Жұма, 29 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 9932. Жазылғандар — 5057. Қайтыс болғандар — 37
Жаңалықтар 1337 0 пікір 14 Наурыз, 2013 сағат 05:47

Берік Әбдіғалиұлы: Бізге ұлттық арман керек

 

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің түлегі Берік Әбдіғалиұлын қалың жұртшылық өзіндік көзқарасы бар, ұстанымы нық саясаттанушы, қоғам қайраткері, іскер ұйымдастырушы, білікті де жаңашыл басшы, қайда жүрсе де өз ұлтының мүддесін қорғауды бірінші кезекті міндеті санайтын абзал азамат ретінде жақсы біледі. Қазір ол - Қостанай облысындағы Арқалық қаласының әкімі.

- Берік Әбдіғалиұлы, «Замана зиялылар зердесінде» айдарымен берілетін материалдарда негізінен ел дамуына, ұлт болашағына қатысты мәселелер төңірегінде әңгіме қозғалатынын, еліміздің өткені мен бүгіні сабақтасып, өріліп жататынын өзіңіз де байқап жүрген боларсыз. Аясы кең, айтары аз емес. Уақыт, қоғам, болашақ туралы, т.б. зиялыларымызды толғандыратын ойлар ортаға салынады. Міне, осы ретте бүгінгі әңгімені Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын халыққа Жолдауынан бастағанымыз жөн сияқты. Сіздің осы құжатты қолыңызға қалам алып отырып оқығаныңызға кү­мәнім жоқ. Жолдау туралы ойларыңызбен бөліссеңіз.

- Елбасының халыққа биылғы Жолдауын шын мәнінде кең ауқымды құжат ретінде қарастырғанымыз жөн. Егер бұған дейін еліміздің саяси-экономикалық бағыттарына басымдық берілсе, биылғы Жолдауда идеологиялық, қоғамдық, ұлттық мәселелер де кеңінен қамтылған. Әсіресе, зиялы қауымның қоғамдық көзқарас қалыптастырудағы рөлінің маңызды екені баса айтылған. Өкінішке орай, бүгінгі таңда зиялы қауым өкілдерінің ұлттық идеология қалыптастырудағы ықпалының төмен екенін мойындауымыз керек. Өзіндік ұстанымы бар, айтар ойын бүкпесіз білдіре алатын зиялылар елімізде саусақпен санарлықтай ғана. Солардың өздерінің арасында мүдде ортақтастығы, саяси күш-жігер бірлігі, елдік міндеттерді шешуге бір кісідей жұмылу ниеті байқалмай отыр.

Биылғы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі - ол ел өңірлерімен көрікті, әлеуетті деген ойды дәттейді. Қазір еліміздегі үлкен қалалар мен ауылдардың айырмашылығы жер мен көктей. Ірі қалалар мен өңірлерді салыстырғанда, әрине, диспропорцияның болуы заңды. Бірақ, Қазақстанда бұл диспропорцияның ара-жігі тым алшақ.

Жалпы, бүгінгі күні Елбасы алға қойып отырған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру үшін өңірлерге ұлт, тіл тағдырына жаны ашитын басшыларды тағайындаудың маңызы зор. Тіпті, жалғыз әкімдер ғана емес, мектептегі әр мұғалім өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі үлкен жауапкершілікті сезіне білсе, ұлтымыздың біртұтастығына нұқсан келмес еді. Қазіргі қоғамдағы ахуалды алып қарайтын болсақ, еліміздегі ұлттық бағыттағы идеологиялық жұмыс әлі әлсіз.

Әр нәрсенің артықшылығы да, кемшілігі де болады. Сондай дүниенің бірі - жаһандану. Кез келген ақпараттың қас-қағым сәтте таралуының, жоғарғы техно­логиялардың күн санап қарыштап дамуының адамзатқа тигізер пайдасын жоққа шығару әбестік болар. Десек те, кез келген ұлттың иммунитеті жоғары болмаса, оның этнографиялық ерекшеліктері осы жаһанданудың «жұтқыншағында» кетуі ғажап емес. Біздің тәуелсіз ел болғанымызға көп уақыт өте қойған жоқ. Кеселдей болған кеңестік идеологияның кесірінен қазақ ұлтының тілі, ділі, діні, мәдени мұрасы, рухани құндылықтары тұралап қалды. Әлі де бодандық санадан толықтай арыла қойған жоқпыз.

- Сіздің Арқалық қаласына әкім болып тағайындалғаныңызға бір жылдай уақыт болды. Әдетте, басшы ауысқанда халық кәдімгідей елеңдеп, тың серпіліс, соны бағыт, бір сөзбен айтқанда, жаңа келген адамнан елеулі өзгерістер күтеді. Оның үстіне сіз елге белгілі азаматсыз. Халық Ұлытауда, Жезқазғанда тындырған істеріңізден хабардар. Дегенмен, әнші Мәди «Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады» дегендей, кеңес заманында қайта-қайта «сүрініп», содан оңала алмай келе жатқан Арқалықтың жөні бөлек қой...

- Арқалыққа аттанар сәтте мұнда шаруа шаш етектен екенін білдім. Арқалыққа әкім болып тағайындалу мен үшін әрі сын, әрі абырой болды. Неге сын десеңіз, Арқалық талай қиындықты көрді. Тоқсаныншы жылдар тұсындағы дағдарыс қаланың көп зардап шегуіне әкеп соқтырды. Қаланың инфрақұрылымы әбден тозған, жылусыз, жарықсыз қалған тұтастай мөлтек аудандар ықшамдалып, сынып-қирағаны да баршаға мәлім. Содан болуы керек, бүгінде Арқалықтың атымен шошытатындар бар. Бірдеңе дұрыс болмаса, «екінші Арқалық» боласың деп, тозудың түбіне жеткен қала деген сарында сақтандыра сөйлейді. Алайда, Арқалықта адам шошитындай ештеңе де жоқ. Проблемасы аз болмаса да, рет-ретімен шешіліп келеді. Депрессиялық қала деп айтуға еш негіз жоқ.

Бүгінгі күні қаланың өзіндік құрылымы қалыптасып, бірте-бірте шаруасы оңалып келе жатқан жайы бар. Мұны Үкіметтің моноқалаларды дамыту бағдарламасының шапағаты деп түсінсек те болады. «Арқалық - Шұбаркөл» темір жол құрылысының да үмітін үкілеп отырған ел сенімін нығайта түскені сөзсіз.

Арқалықтың бір өзекті проблемасы - қираған апатты үйлер. Үкіметтің «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша жылына 500 миллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Соның 100 миллионы осы үйлерді бұзып тастауға бағытталып отыр. Биыл қала ішіндегі 160 қиранды ғимараттың 17-сін бұзбақпыз. Құдай қаласа, таяу уақытта барлығынан да құтыламыз.

Арқалық - сан қатпарлы тарихы бар Торғай өңірінің орталығы. Алаш алыптарын, атақты ақын-жазушыларды, батырлар мен даналарды дүниеге әкелген шежірелі өлкенің гүлденуіне үлес қосу - абырой деп отырғаным содан. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ахмет Бірімжанов сияқты Алаш қайраткерлерінен басқа да талай-талай есімі елге таныс тұлғалар - осы өңірдің перзенттері. Торғайдың тарихына зер сала қарасақ, көптеген тағдыр шешерлік тарихи оқиғалардың шиеленісі осы өңірде болғанына көз жеткіземіз. Торғай - ұлттық жігер, ұлттық намыс қалыптасқан орта десем жаңылыспаған болармын.

Одан қалды, мұнда Сақан Құсайынов, Еркін Әуелбеков, Оразбек Қуанышев, Өзбекәлі Жәнібеков, Мақтай Сағдиев, Қаратай Тұрысов сынды еліне елеулі еңбек сіңірген мемлекет қайраткерлері өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Осындай маңдайалды азаматтардың жасаған ісін жалғастыру - мен үшін үлкен мәртебе. Сондықтан, экономикалық-әлеуметтік ахуал бір бөлек, мұнда рухани мәселелерге көп көңіл бөлінуге тиіс.

- Елбасының жаңа Жолдауында әкімдерді сайлау туралы айтылды. Сіз осыған қалай қарайсыз? Бұл сұрақты қойып отырған себебім, есіңізде шығар, кезінде кеңшарлардың басшыларын сайлау қолға алынып, бір дүрліккен едік қой. Соның аяғы не болды. Әркім «көрпені» өзіне қарай тартып, ел арасы бүлінді. Ырду-дырду көбейді. Халық сайлады деген көптеген басшылардың басқару қабілеті төмен болып шықты. Тағы да соның кебін киіп жүрмейміз бе? Әкімдіктердің басшылығына шын мәнінде іскер, талапшыл, жаңаша ойлайтын адамдар келуі үшін қандай тетіктерді іске қосқанымыз жөн?

- Жалпы, өңірлердегі жағдай көбіне билік тізгінін ұстаған басшыларға байланысты екені белгілі. Әкімдік жұмысында адами фактор маңызды рөл атқарады. Ниетің болса, мүмкіндік табу қиын емес. Сол себептен, әкімдерді сайлау реформасын халықпен мүдделес басшы билікке келуінің демократиялық тетігі ретінде қабылдағанымыз жөн. Әкімдерді сайлау жөнінде аз пікір айтылып жатқан жоқ. Меніңше, ауыл әкімдерінен кейін аудан әкімдерін де сайлаған дұрыс. Себебі, ауылдың жағдайы аудан әкімдеріне тікелей байланысты.

Десек те, бүгін енгізіліп жатқан сайлау реформасының бұрынғы жүйеден айырмашылығы шамалы. Үміткерлер белгілі бір критерийлер бойынша іріктелуі - қажеттілік. Оның басқару қабілеті де, тәжірибесі де қызметіне лайықты деңгейде болғаны жөн. Кездейсоқ адам басшылықта болмаса ғана сайлаудан ұтарымыз көп болады. Екіншіден, халық тек тұлғаға емес, оның сайлауалды бағдарламасына да сүйене отырып дауыс бергені құба-құп болар еді. Бұрынғы жұмыс істеп жүрген әкімдер қайта сайланып, ешқандай өзгеріс болмаса, оның ақыр аяғы халықты алдағандық болып шығады.

Ауыл әкімдерінің қолында мүмкіндік жоқ деуіміз дұрыс емес. Біріншіден, ауыл әкімінің өзінен табандылық қажет. Себебі, ауданның қаражаты - ауылдың да қаражаты. Халықтың аманатын, оның мұң-мұқтажын аудан, облыс басшыларына жеткізіп, ауылдың дамуына тиісті қаражат бөлінуін ұйымдастыра білуі тиіс. Іскер, талапшыл, жаңаша ойлайтын әкімдер елімізде ауадай қажет.

Біз өткеннен сабақ алуға тиістіміз. Сіз айтып отырған кешегі жағдайды қайталамау үшін ауыл әкімдерін сайлауды бірнеше сатылы жүргізген тиімді ме деймін. Ауыл қарияларынан, зиялы қауымынан, белсенді азаматтарынан арнайы алқа құрып, солардың ортақ шешімімен үміткерлер ұсынылса, ол үміткерлерді аудан басшысы мақұлдап, мәслихатқа жолдаса, сайлаудың тиімділігі арта түсетін сияқты. Өзім осындай тәжірибені Арқалықта енгізбек ойдамын. Тағы бір айтпағым - егер әкімнің қолынан түк келмесе, оны алып тастап, мерзімінен тыс сайлау жүргізуге құқықтық негіз қажет. Ол үшін сайлау алқасы әкімнің жұмысын қоғамдық бақылауға алып, әр ісін таразылап отыруы керек.

- Берік Әбдіғалиұлы, қалай десек те, көптеген мәселелердің ойдағыдай шешілуі әкімдерге байланысты. Билік те, қаржы да солардың қолында. Ешкімге жалынатын емес. Ниет болса, қолда бар мүмкіндіктерге сүйене отырып, көп мәселелерді шешуге болады. Оны өзіңіз де дәлелдеп жүрсіз. Ұлытау ауданына әкім болып тағайындалғаннан кейін Жезді ауылының орталығында мызғымай тұрған «күн көсемнің» қола мүсінін жұлып тастап, орнына Кенесары ханның ескерткішін орнаттырдыңыз. Сол сияқты, аудандағы мектептерге хандардың аттарын бергеніңізден де хабарымыз бар. Бұл нені білдіреді? Тарихқа деген құрметіңіз бе, әлде...

- Бұл тарихқа да құрмет, ұрпақ тәрбиелеудің де бір жолы. Өткенімізді жаңғыртып, рухани, мәдени құндылықтарымызды қастерлей алмасақ, ұлтымыздың болашағы бұлыңғыр болары сөзсіз.

Біз әлі күнге дейін тарихтың рөлін толыққанды түсінбей келеміз. Тарих - ұлт діңгегі, арқа сүйер тірегі. Алаш баласы Азаттық үшін сан ғасыр шайқасқан, тартысқан, жұлысқан. Ұлттық жігер мен отаншылдық рух тарихқа тағзым етуден басталады. Бүгін қазаққа ұлттық арман-мұратың не деген сұрақ қойсаң, ойланып қалады. Бізге ұлттық арман керек. Бәсекеге қабілетті болу үшін талпыну керек, намыстану керек. Қазіргі таңда қазақ қоғамының психологиясында бір қарама-қайшылық бар. Бір жағынан, жалған мақтаншақтық белең алса, екіншіден, өз-өзін кемсітушілік, өз күшіне сенбеушілік те бар. Осы бір парадоксты құбылыстың себеп-салдарын талдайтын ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген жөн сияқты.

Елді мекен, көше, мектептерге аты аңызға айналған батырлардан, қазақ хандарынан бастап Алаш үкіметінің мүшелеріне дейін қаншама тұлғалардың есімдерін беруге болады. Мысалы, мектепаралық түрлі дода-байқауларда балалар осындай тарихи тұлғалардың есімдерін ұрандатып шықса қандай жарасымды. Бұл есімдердің ұлттық рухты, сана-сезімді оятып, бір серпіліс беретін қасиеті де балаларға оң ықпалын тигізеді.

Бір мысал келтірейін, Жезқазғанда жүргенде мектепке Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің есімін берген болатынбыз. Біраз уақыттан соң сол мектепке қайта барып, аралаудың сәті түсті. Оқушылар Қайраттың өлеңдерін жатқа айтып жатыр екен. Мектептің ішінде суретін, желтоқсан оқиғасына қатысты деректерді іліп қойыпты. Осының бәрі өскелең өрендерді патриоттыққа үндеп, Отанын, ұлтын қадірлеуге тәрбиелеп жатқанын көріп қуандым.

- Өткен ғасырдың басындағы аласапыранда халқымыз небір асыл ұлдарынан айырылып қалғанын еске алғанда өзегіміз отқа оранады. Оларды ақтап алу, халқына қайтару оңай болған жоқ. Қазір тәубе, тәуелсіз елміз, ешкімге жалтақтамаймыз, жоғалтқанымызды түгендеп жатқан жайымыз бар. Сіз қалай ойлайсыз, біз сол қазақ еркіндігін армандап, көре алмай кеткен, «ұлт» үшін басын бәйгеге тіккен асылдарымызды елге, халқына сіңірген еңбегіне қарай құрметтеп отырмыз ба?

- Әлі де әділетті бағасын ала алмай келе жатқан тұлғалар, әрине, бар. Алаш қозғалысын айтар болсақ, ең алдымен Ахмет Байтұрсыновты, Әлихан Бөкейхановты, Міржақып Дулатовты, Мағжан Жұмабаевты атайтынымыз рас. Бірақ, осы арыстармен бірге мұраттас, мүдделес болған бірсыпыра Алаш қозғалысының қайраткерлерін, әр өңірде Алаш комитеттерін басқарған ұлтжанды азаматтарды халық тани қоймайтыны шындық. Азаттық үшін арпалысқан осындай азаматтардың өмірбаяны, олардың атқарған істері әлі күнге дейін толық зерттеліп, елге жеткізілмей келеді. Алаштан басқа, ашаршылық жылдары қолына қару алып, қазаққа қастық еткендерге қарсы көтеріліске шыққан кейбір азаматтар әлі күнге ақталған жоқ. Созақ, осы өңірдегі Батпаққара көтерілісі, Маңғыстаудағы, Ақсудағы, Абыралыдағы халық көтерілістерінің көшбасшыларын әлі күнге дейін білмейтініміз тағы шындық.

Жоғарыда айтқанымдай, қазекең әлі де сол рушылдықтан аса алмай жүр. Рубасыларға, әулет басшыларының құрметіне ескерткіш, мазар саламыз. Ол дұ­рыс та шығар. Бірақ, қазақ мемлекеттігінің іргетасын қалаған, алты Алаштың басын қосқан ірі тұлғаларға лайықты құрмет көрсетілмей келеді. Мысалы, Керей - қазақтың тұңғыш ханы, орны бөлек, саяси ұлт басшысы, ал Жәнібек - қазақ тарихындағы айрықша тұлға, соңғы бүкіл қазақ хандары осы Жәнібектің ұрпақтары. Құдайға шүкір, Астанада ескерткіш тұрғызылды, дегенменде орталық емес бір көшеге екеуінің аты берілді. Екеуіне екі бөлек көшені қимадық.

Шынайы ұлттық ауқымдағы іс-шаралар облыс не аудан басшысының қалауымен емес, мемлекеттің бекітуімен, тікелей нұсқауымен жүргізілуі керек деген ойдамын. Сондықтан, Үкімет тарапынан бір концепция қабылданып, осындай тағылымы мол шаралар жүргізілсе нұр үстіне нұр болар еді.

 

- Сізбен әңгімелесіп отырып мемлекеттік тілді дамыту мәселесін орап өте алмаймыз. Ертеректе берген бір сұхбатыңызда «Қазақ тілінің мәселесі қа­ражатқа, оқулыққа, әдістемеге, маманға емес, саясатқа тіреліп тұр», одан кейін бөлініп жатқан қаржы өз мақсатына жұмсалмайды деген сияқты пікірлер айтқан едіңіз. Елбасының жаңа Жолдауында көңілге үміт ұялататын тұстар бар сияқты. Әйтеуір, халық қуанып жатыр. Сіз Жолдауда тілдерді дамытуға байланысты жасалған тұжырымдардан қандай ой түйдіңіз?

- Елбасының Жолдауында жыл сайын қазақ тілінің мәртебесін көтеру жайында аз айтылып жатқан жоқ. Осы тапсырмалар қалай жүзеге асырылуда, мәселе осында.

Өкінішке орай, қазір қазақ тілі мәселесі ұранға айналып кеткен сияқты. Айтылуы айтылады, бірақ, нақты бір нәтижесі көрінбей келеді. Елбасының тапсырмаларын орындау үшін табандылық, құлшыныс байқалмайды. Қазақ тілінің тағдыры баршамызға ортақ, әрқайсымыз атсалысуға тиістіміз. «Қазақпен қазақ қазақша сөйлесуі керек» десек те, әлі де бүгінгі мемлекеттік тілдің қолданыс аясы көңіл көншітпейді. «Қазақ елінің болашағы - қазақ тілінде» десек те, оның ана тілімізден алшақтап бара жатқан қазақтарымызға ықпалы күшті болып тұрған жоқ.

Болашақта мемлекет иесі - қазақтар қазақша сөйлейтінін қалайтын болсақ, біз бүгіннен бастап балабақшаларда және мектепте қосалқы пәндерді мемлекеттік тілге көшіруіміз қажет. Орыс тілді мектептеріндегі еңбек, ән, дене- шынықтыру, алғашқы әскери дайындық сияқты пәндерді толық мемлекеттік тілде жүргізетін мезгіл жетті. Бұл ұсынысты мен Жезқазғанда жүргенде бастаған болатынмын. Арқалықта да қолға алып жатырмын.

- Өзім сұхбаттасып жүрген азаматтардың бәріне қоятын бір сауалым бар. Ол бүгінгі ауыл тіршілігіне қатысты. Біреулердің ауылдың, әсіресе, қазақ ауылдарының жүдегеніне, тұрғындардың ежелгі мекендерін тастап көшіп жатқандарына қабырғалары қайыспайтын сияқты. Өз басым осыған қарсымын. Ауыл оңалмай, қазақ оңбайды. Біз ауылдың қадір-қасиетін, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін төмендетіп жіберген сияқтымыз. Сіз қалай ойлайсыз? Әсіресе, шалғайдағы шағын ауылдардың жағдайы нашар. Олардың болашағы қалай болар екен?

- Мен сізбен толық келісемін. Ауыл - қазақ мәдениетінің, салт-дәстүрінің ажы­рамас бөлігі. Ауылдың амандығын ойламау өз тамырыңа балта шапқанмен пара-пар. Ауылдың жүдеп-жадап бара жатқанының бір себебі - ондағы жағдайдың төмендігі. Жағдайдың төмендігі ауыз су тапшылығына, жылу, кәріздік жүйелердің жоқтығына, ойқы-шойқы жолдардың жарамсыздығына, білімнің сапасыздығына келіп тірелетіні баршаға аян. Әрине, бүгінгі таңда Үкімет тарапынан қолдау көрсетілмей жатқан жоқ. Ауылдарды ұстап тұрған - ауыл шаруашылығы саласына мемлекет біршама субсидия бөліп жатыр. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мал басын асылдандыруға, көбейтуге жеңілдетілген несиелер берілуде. Әйтсе де, ауылдардан көшу үрдісін тоқтату оңай болмай тұр.

Ауылға бүгін керегі - тұрмыстық деңгейді көтеру. Алдымызға бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енеміз деген меже белгілеп қойдық. Егер ауылдарда қарапайым коммуналдық игіліктер болмаса, біз қалайша жарты әлемді озып жеңбекпіз? Мысалы, Германияда ХІХ ғасырдың өзінде барлық елді мекендерде кәріздік жүйе орнатылған болатын. Ал біздің ауылдарда бұл әлі күнге дейін арман болып келеді.

Екіншіден, ауылдың мәдени-рухани өмірін жандандыруға көмектесу керек. Мешіт, мәдени клубтар, кітапханалармен шектелмей, тіпті, сол ауылдың тарихынан сыр шертетін мұражайлар да ашу керек.

Ауылды аман сақтап қалу ауылдағы ағайынға да байланысты. Егер еңбекке білек сыбана кірісуге дайын азаматтар көп болса, ауылдың да жағдайы бірте-бірте оңалары сөзсіз.

- Еліміздің тәуелсіздік алып, дербес мемлекет ретінде дами бастағанына 21 жыл толды. Осы уақыт ішінде атқарылған істер шын мәнінде ұшан-теңіз. Ал осы жылдар ел иесі, жер иесі - қазақтың санасына қандай өзгерістер әкелді деп ойлайсыз? Қазақ қалыптасқан жағдайды, жаһандану талаптарын дұрыс бағалап, уақыт талабына ілесе алып отыр ма? Біреулер қазақ жұртының етек-жеңін жинап, өзіне-өзі келуі ұзаққа созылып бара жатқанына алаңдайды. Қазақтың ұлт болып тұтасуына көңілі толмайтындар да бар. Жалпы, біз ортақ ұлттық құндылықтарымызды таптық па? Бүгінгі таңда қазаққа бәрінен де не жетпей тұр деп ойлайсыз?

- Сіздің бұл сұрағыңыз - бір ғылыми институт айналысатын терең тақырып. Тәуелсіздік алған шақтан бастап күні бүгінге дейінгі қазақ қоғамындағы құбылыстарды ғылыми негізде зерттеп, қазақ ұлтының даму стратегиясын бекіту қажет деп ойлаймын.

Әзірше біз ортақ құндылықтарымызды таптық деп тап басып айта алмаймыз. Неге десеңіз, қазаққа бірлік жетіспейтін сияқты. Былайша айтқанда, қазір елімізде әртүрлі топтар көп. Бірінің екіншісінде шаруасы жоқ әрі өз тобының құндылығын өзге топтың көзқарасынан жоғары қояды. Діни наным-сенімі бойынша жік-жікке бөлініп жатқандар да аз болып тұрған жоқ. Соңғы уақытта елімізде белең алған түрлі діни ағымдар ұлттық идеологияның әлсіздігінен кең таралып жатыр. Біз өзіміздікінен өзгенікін жоғары қоямыз, бұл ақыр аяғы жақсылыққа апармайтыны анық.

Бүгінгі таңда ғылым мен білім саласына миллиардтаған қаражат құйылуда. Ал бұл бағытта жұмыс атқарылып жатыр ма? Ол жұмысқа көңіл тола ма? Жалаң ұрандарға берілмей, бір стратегиялық құжат бекітіп, сол бойынша тарих ақтаңдақтарын ашуға, ұрпақ тәрбиесі мәселесіне жете мән берілуі керек. Қазірде қазаққа керегі - ауызбіршілік, ортақ мүдде. Мемлекеттік, ұлттық, отандық құндылықтарға негізделген идеологиялық тұғырнама болса, іргесі берік, мемлекеттігі бекем ел боларымызда дау жоқ.

- «Менің пірім Сүйінбай» демекші, әркімнің де үлгі тұтар тұлғалары болатыны анық. Сізді өмір жолында өз өнегесімен демеген осындай тұлғалар бар ма?

- Өзіме пір тұтқан, үлгі санаған тұлғалардың бірі деп қазақтың жарық жұлдызы Шоқан Уәлихановты айтар едім. Азғантай ғұмырында қазақтың білім мен ғылым көкжиегінде жарқ етіп өткен жұлдыздың кейінгіге мұра етіп қалдырған еңбектері ересен. Тарихқа деген қызығушылығымды еселей түсірген қазақ кемеңгерінің бейнесін әрдайым парасаттылық пен патриоттықтың нышаны ретінде өз жадымда сақтап жүремін.

Өмір ағымымен әрі қарай жоғарғы оқу орнына түскенімде де өзіме бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп, жөн сілтеген бірқатар азаматтарды да айтпай кетуге болмайды. Жаңаша ойлауға, либералдық көзқарастың қалыптасуына, көшпенділер өркениетін, тұрмыс-салтын, шаруашылығын зерттеуге ықпал еткен белгілі ғалым Нұрболат Масановтың есімін ерекше атағым келеді. Ағамызбен пікірлесетін, сырласатын, айтысатын сәттеріміз аз болған жоқ. Нәтижесінде менің саясатқа деген көзқарасым, жалпы азаматтық ұстанымым қалыптасты.

Кейін оқуды бітіріп, Президент жанындағы Стратегиялық зерттеу институтына қызметке орналасқанымда институт директоры Өмірсерік Қасеновтен алған тәлім-тәрбие де зор болды. Халықаралық қатынас, геосаяси жағдайларға қатысты көптеген нәрселерді ұғындырып, бірқатар халықаралық ғылыми конференцияларға жолдама беруі ой-өрісімнің кеңеюіне сеп тигізді. Одан кейін үлкен саясатқа араласуыма Алтынбек Сәрсенбайұлының ықпалы да болды.

Әкімдік қызметке мен 29 жасымда келіппін. Басқару тізгінін алғаш ұстағанымда халықпен жұмыс жасауды, ел сенімін ақтай білуді үйреткен - қазіргі Үкімет басшысы Серік Ахметов. Ол тұста, білесіздер, Серік Нығметұлы Теміртау қаласының әкімдігін басқарды. Сонда әкімнің орынбасары болып тағайындалғанымда әкімдік жұмысындағы жауапкершілікті алғаш сезінген едім.  Елбасының Теміртаудан келе жатқан төл шәкірті Серік Нығметұлы кез келген істе «халыққа жаның ашуы керек» деген ұстанымын алға тартып отыратын. Шын мәнінде, өз халқына әкімдердің жаны ашымаса, олардың жағдайын дұрыстауға ниеті болмаса ондай әкімнен не пайда?

- Халық арасында «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бар, өткен уақытта сіз халыққа қаншалықты жақындай алдыңыз?

- Жұмыс бабымен де, жұмыстан тыс уақытта да қарапайым халықпен жүздесуден ешқашан тартынған адам емеспін. Бір жағынан осындай ашықтықтың нәтижесінде болар, жеке электрондық поштама, әкім блогына, ғаламтордағы әлеуметтік желілерде халық тарапынан көп хаттар келеді.

Әсіресе, Жезқазған қаласының тұрғындарынан келіп жатқан тілектер көп. Олардың барлығын өзім жинап отырамын. Бұл жай ғана ермек емес, жұмысымның қаншалықты нәтижелі болғанын айғақтайтын көрсеткіш десем артық айтпаған болармын. Екіншіден, халықтың алғысы жұмысыңа тың серпін беріп, жаңа жобаларға, халыққа оңтайлы жағдайлар туғызуға, тұрмысын жақсартуға жігерлендіреді.

Арқалық қаласына келгеніме бір жылға толмас уақыт болса да, мұнда да айтары бар ағайын жетерлік. Осында келгенімде әкімнің жеке қабылдауын ашық форматқа ауыстырып, жергілікті мекеме басшыларының, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткізуге көштік. Әкімнен әділдік іздеп келетін халықтың мұң-мұқтажы аз емес. Өкінішке орай, барлығының мәселесін шешіп беруге мүмкіндік шектеулі. Десек те, әкімнің қолынан көп нәрсе келеді. Белгілі бір түйінді тікелей шешіп бере алмасақ та, жергілікті азаматтардың көмегімен, басқа да жолдармен жәрдемдесуге мүмкіндік бар. Тек халықпен жақын болуға, халықтың халін дұрыстауға ниетің болса болғаны.

- Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Егемен Қазақстан»

0 пікір