Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Дабыл 2088 4 пікір 23 Қаңтар, 2023 сағат 12:46

Қазақ жері экоапаттың алдында тұр!

Қазақты мал соңында салпақтату үрдісі әлі жалғасып келеді. Бірақ сол салпақтаушылардың екі кемшілігі бар. Біріншісі – малын өзі бақпайды. Екіншісі – көктеме, күзеу мен жайлау және қыстама үрдісі сақталмауда. Тек өзіне тиселі жерде жыл сайын топырлатып мал жаю кең етек алды.

Бұдан құтылу жолы қандай? Ел болып соны ойластырайық. Егіншілік жерлердің 90 пайызы өзге ұлттарға тиселі. Қазақ тек өз ата-баба жерінің 10 пайызына ғана егін салуда. Суарылмалы егіншілікті оңтүстіктегі ағайындар ғана сақтап қалып отыр. Қалған жерлердегілер жерді тыңайтатын қой-ешкіні құртып, тек зеңгі баба тұқымын өсіруге ден қойды. Сиыр жапасы қалған жерге шөп онша өспейді. Ол тезек терілмейді. Керек десеңіз бұзау қоңдансын деген ниетте сиыр да сауылмайтын болды. Масқара!

90 пайыз егістік және суарылмалы жерді игеруші өзге ұлттар бірыңғай диаспора болып қоныстанған. Оңтүстіктекгі ағайындарды солтүстік пен шығысқа шақырады. Бірақ жер беріп, техникамен мойынсеріктік жасауға септесіп, 25 жылға дейін салықтан босату, 12 жылдан кейін төлейтін пайызсыз несие беру сөз етілмейді. Көшіп кел, көшіп кел деп жер-жерде қақсауы билік әдет етті.

Қуаң жердегі тұрмысы төмен бай ауылдасына жалшы болған қазақтарға да жылы жай мен жер асты суымен суғарылатын егіншілікпен айналысу үшін үкімет қолдауы керек. Оларды 25 жылға дейін салықтан босату, 12 жылдан кейін төлейтін пайызсыз несие беру осы жолы мәжіліс додасына түсетін партиялар тарапынан қолға алынып, бағдарламаларына енеді деген үміттеміз.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

4 пікір