Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3941 0 пікір 15 Наурыз, 2013 сағат 04:35

Аялы алақан: Заретаның тағдыры

1-сурет: "Аялы алақан" бағдарламасының кейіпкері Зарета Өтемісқызы

2-сурет: мақала авторы Назерке ИНАҚЫНҚЫЗЫ

2007 жылдың жазы еді. Шымкент қаласының сыртындағы Көксәйек балалар интернатында «телевидениядан адамдар келеді» деп қызу дайындық жүріп жатты. Өздері сынды жарымжан жандардың тағдырын көрсететін «Аялы алақанның» ат басын өздеріне қарай бұрғанына бүлдіршіндер дән риза болатын. Алматыдан келген қонақтардың алдынан балалар бірі сылтып басып, бірі арбамен, енді бірі жер бауырлай жылжып қарсы алды. Сол сәтте әрқайсысының мөлдіреген жанарынан қуаныш пен үміт нұрын байқауға болатын...

Көп балалардың арасынан өз ойын еркін жеткізе алатын, камера алдында сөйлей алатынын іздеген түсіруші топ Зарета отырған бөлмеге де келіп жетті. Зарета - кішкене күнінен рахит ауруына шалдыққан қыз. Оның сүйектері сынғыш әрі жасына сәйкес өспейді. Он бес жастағы бойжеткеннің сырт келбетіне қарап, оны алты жасар бүлдіршін дер едіңіз. Сол себептен де, түсіруші топтағылардың жас балаша еркелетіп сөйлегендеріне Зарета ренжіп қалған болатын. Оның өмірімен танысқан соң «Аялы алақан» кезекті кейіпкері етіп алды.

1-сурет: "Аялы алақан" бағдарламасының кейіпкері Зарета Өтемісқызы

2-сурет: мақала авторы Назерке ИНАҚЫНҚЫЗЫ

2007 жылдың жазы еді. Шымкент қаласының сыртындағы Көксәйек балалар интернатында «телевидениядан адамдар келеді» деп қызу дайындық жүріп жатты. Өздері сынды жарымжан жандардың тағдырын көрсететін «Аялы алақанның» ат басын өздеріне қарай бұрғанына бүлдіршіндер дән риза болатын. Алматыдан келген қонақтардың алдынан балалар бірі сылтып басып, бірі арбамен, енді бірі жер бауырлай жылжып қарсы алды. Сол сәтте әрқайсысының мөлдіреген жанарынан қуаныш пен үміт нұрын байқауға болатын...

Көп балалардың арасынан өз ойын еркін жеткізе алатын, камера алдында сөйлей алатынын іздеген түсіруші топ Зарета отырған бөлмеге де келіп жетті. Зарета - кішкене күнінен рахит ауруына шалдыққан қыз. Оның сүйектері сынғыш әрі жасына сәйкес өспейді. Он бес жастағы бойжеткеннің сырт келбетіне қарап, оны алты жасар бүлдіршін дер едіңіз. Сол себептен де, түсіруші топтағылардың жас балаша еркелетіп сөйлегендеріне Зарета ренжіп қалған болатын. Оның өмірімен танысқан соң «Аялы алақан» кезекті кейіпкері етіп алды.

;hl=ru_RU&rel=0" />;hl=ru_RU&rel=0" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="315" width="420">

 

Заретаның камера алдында тұрып:  «Бұл жерде біз бәріміз - бірдейміз, біз бәріміз  - инвалидтерміз. Біреу «ей,  сенің қолың  жоқ» десе, екіншісі «ал сенің аяғың жоқ» деп айтады. Сондықтан, бір-бірімізді мазақтамаймыз» деген сөздері түсірілім кезінде журналистерді жылатса, одан кейін бұл бағдарламаны көрген көрермендердің көзіне жас үйіргені сөзсіз. Сондай-ақ, «Өмір - күрес дейді, егер қиыншылық кездессе, оны жеңе біл» деп шегелей айтқан сөздерінен экранның бергі шетіндегілер де, арғы шетіндегілер де қуат алды. Қаршадай қыздың осыншалықты жігеріне қайран қалды. Он екі мүшесі бүтін бола тұра, өміріне шағымын айтып жүретін жандар ұяттан өртенердей күйде болды. Осылайша тәубасына келген көрермендер редакцияға хаттарын жаза бастады...

Шымкент - Алматы - Петропавл

Заретаның өмірі тікелей осы қалалармен байланысты еді. Шымкенттен Алматыға оралған "Аялы алақан" бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Бибігүл Дәулетбекқызы Заретаның анасын іздестіру шараларына кірісіп кетті. Іс нәтижелі болып, көп ұзамай анасының мекенжайын, телефон нөмірін тапты. Дереу сол мәліметтер бойынша Петропавлға қоңырау шалды. Телефонның арғы жағынан әйел дауысы естілді.

- Алло?!

- Сәлеметсіз бе? Біз «Аялы алақан» бағдарламасынан хабарласып отырмыз. Сіз Заретаның анасысыз ба?

Дауысы бірден өзгеріп, дірілдеп шықса да, білдіртпеуге тырысқан әйел не дерін білмей абдырап қалды. Сәл кідірістен кейін:

- «Мен  өзім ауру адаммын, енді маған хабарласпаңдар!!!» деді.

Телефонды қоя сала, жанындағы төсекке сылқ етіп отыра кеткен байғұс ананың жан дүниесі астаң -кестең болып жатты. Онсыз да күні -түні қызын ойлап қайғырып, іштей тынып жүрген әйелге бүгінгі 1-2 минутқа ғана созылған телефондағы әңгіме өте ауыр тиді. Бауыр еті  - баласының, Заретаның, атын естігенде, есінен танып қала жаздаған. Енді не істемек? Өмірдің ағымы қандай болса,  соған көнеді де бейбақ.

Бибігүл мұндай жауапты күтпегендіктен не істерін білмей қалды. Не де болса, бұл әңгіме жайында Заретаға тіс жармауға бекінді.

Арада бірнеше жылдар өтті. Зарета есейген еді. Оның агент арқылы бауырларын тапқаны, қазіргі күні үлкен ағасының қолында тұрып жатқаны жақында болған сұхбат барысында белгілі болды.

«Отбасы дегеннің не екенін білдім»

Зарета Өтемісқызы:

-  Өзіңіз білесіз, кез келген жетімдер үйіндегі балалардың ес білгендегі қоятын ең алғашқы сұрағы - «менің ата-анам қайда?». Мен де есім кіргеннен кейін туу туралы куәлігімдегі мәліметтер бойынша жақындарымды іздестіре бастадым, әрине, тәрбиеші апайлардың көмегімен. Бірақ бір жақсы жаңалық болмады. Сонда да үмітімді үзбедім. Ақыры 2012-жылдың жазында агент арқылы бауырларымды таптым. Кездесіп, құшақтасқанда өзімнің жақындарым екенін жүрегім сезді. Көз жасым көл болды. Бауырларымды тапқаныма өте қуаныштымын! Өмірім өзгерді. Отбасы дегеннің не екенін көрдім, білдім. Үш бауырым бар. Қазір үлкен ағамның қолында тұрамын.

- Өмір бойы аңсаған анаң туралы не білдің?

Зарета Өтемісқызы:

- Анамның дидарын көріп үлгермедім, қайтыс болыпты.   Анам өте жақсы адам болған екен. Көп қиыншылық көрген. Мені тастаған себебі болды, бірақ менің ойымша, анама да оңай болған жоқ. Қанша жыл өтсе де, мені ұмытпаған ғой. Өлер алдында бауырларыма «Зарета деген қызым болу керек, іздеп табыңдар» депті.

- Өскен ұяң - интернатты жиі есіңе аласың ба?

Зарета Өтемісқызы:

- Әр адам өскен жерін ұмытпау керек. Мен де үнемі еске алып отырамын. Кейде жылап қаламын. Интернатты қанша жыл басқарған Рәтбек аға өте жақсы адам.  Оны әкемдей жақсы көремін. Ол барлық баланың әкесі бола білді. «Бұл балаларға қолымыздан келгенше көмекті аямаймыз» деп жүгіріп жүретін. Жүрегі жұмсақ адам еді. Ақыры сол жүрегі сыр беріп, қатты науқастанып, жұмыстан кетті. Балалар үйі бізді тек жақсы нәрсеге үйреткен. Сондықтан қанағат ету керек.

- Сендер 16-жасқа дейін интернатта, сосын 19-жасқа дейін кәсіби-техникалық мектепте тәрбиеленесіңдер. Ары қарай үлкен өмір басталады. Мына қым-қуыт қоғам сендерді қалай қарсы алды?

Зарета Өтемісқызы:

- Интернаттан шыққанда өте қорқынышты. Бүкіл жауапкершілікті өзіңнің мойныңа алады екенсің. Мүмкіндігіңнің шектеулі екенін де енді айқын сезіне бастайсың. Үлкен өмір мені қиыншылықтармен қарсы алды. Аяғымды сындырдым. Үйсіз-күйсіз адамдар паналайтын орталықта 6 ай болдым. Жатақханаға бардым, мүгедек деп қабылдамады. Қолымнан ештеңке келген жоқ. Жыладым, жүдедім. Бірақ сағым сынған жоқ, сабыр қылдым. Әке-шешесі жоқ адамдар әр нәрсеге дайын болу керек деп ойлаймын. Мен де қиыншылық кездескенде таң қалмадым. Себебі  солай болатынын білген едім, сондықтан қиыншылықты жеңдім. Содан кейін мені қуаныш күтіп тұрды - бауырларымды таптым. Бауырларымды тапқан күні бірден Бибігүл әпшеме хабарластым, ол кісі менен бетер қуанды.

- Бибігүлмен жиі хабарласып тұрасың ба?

- Әрине. Кім білер егер Бибігүл Дәулетбекқызы болмаса мен осы күні өзімнің туған бауырларымды ешқашан білмей кетер ме едім. Ол кісіге мың да бір рахмет,  бағдарлама арқылы біз сияқты жарымжан балалардың бұл өмірде бар екенін және біздер де бұл дүниеде біреуге керек екенімізді халыққа көрсетті. Халқым Зарета деген кіп-кішкентай қыздың қазақ елінде тырмысып өмір сүріп жатқанынан хабардар болды. Бағдарламадан кейін менің достарым көбейді. Өмірге деген құлшынысым одан бетер артты. "Аялы алақан" арқылы сол кезде есеп-шотыма түскен қаражатымды осы күнге дейін сақтап келемін.

- Осыдан 6 жыл бұрын сен 15 жасыңда «өмір - күрес» деп едің. Қазір жиырмадасың. Ендігі ойыңды білуге асықпын.

Зарета Өтемісқызы:

-  Иә, өмір шынында да күрес екен. Бұл өмірде оңай ештеңе жоқ екенін түсіндім. Біз сияқты адамдарға айтқым келеді, мүгедек екенмін деп отыра беруге болмайды. Қиыншылықты жеңу керек. Бұл жалған өмірде Үкіметке де сенбеу керек. Жетімдерге толық жағдай жасалынып жатқан жоқ. Үй алу мүмкін емес. Жетімдер көбейіп жатыр. Сондықтан әр нәрсеге өзіміз дайын болу керекпіз.

-  Ендігі арманың не?

Зарета Өтемісқызы:

-  Армансыз өмір сүруге болмайды. Аяғыма операция жасатқым келеді. Түзу жүрсем деймін. Журналистиканы оқығым келеді, жұмысқа орналасқым келеді. Әзірше, үйдемін.  Үлкен жетістігім - дәмділеп тамақ жасауды үйреніп жүрмін. Фотошоппен суреттерді әрлегенді жаным жақсы көреді. Керек жерлерге өзім барып келемін. Мүлде қиын емес. Құдайға шүкір, міне, осылай өмірім өтіп жатыр. Бақыттымын. Сіздерге көп рахмет!

Бұл әңгіме-сұхбат бәрімізді сонау 2007 жылдың жазына апарғандай еді. Арманы ұшқыр, сөздері өткір, жүрегі таза Зарета Өтемісқызының сөздері сол кезде жанында болған кез келген адамды жігерлендіргендей.

Назерке ИНАҚЫНҚЫЗЫ

Abai.kz

0 пікір