Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Айбын 2283 4 пікір 17 Қаңтар, 2023 сағат 14:30

Түріктің қару саудасы. Бағы жанған «Байрактар»

Түркия әлемдік қару экспорттаушылар тобына енді. 2022 жылы түрік қаруының экспорты 4 миллиард доллардан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 36 пайызға жуық өскенді білдіреді. Түрік қару экспортының 98 пайызы аңызға айналған «Байрактар» ұшқышсыз ұшақтарының сатылымынан болған.  

Түрік саясаттанушысы Ирфан Кая Өлгер «haqqin.az» басылымына берген сұхбатында Анкараның әскери-өнеркәсіп кешенінің жауынгерлік ұшқышсыз ұшақтар мен басқа да қару-жарақтардың өндірісін экспоненциалды түрде арттыруға мүмкіндігі бар екенін айтыпты.

«Түрік әскери-өнеркәсіп кешенінің дамуы Түрік қарулы күштерінің 1974 жылы Кипрдегі операциясынан кейін басталды», - деп есептейді Өлгер. – Бұған дейін Түрік әскеріне қажетті барлық қару-жарақ АҚШ пен Еуропа елдерінен сатып алынған. Кипрдегі операциядан кейін Батыс елдері Анкараны «агрессия жасады» деп айыптап, қару-жарақ эмбаргосын енгізді. Осылайша Түркияның ұлттық әскери өнеркәсібінің пайда болуына және дамуына негіз болды. Дәл осы кезеңде ASELSAN, ROKETSAN және басқалары сияқты флагмандық компаниялар құрылды», - дейді.

Саясаттанушының пікірінше, Түрік әскери-өнеркәсіп кешенінің дамуындағы шешуші сәт Екінші Қарабақ соғысында «Байрактар» ұшқышсыз ұшақтарын пайдалану болды.

«Бір жағынан Анкара бауырлас Әзірбайжанға күшті қолдау көрсетсе, екінші жағынан өзінің әскери технологиясын ұрыс жағдайында сынап, бүкіл әлемге паш етті. Түркия соңғы уақытқа дейін НАТО блогынан ұшқышсыз ұшақтарды сатып алуда белгілі бір қиындықтарды бастан кешіріп келді.

Бұл ұшқышсыз ұшақтар Анкараға не көптеген алғышарттар түзіліп барып қана жеткізілді, не мүлде жеткізілмеді. Қазір жағдай күрт өзгеріп, Түркия жауынгерлік және барлау ұшқышсыз ұшақтарын жеткізуші әлемдегі жетекші елдердің біріне айналды. «Байрактардың» негізгі сатып алушылары Балқан түбегі елдері, Судан, Ливия және т.б», - дейді Өлгер мырза.

Саясаттанушының айтуынша, Түрік ұшқышсыз ұшу аппараттарының әлемдік қару-жарақ нарығындағы жетістігі Түркия Республикасының әскери-өнеркәсіп кешенінің басқа да салаларын дамытуда катализатор рөлін атқарды.

«Мысалы, MILGEM жобасы аясында TCG Стамбул жаңа жауынгерлік корветі, Türk Havacılık ve Uzay Sanayii AŞ бесінші буын ұлттық жауынгерін жасады. Нурол Макина Еуропа және Азия нарықтарында Ejder Yalçın бронетранспортерлерін сәтті сатады», - дейді саясаттанушы.

Ирфан Кая Өлгер Түркия соңғы жылдары өзінің әскери-өнеркәсіп кешенінің беделін айтарлықтай арттыра алғанын және бұл елдің сыртқы саяси имиджіне оң әсер еткенін айтқан.

«Қару экспортына келетін болсақ, Түркия бұл салада мүлдем тәуелсіз саясат жүргізіп отыр. Түркияның Ресеймен қарым-қатынасы қалыпты, дегенмен Анкара Қырымды оккупациялауды мойындамайды және Украина армиясын жауынгерлік ұшқышсыз ұшақтармен қамтамасыз етеді.

Сонымен бірге Түркия Солтүстік Атлантикалық келісімнің маңызды бөлігі болып қала береді. Бұл Анкараның НАТО қауіпсіздігіне қауіп төндіретін елдерге ешбір жағдайда қару сатпайтынын анық білдіреді», - дейді.

Бұл, ең алдымен, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерге – Ресейге, Беларусьқа, Арменияға немесе басқа дәрежеде Солтүстік Атлантикалық альянс мүшелеріне қауіп төндіруі мүмкін елдерге қатысты шешім. Әрине, бұл санатқа Иран да кіреді.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

4 пікір