Сенбі, 20 Сәуір 2024
Бұ не мазақ? 2400 18 пікір 19 Қаңтар, 2023 сағат 10:36

Мухоряповтың үстінен қозғалған іс тоқтатылды

Chocolife компаниясының басшысы, кәсіпкер Рамиль Мухоряповқа қатысты іс тоқтатылды. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы мәлімдеді.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қылмыстық қудалау органы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабының 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы процессуалдық шешім қабылдады. Алматы қаласының прокуратурасы процессуалдық шешіммен келісті», - деді Алматы қаласы прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев.

Бұған дейін, Алматы қалалық полиция департаменті Рамиль Мухоряповтың көпшілік қауымның ашуын тудырған сөзін басшылыққа алып, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық және діни араздықты қоздыру фактісін тексеру үшін сотқа дейінгі тергеуді бастаған болатын.

Естеріңізде болса, кәсіпкер былтыр қазан айында ресейліктерді жинап алып, үлкен кездесу өткізген. Сол жиында ол "қазақ тілінде сөйлеу – мәдениетсіздік белгісі екенін" айтқан болатын. Оның видеосы желіде тарады. Бұл мәлімдеме көпшіліктің ашу-ызасына тиіп, оның компаниясының өнімдерін ұялы телефондарынан өшіріп жатты.

Журналист Зарина Ахматова Мухоряповты империялық репрессияның мұрасынан бас тартуға шақырды. Ал журналист Айбар Олжаев кәсіпкердің қылығы заң бойынша жазасын алуы керек екенін жазды.

«Жаңа Қазақстан» депутаттар тобы да кәсіпкердің сөзін тексеру керектігін айтып, Бас прокурор Берік Асыловқа хат жолдаған болатын. Депутаттар Бас прокурордан Мухоряповқа ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша (“Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру”) шара қолдануды сұрады.

Журналист Күлтегін Аспанұлы кәсіпкердің үстінен Алматы қаласының прокуратурасына арыз түсірген.

«Алматы қ. ПД ЭҚІСБ бастығының міндетін атқарушы Д.Е.Абикулов қол қойған хатқа сенсек, ПД Тергеу басқармасының ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының (“Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру”) 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

Бұл айыптың жазасы заңда үш нұсқада көзделген: 2 мың-7 мың АЕК айыппұл, 2-7 жыл аралығында бас бостандығын шектеу немесе айыру. Айыпты деп танылса, сот мән-жайды есекере отырып осы үшеуінің біреуін таңдайды»,-деп жазды ол әлеуметтік парақшасында.

Кейінірек Рамиль Мухоряпов Қазақстан халқынан кешірім сұраған видео үндеу жариялап, алдағы уақытта қазақша үйренетінін айтқан болатын.

Abai.kz

18 пікір