Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3198 0 пікір 15 Наурыз, 2013 сағат 05:05

Амангелді Құрметұлы. Бұл құрылтай бұрынғыдан өзгерек

Біздің айтпағымыз, Дүниежұзі қазақтарының немесе әлемдік діндер жетекшілерінің құрылтайы емес. Шымкентте өтетін қазақ  блоггерлерінің жиыны жөніндегі әңгіме. Интернеттің қазақ тіліндегі сегментін  қалыптастыруға  һәм дамытуға  үлес қосып жүрген бұл  жастар осымен ресми түрде үшінші рет жиналмақ. Бірақ, «бұл жиын бұрынғыдан өзгерек» болатын түрі бар.  Себебі, блоггерлерді қолдауға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов әу баста-ақ келісім берген-ді. Сөйтіп жүргенде  Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің өзі блогшыларды да «адам қатарына» қоса қойды. Қысқасы,  BlogCamp-2013 жаңа сипатта өтетін түрі бар.

Біздің айтпағымыз, Дүниежұзі қазақтарының немесе әлемдік діндер жетекшілерінің құрылтайы емес. Шымкентте өтетін қазақ  блоггерлерінің жиыны жөніндегі әңгіме. Интернеттің қазақ тіліндегі сегментін  қалыптастыруға  һәм дамытуға  үлес қосып жүрген бұл  жастар осымен ресми түрде үшінші рет жиналмақ. Бірақ, «бұл жиын бұрынғыдан өзгерек» болатын түрі бар.  Себебі, блоггерлерді қолдауға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов әу баста-ақ келісім берген-ді. Сөйтіп жүргенде  Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің өзі блогшыларды да «адам қатарына» қоса қойды. Қысқасы,  BlogCamp-2013 жаңа сипатта өтетін түрі бар.

Жалпы, «BlogCamp» аталып кеткен  бұл жиынды біздің қыз-жігіттер «блогқұрылтай» деп қазақшалап алдық. Блогкэмп жиындарының ресми басқосулардан, түрлі партиялар мен саяси ұйымдардың  биік мінберлі жиналыстарынан  ең басты айырмашылығы- BlogCamp-ті ұйымдастыруға  жоғарыдан бұйрық түспейді. Қызығушылар  өздері ұйымдастырады. Әдетте,  блоггерлердің  келісімі интернет арқылы  жүреді. Содан соң олар араларынан бірнеше  үйлестірушіні таңдап алады да, ортақ мүддеге байланысты атқарылатын жұмыстарды соларға тапсырады. Ал, блогкэмпке қатысушылар қажет кезінде оларға көмектесіп отырады. Негізі дүниежүзінде блогкэмпке көбіне блоггерлер қатысады. Ал, Қазақстанда  блогқұрылтайға IТ мамандар, блоггерлер, жаңа медиа технологияларының  мамандары, журналистер, студенттер, зерттеушілер қатыса береді. Тіпті,  блогшылардың арасында саясаткерлер де жүреді бізде. Алдыңғы  блогқұрылтайда солай болған. Қысқасы,  қазақтың BlogCamp-і өзгелердікінен басқашалау сипатқа ие. Осы жолы қазақ жастарының интернеттегі  белсенді бір тобын  ресми билік, дәлірек айтқанда жергілікті атқарушы билік қолдап отыр. Оңтүстік Қазақстан облысының басшылары Шымкентте  өтетін блогқұрылтайды ұйымдастыруға белсене араласып жатқан жайы бар. Біздің назарымызға іліккен  бірінші жаңалық осы болды.

Шамасы облыс басшылары  блоггерлердің  ақпарат кеңістігінде, соның ішінде «жаңа медиа» саласында кәдімгідей  күшке айналып  келе жатқандығын сезінген тәрізді. Тіпті, облыс әкімінің бұл қадамын  «биліктің жастар алдындағы жауапкершілігін сезінуі» деп те бағалауға  болады. Әдетте,  белсендісі бар, белсенді емесі бар, біраз жастардың басын «ЖасОтан» арқылы  қосатын  билік  осы жолы «өз бетерімен жүрген» блогшыларға назар аударып отыр. Ең қызығы  блоггерлердің  үшінші құрылтайына қолдау білдіретіндіктері туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары-баспасөз қызметінің  басшысы Берік Уәли өткен күзде-ақ айтқан еді. Қазір шенеунік болғанымен, бұрын кәсіби журналист болған, өзі де интернетте  блог жүргізген бұл азамат  ресми биліктің жұмысын насихаттауда блоггерлердің, әлеуметтік желілерде белсеніп жүретіндердің мүмкіндігі зор екендігін жақсы білсе керек. Әйтеу, блогшылар құрылтайын облыс басшыларының қолдауға әзір екендігін елден бұрын айтқан-ды. Біреу сыбырлады ма, жоқ әлде оңтүстікті басқарып отырған азаматтар шынымен де интернеттің беталысын сезіне қойды ма, қайдам,  әйтеуір Оңтүстік өңірдегі  тәуір істерді  интернет арқылы бұқараға жеткізу де  тиімді екендігін  бұл облыстың басшылары өзгелерден сәл-пәл ертерек сезіне қойды. Жарқ еткен жақсылығы  назардан тыс қалып,  оғаш қылықтары байқалса барлық баспасөз шуылдап  қоя беретін шымкенттіктердің тәуір табыстары жайлы ел-жұртты хабардар ету  үшін шынында да интернет  өте тиімді.  Әйтпесе, 2011 жылғы блогқұрылтай Алматыда, 2012 жылғысы Астанада өткен-ді. Сол жиындарда «оу, мұнда қазақтың белсенді жастары жиналып қалған екен, бәрекелді!» деп  төбе көрсеткен шенеунікті көрмедік. Ахметжан Есімов те, Иманғали Тасмағамбетов та «блоггерлер» деген бір қауым ел бар екендігін естеріне алған жоқ, көзге де ілмеді. Ал, Асқар Мырзахметов  өзге бастамаларын айтпағанның өзінде, блоггерлерге қолдау білдіруімен-ақ өзгелерден озып шыға  келді. Қазір облыс басшылары  блогқұрылтайдың барынша жақсы өтуіне  мүдделі болып отыр. Біріншіден,  бұл -қазақтың жастарын  қолдау болса, екіншіден қаймана қазақ қоныс қылған Қазғығұрттың баурайы мен Түркістанның  төңірегін әрісі әлемге, берісі еліміздің өзге өңірлеріне  тағы бір таныту. Үшіншіден, биліктің қамқорлығы  блоггерлер үшін де жаман болмайды.

Айтпақшы, «қамқорлық» дегенде  мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің айтқандары еске түседі. Ақпан айы аяқталар тұтса біраз «мықтыны» жинап, басқосу өткізген-ді Тәжин мырза. Оны біз айтқанбыз. Пікір білдіргенбіз. Сол жиында  блоггерлер туралы да айтып еді мемлекеттік хатшы. Блоггерлерді қолдау керектігін сөз еткен. Біраз жұрт мәселенің  мәнісін түсінбей «Тәжиннің тізімі» деген тіркес те  пайда болды интернетте. Бір қарағанда Оңтүстіктің басшылары блогқұрылтайды Тәжин айтақан соң өткізіп жатқандай көрінеді. Бірақ, құрылтайдың Шымкентте өтетіндігі өткен жылы белгілі болған, ал оны атқарушы биліктің қолдайтыны жаңа жыл  кірген бетте анық болды. Әйтпесе, «Тәжин тізімін» жасауға жанталасып жатқан ешкім жоқ мұнда. Бірақ, Тәжиннің айтқанын ескеріп, блоггерлерге  «қамқор» болғысы келетіндер жаңбырдан  кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шықпасына ешкім кепілдік бере алмайды. Әзірге біраз әкім аң-таң болып отырған шығар. Шымкентте  өтетін құрылтайдан соң Мырзахметовті мысал етіп шыға келуі мүмкін. Ал, блоггерлердің күні бүгінге дейін өз еріктерімен жүргені өтірік емес еді. Әсіресе, орыс тілінде жазып-сызатындар жеке бір «әлем». Отандық БАҚ сияқты  блогосферамыз да екі түрлі «ән» айтатын. Қазақша және орысша. Орысша  жазғыштар өздерін қазақстандық қоғамға ықпал етуші «орасан зор күшпіз»  деген  сезімде жүреді әдетте. Қазақша жазатын блогшылар дәл олардай «ықпалдымыз»  демейді. Алайда,  қай тілде жазса да біздің елде блогшылар керемет ықпалды емес. Әдетте, «аузы дуалы» деген «мәртебесі» бар,    теледидардан көп көрінген, кез-келген мәселеге пікір айтқыш, атақ-даңқтары да жер жаратын адамдардың айтқандарын ғана тыңдайды біздің қоғам. Әйтпесе,. блогосферада  белсеніп жүргендер аз емес. Тіпті, блогшылардың арасында  көсемсіп кететін  журналистерді де ұялтқандар болған. Rafaello деген атпен  танылған бір блогшы талай мәрте бізді сынаған-ды. Журналистердің кейде материалдарды  сайттар мен блогтардан «ұрлап»  басатындығын, ақпаратты тексермейтіндігін сынаған. Әдейі қауесет таратып, соған біраз жұртты сендірген кездері де болды. Қысқасы, қарапайым жұрт білмесе де мықты блогшылар көп бізде. Солар тағы бас қосады осы жолы.

Айтпақшы, осы жолғы блогқұрылтайдың тағы бір ерекшелігі бар. Ол - басқосудың бейресми  бөлімдерінің тау баурайындағы демалыс орындарының бірінде өтетіндігі. Бір-бірін интернетте ғана білетін блогшылар наурыздың қоңырсалқын кештерінде арқа-жарқа араласып, оффлайнда жүздесу мүмкіндіктері молырақ болуы үшін ұйымдастырылды бұл лагерь. Қазірдің өзінде блогқұрылтайға қатысушылар  www.blogcamp.kz/ сайтында тіркеліп жатыр. Басқосуда  көтерілетін тақырыптар да белгіленуде. Алайда,  тіркелу 16 наурызда аяқталатын көрінеді. Оңтүстікке нақты қанша  блоггердің келетіндігі бір аптадан соң  белгілі болмақ. Ал, қазақ интернетінде өзіндік қолтаңбасы бар біраз азаматтар  бұл  құрылтайдың өзгеше деңгейде өтетіндігінен үмітті.

Abai.kz

0 пікір