға тән социалистік құрылысқа кедергі келтірген жауларды әшкерелейтін леппен:

«Бізге, ең басты қатерлі қауіп - қазір өмір сүріп отырған, формасы жағынан ұлттық мәдениеттің дамуын жоққа шығаратын ұлыдержавалық шовинизм және бұрынғы езілген ұлттардың пролетариат диктатурасының тәртібіне бағынуын қаламайтын күні өткен таптың көлеңкесі іспетті жергілікті ұлтшылдар, олар СССР халықтарының еңбекшілерінің бірлігіне нұқсан келтіреді, сөйтіп «интервенттердің» мүддесіне жығып беруге тырысуда» (Сталин). «Садуақасовшылардың, ходжановшылардың, меңдешовшылардың, Қасаболатов сияқты ұлтшыл-демократияшыл элементтердің қалдығымен күрес күшейе түсуі керек»,- деп аяқталып, аяғына Жансүгіров, Майлин, Сейфуллин, Мүсірепов, Жароков, Тоқмағамбетов, Әбдіқадыров, Баталов, Әуезов, Хасанов, Тәжібаев қол қойды.

Мұхтар осы рапортта жазушы ретінде бірінші рет қатарға ілікті. 1934 жылы 27 мамыр күні жаңадан құрылған Кеңес Жазушылар Одағының қабылдау комиссиясының төрағасы С.Сейфуллиннің жүргізуімен алғашқы отырысы өтті. Онда:

«№1 хаттама бойынша Кеңес Жазушылар одағына мүшелікке өтуге берілген жазушылардың өтініштері қаралды. Қаулы бойынша: Майлин, Мүсірепов, Әуезов, Жароков, Сейфуллин, Сыздықов Жақан жолдастар кеңес Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылданды».

Бұл шешім оның осыдан кейінгі тағдырында шешуші орын алды. Тығырыққа тірелгенде - тыныс берді, қатерден де құтқарды. Әлемдік кеңістікке жол ашты. Шынымен де бұрынғы саяқ қалатын сенімсіздіктен арылғаны ма? Әлде, С.Мұқановтың «Есею жылдарындағы» естелігінде айтылғанындай, қуғын-сүргіннің алғашқы құрбандарын естігенде:

«Социалистік жүйеде мұндай болу мүмкін емес!»,-

деп есінен танып қалған М.Горький бастатқан зиялы қауымның есін жиғызудың, жұбатудың айла-шарғысы ма?

Бара-бара қол қою да М.Әуезов үшін үйреншікті әдетке айналды. Алғашқы мадақты да ести бастады.

«Жақсы кітап, жақсы спектакль - оқушыны өзі-ақ табады. Бірақ сол шығарманы жасау керек. Оған керекті күш пен талант бізде бар. Бірақ күшке сенбеушілікті тастаңдар. Біріккен күшпен, берік сеніммен партия көрсетіп отырған жолменен алға басыңдар... Халықтың қуанышын тұсауға болмайды»,- деген Л.И.Мирзоянның сөзі «қуанышты қайрат бітірді, жаңа тарихқа мұрындық болды» (М.Әуезов).

Ортақ мақсат жолында - өзара «өкпелерін де» ұмытты. Сол екпінмен «Хан Кене» де сахнаға жол тартты. Өкінішке орай, салтанатқа емес, талқы мен табаға жол тартты.

Пьеса туралы алғашқы жағымда пікірді Рахым Жаманқұлов:

«Мұқа!

Кенесары тарихи тақырыптардың ішіндегі ең ірісі ғой. Менің байқауымша Кенесары қозғалысының сарқылған, тозып біткен жері алынған. Оқиғаның басталып, етек алып өрістегені көріне алмаған. Кенесары қозғалысы - орыс отаршыларынан ел қорғау қозғалысы. Сондықтан ол қазақ ұлтына пайдалы қозғалыс еді деп жүрген Аспандияровтың айтқаны көмескі қалды. Қалың ел Кене соңынан неге ереді? Бұл көрінбейді. Неге ыдырап тозады, бұл жағы жақсы көрінеді. Орыс отаршысына тірек болып шенге сатылу жағы да көзге еркін түсе алмайды.

Кейіпкерлер жақсы көрінген.

Кененің ақыл-айласы таусылып, тұйыққа, жарға қамалған жері көрінгендіктен, ақыл-ой, айла-амалының еркіндеп, өршіп тұрған кезі көрінбегендіктен Кене кейпі түгел көріне алмай тұр ғой деп ойлаймын. Бұл, әрине, қозғалыстың өрісімен байланысты ғой.

Інісі, қарындасы, батырларының кейпі жақсы көрінген. Пугачеев пен Кенесары қозғалысы бір-біріне ұқсас емес болса да, сондағы қозғалыстың басталып, өсіп-өнуін жазған әдісі маған аса ұнайды.

Қысқаша айтқанда пьесаны толықтандыру керек. Бұл пьесаның тақырып жағынан тарихи маңызы, күштілік жағынан орыны үлкен ғой. Сөз жоқ жақсы жазылған. Әзірше осымен тоқтап, өз ойымды ауызша айтқанда толықтырып айтармын. Рахымжан. 16. ХІ-33»,- деп білдіріпті.

Алғауы басым бұл тілектің де көңіл жұбатқаны анық. Сахнаға қойылысымен сол кездегі Мирзоянның басты идеологиялық кеңесшісі Ғ.Мүсірепов бірінші хатшыға «Хан Кененің» саяси тұрғыдан қауіпті туынды екендігі туралы «Жабық хат» жолдады. Сонымен қатар әуелі С.Сейфуллиннің, содан кейін Ғ.Мүсіреповтің «Хан Кене» туралы мақалалары «Социалады Қазақстан» газетіне жарияланды. Оған І.Жансүгіров те қосылды. Сөйтіп, соңы дауға ұласып, «Хан Кене» сахнадан мүлдем алынып тасталды[1].

(Жалғасы бар)

Abai.kz


[1] «Хан Кене» трагедиясына қатысты көрсетілген барлық идеологиялық қысым «Бұзылған бесік!..» атты әфсанада дербес және толық қамтылғандықтан да, бұл арада тоқталмаймыз.

0 пікір