Жұма, 29 Наурыз 2024
Анық 3473 4 пікір 17 Қаңтар, 2023 сағат 15:42

Еңбекшіқазақ ауданы қалай көп этносты болды?

Еңбекшіқазақ ауданында ардагерлердің үлкен бас қосуы өтті. Аудан әкімі Алтай Досымбаев жиналған екі жүзден астам адам алдында жұртқа ізгі лебізін білдіріп, өткен жылдың жетістіктерін тілге тиек етіп, ауданның алда тұрған міндеттерін әңгімелеп берді. Оған тоқталмаймын. Мені басқа тақырып қызықтырады.  

Ауданда бүгінгі таңда 350 мыңнан астам адам тұрады. Мұның қаншалықты үлкендігін мынадан аңғаруға болады. Маңғыстау облысында 700 мың адам тұрса бұл соның тап жартысы деген сөз. Алматы облысының Балқаш ауданында 32 мың халық тұрады екен. Ал Еңбекшіқазақ ауданындағы тек ардагерлердің саны тап сондай, 32 мың!

Ауданда қазақтан басқа 40-тан астам ұлттың өкілдері тұрады. Солардың тату-тәтті тіршілігінің сыры неде? Достықтың бастауы қайда жатыр?

1850 жылы бұл өңірде қазақтардан басқа ешкім тұрмайтын. Одан ілкіде жүз елу жылдай уақытқа созылған жоңғар шапқыншылығы кезінде тек қазақ қолы ғана ешкімнің көмегінсіз атамекенді жаудан тазартқан.  Бұл өңірдің тарихы Алматы, Талғар қалаларымен тығыз байланысты.

1854 жылы Қапалдан шығып, Түрген өзенін бойлап Есіктіге, одан Алматыға жеткен майор Премышльскийдің  отрядында 470 орыс болыпты. Олар Алатаудың етегінде, үш Алматы сағасында бекініс салар алдында жоғары жаққа «егіншілік алқаптары мен арықтары көп Дулаттардың жері енді біздің еншімізге тиді» деп рапорт жазыпты. Шынымен де Алматы, Талғар, Есікті өңірі ол шақта Дулаттың Жаныстарының мекені болатын.

Алматы  қонысы ол кезде қазіргі «Горный гигант» мекенінің орнына  екен. Ол кезде Алматыны Жаныс Жанақ би деген кісі басқарған. Казак-орыстар мен жергілікті қазақтардың арасында он жылға жуық қақтығыстар орын алып жатты. Басшылыққа полковник Герасим Алексеевич Колпаковский келген соң ғана мұндай қақтығыстар бәсеңсіді. Ол осы өңірді мекендейтін Жаныс, Ботбай, Шапырашты, Ысты, Қаңлы, Сарыүйсін, Албан тайпаларының билерін шақырып, сый-сияпат жасап, достық байланыс орнатыпты. Кейін ақ патшаның жарлығымен Алматы – Верный аталып, Талғар –Софийск, Есікті –Надеждинск деп аталып отарлау саясаты күшіне кірген.

Орыстардан кейін бұл өңірге алдымен келген – татарлар. 1857 жылы Семейден 200 түтін татар отбасы көшіп келеді. Оларға Қазына бағының (казенный сад) шығыс жағынан жер беріледі. Ол жер әлі күнге Алматыда Татарка (татарская слабодка) деп аталады. Олардың бірқатары Есіктіге көшіп келеді.

1881 жылы Қытай мен Ресей арасында Петербург келісімі жасалған соң орыс әскері басып алып он жыл билеген Шынжаң (Шарқи Түркістан) өлкесі Қытайға қайтарылады. Соның алдында Цин империясына қарсы көтеріліске шыққан тараншы (ол кезде ұйғырлар солай аталған) және дұнғандардың (мұсылман дінін қабылдаған қытайлар) бір бөлігі жазалаудан қорқып Жетісу жеріне қоныс аударуға рұқсат сұрайды. Ол кезде генерал-губернатор атағын алған  Г.А.Клопаковский  рұқсат береді.

Сөйтіп  1881-1884 жылдар арасында 9572 отбасы (45373 жан) ұйғыр,  Бый Янь Ху бастаған 1147 отбасы (4682 жан) дұңған Жетісу жеріне көшіп келеді. Олар қазіргі Жәркенд жеріне (Жәркент болысы), Ұйғыр ауданына (Кетмен және Ақсу-Шарын болыстары), Еңбекшіқазақ ауданының Шелек өңіріне (Малыбай болысы), Алматы түбіне Сұлтан-қорған (Қарасу болысы) қоныстандырылады.

Дұңғандардың бір бөлігі қырғыз жеріне, бір бөлігі Қордай маңына, бір бөлігі Шелек өңірінде Бабатоған деген жерге тұрақтап, көкөніс өсірумен айналысыпты. Милянфан аталған ауыл әлі күнге дейін бар.

Столыпин реакциясы кезінде  (1906-1910жж) бүкіл қазақ жеріне, оның ішінде Еңбекшіқазақ ауданы аумағына украиндармен қоса қарашекпенділер қаптады.

Кеңес өкіметі орнаған кейінгі жылдарда армян, еврей сияқты түрлі ұлттардың өкілдері бірен-сарандап келіп жатты. 1937 жылы қыркүйекте Совнаркомның қаулысымен Қиыр Шығыстан 173 мың кәріс Өзбекстан мен Қазақстанға жер аударылды. Барған жерінде күріш өсірумен айналысты. Сол кәрістердің бірқатары кейін Еңбекшіқазақ ауданынан тұрақ тапты.

1940 жылы 10-сәуірдегі арнайы қаулы бойынша шекараға жақын тұрған  Батыс Украина мен Белоруссиядан  60 мыңнан астам поляк Қазақстанға жер аударылды. Сөйтіп поляктар Еңбекшіқазақ ауданында да пайда болды.

1941 жылы 28-тамызда шығарылған «Немістерді жер аудару туралы» қаулыға сәйкес  Еділ жағалауын мекендейтін 480 мың неміс Қазақстан мен Сібірге жер аударылды. Олардың шағын бір бөлігі Еңбекшіқазақ ауданының колхоздарына таратылып қоныстандырылды.

1944 жылы Сталиннің тапсырмасымен Гүржістаннан ақыска-түріктері, Кавказдан чешендер мен әзірбайжандар, күрдтер Қазақстанға жер аударылды.

Жергілікті қазақ халқы тағдыр айдап келген сол ұлт өкілдерінің бәрін кең құшағына алды,  кеудесінен итерген жоқ, қамқорлық жасады. Өздерінің қиын жағдайда екендігіне қарамастан қолынан келгенше көмек жасады, бір тілім нанын бөліп жесті. Шынайы достықтың бастауы – қазақ халқының достық пейілі, қазақ халқының сабыры, төзімділігі, толеранттылығы!

Міне, осылай Еңбекшіқазақ ауданы көп этносты ауданға айналды. Қазір аудан халқының 60 пайызын қазақтар, 18 пайызын ұйғырлар, 13 пайызын орыстар, 5 пайызын түріктер, 3 пайыздайын  әзірбайжандар мен күрдтер құрайды. Бәрі ортақ Отаны үшін, ортақ Қазақстаны үшін еңбек етіп жүр. Көпшілігі мемлекеттік тілде, қазақ тілінде сайрап тұр. Біз олардың құрметін жоғары бағалаймыз.

Бізге, қазақ халқы үшін сондықтан әрбір ұйғыр, әрбір түрік, әрбір кәріс, әрбір украин, әрбір әзірбайжан, әрбір күрд қымбат! «Жаңа Қазақстан» – біздің ортақ мақсатымыз! Біз ортақ игіліктерді бірге жасаймыз!  Біз – біргеміз!

Марат Бәйділдәұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2269
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3582