Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2958 0 пікір 18 Наурыз, 2013 сағат 04:31

Қуаныш Жиенбай. У (жалғасы)

2. ҚАЛАДА

Мәселенің қайда, қалай бұрылып бара жатқандығын сезген боларсыз. «Балаңды бағамын, алаңдама, артыңа қарайлама. Өмір сен үшін осы бейнетпен тұйықталып қалмас. Бағың ашылса мұның бәрі бір-ақ күнде ұмытылады». Апамның бүйтіп шешім шығаруы маған көрсетілген үлкен көмек еді. Қалаға барғанда мені құрақ ұшып күтіп алатын кім бар? Беталды лағу, қаңғыру, біреулерге кіріптар болу... сөйтіп бүгінгі күннің драмасына айналған жезөкшелік дейтін «кәсіптің» жалынан жармасу. Білуімше мұның төңірегінде де дау-дамай көп. Біреулер құптайды, біреулер қарсы. Екі жағына да төрелік айтуың қиын. Олардыкі де дұрыс, бұлардыкі де дұрыс. Құптайтындар «күнкөрісіміз» деп талай аргументтерді араға тықпалайды: «Біздің де жақсы өмір сүргіміз келеді жұрт құсап..»

Қарсыларының үндері өктем, түйеден түскендей. (Олар өңшең «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заманның кейіпкерлері», «моральдық қағидалардан қарыс сүйем аттамаған, таңдайларына бұлбұл ұя салған шешендер»). Жекелей жүздессең жүндей түтеді, ит қосып айтақтайды. «Ләппай, тақсыр, келісеміз, сіздермен келіспегенде... Тегіннен-тегін үлестіретін ақылдарыңыздан айналайын! Өстіп өркениет көшін өрге қарай сүйрей беріңіздер! Алдарыңыздан жарылқасын!».

2. ҚАЛАДА

Мәселенің қайда, қалай бұрылып бара жатқандығын сезген боларсыз. «Балаңды бағамын, алаңдама, артыңа қарайлама. Өмір сен үшін осы бейнетпен тұйықталып қалмас. Бағың ашылса мұның бәрі бір-ақ күнде ұмытылады». Апамның бүйтіп шешім шығаруы маған көрсетілген үлкен көмек еді. Қалаға барғанда мені құрақ ұшып күтіп алатын кім бар? Беталды лағу, қаңғыру, біреулерге кіріптар болу... сөйтіп бүгінгі күннің драмасына айналған жезөкшелік дейтін «кәсіптің» жалынан жармасу. Білуімше мұның төңірегінде де дау-дамай көп. Біреулер құптайды, біреулер қарсы. Екі жағына да төрелік айтуың қиын. Олардыкі де дұрыс, бұлардыкі де дұрыс. Құптайтындар «күнкөрісіміз» деп талай аргументтерді араға тықпалайды: «Біздің де жақсы өмір сүргіміз келеді жұрт құсап..»

Қарсыларының үндері өктем, түйеден түскендей. (Олар өңшең «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заманның кейіпкерлері», «моральдық қағидалардан қарыс сүйем аттамаған, таңдайларына бұлбұл ұя салған шешендер»). Жекелей жүздессең жүндей түтеді, ит қосып айтақтайды. «Ләппай, тақсыр, келісеміз, сіздермен келіспегенде... Тегіннен-тегін үлестіретін ақылдарыңыздан айналайын! Өстіп өркениет көшін өрге қарай сүйрей беріңіздер! Алдарыңыздан жарылқасын!».

Екінші топтағылар, яғни менің «әріптестерім. (Бұл топқа қалай қосылғандығымды әңгімелесем, сіз де шаршайсыз. Қысқаша түйіндегенде былай: о-хо, оның «жауабын» өзіңіз де бес саусақтай біліп тұрсыз. Және оған анау айтқандай көп білімнің де қажеті шамалы. Санада сайрап тұр барлығы ). Ауылдан қалаға қаңғып келген қыз... Барар жер, басар тауы жоқ... Біреулердің еміс-еміс адресін біледі. Барса, есікте ылғи қара құлып. Іштен дәу төбеттің абалаған дауысы естіледі. Вокзалға түнейді. Вокзал төңірегіндегі жеңіл-желпі жұмыстарға жалданады. Еден тазалайды, буфеттің ыдыс-аяғын жуады. Сөйтіп жүргенде біреулер бұған жанашырлық танытады, қамқор болғысы келеді. Қол ұшын береді. Вокзал төңірегіндегі жылы пәтеріне әкеп қондырады. Тағы да толып жүрген өрімдей қыздармен таныстырады. Бұл орта көңілді. Ішім-жемнен де таршылық көрмейсің. Жұтынып тұрған жігіттермен танысасың. Олар сені кейде ресторанға, кейде саунаға, кейде жасау-жабдығы келіскен жеке пәтерге шақырады... Арғы жағын несіне ежіктейсіз. Біліп тұрсыз. Дап-дайын сценарий. Және сан мәрте жазылған, сан мәрте телехабар да түсірілген, полицейлер сан мәрте рейд те ұйымдастырған. «Жеңіл жүрісті құрбылар» деген статьямен талайы түрмеге де тоғытылған. Екі-үш күн түнетеді де шығарып жібереді.  Себебі, табан тірейтін заң толықтай қарастырылмаған. Баяғы мұраға қалған коммунистік идеяның сарқыншағы. Ұят, ұяламыз, ұлттық менталитетімізге сай келмейді. Бірақ... олар  «оңбағандар, арсыздар». Дүңк, дүңк. Барған сайын дауыс үдей түседі. Дүңк, дүңк... Әне, біраздан соң елерген, жаушаптылаған екпін сәл бәсеңсиді. Тіпті жезөкшелерді желтоқсанға қатысқан қаракөз қарындастарымызды жүк мәшинесінің қорабына тиеп, қала сыртына апарып, үскірік қара суыққа қарамай «төгіп» тастағаны секілді сәл де болса «тыныштық» орнайды. Ал әлгі қарғыс таңбасын арқалап жүргендер (яки біздер) ондай-ондай дүңкілдеген, шіңкілдеген дауыстарға пысқырып та қарамайды. «Жұмыстарын» жалғастыра береді. Күлеміз-ау, өңшең парадокстерге толы ғой біздің қоғам. Бір жақты, бір түсінік, бір ұғым. Кім жаман «түнгі көбелектер» жаман. Мәселенің екінші жағына аттап баспайды. «Т.К»-терді қажетсінетін кімдер? Сұраныс азайса, тіпті ғайыптан болмай қалса «жезөкшелер» қайда барады. Кімді іздейді, асылып өле ме? Шіркін, сол сылқым жігіттерді ұстап алып, отының басында, бала-шағасының көзінше ар сотымен соттаса, жазаласа... Сол сотқа сіз де қатыссаңыз. Әрине, о жағын бақайшағына дейін бұтарлап айта алмаспын. Менікі бергі жағындағы тілеуқор көңіл. «Егер былай болса қайтер еді» дейтіндей сырттай тон пішу. Шындығында күлкіңіз келеді. Біз келешегі керемет, көптеген мемлекеттерді қай жағынан болмасын басып озған, экономикасы қарыштап дамыған, «жұмыссыздықты» баяғыда-ақ ауыздықтаған және халқының әл-ауқаты, тұрмыс-дәрежесі биіктерден-биіктерге көтеріліп келе жатқан, сан-салалы ел емеспіз бе?! Кешіріңіз, бұл мен бас ауыртатын «проблемаға» жатпайды, тіпті маңайламайды. Енді елдік мәселелермен «түнгі көбелектер» айналысатын болған ба деп теріс айналсаңыз да, өзіңіз біліңіз. Десек те біз де он жылдық, білдей жоғары оқу орнын тәмәмдаған осы қоғамның «белсенді» мүшесіміз ғой. Әлде бұған келіспейсіз бе?! Өзіңіз біліңіз, жә, қойдық, сіздер секілді зиялы қауым өкілдерімен өңеш жыртысып айтысқалы жатқан кім бар?! Бәрібір жеңіс сіздердің жағында. Керек десеңіз, «ТК»ні адам қатарына қосқысы келмейтіндер де жыртылып айырылады. Бұл «кәсіпке» мәжбүрліктен барғанымызды, ертең қолымызға бірнәрсе іліккен соң бұл маңайға жоламайтындығымызды, біздің де жұрт қатарды «бақытты» өмір сүргіміз келетіндігін, тіпті жүректері романтикалық сезімдерге толы пенделер екендігімізді сіздерге қалай дәлелдейік?! Бәрібір тыңдамайсыздар. Себебі, «Т.К»-маңдайға жазылған қарғыс таңбасы.

Міне, көрдіңіз ғой (мейлі, мың жерден «Т.К»-мін) кеудем бос кеуек болса, осындай ойларды ақ қағазға тізе алар ма ем. Яғни, түбі біздің қолдан да бірдеме келетіндігіне сеніңіз! Бәрі уақытша... біздің тілмен айтқанда «күнкөріс қамы». Сіздің тіліңізді де қандай пікір түртіп тұрғандығын жақсы білемін: «Бұдан басқа күнкөріс түгесілген бе?» Қайдан түгесілсін. «Есектің артын жусаң да, мал тап». Бұл жолдардың да авторы бар. Оу, мен вокзал ішіндегі буфеттің ыдыс-аяқ жуушысы болып, бір жылдай жұмыс істеген жоқпын ба? Барымды салдым. Ертеден қара кешке дейін бел жазбадым. Қайда жұмсаса соған жегілдім. Қай қылығымның жақпай қалғандығын қайдам, (буфет жекеменшік иесінікі еді) күнде кешкілік бір күндік табысты қолма-қол санап алу үшін келетін жуан апайымыздың бір қабағы ашылмайды. Ұрысып кіріп, ұрысып шығады. Сын маған көбірек айтылады. Үнім шықпайды. Кейде 180 градусқа бұрылып, қаңғып кеткім келеді. Шыны ыдыстарды тас еденге бір ұрып, кетіп қалсам. Қайдан табады?  (Күдеге түскен ине оңайлықпен табыла ма?) Аздап арыма тиеді. «Бұл жұмыс жақпаса табаныңды жалтырат! Күн сайын екі мың теңге, жатар орын, тегін тамақ. Бұдан артық не істейміз саған?!» Бір жағынан оныкі де дұрыс. Екі мың сомды қиналыссыз ұсынады. Буфеттің қара матамен бүркелген арғы қалтарысында, азық-түлік тауарлары қойылған аласа сәкінің жанында ұйықтаймын. Жиналмалы темір кереуетті кейін бір бұрышқа қоя саламын. Тамақтан реніш жоқ.

Жөн-ақ. Адам-ау, мен кезінде жақсы-жаманды көрген, диктор бола жаздап бола алмай қалған, анау-мынау емес Мәскеуді аралаған, «аспанға әуелетіп ән салған», бір сөзбен айтқанда аузы «аққа» ерте тиген «марқасқаның» нағыз өзі емеспін бе?! Намысты таптатып тірі жүргеннің несі жақсы?! Буфеттегі аспаздар мен сатушылар «қожайынның» туыстары. «Жарылқаушыларының» суық қабағынан соң олар мені қайтіп іш тарта қойсын. Тырнақ астына кір іздейді. Кемшілік атаулыны менің мойныма жүктейді. Бұл қалай және неткен әділетсіздік?! (Әрі мен дипломды маманмын. Ал мына «боқмұрындардың» дені диплом дегеннің не екендігін де түсінбейтін болар). Мені күң секілді жұмсаудан жүздері жанбайды. Екі білегімді түрініп алып, сылп-сылп ыдыс жуып жатамын. Әрине, «ереже» бойынша салдыратуға болмайды. Ал мен әдейі салдыратамын (олардың жүйкелері де темірден жаратылмаған). Кісіні қорлау қалай екен, «келімді-кетімді кісілерден ұялсаңшы» деп ұртын толтырып, көзін алартып бірі кетеді. Екіншісі де соны қайталайды. Мен де қаражаяу емесін, ішкі есебім түгел. Қуып жіберсе де көшеде қалмаймын. Бір-екі айға жететін қаражат қалтада. Қитығатын себебім, ыдыс жуатын мәшине сатып алуға «қожайын» тіпті ниет танытпайды. Жер сипап отырған жоқ.  Тек ойы: «байыған үстіне байысам». Көрші буфеттегі орыс кемпірінің тірлігі маған қарағанда әжептәуір. Ыдыс жуатын мәшинесі сарт та сұрт жұмыс істейді. Жазатайым бір-екі күн бұзылып қалса да, үстеме ақысын төлейді. Артық пұл қалта тесе ме. Мен сорлының екі қолым бір босамайды. Ойпыр-ай, әдейі табалағандай ма, әлде біздің қоғамның өмір сүру әлеуеті солай ма, бүйірдегі кішкене теледидардан құдай салмасын, қарадай-қарап жүрек айнытатын өңшең «гүмпілдеген» хабарлар беріліп жатады: «Біздің өмір сүру шкаламыз еуропалық стандартқа жетіп қалды». «Табиғи байлықты игеру жөнінен әлемдегі озық он елдің санатындамыз.» «Ең төменгі жалақының мөлшері...»

Ой-ой, сіз қайда?! Сізбен сөз таластырып өле алмай жүрміз бе. Және «Т.К» басымызбен. Десе де, құдайшылығын айтыңызшы, біздегі жан-жақтан құлақ тұндыра гүмпілдеген ылғи өтірік, ылғи мадақ сөздер кісіні мезі қылмай ма? Шындықтың бетіне неге тура қарамаймыз.?! Міне, сенсеңіз, дипломды маман ысылдап-пысылдап тағы кімнен ғайбат сөз естір екем деп, жан-жағына жалтақтай қарап, кір-қоқыс жуып жатыр. Не үшін институт қабырғасында төрт-бес жыл салпақтадым? Дүңк, дүңк. «Біз, біз деген космос дәуірінің ұрпағымыз?!..» Айтыңыз ғой, тағы айтқыңыз келе ме? Бәрі есімде. «Өз бақытыңды өзің тап! Елдің белсенді патриоты бол, артыңнан келе жатқан ұрпақ саған қарап бой түзесін».

Сонымен солай, сіз жақтырмасаңыз қайтейін, қас пен көздің арасында сол «ортаның» белсенді әрі табыскер, өте өнімді «тауарына» айналып шыға келдім. Бұл-сылп-сылп ыдыс жуудың «өтпелі дәуірін» мүлдем ұмыттырды. Көңілді, жан-жағың қызылды-жасылды киінген өңшең жүзіктің көзінен өтетін «әріптес» құрбыларың. Олардың да мен секілді дұрыс өмір сүргілері келетіндігін жақсы түсінемін. Бұл топқа анау-мынаудың оңай «шөбі» түсе бермейтіндігін де естен шығармаңыз. Алдымен жоғарғы «әкімшілікке» «емтихан» тапсырасыз. «Емтиханды» екі-үш апай қабылдайды. Олардың бірі-«диспетчер», екіншісі-«есеп комитет», «үшіншісі»-«қаржы полициясы». Тәртіп түрмедегідей қатал әм жауапты. Сенің ішкі әлемің, ой-мақсатың, қоғам жайлы түсінігің... Олар «қосымша сұрақтарға» жатады. Негізгі сапалық көрсеткіш-сыртқы пішінің, яки сұлулығың. Адаммен тіл табысуың. Біреуді жақсы көресіз бе, жаман көресіз бе, эмоцияға берілмейсіз. Күліп жүру, барынша мәдениетті, ізетті болу...т.б.

Басты міндеттер: «диспетчер»-командир. «Жұмыс кестесін» сол кісі әзірлейді. Оған қарсы келуге, немесе «кестенің маршрутын өзгертейін» деп «өтініш» айтуға болмайды. Жұмсаған бағыттан бас тартпауға, «тапсырманы» мінсіз орындауға және «төтенше жағдай» туындап қалса дереу «диспетчерге» хабарлауға міндеттісің. Әрбір қимыл «протоколға» тіркеледі. «Диспетчердің» толық сенімінен шыққанша бақылауда болуың, жасырын «жансыздардың» нысанасына айналуың да бек мүмкін. «Сынақтардан» қалай өткендігің жөніндегі «анықтаманы» тірі адамға сездірмейсің. Оны өзің және «жоғарыдағы» үш адам ғана біледі. Киім, опа-далап, байланыс, дәрігерлік көмек, күнделікті жүріс-тұрысқа арналған қосымша шығын «диспетчердің» рұхсатымен ғана шешіледі. «Есеп комитеті», «қаржы полициясы» секілді «ұйымдардың» қандай шаруалармен айналысатындығы, саған пайдасы тие ме, тимей ме... бұл сұрақтар жауапсыз күйінде қала береді.

«Маршруттар» мына көрсеткіштерге қарап белгіленеді, бір жағынан мұны «клиенттерді қабылдау ережесі» десе де жарасады. «Бюджет» осы ыңғайда бөлінеді және қатаң талап етіледі. «Табысты» жасырсаң, не өтірік айтсаң-жазаға кесілесіз, егер «жоғарғы жақ» ымырасыз «шешім» шығарса қаңғып көшеде қалуың да ғажап емес... Неге күлесіз,  күлетін түгі жоқ, керісінше жинақы жүруге итермелейтін «стимуль». Егер «тапсырманы» тап-тұйнақтай орындап, біреуден сөз естімей, тіпті «тапсырыс берушілерің» көбейе түссе ерекше құрметке бөленесіз. Жалақыңа «үстеме» қосылады. Немесе кезексіз «еңбек демалысына» шығасыз. Қаланың мәдени орындарын аралауға, көңілдері түссе, өзге өңірлерде тұратын жақын-жуықтарыңа барып келуге де «жолдама» беріледі. Бірақ мұның бәрі «диспетчердің» «настраениесіне» байланысты.

«Клиенттерге»қатысты «шкала» мынадай:

«Шай-пұл»-бұлар отқа түскен көбелек тәрізді. Көздері алақтап, кез келген тысырдан тұра қашатындай үрейленеді. Сенімен де жөндеп таныспайды. Аты-жөнін жасырып, әлдебір есімдерді атай салады. Өкінішке орай, ол қулықтары да ұзаққа бармайды. «Соткасы» қапыда қоңырау шалса тамағына тас тұрып қалғандай тұтығып, әлек-шәлегі шығады. (Әйелі екендігі бірден белгілі). Сосын дереу «шаруаға» көшеді... Оның да шырайын шығармайды, шала-пұла. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң». Ышқырын көтеріп жатып, «мені танымайсыз, мен жайында тірі жанға тіс жармайсың» деп өлгенше жалынады. (Оның енді бізге қажеті қанша, атамнан арман). Тиын-тебені де ауыз жарымайды. «Диспетчер» айтқан соң амал не, көнесің бәріне. Аяқ киімін шала киіп, біреу ұстап алатындай, басқышпен төмен жүгіріп бара жатады. Сол тиын-тебенін бала-шағасының керегіне жаратып, артын қысып тыныш жүрсе қайтер еді.

«Қазы-қарта». Бұлар қалаға алыс аймақтардан келгендер. Түрлі жиналыстарға, форумдарға қатысады. Көпшілігі шектен тыс етжеңді. Жүріс-тұрыстарынан жер ойылады. Қазы-қарта, арақ-шарап арқалап әкеледі. Қызметтері үлкен дөкейлерді қонақ етуге құмартады. Сөйтіп, негізгі мәселелерін қонақ үйде шешіп алуға тырысады. (Бұйырған несібе дегенді қойсаңшы). Біз туралы: аздап көңіл көтеру, «жыл бойы қара шаңға көміліп жұмыс істейміз, ептеп дем алайық» дейтін тосын ойлар аяқ астынан «күн тәртібіне» ене кетеді. Және жылдам шешіледі. Себебі, өлердегі сөзін айтып, қонақ үйге шақырған дөкейлерінің қолдары босамай қалады. Оларды да одан жоғары тұрған шенеуніктер басқа мақсаттарға жұмсайды. Ондайда біздің «диспетчердің» екі-үш қалта телефоны қолды-аяққа тұрмай безек қағады. Сәті түскенде ол кісі де өзін көрсетіп қалуды естен шығармайды. «Қызметшілерін» «конкурстық» негізде таңдап алады. (Сондай «конкурстардан» менің де үш-төрт мәрте кезексіз өтіп кеткенім бар. Мұндай пысықтықты әрине, өзге әріптестерің ұнатпайды. Сәлемдесулері салқындайды. «Қара торының әдемісі-ау, үстімізді баса-көктеп қайда барасың?!..»)

Бір ғажабы, әлгі жайсаңдар бір-екі рөмкіден соң «жаным, күнім, құлдығым» деп асты-үстіңе түседі. Тамағыңнан иіскейді. Шашыңнан сипайды. Қорбаңдап адресін жазып береді. «Жолың түссе хабарлас! Қатысып тұрайық, келесі келгенде бірден сізді тауып алатын болайын. Менен жамандық көрмейсіз!» Қызды-қыздымен үлкен жерде бастық боп істейтіндігін де айтып кеп жібереді. Мұндайлармен уақыт өткізу зиянсыз, көңілден шықсаңыз «ставкасын» да үстемелеп жібереді. «Шай-пұлдар» секілді тиын санамайды. Таксимен пәтеріңе дейін жеткізіп салады. Шаршамайсың...

«Тың игерушілер»-«көңіл көтеру» ойнына енді-енді тұяқ іліктіргендер. Көпшілігі студенттер, не колледждың оқушылары. Жалғыз-жарым жүрмейді. Шеттерінен қу. Өздеріне ыңғайлы сәтте ғана «ін қазады». Жалпы дүрмекке қосылуға қалталары көтермейді. (Отыз күн оразада, наурыз мерекесінде біздің «қызметтің» ыстық температурасы сәл-пәл төмендейді. Міне, осындай «абыржыда» әлгілер арлы-берлі мойындарын созады. Арқа қысы белгілі, кейбіреуі алыстағы ауылдарына жете алмайды. (Оның бізге қажеті қанша?) «Тың игерушілермен» «жұмыс» істеу қызық әрі оңай... Сан түрлі кинолардан көргендерін істейді ғой сорлылар. Жеке бөлмеге қарай итермелейді. Мақұл. Құшақтайды, төсімізді аймалайды... Енді шешіне бергенде... қояншығы ұстағандай, қабағы кіржіңдеп теріс айналады. Түсінесің, амал қайсы...

«Тірәпкі» (тряпка). Бұлармен бірер сағат бірге болу азап. Бір стақан вино ішсе барын ақтарып, ақырында жылайды. Жылағанда да етектері жасқа толады. Әйелінің, бала-шағасының тастап кеткендігін айтып, зар еңірейді. Жалығасың, енді бір қарасаң кереуеттің бас жағына иегін артып, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатады. Сен де далаға атыласың.

«Шпиондар». Ең қиыны осылар. Не ойлап отырғандығын сездірмейді. Сызданып, ішін алдырмайды. Сенің алдыңда да елпектемейді. Маңғаз. «Сені сатып алғанмын» дегендей өктем сөйлейді. Анау-мынауына көнбей қойсаң, жақтан тартып жіберуден де тартынбайды. Нағыз жауыздар. Дөрекі. Жүрек жылытарлық жылы сөздерін де бұлдайды. Сақ. «Ертең менен қызмет сұрап жүре ме, жұмысқа орналасуыма жәрдемдес дей ме» деп оқтау жұтқандай сазарады. Жақсы жағы: таза, үстерінен қымбат иіссу аңқиды. Қымбат пәтерлерден де ақша аямайды. Не саунаға шақырады. Ішімдікке қинамайды. Ішсең де, ішпесең де өзің біл. Сенің аты-жөнің, қайдан келгендігің, жасың, балаң бар ма-жоқ па, бұрын тұрмысқа шықтың ба!-Олар туралы ауыз ауыртпайды. Бұларды мақтай беру де орынсыз. «Иттеріне» тап келсең, темір торға түскендей аянышты хал кешесің. Уақытпен санаспайды. Мас күйінде қорлықтың көкесін көрсетеді. (Оның бәрін жіктеп айтуға біздің де жүзіміз шыдамайды. Ондай да өзіміздің «жедел жәрдем» көмегіне жүгінесің. «Диспетчерге» шұғыл хабар еткізесің. «Жекпе-жектің» айла-тәсілдерін жетік білетін бойжеткендер бізде де бар, мынау деген жігіттеріңе әл бермейді. Оң келгенін-оң, сол келгенін-сол, ұрып жығады).

...Бұдан екі жыл бұрын қара суық күз айында сол «шпиондардың» қолдарына түсіп алғаным бар. Азап лагерінен бір мысқал кемдігі жоқ-ты. Шақыру үш құрбыма қатар түсті. Бір көшенің қиылысынан жеңіл мәшинемен алып кетті. «Қайда барамыз?» «Қазір көресіңдер» дейді жүргізуші жанындағы жұқалтаң жігіт. Қызыл кірпіштен салынған қала орталығындағы екі қабатты коттедждің электр қуатымен ашылып-жабылатын қақпасы бізді бірден «жұтып» қойды. Аула шағын. Дастархан сыртта жаюлы. Белдеріне алжапқыш байлаған екі жігіт кәуап пісіріп, зыр қағады. Қарсы алу жаман емес әзірге. Біз ауызғы бөлмедегі диванға жайғастық. Жақын маңнан жеңіл әуенің ырғағы естіледі. «Таңғы елесті» құлағым шалып қалды. Осы әнді бала күнімнен ұнатамын.

«Тұрыңдар! Алға-үш, артқа-төрт қадам аттаңдар!» Ойбай-ау, мұның несі құпия, талай көрген құқай. «Күйеулеріміз» бір тесіктен сығалап, «қалыңдық таңдау» акциясын өткізіп жатқан болар. Мейлі, таңдау солардың жағында, бізге бәрібір. Екі құрбымды жастары біз шамалас екі жігіт келді де қолтықтап, сыртқа шығарып әкетті. Билеп жүрген секілді. Менің «жігітім» сылқым біреу ме кім білсін, жуық арада көріне қоймады. Қорқыныш, танымайтын орта, бір пәлеге кезігіп қалмаймын ба дейтін сезімдер бізді «айналдыра» бермейді көп. Жоқ, олай емес! Тәубе! Бой-сойы келіскен, қысқа шашын бір жағына жыға тараған, әдемілеп қырынған, иығына су жаңа мөлдірдей қара костюм ілген «жас мырза» жасандылау жымиып келді де қолымнан алды. Не айтары бар, менің жарым болсын-ақ дейтін  жігіттің сұлтаны. (Жаман ойдың алдымен алқымдайтындығына не берерсің. Әйелі, баласы бар ғой, бұл жолға не итермеледі? Әлде біздің «диспетчердің» құрығына байқамай түсіп қалды ма. Соған қарағанда біздің де анау-мынау «арзан тауар» болмағанымыз ғой!)

Қатарласып сыртқа шыққанда аула ішіндегілер «бравосын» әлденеше қайталап, дәп бір принцті  жұбайымен күтіп алғандай, қол шапалақтап тұрып қарсы алды. Ненің құрметі? Өтірік болса да жымиған болдым. Байқаймын, екі құрбым менің «бақытымды» «көре алмағандықтарын» бәрібір жасыра алмады. Бірінің-бірі бүйірін түртті. (Ертең үйге барған соң мұның соңы жақсылықпен бітпейді. Мені атарға оқ таба алмай жүргендер жетерлік. Жолым болғыш, «әдемілігім» үнемі алға сүйрейді. Кедергілердің бәрінен қиналмай өтіп кетемін. Өтіп кетемін де ең сұлу жігіт маған бұйырады. Мұндай «әділетсіздік» кешіріле ме?! Сыртымнан біреулердің аңдып жүрмесіне кім кепіл. Өзгелердің алдын орап кетуім бұл бір емес, екі емес. Жетер!)

Сүйтсек, бүгін «сұлтанымның» «туған күні» екен. Отыз беске шығыпты. Сыйлықтар үстөл үстінде үйіліп жатыр. Ауқатты орта, айтқызбай-ақ белгілі болып қалды. Мұндайда не істеу керек?! «Диспетчер» әлсін-әлі құлағыңа сыбырлағандай: «Аянба, барыңды сал, қолға түсе бермейтін клиенттер!» Барымды салғанда, жұрттың көзінше мойнына асыла кетіп, бетінен сүйіп алсам, «жеңілтек, ұшқалақ» тізіміне жазыламын. Ұстамды болған мың артық. Өзі ишара жасаса, біздің «құрмет» дайын ғой.

Төңірегіндегілердің оған сыйлаған басты сыйлығы-мен. Тірі, жаны бар. Ыңғайға көнеді. Ойын мәшинесін жүргізетіндей «батареяны» қажет етпейді. Бәрінен бұрын ләззатқа бөлейді, кайф аласың. Кайф! Осы сөздің мағынасын түсінетіндер де, түсінбейтіндер де далаға лаға береді. «Бұдан басқа кайф алатын дүние құрып қалды ма?» Іштік, биледік. Жігіттер өнерлерін көрсетті. Біреуі үстөл үстіндегі арақ толы стақанды қолын тіреместен, тізесін бүкпестен тісімен тістеп, кеңірдегіне бір-ақ қылғытты. Екіншісі аузына сұқ саусағын тығып ысқырды. Мен гитарамен ән шырқадым. Кейін осы «өнерімді» бекер көрсеттім-ау деп өкіндім. Өйткені, маған қолқа салушылардың қатары тым көбейіп кетті. Оның бер жағында «күйеуім» де жайлап келіп, құлағыма сыбырлады. (Оның атын сұрағаным жоқ-ты, сұрағанмен айта ма? Айтпайды, себебі, мына ауланың ішін шылғи өтірік елесі кезіп жүр. Біреу-біреумен өтірік «сырласады», өтірік «мұңдасады» тіпті өтірік сүйіседі. Өтірік, бәрі өтірік!.. «Мына шуылдақтарға сездірмей, екеуміз оңаша қалғанда шырқағаныңда ғой! Ділгәр дүниенің құнын түсіріп алдыңыз». Ділгәр дүние... (Есіме Қадырғалидың Мәскеуге бара жатқан жолдағы опасыз қылығы түседі: «Пәктігіңнен айырылып қалыпсың ғой») Оның жанында бұл не тәйірі!

Шетелдік шампан буын-буынды балбыратып барады. Қолқалаусыз өзім ішемін. Ішкім келді. Оның да бір сиқыры бар білем, ішкен сайын жалғасын тілейді. Бірінен соң бірін. Дене қыздыратын бидің де түбін түсірдік. Дүркіреген тоста не айтылмады дейсіз, біз дәп бір жастық шағын бірге өткізген «ежелгі достарға» айналдық та шықтық.

Коттедждің жоғарғы қабаты бәрімізге жеткілікті еді. Жеке-жеке бөлме. Өзімізге тиесілі бөлмеге де екі-үш мәрте «кіріп-шықтық». «Туған күн иесінің» интимдік қатынасқа деген құлшынысы мықты. Терлетеді. Тәжірибесі мол. «Тың игерушілердің» тірлігі мұның қасында әдіре қалсын! Кеш батқанын білемін, қараңғы түскені де еміс-еміс есімде.

...Бірде екі-үш жігітпен үлкен қаланы қақ бөліп өтетін өзен жағасында жүргендігімді аңғардым. Таза ауада серуендеу үшін, не бас жазу үшін келдік пе? Жә, солай-ақ болсын, ал жанымдағы әріптестерім қайда жүр? Екі кештің арасында қайда жоғалып кеткен? Мына бозымдар күш көрсетіп, мазаларын алған соң «жедел жәрдем» шақыртты ма?! Ендеше мені неге тастап кеткен? Апыр-ай, ә?! Қызғаныштың қызыл иті сумаңдап, араға килікпесе не қылсын. Үш жігіттің  көңілін қалай «табар» екен деп, мен жау қолына әдейі тастап кеткеннен сау ма? Білем ғой, олардың менен ала алмай жүрген «өштері» бар. «Жолы болғыш бикешті үлкен «сынаққа» салып, мықтылығын байқайық»

Өзеннің оң жағалауына кірпіш тастар төселген. Бас сұққылап әкетіп барады. Өзім іштің бе, әлде мыналар қинап ішкізді ме? Ешнәрсе есімде жоқ. Олар бір орындықта, мен екінші орындықта бүк түсіп, бүрісіп жатырмын. Жүрегім айныды. Ішімдегінің біразын «тастаған» соң, еңкейіп өзен суымен беті-қолымды жудым. Болар-болмас әл жидым ба қалай? Қисайып жатқанды жақсы көремін. «Жедел жәрдем» шақыртсам оңды болар ма еді. Бірақ қай маңға тап болғанымды тап басып айта алмаймын. «Арақ таусылды,- деді біреуі.-Енді не істейміз? Ақша да түгесілді». Соның артынша олар әлденеге дауласып, келісе алмай қалды. «Мынаны сатайық»-Екіншісі мені нұсқады. Беталды тұра қашқым келді. Өзенге батып өлсем де. Бірақ буын-буыным босап, аяғымды ілгері басқызбайды. Маған не көрінген? Бұрын-соңды мұндай күйге кезікпегем-ді. Сатып жіберетін мен базардағы мал ма екем...

Жанымыздан ұзын бойлы, спорттық формада киінген үлкен кісі дағдылы жүрісімен өтіп бара жатқан-ды. «Ақсақал,-деді біздің топтың белсендісі,-сіз де жас болдыңыз ғой. Басымыз сынып барады, жәрдемдесіңіз!» «Қалай, қайтіп?» «Бір жартылыққа жететін ақша берсеңіз, артық сұрамаймыз!» «Артығы түгіл, ақшам болса да бермес ем. Жұрт дем алатын орынды ат қорға айналдырып жіберіпсіңдер! Мына қоқыстарыңды кім жинайды?  Әлде полицияға хабарлап, қаматып жіберейін бе?!» «Оныңыздан түк шықпайды. Қаматсаңыз, қаматыңыз. Ал қазір құдай үшін бір жартылыққа жететін бірнәрсе тауып беріңіз! Тегін емес. Бір жартылыққа мына қызды басы бүтін айырбастаймыз. Байқаймыз, сіз де әлі тұғырдан таймаған секілдісіз. Секстің түбін түсіріңіз таң атқанша...»

Бір қарасам, сатыр-сұтыр төбелес қызып беріпті. Спорт формасындағы ағай ішпеген ғой, оның үстіне қарулы. Жан-жағынан жағасына жармаспақ болғандарды бір-бір жұдырықпен ұшырып түсірді. «Аюандар!» дегенін анық естідім. Әлгілер тұс-тұсқа тырқырай қашты бас сауғалап.

Жаныма келді. «Бұл не қылғаның, құлдығым-ау!» деді жайлап. Сай-сүйегім үгітілді. Мұндай жанашырлық сөзді естімегелі қай заман. Дүние шыр көбелек айналды...

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499