Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 2801 11 пікір 17 Қаңтар, 2023 сағат 15:46

Украинаға қанша көмек көрсетілді?

«Батыс айтқан қаруын неге тез жеткізбейді», «Қару бердік дейді, қайда сол қарулары», «Беретін болса тез-тез бермей ме», «Ауызбен қару береміз деп айтып, бермей жүр ғой» деген пікірлер көп. Әдетте мұндай пікірлер Ресей Украинаға зымыран соққысын жасағанда немесе қандай да бір бағытта шабуылға шыққанда айтылады. «Батыстың қаруы келемін дегенше, Украина қырылып бітетін болды» деген репликамен жалғасын тауып жатады.

Сонымен осы уақытқа дейін Украинаға қанша көмек көрсетілді? Bloomberg берілген қарулар санын шамамен былай деп көрсетеді:

410 танк беріліпті, оның барлығы дерлік кеңестік және ресейлік танктер. Оларды көбіне Польша, Чехия, Словения берген. Өзге де елдер бар.

300 дана бронды техника бар, оның ішінде 250 БМП. Басым көпшілігі кеңестік типтер.

1100 дана жеңіл бронды техника. Оның ішінде 300 дана М113 мен 250 дана М117 бар. Қалғаны өзге типтер.

Жаяу әскерге арналған жеңіл бронды әскери көліктер саны 1540 дана, оның ішінде 1250 дана HMMWV бар.

300 сүйретілмелі гаубица берілген. Оның ішінде 210 дана 155-ммтрлік M777 пен 72 дана 105-ммтрлік зеңбіректер бар.

400 дана өзі жүретін артиллериялық қондырғылар бар (САУ).

38 дана HIMARS пен 40 дана 122-ммтрлік зымыран кешенін де ұмытпаңыз.

18 дана Су-25, 31 дана тікұшақ берілген. Барлығы кеңестік қарулар. Соғыс басталғалы Украина 30 дана Bayraktar мен бірнеше жүз барлаушы және камикадзе дроны саналатын Switchblade алған.

37 дана неміс қару өндірісінің мақтанышы саналатын Gepard зениттік техникасын алған.

NASAMS-тар келіп жетті. Енді жақын аралықта Patriot келмекші.

Бұл кесек-кесек етіп айтатын қару түрлері ғой. Бұдан бөлек мыңдаған Джавелин, Стингер, жүздеген мың граната мен сан түрлі атыс қаруы, миллиондаған оқ пен миллиондаған снарядты қосыңыз. Бұның барлы көмек емес пе? Көмек!

Осыны біле отыра, көре отыра «Батыс қаруды тек ауызша беруде» деп айту білместік болар. Ал енді «неге тез бермейдіге» келейік.

Біріншіден, қару ол қорғаныс саласы. Ал қорғаныс ол мемлекеттің өмір сүруінің басты кепілі. Қоймаңдағы қаруды алып, екінші елге жеткізу сәтінде сен бос қалған қоймаңды немен толтыруды ойластырып қоюың керек. Сондықтан Батыс елдері Украинаға қару беретінін жариялаудан кейін, бірнеше маңызды, тез арада шешімін табуы тиіс мәселелермен зыр жүгіріп жүреді. Ол өзіне қажетті жаңа қаруды кімнен сатып алады, Украинаға беретін қаруды модернизациялау сынды мәселелер. Бұл біршама уақытты алатын дүние.

Екіншіден, Украина соғысы өте қарқынды, интенсивті. Күнделікті ұрыста оқ-дәрі өте көп қолданылып жатыр және бұл Батыс қоймаларындағы снаряд, зымыран қорын тауысуға жақын қалды. Сондықтан қаруды жеткізген сәтте де бұл мәселені ескереді. Зымырансыз HIMARS ол құр темір, снарядсыз артиллерия құр терсек. Үйіп-төгіп қару берсе де, оны толық оқ-дәрімен қамтамасыз ете ала ма? Бұл жағын сарапшылар ескереді. Қазір бұл мәселені шешу үшін оқ-дәрі шығаруды еселеп арттыру жұмыстары қолға алынуда. Бұл мәселе шешілсе, онда беретін қару санын да арттыруға болады.

Үшіншіден, қару беру бір бөлек, оны игеру бір бөлек. Мысалы Батыстық ұшақтарды кемі бір жыл үйрену керек, кей ПВО түрлері де дәл солай. Сондықтан берілген қару бірден ұрыс даласына жеткізілмей, алдымен оны атып үйрену үшін украин сарбаздары оқытылады. Кеңестік қарумен үйренген әскер Батыстық технологияны игеруі керек. Оған да уақыт керек.

Төртіншіден, Батыс берген қаруды жөндеу бар, оны баптау бар дегендей. Ұрыс өте қарқынды болғандықтан көбіне артиллерия ұңғысы істен шығып жатады. Оны Украинада емес, көп жағдайда Балтық елдерінде жөндейді. Бұл да ескеретін дүние.

Қорыта айтқанда қару беріліп жатыр. Иә, бұдан да көп болғаны жақсы еді. Дей-тұра осы да жаман емес...

Асхат Қасенғали

Abai.kz

11 пікір